Тілді функционаллық тұрғыдан зерттеудегі қызмет және қызмет ету ұғымдары Тіл коммуникативтік, когнитивтік және кумулятивтік қызметін атқарғанда, өзінің түрлі деңгейлерінің бірліктерін бір-бірімен тығыз байланыстыра отырып, белгілі бір жүйеге ұйымдастырып, болмыстың сан алуан қырларын бейнелеп, ғасырлар бойы халықтың жинаған танымдық тұжырымдарын, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін тұтас жалпы сигнификативтік-мағыналық жүйеге түзеді.
Қазіргі тіл білімінде, бір жағынан, тіл мен ақиқат болмыстың арақатынасын, екінші жағынан, тіл мен ойлаудың өзара байланысын тереңінен ашу жолында тілдің когнитивтік қызметін айқындауға бағытталған саласы қарқын алуда. Сол тұрғыдан келгенде, анторопоцентрлік ұстаным лингвистикалық зерттеудің маңызды әдіснамалық негізі болып танылып отыр. Адам – дүние, әлемді, болмысты танушы белсенді субъект ретінде сол дүниенің тілдік бейнесін жасаушы басты тұлға. Тіл – жалпы алғанда, адамның өз болмысы.
Тіл қызметі, ең алдымен қоғамдағы адамдардың бір-бірімен қарым-қатынас құралы және адам ойының материалдық көрінісі, «ойдың тікелей шындығы» (К.Маркс) деп анықталады. «Тіл – пікір алысу құралы, ойлаудың қаруы, ойды білдіру құралы» [76, 44]. «Тіл – қоғамдық қатынас мүддесіне қызмет ететін құрал» деген негізгі қағидадан жалпы тіл білімінің, соның ішінде грамматиканың ұстанымы функционалдылық болуы керек деген тұжырым туындайды», – дейді В. Шмидт [77, 222]. Тілдің коммуникативтік қызметіне басты назар аудару өткен ғасырдағы тіл біліміне тән болды. Сол себепті де тіл деңгейлерінің жеке бірліктерінің қызметін ашу мақсатында семасиологиялық бағыт кеңінен өріс алды.
Қазіргі тіл білімінің теориялық зерттеу парадигмасының антропоцентрлік басты ұстанымы тілдің диалектикалық бірліктегі ең маңызды екі қызметінің, атап айтқанда, танымдық (когнитивтік) және қарым-қатынастық (коммуникативтік) қызметтерін тереңінен ашып, айқындап, тіл білімін заман талаптарына сай жаңа сапалы деңгейге көтеруге негіз болып отыр. Тілдің осы екі қызметі оның концептуалды жүйе ретіндегі табиғатын, қасиетін айқындайды. Олар бірінсіз-бірі болмайтындай ажырамас бірлікте 79, 2 тіл болмысының екі қыры ретінде танылып, адам тіл болмысының екі қыры ретінде танылып, адам санасында пайымдалады. «Мышление начинается в лоне коммуникации; коммуникация невозможна без элементов мышления» 80, 11. Адам санасында дүние-болмыс танылмаса, адамдар арақатынасында түсіністікке не негіз болар еді, адамдар қауымдастығының негізін не құрамақ? Сондай-ақ пайымдалған, түйсінілген ой тіл болмысында көрініс таппаса, адамдар арасындағы дәнекер не болмақ? Негізінде адам өміріндегі басты әрекеттері – айнала қоршаған дүниені тану; танылған заттар мен құбылыстарды бағамдап, бағалап, сараптау; ортасында танымына орай әртүрлі қарым-қатынасқа түсу; өз ортасын өміріне лайықты игеру мен меңгеруде тілдің орасан маңызы көрінеді. «Олай болса, тілдің коммуникативтік, қатынас құралы болу қызметімен – ой-пікірді қалыптастырушы қызметімен, яғни гносеологиялық функциясымен тыѓыз байланыста, бірлікте іске асады» 81, 33. Міне, осы орайда тіл мен ойлаудың ара жігі, ара байланысы, арақатынасы туралы тіл білімінде көптен айтылып келе жатқан екі ұдай пікірге тоқталуға тура келеді. Тілдің когнитивтік қызметі тіл мен ойлаудың арақатынасын айқындағанда, көрініс табады.
