Түйе малына қатысты тілдік бірліктердің этнолингвомәдени көрінісі
Түркі халықтарының жылқыдан кейін қадірлейтін түлігі – түйе. Түйе көшпелі түркі халықтарының көшіп-қонуы мен қара шаруасы үшін ертеден-ақ пайдалы көлігі болғаны белгілі. Дəстүрлі ортада түйе күштілігі мен шөлге шыдамдылығының негізінде жолсыз шөл жерлерде жүретін «қара жердің алып кемесі» атанған. Түйенің көшпелі тұрмыстағы орны жөнінде Ə.Х.Марғұлан:
«Ойсылқара пірі қола дəуірінің ғұн обаларынан табылған жартылай адам, жартылай хайуан бейнесіндегі қола құймаларға негіз болып, мифтік сюжет арқауына айналуы оның көшпелілер болмысындағы маңыздылығынан туындаса керек», – деп ой түйеді [199, 335 б.].
Зерттеу нысанымыз М.Қашқаридың «Диуани лұғат-ит-түрік» сөздігінде түйе сөзі teve [10, T.3, 196 б.], tevi [10, T.1, 443 б.], tevey [10, T.2, 276 б.], deve, devey[10, T.2, 57 б.] фонетикалық нұсқаларында көрініс тапқан. М. Қашқари
«Оғыздар мен оларға жақын жайғасқандар сөздің «т» әрпін «д» әрпіне алмастырады. Мысалы түріктер түйені tevey десе, олар devey дейді» деп көрсетеді [10, T.1, 57 б.]. Tevey лексемасы қазіргі қазақ тіліндегі «əкей, апай, шешей» т.б. сөздерде кездесетін еркелету, кішірейту, сыйлау сияқты реңк беретін көне «y» жұрнағы арқылы жасалуы мүмкін.
Түйе малы ежелден киелі саналып, пірі Ойсылқара екені белгілі. Бұл атау түйе сөзінің орнына да қолданыла береді. Мұндағы ойсыл – көне түркі заманынан кейінгі кезеңдерде түйе ұғымына ауысқандығын, алып бар– апар, қара ала құс – қарлығаш сияқты ойыс-ылди сөздерінің кірігуінен ойсылтүріне келіп, архайзмдік сипат алғандығын түйе атауларын зерттеуші Ə.Жақыпов еңбектерінен көреміз [245, 33 б.]. Ойсылқара лексемасы формалық тұлғалануы жағынан ой+сыл+қара деген толық мағыналы үш сөздің кірігуінен жасалып,
«қасиетті, тамақты аз жейтін хайуан» деген мағынаны білдіреді дейтін де пікірлер бар. Шынында, жылқы, сиырға қарағанда түйе тамаққа да, шөлге де шыдамды хайуан. Халқымыз түйенің ауыр мінезін – тыныштықтың, бейбіт тірліктің қалпына балап, оның мінезінде көрініп қалар «жеңілдікті» жамандыққа жорып, «түйе ойнақтаса, жұт болар»,- деп білген. Ескерткіш тілінде ұсақ-түйек істі тастап ауқымды, ірі іске кіріскен жөн екендігін білдіру үшін Tewi silkinse ešekke yük šıkar «Түйе сілкінсе есекке жүк шығар» мақалы берілген [10, T.2, 354 б.]. Аталмыш мақал Алтын орда кезеңінде: Tüyedin silkintisi ešekke cük bolur, Османлы кезеңінде: Deve ölürse derisi ešege yük olur, Оңт. Əзірбайжан тілінде: Devenin derisi ešege yüktür, Солт. Əзірбайжан тілінде: Deve silkinse horuza yük olar, Қырғыз тілінде: Ölgön töönün terisi ešekke cük, Ұйғыр тілінде: Töge silkinse on ešekke yük čıkar түрлерінде көрініс тапқан [189, 208 б.]. Ескерткіш тілінде түйенің жыныс ерекшеліктеріне байланысты аталық түйе bugra түрінде көрініс тапқан. М.