Диссертация с. М. Исаев Ғылыми жетекші: филол. ғ. д филол ф.ғ. к. К. Н. Уәли Алматы, 2007 жыл мазмұНЫ


ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................172-176



бет2/47
Дата29.05.2022
өлшемі1,15 Mb.
#35856
түріДиссертация
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................172-176
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ......................................177-187
КІРІСПЕ

Жекелеген ғалымдардың мұрасын оқып-үйрену – ғылым үшін, оның болашағы үшін аса маңызды қажеттілік. Лингвистикалық мұраны зерттеу жалпы тіл білімінде, соның бірі түркі тілдерінде, ғылым туралы ғылым ретінде әбден орныққан, қалыптасқан дәстүр болып табылады. Қазақ тіл білімінде бұл мәселе 1970 жылдардан басталады. К.Ш. Хұсайынның «Исследование фонетики и лексики казахскогог языка в трудах А.В.Радлова» (А., 1971) атты кандидаттық диссертациясынан кейін жеке ғалымдардың мұралары монографиялық тұрғыда зерттеле бастады. Бұл қатарда К.Ертаев, Ж.Тектұғылова, Г.Әмірова, А.Иманғазина, О.Жұбаева еңбектерін атауға болады.


Қазақ тіл білімінің кеңес дәуіріндегі дамуы екі кезеңге бөлініп, алғашқы кезең 30-шы жылдың аяғына дейінгі уақытты қамтиды. Бұл кезең жаңа өмір талабының әсерінен практикалық жұмыстармен шұғылданған дәуірге жатады. Мұндай жұмыстар қатарына графика мен орфографияны қалыптастыру, терминдік атаулар қабылдау, сауатсыздарға, жүздеп-мыңдап ашылып жатқан мектептерге оқулықтар жазу, сөздіктер жасау істерін жатқызуға болады.
Қазақ тіл білімінің кеңес дәуірінде дамуының екінші кезеңі 40-жылдардан басталады. Бұл кезең қазақ тіл білімінің тармақтала даму, теориялық мәселелермен кеңірек айналысу, ғылыми кадрларының молая, толыға түсу дәуірі болды. Ғылым аренасына Ғ.Мұсабаев, Ә.Ермеков, Ж.Досқараев, А.Ысқақов, Т.Қордабаев, А.Қалыбаевалармен қатар Ы.Маманов та шықты. Бұл он жыл ішінде қазақ тіл білімі практикалық ілімнен теориялық ілімге қарай бетбұрыс жасады. Ғылыми грамматиканың салалары, тіл тарихы, әдеби тіл тарихы, диалектология, лексикология әбден орнығып, ғылыми пән ретінде жоғары оқу орындарының арнаулы бөлімдерінде оқытылатын болды [1, 61].
Тіл білімі тарихын зерттеуші ғалымдардың басшылыққа алатын историзм принципі бойынша, әр дәуірде қалыптасқан, өмір сүрген алуан түрлі тілдік мектептер, концепциялар сол өз дәуірі тұрғысынан бағаланып, олардан бұрын не бар еді, бұлар оған не қосты, кейінгілердің өздерінен бұрынғылардан артықшылығы қандай деген тұрғыда қаралуы керек. Қазіргі заман тіл білімі – дамудың биік шыңына көтеріліп келе жатқан кең салалы, көп тармақты ілім. Оның құрамында әртүрлі лингвистикалық бағыттар, мектептер, зерттеудің әртүрлі әдіс-тәсілдері бар. Оның сипатын, бүгінгі күйін басқаларынан бөлініп алынған жеке бір мектеп, я зерттеудің жеке бір әдіс-тәсілі көрсете алмайды, оған өресі жетпейді. Сол бағыттарды, мектептерді, әдіс-тәсілдерді бірлікте алып қараған жағдайда ғана тіл білімінің қазіргі күйін, сипатын толық түсінуге болады.
