Байланысты: Жанторинов С. Д. - 13-14 жас аралығындағы гір көтеруші спортшылардың дене дайындығы деңгейін арттырудың әдістемелік ерекшеліктері - Дене шынықтыру және спорт
1. 13-15 жастағы гір көтерушілердің дене дайындығының деңгейін арттыруда модельдік сипаттамаларды қолдану бойынша зерттелетін мәселенің ғылыми-теориялық базасының және практикалық тәжірибесінің жасақталу дәрежесі зерттеліп, айқындалды. Бұл тақырып гір көтерушілердің спорттық жаттығуының педагогикалық теориясы мен практикасында өзекті екені және келешекте одан әрі зерттеуді талап ететіні анықталды.
2. Қимыл-қозғалыс тесттерінің әзірленген кешені негізінде гір көтеру техникасының жетекші қимыл-қозғалыс қасиеттері мен биомеханикалық ерекшеліктерін ескере отырып, модельдік сипаттамалар жасалды. Әзірленген қимыл-қозғалыстың тест кешендері 13-15 жастағы гір көтерушілердің ең маңызды дене қасиеттерінің даму деңгейін бақылауды жүзеге асыруға және белгіленген модельдік талаптарға сәйкес дене шынықтыру процесін уақтылы түзетуге мүмкіндік беретіні айқындалды.
3. 13-15 жас аралығындағы гір көтерушілердің дене дайындығының модельдік сипаттамаларын пайдалану әдістемесі әзірленіп, Батыс Қазақстан облысының және «Шыңғырлау» спорт клубының оқу-жаттығу процесіне енгізілді.
13-15 жас аралығындағы гір көтерушілердің оқу-жаттығу процесінде модельдік сипаттамаларды тиімді пайдаланудың ғылыми-әдістемелік жабдығы жасалды, бұл гір көтерушілердің дене дайындығы деңгейіндегі кемшіліктерді объективті анықтауға мүмкіндік береді, оның ішінде: әзірленген модельдік сипаттамаларды қолдану технологиясын (тестілеу процедурасы және дене дайындығын түзетудің негізгі ықпалдары); дене дайындығында анықталған кемшіліктерді жоюға арналған жаттығулар кешенін; көмегімен тест нәтижелерін балға тез айналдыруға болатын әзірленген бақылау және түзету кестесін анықтауға мүмкіндік береді.
4. Эксперименттік және бақылау топтарында алынған нәтижелерді салыстыру көптеген тесттерді орындауда айтарлықтай айырмашылықты анықтады (Р<0,05).
Әзірленген модельдік сипаттамаларды пайдаланатын эксперименттік әдістеме 13-15 жастағы спортшылардың дене дайындығы деңгейін арттыруда және дене дайындығын басқаруда ең тиімді әдістеме болды және өзін толық ақтады, бұған эксперименттен кейінгі бақылау және эксперименттік топтардың тест нәтижелерінің оң динамикасындағы айырмашылық дәлел.
«30 метрге жүгіру» тестінде бақылау тобы өз нәтижесін 2,6%-ға, эксперименттік топ – 7%-ға жақсартты. «Гірді кеудеге көтеру» тестісінің нәтижелері бақылау тобында 20%-ға, эксперименттік топта 28,6%-ға жақсарды. «Толтырылған допты итеру» тестіндегі оң өзгерістер бақылау тобында 2,7% және эксперименттік топта 5,3% құрады. Жоғары нәтижелер «тіреле жатып екі қолды бүгіп-жазу» тестінде бақылау тобында 6,3%-ға, эксперименттік топта 15,2%-ға тіркелді. «Бір орыннан ұзындыққа секіру» тестісі нәтиженің бақылау тобында 6,1% және эксперименттік топта 9% жақсарғанын көрсетеді. Сондай-ақ «допты екі қолмен төменнен алға лақтыру» тестісінде де оң өзгерістер бар – бақылау тобында 2,4%, экспериментте 4,3%. «Биік белтемірге асыла тартылу» тестісінің нәтижелері айтарлықтай ерекшеленеді, жақсарулар бақылау тобында 12,5%, эксперименттік топта 19,2% құрады. Төзімділікті тексеру тестінде – «1000 м жүгіруде» бақылау тобы 4%, эксперименттік топ 7,5% жақсарғаны көрінді. Айтарлықтай айырмашылықтарды «алға еңкею» тестісінің нәтижелері көрсетті, олар бақылау тобында 29%, эксперименттік топта 46,3% құрады. «Білек динамометриясы» тестісінің нәтижелері бойынша оң өзгерістер бақылау тобында 11,5%, ал эксперименттік топта 15,4% байқалады.
Өткізілген педагогикалық эксперименттің нәтижелері 13-15 жас аралығындағы гір көтерушілердің дене дайындығына әзірленген модельдік сипаттамаларды пайдалана отырып, әдістемені қолданудың тиімділігін растады, мұны экспериментке дейінгі және кейінгі әрбір жекелеген бақылау жаттығуындағы (тесттегі) модельдік деңгейге сәйкес нәтижелер санының оң динамикасы дәлелдеді.
Эксперименттің анықтау кезеңінде бақылау және эксперименттік топтардың модельдік деңгейіне сәйкес келетін 10 тест қорытындысы бойынша алынған нәтижелердің жалпы саны сәйкесінше 26 және 21 болды. Эксперимент соңында модельдік деңгейге сәйкес келетін бақылау және эксперименттік топтардағы 14 жастағы гір көтерушілердің көрсеткен нәтижелері мүмкін болатын 150 нәтиженің сәйкесінше 72 және 125-ін құрады.
Қимыл-қозғалыс тесттері мен жарыс нәтижелері арасында өзара байланыс байқалады. «Шыңғырлау» спорт клубының спортшылары арасындағы гір көтеру жарысында эксперименттік топтың гір көтерушілері бақылау тобына қарағанда айтарлықтай жоғары нәтиже көрсетті. Жарыстардағы эксперименттік топтың гір көтерушілері қос сайысты қорытқанда нәтижені орта есеппен 60 ұпайға, ал бақылау тобы бар болғаны 35 ұпайға өсірді.