2.3 Ы.Маманов еңбектерінде күрделі етістік мәселесінің зерттелуі
Туынды сөздердің ішінде күрделісі де, қиыны да – күрделі сөз мәселесі. Басқа түркі тілдеріндегідей қазақ тіл білімінде күрделі сөз бен күрделі тұлғалар мәселесі ХІХ-ХХ ғ.ғ. аралығында қолға алына бастады. Түркі тілдерінің грамматикалық құрылысын зерттеген ғалымдардың еңбектерінде ол туралы азды-көпті мағлұмат беріліп келді. Алайда бұл мәселе алғашқы кезде көбінесе тілдің грамматикалық құрылысы, оның ішінде сөз категориясына қатысы жағынан қарастырылды.
Алғашқы грамматикаларда күрделі сөз мәселесін қарастырған еңбектер қатарына И.Гиганов, А.Казембек, В.В.Радлов, П.М.Мелиоранский, Н.И.Ашмарин т.б. сынды ғалымдардың зерттеулерін жатқызуға болады.
И.Гиганов тобыл татарлары тіліндегі күрделі сөзді сөз етіп, тілдік деректерінде күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі етістік тәрізді тіл құбылыстарын көрсеткен.Тілші еңбегі тілде аналитизмнің бар екенін тани білгені үшін құнды болып саналады [131, 45с.].
А.Казембек күрделі сөздің бір түрі ретінде күрделі етістікті атаған. Зерттеуші “составное слово” деген терминді қолданып, олардың сөзжасамдық қасиетіне сүйеніп, оны тұтас бір сөз ретінде таниды, оған дұрыс анықтама береді [45, 175-179 с.].
Чуваш тілінің ғалымы Н.И.Ашмариннің еңбегі тілдік деректердің молдығымен, терең талдауымен ерекшеленеді. Онда «күрделі сөз», «құранды сөз», «қосарланып біріккен сөз», «сөз тіркесі» сияқты терминдер қолданылған [132].
Жоғарыда аталған алғашқы грамматикалық еңбектер келешек ғылыми зерттеулердің бастау көзі болды. Олар тілде күрделі құрылым барлығын танып, оның дара сөздер табиғатынан өзгеше екендігін аңғарған. Сол кездегі күрделі сөзге, күрделі құрылымдарға қатысты айтылған ойлар мен деректер бүгінгі тіл ғылымында қолданыс тапты.
Түркітануда күрделі сөзге қатысты пікір айтқан және арнайы зерттеу нысанасы еткен еңбектерде күрделі сөздер құрылымдық және жасалу тәсіліне қатысты сөз болды. Бұл орайда Н.К.Дмитриев, Н.А.Баскаков, А.Н.Кононов, А.А.Юлдашев, Ә.Қайдар, Ғ.Садуақасов сынды түркітанушылар еңбектерін атауға болады.
Қазақ тіл білімінде бұл проблеманы алғаш сөз еткен профессор Қ.Жұбанов 1930 жылдардың өзінде-ақ күрделі сөздер қанша сөзден біріксе де тұтас бір ғана мағынаны білдіріп, бір ғана заттың атауы болады, сөйлемде де сол жұбын жазбай, бір ғана мүше болып, кейбіреулерінің құрамындағы сыңарларының дыбыстық өзгеріске түсуінен сыртқы түр-тұрпаты басқаша болып қалыптасады, бір ғана екпінді иеленеді дей келе, күрделі сөздің қалыптасу жолдары мен олардың түрлерін көрсеткен [114, 91].
Н.Сауранбаев тілдің лексикасы тек қана дара сөздерден тұрмай, бір ұғымды білдіретінін, бірігіп, тіркесіп келетін жаңа сөздердің (күрделі сөздердің) қалыптасу жолдары барын атап көрсетеді.
Профессор А.Ысқақов күрделі сөздерді өзімен тұлғалас тілдік құбылыстардан ажыратуда меже етілетін белгіні (критерийді) нақты көрсетпесе де, ғалым әр кез осы мәселеге қатысты көзқарастарын, пікірлерін ортаға салып, оның негізгі түйіні – мағына тұтастығын, тұтас тұлғалануын, белгілі бір сөз табына телулі болуын, сөйлемде бір ғана мүшенің қызметін атқаруын, бір екепінді иеленуін негізгі тірек етіп ұстанған [11].
