Джек Лондон. Мартин Иден



Pdf көрінісі
бет30/48
Дата22.09.2023
өлшемі1,5 Mb.
#109789
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   48
Отызыншы тарау
Екеуі бір-біріне ғашық екенін алғаш рет ашып айтатын былтырғы
қоңыр күздің тамылжыған күндеріндей биылғы күздің бір шырын
шуағында Мартин Руфьке «Сүйіспеншілік туралы сонеттерін» оқыды. Бұл
күні олар бауыр басқан баяғы төбешіктеріне барып, оңаша отырған еді.
Руфь сонетке сүйсінгендей тамсана берді; қолжазбасының соңғы бетін
оқып болған соң, Мартин осы жолы бұл не айтар екен деп абыржи күтті.
Біраз уақыт үндемей отырып қалған Руфь ойындағы пікірін аузынан
шығаруға именген адамша күмілжіп, тұтыға сөйледі.
— Бұл өлеңіңіз тамаша,— деді ол,— əлбетте, өте жақсы.Бірақ осыған
ешкім қаламақы төлемейді. Менің не айтайын деп отырғанымды түсінесіз
бе,— деді жалынғандай,— жазғандарыңыздың тіршілікке пайдасы жоқ. Не
себепті екенін біле алмаймын, бəлкім, сауда-саттық жағдайы солай ма,
əйтеуір шығармаларыңызбен күн көре алмайтыныңыз анық. Сөзімді дұрыс
түсініңіз, қымбаттым. Мен, міне, мына бір жақсы өлеңнің өзіме
арналғанына масаттанып қалдым — əйтпесе, əйел болам ба. Бірақ, өзіңіз
айтыңызшы, Мартин, осы өлең екеуіміздің қосылу тойымызды жақындата
ала ма? Жоқ. Мені пайдакүнем, ақшақұмар адам екен деп ойламаңыз. Мен
сізді сүйемін, күндіз-түні ойлайтыным сіздің болашағыңыз. Міне, бір-
бірімізге сыр ашқанымызға аттай жыл асқан екен. Сонан бері той өткізер
күніміз алыстамаса, жақындамапты. Сөзімді əдепсіздікке жори көрмеңіз:
əңгіме менің жан-жүрегім туралы, бүкіл өмірім туралы екенін ескеріңіз.
Зəуде жазбай тұра алмайтын болсаңыз — газеттердің біріне неге
орналаспайсыз, мысалы, сізге неге хабаршы болмасқа? Тіпті, аз күнге болса
да.
— Стилім бұзылады,— деп Мартин күңк етті,— осы күнгі стиліме
төселу үшін қаншама еңбек еткенімді білмейсіз ғой.
— Білемін, ақшасына бола газетке талай фельетон жазғансыз, онан
стиліңіз бұзылған жоқ еді ғой.
— Оның жөні басқа. Мен ұзақты күн сарылып отырып, жазу жұмысын