Осымен байланысты “қазақ тіл білімінің дамуына Ы.Е.Мамановтың үлесі қандай болды, ұстанған концепциялары қай мектеп өкілдерінің тұжырымдарымен үндес келеді” деген мәселе төңірегінде ізденгенімізде айтулы ғалымның жалпы тіл білімі, қазақ тіл біліміндегі морфология саласы бойынша орнықты пікірлері ғылымның қазіргі кездегі қол жеткен биігінен күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ.
Ғалымның ғылыми танымы қазақ тіл білімінің жекелеген мәселелеріне арналған Р.Сыздықова, С.Исаев, Т.Қордабаев, Ә.Құрысжанов, Н.Уәлиев т.б. ғалымдар еңбектерінде талданды. Ғалымның еңбектерінің мәнділігі, құндылығы туралы Ә.Қайдар, А.Хасенова, Ш.Сарыбаев, С.Омарбеков т.б. ғалымдар мен кейінгі жас ғалымдардың А.Омарова, Г.Әмірованың зерттеу еңбектеріндегі пікірлерін атауға болады.
Ы.Маманов еңбектері тіл білім тұрғысынан жеткілікті түрде зерттеліп, өз бағасын толық алған жоқ. Бұған қарамастан ғалым жөнінде Қ.Есенов пен М.Томанов, сондай-ақ Н.Уәлидің пікірлерін айтуымызға болады.
Доцент Ы.Е.Мамановтың қаламынан туған ірілі-уақты мақалалары, тезистері, көлемді еңбектерінің саны 70-тен асады. Көзі тірісінде жарық көрген еңбектерінен басқа ғалымның ҒА Тіл білімі институты қызметкерлерінің қолға алуымен байланысты шығармалар жинағы жарық көрді [2].
Ы.Е.Маманов – қазақ тіл білімінің әр саласына қалам тартқан ғалым. Қазақ тіл білімінің мәселелеріне байланысты ғылыми еңбектерде, монографияларда, шолу іспетті мақалаларда ғалымның құнды пікірлері ескеріліп, талданды. Соның бір дәлелі ретінде 2002 жылы “Астана” баспасынан жарық көрген “Қазақ грамматикасын” алуға болады. Ғылыми басылымның морфология бөлімінде етістік категориясына байланысты зерттеушінің тұжырымдары, көзқарастары, пікірлері негіз етіп алынғаны көрінеді. Дегенмен оның морфологияға қатысты концепциялары қазіргі ғылыми таным тұрғысынан жан-жақты, жүйелі түрде қарастырылып, арнайы зерттеу объектісі болған емес.
Ы.Е.Маманов ең алдымен қазақ тіліндегі етістік мәселесіне көп көңіл аударып, категориялық ерекшеліктерін зерттеп, грамматикалық сипаттарын айқындайды. Қазақ тілінің табиғатына жіті көңіл аудара отырып, салыстырмалы түрде орыс грамматикасымен байланыста қарастырады. Ғалым жалпы тіл білімінің жетістіктерін кеңінен пайдаланған. Тіл дамуына әсер ететін заңдылықтарды, ішкі және сыртқы факторлар мен себептерді анық ашып көрсетеді. Әртүрлі әдістер арқылы материалдарды жинап, өңдеп, топтап және соның негізінде теориялық қорытындылар жасайды.
Типология тілдік жүйенің әртүрлі деңгейде бірігу белгілерінің белгілі типтері мен типтік құбылыстар дамуының анықталуымен шұғылданады. Әртүрлі тілдердегі тілдік белгілердің тоғысуы барлық немесе көптеген тілдерге сәйкес келетін кейбір жалпы заңдылықтардың (құрылымдық белгі, заң, ерекшелік, тенденция) дамуына әкеледі. Бұл заңдылықтарды тілдік универсалдар деп атау қабылданған. Тілдік универсалдарды анықтауға едәуір үлес қосқан ғалым қазақ тілі материалдарын монғол, армян тілдерімен, грек, грузин тілдерімен салыстырады. Көп тілді меңгерген ғалым қазақ тілін басқа тілдермен салыстыра, салғастыра қарайды, нәтижесінде қазақ тіл білімінің ғылыми негізін қалауға ат салысады. Ы.