Тіл мен ойлау арасындағы тығыз байланыстың кандай деңгейде екендігі туралы ғалымдар арасында қарама-қайшылықты көзқарас бар. Бір көзқарас бойынша, тіл мен ой бірегей ойдың танымдық нәтижесі ретіндегі сана мазмұны тек тіл арқылы, тілдің негізінде ғана көрінеді. Шын мәнінде тіл мен ойлауды бірдей, «ой әрдайым сөздік мәні бар бейнелеу – сөздік таңба жоқ жерде ой жоқ» деп 81, 56, осы екеуі бір құбылыстың екі жағы деген пікір екеуінің мәнін кеңінен таратуды қажет ететін сияқты. Тіл мен ойлау диалектикалық байланыста бірлікте болғанымен, олардың өздеріне тән қасиеттері бар, оларды бір құбылыс деп қарау шындық болмысқа сай келе бермейді деген де пікір бар.
Б.А.Серебренников 82 тіл мен ойдың ажырамас бірлігін ұстанатын ғалымдардың, атап айтқанда, И.Д.Андреевтің: «тілден бөлек таза ой болмайды» 83,69, К.К.Кошевойдың: «тіл мен ой ажырамас бірлікте: тіл ойсыз, керісінше, ой тілсіз болмайды» 84, 14, В.З.Панфиловтың: «адам ойы тек тілдің негізінде ғана тілде ғана көрініс табады» 85, 19 К.Маркстің: «Язык есть непосредственная действительность мысли» деген пікіріне сүйенгендерін ескертеді. К. Маркс бұл тұжырымын философтардың тіліне қатысты айтқанын келтіріп, оның тілді ойдың негізгі элементі және де ойдың басқа да элементтерінің бар екенін жоққа шығармайтынын айтады. В. фон Гумбольдттің: «Никакое мышление, даже чистейшее, не может осуществиться иначе, чем в общепринятых формах нашей чувственности; только в них мы можем воспринимать и запечатлевать его. Чувственное обозначение единств, с которыми связаны определенные фрагменты мышления для противопоставления их как частей другим частям большего целого, как объектов субъектам, называется в широчайшем смысле слова языком»,- деген анықтамасы бойынша қандай да болмасын ойдың негізінде «кең мағынада» айтылған тіл жатады 86, 301.
Тіл білімінің тарихында тілдік мағына теориясы әрдайым зерттеуші ғалымдардың назарында болды және де осы теория ауқымында тілдік мазмұн (языковое содержание) мен ұғымдық мазмұн (понятийное содержание) ара қатынасын айқындау мәселесі маңызын жоғалтпады. Өйткені тілдік семантиканың жалпы теориялық сипаты осы тұрғыдан ғылыми негізделе алатыны айқын болды да, жалпы грамматикалық семантиканың қыр-сырын аша түсу қазіргі тіл білімі теориясының ең өзекті мәселесіне айналды. Осы бағыттағы ғылыми зерттеудің бастауында В.Гумбольдт, А.А.Потебня теориялары жатты. Тілдік семантика мен ұғымдық мазмұнның байланысы мен ара-жігін айқындау, түптеп келгенде, тіл ғылымы мен философияға ортақ мәселе, ол тіл мен ойлаудың ара қатынасын ғылыми негізде пайымдауға негіз болады.
В.Гумбольдттің тіл табиғатын, оның болмысқа, ойлауға қатысын пайымдауы қазіргі тіл білімі теориясын дамытуда ерекше маңызды. Тілдің ішкі формасы туралы ғалымның тұжырымдары тіл табиғатын зерттеуде жаңа қырларынан айқындала түсуде. Тілдің ішкі формасы туралы ұғым сол кезеңдегі тіл туралы ілімнің негізгі мәселесіне айналып, В.Порцигтің 95, 150 айтуынша, В.Гумбольдттің осы теориялық тұжырымынан тіл ғылымы өз бастауын алады, тіл білімінің өз алдына жеке-дара ғылым болып қалыптасу кезеңі болып есептеледі. В.Гумбольдт дүние болмысының халық санасында қалыптасқан танымдық бейнесі халық рухының негізі ретінде сол халықтың тілімен іштей кірігіп кеткенін, олардың бірінен-бірінің туындайтынын баса айта отырып, « тіл – халық рухының тікелей сыртқы көрінісі; оның тілі – оның рухы, ал оның рухы – оның тілі, осылардан өзгеше соншалықты ұқсастық-үйлесімділікті толығынан пайымдаудың өзі оңай емес», – дейді 96, 42. Ғалым халық рухы мен тілінің іштей астасып жататынын тереңдете келіп, тілді халық рухын сомдайтын күш, дүние- болмыстың рухқа айналуы тілдің ішкі формасы арқылы жүзеге асады дейді.