аяқтағаннан кейін ғана өзімді-өзім қамшылап, қиналып фельетон
жазатынмын. Ал газетке басыбайлы хабаршы болу бірыңғай қара кəсіппен
айналысып, ертелі-кеш шапқылап, барыңды соған сарп ету деген сөз!
Тіршілігің құйынға айналады, не алды, не арты жоқ минуттік міндет үшін
өмір суруге тура келеді. Хабаршының хабарлаудан өзге жұмыспен
айналысуға, мысалы, стиль туралы ойлануға да мұршасы жоқ. Хабар
əдебиет емес. Енді ғана өз стилім қалыптаса бастаған шақта хабар-ошар
жинап кету əдебиетте өліммен тең. Əрбір фельетон, оның əрбір сөзі мен
үшін тірі азап, өзіме, сұлулық сезіміме жасалған зорлық, қиянат. Мұның
маған өте ауыр тиетінін, мүмкін, түсіне қоймассыз. Мен шыны қылмыс
жасаған адам тəріздімін. Мен «қара кəсіп» ретінде жазған əңгімелерім
өтпей қалса, ол үшін костюмімді закылетке беруге тура келсе де,— іштей
қуанатынмын. Ал «Сүйіспеншілік туралы сонеттерді» жазғанда тебіреніп,
төбем көкке жеткендей болушы едім! Творчество қуанышы деген дүниедегі
ең асыл сезім, ізгі қуаныш. Менің басыма оралған тарыншылық пен
ауыртпалықтың бəрін көтеріп кететін сол ғана.
Руфьтің түсінуінше творчество қуанышы деген бос сөз. Оның осы
пікірде екенін Мартин білмейді. Өйткені, біреумен əңгімелескенде Руфь
бұл сөзді жиі қолданады. Өзі де оны соның аузынан естіген. Творчество
қуанышы 
туралы 
Руфь 
кітаптан 
оқыған 
ғой. 
Университет
профессорларының лекциясынан да естіген, өнер бакалавры дəрежесіне
емтихан тапсырғанда өзі бұл сөзді талай қолданған да. Бірақ Руфь біреудің
сөзін жаттап алып, қайталау ғана болмаса, өзіндік ой-пікірі жоқ,
творчестволық серпініс дегенді білмейтін адам.
— Бəлки, сіздің «Теңіз толғауларыңызды» редактордың түзетуі орынды
шығар?—деді Руфь.— Əдеби шығармаға дұрыс баға бере алмаса редактор
— редактор бола ма?
— Мінеки, бұл көпшілік мақұл көрген, бірақ шалағай пікірдің жаны сірі
екеніне тағы бір дəлел,— деп Мартин қаны сүймейтін редакторлардың
атын атағанда ыршып түсті.— Бардың бəрі кəміл, бəрінен де сол мақұл
деушілік бар. Белгілі бір құбылыстың болу фактысының өзі ғана соның
заңды екеніне дəлел деп санаушылық бар жəне осы пікірдегі кісілердің
ойынша мұның бəрі қазіргі жағдайда ғана емес, мəңгі-бақи заңды бола
берешек. Қатардағы күйкі адам, надан болғандықтан мұндай сандыраққа
сене береді. Бұл құралыптас адамдардың ой жүйесін Вейнингер тамаша
суреттеген. Өзі ойға олақ адам, ойлы адамдардың сыртынан тағдырын


билеп жүрмін деп санайтын көрінеді.
Осының бəрін түсінуге Руфьтің өресі жетпейтін шығар деген ой caп ете
түсті де Мартин кілт тоқтады.
— Вейнингердің кім екенін білмеймін,— деді қыз,— сіздің əр нəрсенің
басын 
қосып-шатып, 
шумақтап-шумақтап 
əкеліп, 
қорыта 
салуға
құмарлығыңыз сонша, кейде тіпті пікіріңізге түсіне алмай қаламын. Мен
айтқам, егер редактор...
— Мен айтайын,— деп жігіт тағы сөзін бөлді оның,— редакторлардың
кемі тоқсан тоғыз проценті мұратына жете алмаған, талабы жанбаған
талантсыздар. Талантсыз жазушылар. Оларға творчество қуанышынан гөрі
редакцияда бейнет шегіп, ми ашыту, журналының жұртқа тарауы мен
баспашының жылпостығына кіріптар болу оғай ғой дейсіз бе. Олар кезінде
жазушы болам деп дəмеленіп, жазып та қараған. Бірақ, түк шығара
алмаған. Осының салдарынан келіп өмірде қисынсыз бір парадокс пайда
болды. Əдебиеттің кірер есігін сол бірөңкей əдебиеттегі талантсыз төбеттер
қоритын болған. Редактор, олардың көмекшілері, рецензенттер, жалпы
қолжазба оқитындардың бəрі — бір кезде жазушы болам деп, бола алмай
қалғандар. Міне, əдебиеттің тағдырын шешуге,— нені басуға тұрады, нені
басуға болмайды деген мəселені шешуге келгенде, бұған праволы
кісілердің ішінде ең сорлысы осылар болса керек еді. Іс жүзінде олай емес,
– талант туралы пікір айтатын сол дарынсыз дарақылардың өзі. Онан кейін
сыншылар, бұлар да талансыздардың бір сорты. Сіз маған осылардың бəрі
бір кезде өлең, проза жазуды арман етпеді, тіпті, жазып көрген жоқ демеңіз,
жазып көргенде қандай, бірақ түк шықпаған ғой. Ал журналдағы солар
жазған сын мақалалар балық майы сықылды жылымшы татып, жүрек
айнытады. Қысқасы, рецензент пен сыншы атаулыға менің көзқарасым
қандай екенін білесіз. Əлбетте, ұлы сыншылар бар, бірақ олар жарқын
жұлдыздай əдебиет əлемінде сирек кездеседі. Егер менен жазушы шықпаса,
мен редактор боламын. Əйтеуір нан тауып жеуге жарармын. Мүмкін, нан
соғар ғана емес, май coғap да болып қалармын.
Аңдампаз Руфь ғашығының пікірінде қайшылық барын тез аңғарды.
— Жарайды, солай-ақ болсын, Мартин,— сонда талантты адамның
бəріне бірдей есік жабық болса, ұлы жазушылар қайдан шыққан?


