Әкімшілік құқық бұзушылық белгілерін оның заңдық құрамынан айырудың практикалық маңызы бар. Әкімшілік құқық бұзушылықтың барлық белгілері бола тұрып, құрамы болмауы мүмкін, сол себепті әкімшілік жауапқа тарту заңсыз болып табылады. Әкімшілік құқық бұзушылықтың құрамы - нормативтік-құқықтық актілермен бекітілген элементтердің жиынтығы және олар болғанда ғана әкімшілік жауаптылық пайда болады. Әкімшілік құқық бұзушылық құрамының элементтері болып: объект, субъект, объективтік жақ, субъективтік жақ табылады. Құқық нормаларымен реттелінген және әкімшілік жауаптылық шараларымен қорғалатын қоғамдық қатынастар объект болып табылады. Іс жүзінде объект ретінде нақтылы нормалар, тапсырмалар, заңды талаптар, тыйым салулар болады. Құқық теориясында, сондай-ақ әкімшілік теріс қылықтың тектік, түрлік және тікелей объектісін айыру бар. Құқық қолдану тәжірибесі тұрғысынан алғанда тікелей объект ерекше маңызды болып көрінеді, олай болатын себебі, әкімшілк санкция заңмен бекітілген қоғамдық қатынастарға шынайы зиян келтіргені үшін қолданылуы керек. Объективтік жақ әкімшілік құқықпен тыйым салынған әрекеттен немесе әрекетсіздіктен көрінеді.