Байланысты: 1e012f37-1426-4f49-b78c-28feddbb2807 Сартаева ҚА-оқу құралы жүрек шулары-2018
Жүректің II тонының патологиялық өзгерістері II тонның өзгеруі күшеюі (акценті) және екіге айырылуы түрінде
болады. Тонның интенсивтілігі аортаның немесе өкпе артериясындағы
қысым көлеміне және қақпақтардың құрылымдық өзгерісі мен аталған
тамырлардың құрылымына байланысты. Осыған орай, II тонның аорта
үстінде күшеюі аортада қысым жоғарылағанда, аорта атеросклерозында,
аортитте; II тонның өкпе артериясы үстінде күшеюі өкпе артериясында
қысымның жоғарылауында (митраль ақау, жүрекшеаралық перденің ақауы,
өкпе эмфиземасы) кездеседі.
Ұзақ уақыт, тұрақты түрде үлкен қанайналым шеңберінде
гипертензиясы бар науқастарда да (артериялық гипертензия, нефрит) өкпе
артериясы үстінде II тонның акценті естілетіні есте болғаны жөн, осыған
байланысты акценттің диагноздық маңызын нақты ситуацияға қарап, басқа
да (параклиникалық) зерттеу әдістерін есепке ала отырып шешу керек. II
тонның аорта және өкпе артериясы үстінде әлсіреуі қақпақшалардың
шамасыздығында немесе саңылауының тарылуында кездеседі. Соңғы
жағдайда тонның әлсіреуі сол қақпақ қозғалысының шектелуімен
байланысты [3,4,7,8,9].
II тонның патологиялық екіге айырылуы оң қарыншаның электрлік
қозуының баяулауымен шақырылады (Гис будасының оң аяғының толық
блогі). Тағы бір себебі өкпе артериясындағы жоғары қысым әсерінен оң
қарыншаның айдау фазасының ұзаруы (митраль ақауда, жүрекшеаралық
перде кемістігінде) болып табылады. II тонның екіге айырылуы сол
қарыншаның қанды тез айдауынан қолқаның жарты ай тәрізді
қақпақтарының ерте жабылуы салдарынан да болады (митраль
қақпақтарының шамасыздығында); II тонның екіге айырылуы қатайған
митраль қақпақтың ашылуында (митраль қақпақтың ашылу шертпесі) да
болады. Бұл акустикалық белгінің болуы митраль саңылаудың тарылуының
айқын көрсеткіші ғана емес (кейде ол қақпақтың шамасыздығында да
кездеседі), оның серпінділігі мен қозғалғыштығын да білдіреді.
Сонымен қатар, қақпақ қозғалысын шектейтін дөрекі анатомиялық
өзгерістер (айқын кальциноз, фиброз) ашылу шертпесінің жойылуына алып
келеді. Бұл жағдайда сартылдаған I тон да жойылады. Төстің сол жағында
екінші және үшінші қабырға аралықта естілетін II тонның өкпелік
компонентінен айырмашылығы ашылу шертпесі жүрек ұшында, Боткин-
Эрб нүктесінде, ал кейде бүкіл перикардиальді аймақта естіледі. III тонмен
салыстырғанда шертпе дыбысының дауысы жоғары және жоғары жиілікте
болады [3,4,7,8,9].