— 
Олар 
болмайтын 
істі 
болғызды. 
Жалын 
атқан 
тамаша
шығармаларымен жауларының күлін көкке ұшырды. Мыңнан бірдің ғана
басына қонатын ғаламаттың күшімен арманына жетті. Карлейльдің дəулері
сынды оларға ешкімнің əлі жетпеді. Мен де сондай дəу болам. Болмасты
болдырамын.
— Өзіңіз айтқандай, талабыңыз жанбаса қайтесіз? Мен туралы да
ойлауыңыз керек қой, Мартин-ау!
— Талабыңыз жанбаса дейсіз бе? —деп Мартин қызға қисынсыз сөз
айтқандай мұқата қарады. Сонан кейін қулана күлімсіреп,— ештеме
шықпаса, редактор болам-дағы, сіз редактордың зайыбы боласыз!—деді.
Руфь еркелеп, жаратпаған адамсыды. Мартин шөпілдетіп сүйді.
— Болды, қойшы енді, жаным-ай,— деп Руфь жігіттің еріксіз елжіретіп
əкеткен қылығына қарсы келе алған жоқ.— Əке-шешеммен сөйлестім.
Бұрын олармен бұлай сөйлесіп көрген жоқ едім. Айтқан сөздерін
тыңдағаным жоқ, өздерін сыйлағаным жоқ. Мен оларға өтініш емес,
талабымды айттым. Екеуі де сізге қарсы. Қатты ғашық болып қалғанымды
айтып қоймағасын, папам ақыры жібіді, сізді кеңсесіне қызметке алуға
көнді. Екеуміз үйленіп, кішкене коттеджде жеке тұруға жететіндей сізге
жалақы тағайындайтын болды. Мұнысы бізге қарасқаны ғой, қайырым
еткені ғой, Мартин, солай емес пе?
Мартин ортайып қалды. Қарманып қалтасына қолын салып, темекі,
қағаз іздеді (қалтасына темекі салмағалы көп болған), өз-өзінен дыбдырлап,
күбірлей берді.
Руфь əлі сөйлеп отыр.
— Шынын айтайын, ренжи көрмеңіз, жағдайды білсін деп əдейі айтып
отырмын мұны, папама тым батыл сөз айта бермеңіз, ұнатпайды, əрі сізді
жалқауға санайды. Жалқау емес екеніңізді өзім білем ғой. Жұмысты көп
істейтініңізді де білем.
«Жоқ, тап осыны сен де білмейсің»,— депойлады ішінен Мартин.
— Өзіңіз қалай көресіз? Менің пікірім сізге де тым батыл көріне ме?—
деп қыздың көзіне қадала қарап, жауабын күтті.