К.Аханов күрделі сөздердің сөз тіркестерінен айырмашылығы мазмұны мен табиғатында екенін айтып, оларды әр басқа тілдік құбылысқа жатқызады. Ғалым күрделі сөздерді күрделі біріккен, күрделі қос сөздер, күрделі құрама сөздер, күрделі қысқарған сөздер деп классификациялап, сөйлеу кезінде жасалмайтын, дайын дексикалық тұлға деп анықтайды [133, 76б.].
Қазақ тіл білімінде кұрделі сөз мәселесін арнайы сөз етіп, оған ерекше мән беріп, оның табиғатын анықтауда Н.Оралбаева, В.А.Исенғалиева, Б.Қасым т.б. еңбектері ерекше аталады.
Профессор Н.Оралбаева: «Қазақ тіліндегі күрделі сөз мәселесі жалпы арнайы зерттеліп, ол туралы нақтылы ғылыми тоқтамға келерліктей ірі ғылыми зерттеу жасалған жоқ», – деп, осы мәселеде жаңа бағытта іргелі зерттеу қажеттігін ерекше атап өтеді [134, 27]. Ғалымның айтқанындай, шындығында да күрделі сөздің мәртебесін анықтайтын жалпы түркітануға ортақ принциппен шешетін қағиданы табу қиын. Сондықтан да күрделі сөзге қатысты пікірталастың көп екендігі, оның терминдік қолданысында ала-құлалықтың барлығы осы көзқарасты растайды. Бұған қоса күрделі сөз не ғылыми грамматикада, не сөздіктерде толыққанды сипаттама ала алмай келеді [135, 12б.].
Н.Оралбаева қазақ тіліндегі күрделі етістіктер, құранды етістіктер, күрделі сандар т.б. тәрізді күрделі лексикалық бірліктерді тілдің басқа құбылыстарынан ажыратып көрсетті. Ғалым күрделі сөз бен сөз тіркестерін ажыратуда ұстанатын принциптерді анықтап, олардың төрт түрін санамалап берген: 1) сөз тіркесі кем дегенде екі сыңардан тұрып, соған сәйкес екі лексикалық мағынаны білдіреді; 2) күрделі сөз тіркесінің сөйлемдегі жеке бір сыңары сөз ретінде қатысады; 3) күрделі сөздің сыңарларының арасында синтаксистік байланыс болмайды; 4) күрделі сөздің құрамындағы сыңарлары сөйлемдегі басқа сөздермен синтаксистік қатынасқа түсіп, бір ғана сөйлем мүшесі болады. Ал сөз тіркестерінің әрбір мүшесі жеке-жеке қызмет атқарады [136, 21б.]. Ғалымның зерттеулері келешек саралауларға негіз болып, игі әсерін тигізді. Б.Қасым Н.Оралбаева ұсынған осы критерийлерге ерекше баға береді: «Осы кезеңге дейін бірге танылып жүрген тілдік құбылыстардың ара-жігі ажыратылып, әрқайсысы тілдік деңгейдің қабаттарынан орын алды және термин жағынан да қазақ тіліне айтулы, сапалы өзгеріс енді» [135, 29].
Б.Қасым сөз тіркесі мен күрделі атауды ажыратудың бір белгісі және қиындықтан шығудың жолы ретінде біріктіріп жазу идеясын ұсынып, сонда ғана күрделі сөз белгілі бір заттық ұғымның атауы ретінде дайын лексема болып, біртіндеп біріктіріп жазу үлгісі болып қалыптасатынын айтады [135, 29]. Бұл ұсыныс, біздіңше, өте орынды айтылған. Мұны соңғы уақытта жарық көрген әртүрлі сөздіктерде берілген атау сөздердің, яғни бұрын тіркес болып келген қаншама сөздің біріктіріліп жазылып, жаңа атау ретінде қолданысқа енуімен дәйектейміз.
Күрделі сөз бен күрделі тұлғаларға байланысты оқу құралында Ж.Шәкенов мынадай күрделі сөздерді мысалға келтіреді: бүгін, биыл, былтыр, қолқап, қоян, жылан, жануар, асқазан, ұлтабар, қарақұс, аққу, шашбау, әкел, апар, сексен, тоқсан, сары ала, көк ала, жақсы көру, еңбек ету, күнелту, құр қалу, ән салу, сатып алу, шығарып салу т.б. Ал осы күрделі сөздерді құрылымдық жағынан сөз ішінде: кіріккен сөз, құрама сөз, біріккен сөз, құранды сөз, қос сөз, қысқарған сөз деп жіктейді [137, 12-14б.].
