1.2. Пәннің зерттеу әдістері Қоршаған ортаның мал организміне тигізетін әсерін зерттеу үшін зоогигиена әртүрлі тәсілдер қолданады: санитариялық зерттеу, клиникалық – физиологиялық байқаулар, эксперименталдық, статистикалық және т.б.
Санитариялық тексеру – мал қоралары мен су көздерінің, жайылымдар мен шаруашылық территориялының санитариялық жағдайларын анықтайды.
Қоршаған ортаның факторларының әсерінен мал огранизмінде болатын функционалды өзгерістерді зерттеп білу үшін клинико – физиологиялық әдіс қолданады.
Эксперименталды әдіс – лабораториялық немесе өндірістік жағдайларда арнайы тәжірибелік малдарға қоршаған орта факторларының әсерін зерттеу үшін қолданылады (қора-жай микроклиматына, бағып-күту технологиясына, азықтандыру жағдайына және т.б.). Эксперименталды әдіс физикалық, химиялық, бактериологиялық, токсикологиялық және басқа да зерттеулермен бірге жүргізіледі.
- санитариялық – статистикалық әдіс ветеринариялық – санитариялық шаралардың тиімділігін тексеру үшін қолданылады. Яғни, әр түрлі санитариялық – гигиеналық жағдайындағы жануарлардың ауру сырқауы мен өнімділігін салыстырғанда олардың тиімділігін анықтайды (микроклиматтың, бағып-күту технологиясының, азықтандырудың және т.б.)
1.3. Сыртқы орта факторлары және олардың мал организіміне әсері Сыртқы орта деп – жануарларды қоршаған әрі оларға тікелей немесе жанама әсер етуші табиғаттың бөлігін айтамыз. Организмнің дамуы қоршаған ортаның үнемі өзгеріп отыруымен тығыз байланысты. Егер осы қоршаған орта қалыпты жағдайдан ерекше өзгерсе, онда орта мен организм арасында қарама қайшылық туады. Организмге әсер ететін элементтерді сыртқы орта факторлары деп атайды. Сыртқы орта факторлары табиғаты мен әсер ету түріне байланысты абиотикалық және биотикалық болып бөлінеді. Абиотикалық факторларға өлі табиғат кешені жатады – ауа температурасы, ылғалдылығы, қысымы, ауаның, судың химиялық ұрамы, ксенобиоттар және т.б. Ал, биотикалық факторларға организмдердің бір біріне әсері жатады.
Ал, өзінің құрамы жағынан сыртқы орта факторлары химиялық (заттық), физикалық (энергетикалық) және биологиялық (биотикалық) болып бөлінеді.
Химиялық факторлар: химиялық элементтер мен ауа, су, топырақ, азықтағы қосылыстар. Биологиялық факторларға – табиғи жағдайда ауада, суда, топырақта, азықта кездесетін бактериялардың құрамы негізінде сапрофитті микрофлорадан тұратын әрі қоршаған ортаның патогенді микробтарымен, гельминттер жұмыртқасымен ластануы жатады.
Қоршаған орта факторларының организмнің тіршілік қабілетіне үш түрлі әсері бар: минимум, максимум және оптимум. Жануарлар денсаулығы үшін ең қолайлысы факторлардың оптималдық шамасы.