— Меніңше, маған... күмəнді тəрізді.
Айтылар сөз айтылып қалды, осынан кейін Мартинге күллі дүние
күңгірт көрінді де жаңағы Руфьтің сақтықпен ептеп айтқан, əкемнің
кеңсесіне қызметке орналассаңыз қайтеді деген ұсынысы тарс есінен
шығып кетті. Ал қыз болса мұның жауабын бұл жолы асықтырмай-ақ,
төзіммен қолайлы жағдайын күтіп, есіне тағы бірде салуға əзір еді.
Көп күткен жоқ, Мартин де қызға өз тарапынан сұрақ қойып, бір
жағдайды анықтамақ болған. Ниеті қыздың өзіне сенер-сенбесін сынау еді.
Бір жұмадан кейін əрқайсысы сауалына тиісті жауабын алды да.
Мартиннің Руфьке «Күн масқара болды» деген мақаласын оқуы бұл
жайтты тездетіп жіберді.
— Газетке хабаршы болудан неге қаштыңыз? – деп Руфь шаңқ еткен
Мартин мақаласын оқып болғаннан кейін. – Жазу-сызуды жақсы көресіз,
бəлкім, атақты журналист, бір газеттің арнаулы тілшісі болып, көп ұзамай
көзге ілініп кетер ме едіңіз. Арнаулы тілшілердің кейбірі керемет көп ақша
табады, əрі дүние көреді деседі. Оларды тіпті Африкаға да жібереді екен
ғой. Стэнлиді сонда жіберіпті. Журналист Ватиканда папаменен тілдеседі,
Тибеттің құпия түкпір-түкпірінің бəрін тексереді деп жүр ғой жұрт.
— Демек, менің мақалам сізге ұнамады ма? – деді Мартин.— Сіздіңше,
мен журналист бола аламын да, жазушы бола алмаймын ба?
— О, жоқ! Мақалаңыз өте ұнады. Тамаша жазылған. Бірақ соған
əлеуметтің өресі жетпей ме деп қорқам. Əйтеуір, менің өзіме түсіну қиынға
соқты. Лебізіңіз жақсы, мағынасын түсіну қиын, ешнəрсе ұға алмадым. Ең
алдымен ішінде арнаулы ғылыми термин көп. Сіз шығандап, шектен асып
кетуге құмарсыз ғой, қымбаттым, өзіңізге оп-оңай нəрсе мына біздің
бəрімізге де солай екен деп ойламаңыз.
— Иə, мақалада философиялық терминдер аз емес,— деді күмілжіп
Мартин.
Көкейінде жүрген арманды ойын бірінші рет сыртына шығарып,
дауыстап оқығанға көңілі қобалжып отырған Мартин қыздың мына сөзіне
қайран қалды.


— Жарайды, сөзі олақ-ақ болсын, сонда пікірі де ұнамады ма сізге?
Руфь басын шайқады.
— Жоқ. Мақалаңыз менің бұрын-соңды оқығандарыма ұқсамайды...
Мен Метерлинкті де оқығанмын, оны түсінуші едім.
— Сізге оның мистицизмі де түсінікті болғаны ма?— деп Мартин
дауыстаңқырап жіберді.
— Иə. Оны мінеп жазған сіздің мына мақалаңыз маған мүлде түсініксіз.
Əлбетте, əркімнің өзіндік соны пікірі туралы айтар болсақ...
Мартин қозғалақтап, бірдеңе айтқысы келді де, үндемей отырып қалды.
Аздан кейін құлағына Руфьтің сөздері шалынды.
— Сайып келгенде, сіз үшін творчество ойыншық еді,— деді Руфь,—
біраз алдандыңыз ғой. Енді тіршілік туралы, мына екеуіміздің
болашағымыз туралы ойланатын уақытыңыз жетті, Мартин. Бұған дейін бір
өзіңіз үшін өмір сүріп көрдіңіз ғой. Сол да жеткен жоқ па?
— Менің қызмет етуімді қалайсыз ба?
— Иə, папам сізге...
— Білем, білем,— деп Мартин кенет сөзін бөліп жіберді,— онан да
турасын айтыңызшы: сіз маған сенбейсіз бе?
Руфь үндемей қолын қысты. Көздері бұлдырап кетті.
— Сізге емес... жазушылығыңызға сенбеймін, сүйіктім,— деді қыз
сыбырлап.
— Жазғанымның бəрін оқып едіңіз,— деп Мартин де төтесінен кетті,—
кəне, айтыңызшы, қалай көресіз? Соның бəрі бірдей жаман ба?
Өзгелердікінен төмен бе?
— Өзге жұрт жазғанына ақша алады.
— Жоқ, бұл жауап емес. Турасын айтыңыз, сіздіңше менің əдебиетке


