9-сыныпта физиканы оқытуда есеп шығару арқылы академиялық тілді дамыту үшін сұрақ қойып оқыту әдісін тиімді деп қарастырдық. Сұрақ қою әдісінде есептің түрі басты назарға алынады. Себебі есептің берілгеніне байланысты біз қай бағытта талдау жүргізуіміз керектігі айқындалады.
Бұндай талдаулар жасау арқылы оқушыға есеп берілген кезде оқушы сұрақтарға машықтанып есептің берілгені мен табу керек шаманы бірден анықтай алады және сұрақтарды тереңдету арқылы есептің шешу жолын тауып, мағынасын айқындайды. Соңғы нәтиже оқушы сұрақтарға жауап беру арқасында академиялық тілінің дамуына қол жеткізеді.
Мәтіндік есептер беру кезінде оқушылар берілген мәтінмен жұмыс арқылы сұрақтарға жауапты мәтіннен іздеумен айналысады. Мәтінді талдау оқушыға аса қиынға түспейді. Оқушылар немен жұмыс жасау керектігін анық біледі.
Графиктік есептерді талдау оқушыларға аздаған қиындықтар тудыратынын байқадық: оқушылар есептің берілгенін графиктен емес берілген мәтіннен іздейді. Осы қиындықтың туындайтындығын пән мұғалімдерінің алдын-ала ескеруі маңызды. Педагогикалық практика кезеңінде графиктік есептерді шешуде оқушыларға графикті талдаудың алгоритмі арқылы қолдау көрсетілгенде олар есептің осы түрін шешуге машықтанып, бақылау тапсырмаларын өз бетінше орындай алды.
Сурет есептерді талдау оқушыларға оңайға түсті. Есептерде берілген сурет оқушыға есеп не туралы екенің айқындайды және оқушы бұндай есептерді шығару кезінде ерекше қызығушылықпен кіріседі. Талдау барысында оқушы сұрақтарға нақты жауап береді.
Оқушыларға қызықты болған есептің тағы бір түрі ол эксперимент есептер. Есептің бұндай түрін шығару кезінде оқушылар белсенді ат салысады, қызығушылық танытады. Тәжірибені жасап болған соң талдау кезінде нақты құбылысты сипаттау арқылы, академиялық тілдерінің дамығанын демонстрациялайды.
Сонымен 9-сынып оқушыларының есепті шығаруда академиялық тілін дамыту үшін:
механика бөлімі бойынша есептің түрлерін ажырату;
есептің түрлеріне қарай берілетін талдау сұрақтарын (шешу алгоритмі) нақты тұжырымдау;
есепті шығару алдында және шығарылған есепті талдау барысында берілген талдау сұрақтарының негізінде оқушылардың ауызша немесе жазбаша баяндауын талап ету
әдістемелік ұсыныстарын орындау маңызды деп есептейміз.