Қашқари «Буғрахан есімі осы сөзден алынған» деп атап өтеді [10, T.1, 480 б.]. Аталмыш лексеманың негізінде интервокальдық «ғ» фонемасының түсіп қалуына байланысты қазақ тіліндегі бура сөзі қалыптасқан. Сөздікте бураның аталық күйі кірген кез kirkin деп көрсетіліп, bugra kirkini kirdi «бураның күйі кірді» деп көрсетілген [10, T.1, 502 б]. Б.Аталай аталмыш лексеманың түрік тілінде «gil gil» түрінде қолданылғанын атап өтеді [52, T.1, 443 б.]. Қазақ түсінігінде бураның ақ бура (түсі, жүн реңі ақшыл болып келетін айыр түйенің тұқымдық аталығы), аюбура (қызыл көз, ызпқор, жараған кезде көш жерден салт аттыны қуып адамға шабады; жараған кезде аю бураға кісен салады, тым қауіптілеріне тұтылдырық кигізеді.) дәу нар бура (біртуманың толысқан ірі тұқымдық аталығы), жалбыр бура (бектриан түйесінің жүндес келген шудалары шұбатылған, жасы келген тұқымдық жампоз түрі), жараған бура (бураның күйі келіп, қайитын мерзімі жеткенде бос ұстау мүмкін болмағандықтан шынжырлап байлап тастайды; ол көп уақытқа дейін шөп жемей, су ішпей, өз өркешінің майын тауысып қатып семеді; оны жараған бура дейді) нар бура (біртуманың тұқымдық піштірілген аталығы), шабынған бура (аузынан ақ көбік шашып, тісін қайрап сықырлатады, артқы тірсегін бүгіңкіреп аяғын талтайтып, бөксесін шөмейтіп, кеудесін
көтеріп, құйрығымен тақымының арасын ерсілі-қарсылы сабалап, айбат шегеді) түрлері бар [199, 319 б.]. Сөздікте бура дене тұрпаты, күш қайратына байланысты мықтылықты сипаттайды. Жəдігерде екі мықты, екі бек тартысса, ортасында əлжуаз жаншылып қалады деген мағынаны меңзеп айтылған Ikki bogra igešür otra kökegün yanšılur «Екі бура сүйкенсе (алысып егессе), ортасындашыбынжаншылар(өлер)», деген мақалды кездестіруге болады [10, T.1, 224 б.]. Ал қазақ тілінде адам мінезіне қатысты айтылатын кісіге шабатын бурадай, ел жұртқа белгісіз, көптің бірі болып жүре бергенше, аз күн болса да қолыңнан келген істің бəрін істеп, өміріңді дəурендеп өткізген абзал мағынасын беретін «Алпыс күн атан болғанша, алты күн бура бол» сынды тілдік бірліктер бураның күш қайраты мен айбарына байланысты айтылса керек.
Сөздікте піштірілген түйе atanлексемасы арқылы берілген. Мақалда былай делінеді: Atan yüki aš bolsa aška az körünür «Атан жүгі ас (тағам) болса, ашқа аз көрінер» [10, 106 б.]. Қазақ тілінде атанның азған атан (ыссылы-суықты болып жүдей бастаған атан), жардай атан (қоңданып əбден семірген атан), атан түйе (піштірілген түйе), құр атан (ұзақ уақыт бос жүріп, əбден семірген 6-9 жасар түйе), сары атан (жасамыс, үлкен түйе), ығыр атан (жұмысқа көп жегілгені) түрлері бар [199, 318 б.]. Қазақ ұғымында атан ірілікті, айбарлықты, күштілікті білдіреді. Оған тіліміздегі дене бітімі ірі, кесек, айбарлы, қуатты мағынасындағы атан жілік, еңгезердей, үлкен, арыстай, үлкен, зор мағынасында атан түйедей тіркестері дəлел бола алады.