қырым жоқ па?
— Жарайды, олай болса, жауабын берейін,— деді Руфь əрең көнген
адамдай.— Мен сізді жазушы болады деп айта алмаймын. Ренжімеңіз,
кейімеңіз, қымбаттым! Сұраған өзіңіз ғой жəне менің əдебиетті сізден
артық білетінім өзіңізге мəлім.
— Иə, сіз өнер бакалаврысыз,— деді Мартин ойланып,— білуге
тиістісіз...— Осы арада ол біраз үндемей қалды. Бұл отырыс екеуіне де өте
қолайсыз болды. Аздан кейін:— бірақ бұл дəлеліңіз жеткіліксіз,— деді ол.
— Мен де өз күшімді шамалаймын, өз жайымды өзім білмегенде кім біледі.
Дегеніме түбі жететінім хақ. Қиыншылықтың қандайын болса да жеңемін.
Өлең, мақала, əңгіме боларлық ой-қиял көкейімде сайрап тұр. Бірақ осыған
илана көріңіз демеймін. Маған да, менің əдеби талантыма да үміт артпай-ақ
қойыңыз. Бір ғана өтінішім — менің сізге ғашық екеніме сеніңіз, сіз де мені
бұрынғыша сүйіңіз. Мұнан бір жыл бұрын екі жылға пұрсат сұраған едім.
Бір жылы өтті. Енді қалған жылға толмас уақыттың ішінде арманыма
жетемін. Есіңізде бар ма, бір кезде маған жазушы болу үшін шəкірттік
кезеңнен өтпек керек деп едіңіз. Ол кезеңнен мен өттім. Асықтым,
мерзімінен бұрын өттім. Сондағы асыққан арманымның ең асылы, түп
мақсатым сіз едіңіз, көңілімнің қуанышы, сүйеніші едіңіз. Менің алаңсыз
ұйықтау дегенді ұмытқаныма көп заман болған. Жылы төсекте жайғасып,
ұйқым қанғанша ұйықтамағаныма миллион жыл өткендей көрем. Қазір
мені күн сайын қоңыраулы сағат оятады. Ұйықтайтын уақытыма шағындап,
сағаттың қоңырауын бұрап қоям. Ұйықтарда тағы бұраймын, шам
сөндіремін, себебі ертеңіне ерте оянуым керек, ұйықтар алдында
орындайтын жұмысым осы. Оқып отырғанда қалғи бастасам, мазмұны
ауыр кітапты тастай беріп, жеңіліне көшемін. Егер тағы қалғысам ұйқы
ашу үшін өз басымды өзім түйгіштеймін. Есіңізде бар шығар, Киплингтің
бір шығармасында ұйқыдан безген адам бар. Ол кереуетіне атты əскердің
шпорын қадап қояды, ұйықтап бара жатса, сол тебінгіштің істігі
жамбасына қадалып, ұйықтатпайды екен. Мен де солай жасадым. Түн
ортасына, түнгі сағат бірге, екіге дейін ұйықтамайтын едім. Ұйықтап
кетсем, шпор оятып жібереді. Сол шпорды көп айлар бойы алмадым.
Сөйте-сөйте бес жарым сағат ұйқы да көп көрінді маған. Қазір күн
тəулігіне төрт-ақ сағат ұйықтаймын. Шаршадым, шалдықтым. Жарғақ
құлағым жастыққа тимеген соң кейде басым айналады, ақылым шатасады;
кей уақытта көр ұйқысы да рақат көрінеді маған. Лонгфеллоның мына бір
өлеңі есіме түседі:


Теңіздің салқын түбінде
Бəрі ұйқыда тым-тырыс.
Су дір етсе, жаңағы
Жоқ болады құбылыс.
Əрине, осының бəрі бос сөз. Жүйкелеп шаршағандық. Мен кім үшін
осындай халге жетті дейсіз ғой? Сіз үшін, Руфь. Жəне сіз айтқан шəкірттік
мерзімді қысқарту үшін, тезірек дегеніме жету үшін. Енді шəкірттік шағым
өтті. Мен өзімді өзім сынадым, қолымнан не келетінін қазір жақсы білемін.
Студенттің бір жылда оқитынын мен бір айда өте аламын. Бұл даусыз.
Маған сеніңіз. Менің осыншама бажалақтау себебім – сіз түсінсін деп
отырмын. Бұл мақтаншылық емес. Мен, əлбетте, өзім оқыған кітаптарға
сүйеніп, пікір айтамын. Ағаларыңыз рақаттанып ұйықтап жатқанда, мен
көз майымды тауысып, кітап оқыдым, білім іздедім, менің сөйтіп тапқан
біліміме қарағанда — ағаларың анайы адам тəрізді. Бір кезде даңқым жер
жарса деуші едім. Қазір ол ниеттен де арылдым. Маған керегі сіз ғана. Сіз
маған ішер астан, киер киімнен, қадір-құрметтің қандайынан да қымбатсыз.
Менің бір ғана арманым бауырыңызға басымды сүйеп дамыл алу. Жыл
толмай бұл арманыма да жетермін.
Жігіттің уытты жігері Руфьті тағы да отша шарпыды; онымен
қарсылассам деген сайын жақындай түсті. Міне, бұл күш, осы жігер
жарқырап, оның көз жанарынан көрінеді, қызу-қызу сөздерінен естіледі,
күллі денесінен шиыршық атады. Қас пен көздің арасында нағыз Мартин,
оты өзегіне өткен өктем, адуын Мартин елестеді! Тағыны қайырған
адамның кейде күдіктенетіні сияқты Руфь те осынау албырт шіркінді
жуасыта алам ба, жоқ па деп шүбəланды.
— Бір ғажабы,— деді жігіт,— сіз де мені жақсы көресіз. Неге? Мені
ырықсыз жазу жазуға көндірген зор күш сізді де маған еріксіз ғашық етті.
Ғашық болған себебіңіз мен төңірегіңіздегі өзге кісілердің ешқайсысына
ұқсамаймын, əйтпесе əлдеқашан солардың біріне ғашық болар едіңіз ғой.
Мен кеңсе үшін, бухгалтер кенегесін шимайлау үшін, ұсақ-түйекпен
шатылу үшін туған адам емеспін. Егер төңірегіңіздегі кісілердің бəрі не
істесе, маған да соны істетсеңіз, солармен ісім де, тынысым да, ой-
пиғылым да бір болса, сіз олармен менің арамдағы айырмашылықты жояр