Күрделі сөз жайында пікір білдірген Қ.Жұбанов, А.Ысқақов, К.Аханов, Н.Оралбаева, Ж.Шәкенов сынды зерттеушілердің көзқарастарында, пікірлерінде айтарлықтай алшақтық болмағанмен, күрделі сөздерді жіктеуде, терминдік аталымында айырмашылықтар кездесіп қалады.
Қазақ тілінде күрделі сөз туралы сөз болғанда, әдетте, күрделі зат есім, күрделі сын есім, күрделі сан есім сияқты есім сөз таптары негізге алынады. Алайда жалпы жеке сөз тұрғысынан етістіктер де күрделеніп жұмсалып, осы күрделі сөздің құрамына енеді. Бірақ күрделі етістіктер тілде көп жағдайда күрделі сөз құрамында айтылмай өз алдына дербес қарастырылады. Бұл күрделі етістіктің жеке зерттеу нысаны бола алатын, есім күрделі сөздерге қарағанда әрі күрделірек, әрі қиын тақырып екендігін байқатады. Күрделі етістіктің тілдік табиғатының өте күрделі болатынын олардың термин ретіндегі аталымынан көреміз, тіпті оларды басқа тілдік құбылыстардан ажыратудың өзі дәл, айқын емес. Күрделі етістіктерге нелер жатады? Екі етістіктің тіркесуінен жасалған етістіктердің барлығы күрделі етістік бола ала ма? Есім сөз бен көмекші етістік тіркесіп жасалған құранды етістіктер күрделі етістікке жата ма? Күрделі етістіктің негізгі белгілері қандай? Етістіктің аналитикалық формаларына нелер жатады? Оның күрделі етістіктен айырмашылықтары қандай? Еркін сөз тіркестері мен күрделі етістіктерді қалай ажыратамыз? Міне, осы сұраулар күрделі етістік мәселесінде қиындық туғызып жүрген, бүгінге дейін ара-жігі толық ажыратылмаған тілдік құбылыс екендігін көрсетеді.
Қазақ тілінде көп уақытқа дейін күрделі етістік етістіктің аналитикалық формалары тұрғысынан зерттеліп келді. Өйткені аналитикалық етістіктер негізгі етістік пен көмекші етістіктің, яғни екі етістіктің тіркесінен жасалып, формалық жағынан «күрделі» болуымен байланысты «күрделі етістік» құрамында қарастырылды. Күрделі етістік құрамында етістіктің аналитикалық формасын бірге қарастыру өте ертеден келе жатыр. А.А.Юлдашев мұның ХІХ ғасырдағы О.Бетлинг еңбектерінен басталғанын көрсетеді [138, 6]. Қазіргі түркі тілдерінде танылып жүрген етістіктің аналитикалық формалары түркологияда түрліше қаралып келді. Н.Оралбаева етістіктің аналитикалық формаларының үш түрлі бағытта зерттелгендігін көрсетеді: 1) етістіктің аналитикалық формалары күрделі етістік тұрғысынан қаралады; 2) жеке грамматикалық категориялармен байланысты кейбір аналитикалық форманттар танылады; 3) сөздің аналитикалық форманттары арнайы зерттеледі [139, 72 б.].
Көпшілік түркологтар аналитикалық етістіктерді күрделі етістік санай отырып, олардың вид, рай, шақ категорияларының көрсеткіші екенін де көрсетеді. Бұған қарағанда, күрделі етістікті грамматикалық категориялардың мағынасын білдіретін көрсеткіш ретінде тану түркологияда кең тараған құбылыс екендігін көрсетеді. Бұл орайда А.Казембек [140, 46 б.], В.А.Гордлевский[141, 97 б.], Н.К.Дмитриев[142, 53 б.], А.Н.Кононов [143, 252 б.], М.С.Михайлов [144]. т.б еңбектерін атауға болады Түркі тілдерінде аналитикалық форманттар грамматикалық категориялардың құрамында қаралып келді. Түркітанушы ғалымдар өз еңбектерінде Қазақ төңкерісіне дейін де, кейін де шақ, рай, «вид» категорияларының күрделі формаларын көрсеткендер қатарында А.Казембек, И.Пеганов, Т.Макаров, А.Троянский, П.М.Мелиоранский, В.Катаринский, В.В.Радлов, М.Терентьев, А.С.Архангельский, Е.Д.Поливанов, А.Н.Самайлович, В.А.Гордлевский, С.Е.Малов, А.К.Боровков, В.М.Насилов, Н.К.Дмитриев, А.Н.Кононов, К.К.Юдахин, Э.В.Севортян, Н.А.Баскаков, В.В.Решетов, Ф.Г.Искаков, Б.М.Юнусалиев, Н.П.Азимов, А.А.Хыдыров, Б.О.Орузбаева, А.Г.Гулямов, С.П.Горкий, А.А.Пальмбах, М.С.Михайлов т.б. болды.
1960-1964 жылдар аралығында өткізілген сөздің морфологиялық құрылымына арналған конференцияларда В.М.Жирмунскийдің, Н.А.Баскаковтың, Э.В.Севортянның сөздің аналитикалық конструкциясына байланысты баяндамалары түркі тілдерінде аналитикалық формалардың арнайы зерттелуінде көш басы еңбектер болды [139, 79б.].
Түркологияда етістіктің аналитикалық формаларын арнайы зерттеген ғалым А.А.Юлдашев түркі тілдеріндегі етістіктің елуден аса аналитикалық форманттарын көрсетеді. Ғалым еңбегі «түркі тілдеріне аналитикалық форма жат құбылыс» деген теорияның қате екенін тіл фактілеріне сүйене отырып, теория жүзінде дәлелдеп бергендігімен құнды [138].
Қазақ тіл біліміндегі күрделі етістікке, көмекші етістікке, етістіктің түрлі грамматикалық категорияларына арналған ғылыми ізденулер, зерттеулер аналитикалық етістіктерге байланысты жарияланған еңбектерде болды. Аналитикалық формалардың бір тобы күрделі етістік деп танылып, сол тұрғыдан зерттелсе, екінші тобы грамматикалық категориялардың көрсеткіші ретінде танылып, бірде аналитикалық форма аталып, бірде аталмай беріліп келеді. Мұны Қ.Жұбанов, Н.Сауранбаев, Ғ.Мұсабаев, К.Мұсаев, Т.Қордабаев, Ы.Маманов, И.Ұйықбаев, А.Әбілқаев, С.Омарбеков, Ж.Болатов еңбектерінен көруге болады.
Қазақ тіл білімінде етістіктің аналитикалық формаларын арнайы зерттеген профессор Н.Оралбаева болды [145], [146], [147]. Өз еңбектерінде ғалым аналитикалық етістіктер мен күрделі етістіктерді бір-бірінен ажырататын мағыналық және грамматикалық белгілерді көрсетіп берді. Етістіктің аналитикалық форманттарының құрамын талдап, форманттардың құрылысындағы ортақ белгілеріне қарай топтастырды және моделін берді. Аналитикалық формалардың тіркесу қабілетін айқындап, бұлардың сөз құрамындағы орнын көрсетті, мағыналық құрылымын айқындады.
Н.Оралбаева қазақ тілінде көпке дейін күрделі етістік құрамында қаралған аналитикалық етістіктердің өзге етістіктерден айырмашылығын былай көрсетеді:
Айырма
|
Күрделі етістік
|
Аналитикалық етістік
|
Құрамдық жағынан
|
Тең компоненттерден тұрады
Сөзжасам тәсілі
Лексикалық единица
Күрделі етістіктің соңғы компонентіне жалғанады
|
Тең емес компоненттерден тұрады
Сөз түрдендіруші
Түрлі грамматикалық категориядан орын алады
Сөз тудыратын жұрнақтар аналитикалық форманттан бұрын қолданылады [17, 54-59].
|
Етістіктің аналитикалық формасының қазақ тілінде қалыптасуы, аналитикалық форманттардың мағыналық ерекшелігі, сөзге тіркесу заңдылығы жөнінде де Н.Оралбаева өз мақалаларында айтып өтті [139], [148], [149], [150]. Ғалымның бұл еңбектерін қазақ тіл біліміне қосылған зор үлес деп санаймыз.
Бұл мәселе Н.Оралбаеваның жетекшілігімен жазылған Г.М.Қарымбаеваның «Қазақ тіліндегі күрделенген аналитикалық форманттардың мағынасы мен қолданысы» атты диссертациялық жұмысында кеңінен қарастырылды [151].
Достарыңызбен бөлісу: |