Шын мәнісінде тіл таным құралы бола тұра, танушы субъектінің таным шеңберін біржола құрсаулап шектей алмайды, өйткені тілдің өзі де –Гумбольдтша айтқанда, рухтың тынбас әрекеті, ол да әрқашан қозғалыста, даму үдерісінде 86, 70. Тіл адам қоғамы дамуының жемісі ретінде онымен, оның дамуымен үндес, өзектес бола отырып, диалектикалық бірлікте болады 97, 6. Әр ұрпақ өзінен бұрын қалыптасқан дүниетанымды бойына жинаған ана тілін үйреніп, сол арқылы дүние-болмысты игеріп өседі, бірақ ол танушы субъектінің шындық болмысты әрі қарай тануын шектемейді, ойлау процесі өз заңдылықтарымен әрі қарай дами береді, оның нақты көрінісі болатын тіл де өзіндік заңдылықтарымен болмыстың тілдік суретін қалыптастыра береді. Ойлау мен тіл диалектикалық бірлікте бола отырып, біріне-бірі әсер етіп, үнемі даму үстінде болады.
Тіл білімі аумағында грамматика әр кезде де функционалды болған. Тілдік тұлғалар әрқашанда да екі жақты: материалдық пен идеалдықтардың диалектикалық ажыратылмас бірліктері. Материалдық жағы дыбыстық көрініс тапса, идеалдық жағы белгілі бір мағыналық сипат алады, оны көпшілік жағдайда қызметі (функциясы) тұрғысынан айқындаған. Сондықтан да кез келген тілдік бірлік форма (түр) мен функциядан (мағынадан) қалыптасады да, ол тұлғалық жағынан да, оның қызметі жағынан да сипатталады. Тіл білімінде тілдің ішкі жүйесін өзіне тән бірліктері негізінде әр алуан деңгейге жіктей отырып зерделейді. Соның ішінде ұзақ зерттелген деңгейі – грамматика. Грамматика шектеулі тар мағынасында морфология мен синтаксис деңгейлерін қамтып, тұлғаларының қызметтері мен мағыналарын ашу мақсатын алға қойды.
Дәстүр бойынша, тіл білімінің назарында көбіне тілдің жеке деңгейлік бірліктерінің тұлғасы мен қызметі болды да, олар түбегейлі зерттеліп, деңгейлік дәрежедегі ішкі категориялар сараланды, нәтижесінде қай тілдің болмасын фонологиясы, морфологиясы, синтаксисі, лексикологиясы мен фразеологиясы тереңінен зерттелді. Атап айтқанда, дәстүрлі грамматикада негізінен сөздердің түрлену заңдылықтарын, олардың сөз таптарына топтасуын және негізгі атауыш сөз таптарының категорияларын морфологиялық деңгей зерттесе, сол сөздердің бір-бірімен байланысу, сөйлем құру заңдылықтарын, олардың категорияларын синтаксистік деңгейде синтаксистік категориялар ауқымында атқаратын қызметтері сипатталған. Бұл мақсат көпшілік тілдер тұрғысынан түбегейлі түрде орындалған деуге болады.