едіңіз, сізді маған ғашық еткен қасиетті, сонымен бірге мені де құртар
едіңіз. Менің пешенеме жазылған жанды қасиет — творчествоға деген
ынта-ықыласым. Мен қатардағы көптің бірі болсам, жазушылықты арман
етпес едім де, сіз мені сүймес едіңіз.
— Неге олай дейсіз,— деп Руфь сөзін бөлді, қыздың үстірт, бірақ
айлашыл ақылы осы арада бір ұтымды теңестірудің сəті келіп қалғанын
аңғара қойған еді.— Сізден бұрын да мəңгі мотор ойлап шығарамын деп,
күллі өмірін соған сарп етіп, үй-семьясын аштыққа, жоқшылыққа қамаған
қожанасырлар болған. Бірақ солардың əйелі де ерін сүйген, қосағымен
жоқшылық зарын бірге тартқан. Сонда өмірлік жолдасын, оның
қожанасырлығын сезбегендіктен емес, біле тұра жақсы көрген.
— Дұрыс айтасыз,— деді Мартин.— Бірақ өзге өнертапқыштар да
болған, олардың бəрі бірдей қожанасыр болмаған, қайта адамға пайдалы
дүние ойлап табамын деумен өмір кешкен, ақыры ойлағанына жеткен де.
Мен де мүмкін емес нəрсеге ұмтылып жүргенім жоқ...
— «Болмасты болғызамын» деуші едіңіз ғой.
— Жоқ, ол бейнелеу үшін айтылған сөз. Шынында мен өзімнен бұрын
талай адамның қолы жеткен нəрсеге, жазуға, əдеби еңбекпен күн көруге
талпынамын.
Руфьтің үндемей қалғаны Мартиннің шамына тиді.
— Сіз мұны да мəңгі мотор сияқты құрғақ қиял деп ойлайсыз ба?
Қыз жауап орнына ерке баласын жұбатқан анадай жігіттің қолын
қысты. Руфь үшін Мартин шынында да шолжақ бала, болмасты
болдырамын деп жүрген қожанасыр.
Руфь əке-шешесінің өш екенін тағы да жігіттің есіне салды.
— Əйтеуір өзіңіз мені жақсы көресіз ғой?—деді Мартин.
— Жақсы көрем, сүйемін!
— Мен де сүйемін сізді. Олар ештеңе де жасай алмайды.— Жігіттің
даусы көңілді, көтеріңкі естілді. — Мені сүйетініңізге көзім жеткеннен


кейін маған олардың жек көргені түк емес. Бұл дүниеде сүйіспеншіліктен
берік, онан тұрақты ешнəрсе жоқ, өзгенің бəрі өзгере береді. Тек ғашықтық
қана айнымайды, егер ол аяғын аттаған сайын сүрінетін өлексе емес, нағыз
сүйіспеншілік болса, айнымасқа керек.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   26   27   28   29   30   31   32   33   ...   48




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет