9.3. Дезинфекция, оның түрлері мен әдістері. Дезинфекция – сыртқы орта нысаналарындағы патогенді және шартты патогенді микроорганизмдерді жоюға бағытталған шаралар жиынтығы.
Дезинфекция нысандары: мал шаруашылығы кешендері мен ферма территориялары, ондағы мал қоралары, көмекші және тұрмыстық бөлмелер, сою пунктілері, қи, азық, мал, мал өнімдерін және шикізаттарын тасымалдайтын көліктер, құрал-жабдықтар, қызметшілер аяқ-киімдері мен арнайы киімдері, қи.
Дезинфекцияны жалпы принцип бойынша ауру қоздырғышының түрлеріне, дезинфекциялық заттарға төзімділігіне байланысты ұйымдастырып өткізеді.
Дезинфекция көрсеткішіне (түріне) қарай екіге бөлінеді: профилактикалық және лажсыз. Профилактикалық дезинфекцияны аурудың алдын алу және патогенді микроорганизмдердің таралуын алдын алу мақсатында жүргізеді. Лажсыз дезинфекция (ағымдық және қорытынды) жұқпалы ауру тараған шаруашылықтарда инфекция ошағын жою және патогенді микроорганизмдердің сыртқы ортада жиналуын тоқтату мақсатында жүргізіледі.
Дезинфекция келесі операциялардан тұрады: алдын ала дезинфекция (қажет болған жағдайда), механикалық тазалау және дезинфекция.
- Мұқият механикалық тазалау – беткей сипаты және түсі көрінетін, көзбен қарағанда қи, азық және басқада заттардың қалдықтары көрінбейтін тазалаудың деңгейі. Ластану сипаты, деңгейі, түріне және дезинфекция мақсатына қарай беткейлерді алдын ала ылғалдандырмай-ақ жуғыш немесе дезинфекциялағыш заттар көмегімен механикалық тазалаудан өткізеді.
- Дезинфекция алдында мал қорадан түгелдей немесе бөлшектеп малды шығарады.
- Судың және дезинфекциялық ерітінділердің әсерінен тозатын қондырғыларды полиэтилен пленкасымен жабады, беткейлерді дезинфекциялық ерітінділермен ылғалдандырыды, артынан кырғыш немесе судың көмегімен қидың негізгі бөлігін, азық және басқада лас заттар қалдықтарын алып тастайды (алдын ала тазалау).
Алдын ала тазалаудан кейін қол қиын жететін жерлерді бір рет ыстық 2 % күйдіргіш натрий ерітіндісімен немесе екі рет арасына жарты сағат салып 5% кальций содасының ерітіндісімен өңдейді.
- Мал қораларын тазалап болғаннан кейін қондырғыларды және бөлмелерді жөндеу жұмыстарынан өткізеді.
- Механикалық тазалап, жөндеу жұмыстарын жүргізген соң еденді қайталап жуып, астауларды азық пен судан тазартып, қораларды артық ылғалды жою үшін желдетеді.
- Қораларды, қондырғылар мен құрал-жабдықтарды және басқа да нысаналарды дезинфекциялағанда химиялық ерітінділер біркелкі етіп шашылуын қадағалайды. Жабық қораларды аэрозольдер көмегімен де дезинфекциялауға болады.
- Дезинфекциялап болған соң қораны 3 сағатқа жауып тастайды. Егер мүмкін болса, экспозицияны 10-12 сағатқа созады. Экспозицияны таңдағанда мал қорадағы қондырғылардың дезинфекциялық ерітінділерге төзімділігін де ескеру қажет.
Дезинфекцияның 2 әдісі (метод) бар: физикалық және химиялық.
Мал шаруашылығында дезинфекция мақсатында химиялық заттар және физикалық күштер қолданылады.
Физикалық дезинфекция – заттар мен объектілерді жоғары температурамен (қайнаған су, су буы, ыстық бу, отпен күйдіру) және әртүрлі сәулелермен өңдеу.
Химиялық әдіс әртүрлі химиялық заттарды қолдану арқылы іске асырылады.
Дезинфекцияның химиялық әдісі химиялық заттардың қолдану түрлеріне байланысты бірнеше тәсілдерге бөлінеді: ылғалды, аэрозольді, газды және көпіршікті.
Ылғалды (немесе құрғақ) тәсіл химиялық заттардың ерітінділерін немесе олардың ұнтақтарын пайдалану арқылы жүзеге асады. Бұл тәсіл ең кең тараған қарапайым тәсіл, алайда тиімділігі төмен.
Аэрозольді тәсіл биологиялық әсері күшті әрі ең тиімді болып табылады. Бұл тәсілді қолдану үшін арнайы жағдайларды сақтау қажет, ал ең бастысы аэрозоль алатын генераторлар (аппараттар) қажет етеді. Кейде генераторсыз да аэрозоль алуға болады. Сондықтан аэрозольды алудың екі жолы бар: аппаратты және аппаратсыз.
Аппаратсыз аэрозоль алу үшін құрамында хлоры немесе йоды бар химиялық заттар қолданады (метод возгонки). Аппаратсыз аэрозоль үшін бірхлорлы йод, йодты алюминий, хлорлы аммоний, хлорскипидар, хлорлы аллюминий және т.б. Аталған заттар микробтарды жою үшін олардың концентрациялары жеткілікті болу керек. Аппаратсыз аэрозоль алу үшін мырышталған темір стакан (сыйымдылығы 250-500мл қора үшін) қолданады. Осындай бір орыннан 500м3 көлемге дейін аэрозоль алуға болады (стаканды еденнен 1,5-2м биіктікке іліп қояды).
Аппараттың көмегімен аэрозоль алудың 2 жолы бар: диспергациялық және конденсациялық. Диспергациялық аэрозоль ерітіндіні механикалық жолмен шашып ауада оны қалқып жүретін жағдайына ауыстыру, ал конденсациялық аэрозоль дезинфекциялық заттардың буы конденсацияланғанда пайда болады. Сонымен қатар аралас (термомеханикалық) аэрозольда болады (мұнда диспергациялық аэрозольда, әрі конденсациялық аэрозольда кездеседі).
Аэрозольдарды алу үшін әртүрлі генераторлар қолданады: пневматикалық (ПВАН, ТАН, САГ-10, РУЖ), сыртқа тепкіш (центробежный) немесе дискалық (МАГ-3, ЦАГ), термомеханикалық (ААП, ГА-2, “Аист-2”, “Каскад-М”).
Технологиялық пайдалану тәсіліне байланысты аэрозольдар көлемді және бағытты болып бөлінеді.