Қазақ тілінің грамматикалық құрылысы ғылыми негізде жиырмасыншы ғасырдың басынан бастап тереңірек зерттеле бастады. Осы уақытқа шейін орыс тілінде практикалық мақсатта жазылып, қолданыста болған қазақ тілінің грамматикаларынан «мақсаты, міндеті жағынан да, құрылымы мен мазмұн бүтіндігі, жүйе-желісі жөнінен де бөлек, түбірімен мүлде жаңа сапалы...» 1, 4 «Тіл – құрал» атты еңбегі арқылы Ахмет Байтұрсынұлы қазақ грамматикасының ғылыми негізін қалады. 1913-1915 жылдарда жазылған «Тіл – құрал» 70 қазақ тілі грамматикасының терминологиялық аппаратын теориялық тұрғыдан ана тілінің төл сөздері негізінде қалыптастырған, аз уақыт ішінде өзінен көп ғасыр бұрын бастау алып дамыған, ғылыми тұрғыдан кемелденген еуропа тілдері грамматикаларының деңгейіне жеткен еңбек болды. Ол қазақ тілінің негізгі үш жүйесін: «Дыбыс жүйесі мен түрлерін», «Сөз жүйесі мен түрлерін» және «Сөйлем жүйесі мен түрлерін» зерттеп, тыңнан түрен тартқан «қазақ грамматикасының шын мәніндегі «төл басы» болды 70. Айтса, айтқандай, Қазақ грамматикасы сол кезеңнен бері академиялық грамматика деңгейінде жазылған 1954 жылғы «Қазіргі қазақ тілі», 1967 жылғы екі бөлімді «Қазақ тілі грамматикасы», 2002 жылы шыққан «Қазақ грамматикасы» – «Тіл - құралдың» заңды мұрагері ретінде сол бастаудың алтын арқауында қазақ грамматикасын жаңа ғылыми деңгейлерге көтерген жалғасы. Бәріне ортақ ұстаным «Қазіргі қазақ тілі» дегенде, тілдің құрылысындағы негізгі фонетикалық, лексикалық, грамматикалық деңгейлерін жеке-жеке алып семасиологиялық бағытта сипаттауы, ал осы үрдіс өткен ғасырдың 60-70-інші жылдарында жазылған еңбектерде жалғасын тапқан. Атап айтқанда, 1969 жылғы М. Балақаев, Т. Қордабаевтардың «Қазіргі қазақ тілі. Синтаксис» 116, 1974 жылғы А.Ысқақовтың «Қазіргі қазақ тілі. Морфологиясы» жеке-жеке жарық көрді. Ал 1967 жылы жарық көрген «Қазақ тілі грамматикасы» морфология мен синтаксисті қамтыды. Бұл грамматика негізінде қазақ тілінің морфологиялық тұлғасы – сөз формасының өзгеру заңдылықтары мен оның парадигматикалық, синтагматикалық қызметтерін айқындау, соның негізінде негізгі атауыш сөз таптарының морфологиялық категорияларын толығынан сипаттауға арналса, екінші бөлімі – синтаксисте сол кезеңде өзекті болған, сол деңгейде зерделенген сөз тіркесінің, сөйлем мүшелерінің, жай сөйлемдердің, құрмалас сөйлемдердің тұлғалық құрылымы мүмкіндігінше толық сипатталып, түрлі қызметтері айқындалған.
2002 жылы осы өткен уақыттар аралығындағы көптеген соны зерттеулер нәтижелерін теориялық тұжырым ретінде қамтыған «сипаттамалы нормативті (академиялық)» «Қазақ грамматикасы» тілдің төрт деңгейін: фонетикасын, сөзжасамын, морфологиясын, синтаксисін зерделейді. Бұл грамматика да семасиологиялық, яғни «формадан функцияға» бағытталған осы тұрғыдағы бұрынғы грамматикалардан оның басты ерекшелігі - сөзжасамның қазақ тіл білімінде жеке тілдік деңгей ретінде сипатталуы және синтаксистің сөз тіркесінен, сөйлемнен басқа жоғары деңгейдегі синтаксистік бірлік ретінде күрделі синтаксистік тұтастықты, сонымен бірге синтаксистік синонимияны зерделеуі 1. Қазіргі қазақ тілінің грамматикаларына ортақ сипат – семасиологиялық бағыт және де тіл деңгейлерін жеке-дара өз алдына сипаттау, сонымен бірге грамматиканың тар ұғымында бірде тек морфологиялық және синтаксистік деңгейлермен шектеу (Қазақ тілінің грамматикасы, 1967), бірде грамматика ауқымына олардан басқа деңгейлерді қоса қарастыру (Қазақ грамматикасы, 2002).