Жəдігерде қазақ тіліндегі ұрғашы түйе мағынасындағы інген лесксемасы iŋen/iŋan фонетикалық нұсқаларында көрініс тапқан [10, T.1, 150 б.]. А.М. Щербак iŋen лексемасын жалпытүркілік ine, ene тұлғалы аналық атаудан пайда болғанын айтады. Э.В.Севортян монғол тілінде ұрғашы түйе мағынасындағы iŋgen/eŋge тұлғаларының түркі тілдерімен байланыстылығын ескереді [174, 360 б.]. Туған туысқандардың бір-біріне жанашыр, мейірімділігін білдіру үшін сөздікте Iŋan ıŋrasa botu bozlar «Інген аңыраса бота боздар» деген мақал берілген [10, T.1, 150 б.]. Түйе малына тазалық, адалдық, тектілік пен мəрттік, жерсінбеу, өскен жерін өксеу сияқты қасиеттер тəн. Дəстүрлі қазақ ұғымында адамға қатысты ботасынан исінген кәрі інгендей емірену (жалпы мал біткеннің бəріне тəн, соның ішінде енді боталай қоймайтын кəрі інгеннің өз төліне исіне түсіп, іш-бауыры елжірей емірену, ию, исіну əдепті сияқты адамның да өз перзентіне мейірлене қарап, аймалап, асты-үстіне түсіп, жан-дүниесінің мəре- сəре болуын бейнелейтін шынайы ұлттық салыстыру), ботасы өлген кәрі інгендей... (боздау, яғни біреуді жоқтап, ұзақ дауыстап зорлана жылау; бұл теңеу жастай ботасы өліп, не одан ұзақ көз жазып қалған енесі – інгеннің желіні сыздап, өзін сағынып жан-жағынан іздеп, аласұрып, оқтын-оқтын ұзақ дауыс шығаруына (боздауына) ұқсатудан туған бейнелі теңеу) інгендей (інген сияқты, інген тəрізді; күңіренген қайғылы) тілдік бірліктерін кездестіруге болады. Одан бөлек сөздікте ұрғашы түйе мағынасында titir лексемасы берілген [10, T.1, 418 б.]. Аталған лексеманың қазіргі түркі тілдерінде тіпті көне түркілік жазба жəдігерлерде кездеспеуіне қарағанда бұл сөз тұқымы құрып біткен түйенің бір ерекше түрін бейнелейтін атау болған болса керек.
Түйенің жасына байланысты түйенің жаңа туған төлі сөздікте botuk [10, T.3, 297 б.] жəне botu [10, T.1, 150 б.] түрлерінде көрініс тапқан. Түйе төлінің бұл атауы қазіргі кездегі көптеген түркі тектес тілдерде қырғызда: бото, ұйғырларда: бота, тува тілінде: бодаган, өзбектерде: бута, ноғайларда: бота, түркімендерде: пота, башқұрттарда: бута түрлерінде кездеседі [226, 200 б.]. Э.В.Севортян аталмыш лексеманың шығу төркінін «туу» (родить) мағынасын беретін *bot- *but-етістігінен bot-a- bot-u - but-a - but-u тұлғаларының пайда болғанын айтады [226, 200 б.]. Осы негізге сүйеніп зерттеуші Р.Панзарбекова да бота атауының этимологиялық негізі «туу» мағынасын білдіретін «бор» деген байырғы жалаң түбірлі етістік болып табылатыны жайлы айтады [246, 12 б.]. Бота атауының алғашқы шығу төркіні туралы зерттеуші Ə.Нұрмағанбетовтің болжамына келсек, тіліміздегі бошала сөзімен төркіндестіреді. Яғни еркін, бос жіберген мал. Əдетте кей түйелер боталар кезде төлін қызғанып, адам көрмейтін жерге кетеді. Мұндай түйелерді бошалауық түйе (Ə.Жақыпов), бошалауық (Ш.Жанəбілов) деп атайды. Сондықтан інгеннің өз бетімен тууын боша төл деп атап, кейін боша сөзіндегі ш дыбысы т-ға сəйкестеніп, бота пайда болған дейді. Кейінірек төл сөзі түсіріліп, бота аталуы мүмкін деген болжам жасайды [247, 125 б.]. А.М. Щербак ең көне тұлғасы botug екенін өйткені сөз соңында келетін ұяң дыбыс түркі тілдерінде не қатаң дыбысқа айналып, не айтылмай түсіп қалатыны ескеріп ботуғ-ботуқ-боту тұлғасын көрсетеді [200, 10 б.]. Қазақ этносының ғасырлар бойы қалыптасқан ұғымында бота нəзіктік пен сүйкімділіктің, сұлулық пен еркеліктің символы. Дəстүрлі қазақ ортасында ботаның айырбота (бура мен інгеннен туған бота), ақ кемік бота (уызын еркін емген бота), арамза бота ( түйеші немесе түйе иесі күтпеген мезгілде туған бота), бөдене бота (əлжуаздығын білдіреді), емізік бота (анасы өлгендіктен не анасы емізбей түрліше себеппен жарытпағандықтан емізік арқылы сүт ішіп өскен бота), еміншек бота (желіндемей боталаған інгеннің ботасы, сүтке тойса да адамның соңына қалмайтын бота), жетім бота ( енесінен жетім қалған бота; олардың өздерін түйешілер 5 түрге бөліп атайды: 1) өлі жетім, 2) тірі жетім, 3) кенже жетім, 4) арамза жетім, 5) тел жетім (өз енесіне де, теліген енесі де өлген бота), заржақ бота (енесін емсе де, ембесе де боздай беретін бота), кемиек бота (астыңғы иегі шығыңқы бота), көк бақа бота (ыссыдан, шөлден запа шеккен, сүтке де жарымаған күтімі, бағымы жоқ жүні де мезгілсіз түскен бота), қара кемік бота (енесінің уызына жарымаған бота), қоспақ бота (інген мен біртуар бурасынан туған бота), қыдработа/күдіребота (жүні күдірейіп, ұйысыңқырап тұратын, бағым-күтімі шамалы, жасы келгенмен сүйегі жетілмеген кішкене бота), құтымсыз бота (енесін еміп қойып, тартынып жетекке жүрмейтін бота), қызыл шақа бота (енесінен туғандағы ерекшелігіне байланысты), маймақ бота (аяғының білезік буыны ішке не сыртқа қарай айналып тұратын бота), марқа бота (ерте туған жарамды бота), нар бота (бура мен аруанадан туған бота), тесік көтбота (бітеу көтен болып туғандықтан, көтендікті пышақтың ұшымен тіліп жібереді), үлек бота (таза үлек пен аруанадан туған бота) түрлері бар [199, 324 б.]. Дəстүрлі ортада ботаға қатысты қалыптасқан ырым-тыйымдар
қазірге дейін сақталып келеді. Қазақы дүниетанымдық түсінік бойынша егіз ботаны жамандықтың немесе жақсылықтың нышаны деп, туған бойда біреуін бауыздап тастаған немесе біреуге сыйға тартқан. Бота туған соң-ақ өзге адамның көзіне түсірмей, үйге шымылдың не ши құрып, ішінде ұстаған. Түйесі боталағандар үй сыртына қызыл шүберек байлап қояды. Ботаның жүрегі жарылып кетеді деп үй жанына жақын жүрген адамдарға қатты дауыс көтертпеген. Келген қонақтың атын да бота тұрған тұстың сыртынан байлатпаған. Бота өте сүйкімді жəне нəзік болғандықтан, мойнына ақ тұмар байлап, бір айдай көзге түсірмей ұстаған. Егер бота өзге адамның көзіне түскен жағдайда, оған «тіл-көзім тасқа тисін» деп ұшықтатып, отқа тұз салған. «Көз тиеді» деген ұғыммен ноқтасына, төбесіне үкінің қауырсынын тағып сəндеген [225, 526 б.]. Қазақ тілінде ботаны жақсы көру, кішірейту, еркелету нышанымен айтылатын ботақан сөзі де бар.Қазақ тіліндегі түйе атауларын зерттеген ғалым Ə.Жақыпов «Басылымдарда барлық беріліп жүрген анықтамаларға жалпылық тəн. Онда жас мөлшері көрінбейді. Əйтсе де, жинақталған экспедиция материалдарынан ботақан атауының түйенің 2-3 айлық еметін төлі екендігін байқауға болады»- деп көрсетеді [245, 33 б.]. Яғни, түйенің 2-3 айлық төлі ботақан деп аталады. Анықтауыш пен анықталушы мүшелердің орын алмасып келу заңдылығын ботақан сөзінің құрамынан да көруге болатындығын кезінде көрнекті ғалым Қ.Жұбановтың дəлелдеп айтып кеткенін еске алсақ, қан