Маманов тілдерді салыстыруда, салғастыруда жүйесі бір тілдер мен жүйесі басқа тілдердің материалдарын өзінің ретімен, орынды пайдаланғанды ұсынады. Ғалым бұл жайлы: “Жүйесі басқа тілдердің грамматикалық құбылыстарының жүйелі тәртібін, заңдарын басшылыққа алып, сол заңдарды екінші бір тілге күштеп ендіру тіл біліміне үлкен қиянат”, – деп жазады [3].
Ы.Е.Маманов жоғарғы оқу орындарында дәріс берген тілші-ғалым. Бүгінгі таңда ғалымның көзін көрген, дәріс алған шәкірттерінің дені тіл мамандары, көпшілігі ғылым докторлары. Олар Ы.Мамановты өз мамандығын терең меңгерген білгір ғалым болғандығын айтып, үнемі үлкен құрметпен еске алып отырады. Морфология саласы бойынша ғалымның айтып кеткен құнды пікірлері, ғылыми тұжырымдары күні бүгінге дейін маңызын жойған жоқ. Алайда, қазақ морфологиясы бойынша кейінгі жас зерттеушілер еңбектерінде ғалым еңбектерінің мүлде аталмайтындығын да атап айту керек. Мұны, біз, ғалымның ғылыми еңбектерінің жоғарғы оқу орындарына арналған оқу құралы ретінде жазылмауынан болса керек деп ойлаймыз. Морфология бойынша жоғарғы оқу орындарына арналған оқу құралы А.Ысқақовтың авторлығымен шығып, ол бірнеше рет қайта өңделіп, күні бүгінге дейін осы оқулықпен оқытылуда. Ы.Мамановтың ғылыми зерттеулерін осы сала бойынша ізденгендер болмаса көпшілік біле бермейді.
А.Ысқақовтың авторлығымен жарық көрген “Қазіргі қазақ тілі” еңбегінің морфологиялық зерттеулердің көш басында тұратын оқулық екендігінде дау жоқ. Онда сөздің морфологиялық құрылымынан бастап, қосымшалар, олардың жіктелуі, сөз таптары, морфологиялық категориялар т.б. негізгі мәселелердің барлығы қамтылған. Бірақ ғылымның жекелеген мәселелерін зерттеу кезінде бұл оқулықта айтылған тұжырым, қағидалардың қайта қарауды, тереңірек зерттеуді қажет ететін тұстары баршылық екендігіне көз жеткіздік.
Ы.Е.Маманов еңбектерінде осы аталған “Қазіргі қазақ тілі” оқулығында айтылған мәселелерге қарама-қайшы келетін немесе одан өзгеше сипаттамалар берілген теориялар кездеседі. Әсіресе, ғалым еңбектерінің бір ерекшелігі – Ы.Е.Маманов тіл ғылымының қай саласына болмасын өзіндік ой-пікірімен келді, ғылымда әбден қалыптасқан, даусыз мәселелерді қайталаудан аулақ. Үнемі мәселе етіп қоятындай тілдік фактілерге ерекше назар аударып отырады. Біз диссертациялық жұмысымызда ғалымның еңбегінде айтылған тың тұжырымдарды, қазіргі дейін басы ашылмай келе жатқан кейбір тілдік фактілер туралы айтқан ой-пікірлерін, бүгінгі күні зерттеліп жатқан жаңа бағыттағы ғылыми мәселелердің ғалым еңбектерімен байланысын т.б. сөз етеміз.
Ы.Е.Маманов – қазақ тіл білімі тарихында аянбай адал қызмет еткен, қазақ тілімен қатар орыс тілін еркін меңгерген ерекше талант иесі. Жеке тұлға ретінде қалыптасқан ғалымның еңбектері сан саладан көрінеді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   47




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет