даланың қадау-қадау қазықтары ғой, әулие ағаштары ғой бұлар! Өзі секілді әлі пісіп
жетілмеген бозөкпе жасты тұман мен құйын арасынан адастырмай алып шығар қарауыл
қазықтарға ғұмыр бойы қарыздар!»
Ғайнекеңе іші елжірей еңсерілген.
– Сізге сауалым бар, – деді Мүлкаман. Қатты қысылғандықтан ба үні тарғылданып
бозымбай шықты. – Қашан көрсем дамыл таппай тауда қойшыны, Сырда күрішшіні
аралап жүресіз. Мына заманда барша жұрт қоғамдағы өз орнын, өз міндетін түсінген.
Жұмыс сыпыра айқайсыз да жүріп жатыр. Сонда сіздің бұлайша тағат таппай
айтқаныңыздан, айқайыңыздан келер пайда қайсы?
Мүлкаман ойда жоқта қапыл сөйлеп жазып қалдым ба деп қыпылдап отырған.
Хатшы шамданған жоқ, қабағы қоюлап үңіле ойланып қалды. Мәуріттен соң барып
бажайлаған.
– Осыны өзім де сан рет толғандым. Бұл жұртты басқаның аузымен де, телефон
құлағымен де басқарып көргем. Халық сенікті. Пәленбай жылғы басшылық
тәжірибесінен түйгенім – науқан кезінде, әсіресе қиын уақытта еңбек адамының қасынан
табылған жақсы. Жаңа аузыңнан «айқай», «бұйрық» деген сөз шықты. Мен осы жүрісте
әлдекімге дауыс көтердім бе
екем, көзге шұқып бұйырдым ба екем. Жоқ, ә. Осындай аласапыран жылымықта
қарапайым еңбекшіге төбе көрсетіп, бірер ауыз жылы сөз айтқаным неге тұрады. Қаншама
рухани күш, жігер берері хақ. Еңбекші жауапкершілікті сезіне түседі. Үлкен аттанысқа
шама-шарқынша үлес қосқысы келеді, қолдан келген қайратын жұмсап бағады.
Жалғыз-ақ мысал: байқаған жоқсың, мен Қойшекеңе соқпадым дейін: Қойшекең төл
төгіп жатқан отарға жуығарақта жоламас еді, күйбең тіршілігімен күн батырар еді.
Соның салдарынан пәлен саулық далада қалады, нөсерге ұрынады, дер кезінде отарды
қыстауға қайырып келуге көмекші кәрияның шамасы жетпейді. Біз уақтылы барып
қозыны санадық, аяқтанып үлгермеген, жауын астында жалқақтаған он шақты төлді
газикке салып қыстауға
әкелдік. Сырттай қарағаңда айтуға тұрмайтын әшейін-ақ шаруа секілді. Шынтуайтына
үңілсек – үлкен күрестің алғы шабуылы, биік белестің алғашқы асуы бұл. Келешек
ғұмырың алда тұрған жассың әлі, ағалық ақылым, ісім оңға бассын десең қарауыңдағы
халықтың қиналған кезде қасынан табыл! Қиын кезде қол ұшын бергенді ешбір алғыс,
абыройға айырбастай алмайсың!
Ауыр қозғалып келе жатқан машинаға газ бере түсті. Әшейінде қара жолдың өзінде
тырбаңдап, салқамы шығып қалатын машинаның тап бүгін тартуы күшейіп, қамырша
езілген далада ілдалап жүріп келе жатқанына таңданады. Әкімнің аруағы қолдады деп
ойлаған.
Қаратаудың көктем сүмелегі кәрі кеуденің үздік-үздік жөтелі секілді ұзаққа
созылатын: сіре мұң жатқан көкіректің сыздауы ше, үлкен ғұмырдың жол ортасына жетіп
деміккен, дімкәсті жүрек сыры ше, бүгінгі түн сол сүлесоқ сүмелектің сүреңіне
айналған. Қалың бұлттың жиегі көтерілер емес, осы тау етегіне боздақтап келіп
бошалап жатқан аруана дерсің. Әрәдік гүр-гүр етіп қыр асып жоғалатын жетім бураның
сарыны дерсің. Жарық дүниеге жақында келіп тәлтіректеп тұра алмай, төрт тағандаған
ботаның бейһал бейшара халі дерсің. Әйтеуір жаңа, жайсаң өмірді жарықтық тынысы
бірсін-бірсіндеп жер дүниені меңдеп бара жатты. Жауын суын сүлікше сорып бүр
атқан жусан иісі танауды жарады. Әр жерде бүріскен баялыш пен теріскен бейне
шапанын бүркеніп дәретке отырған кәрия сықпыты секілді.
Ғайнекең кісі ғұмыры жазылуы қиын кітаппен парапар деп ойлаған. Жазылуы қиын
кітаптың өмір жолы да ауыр. Ертеректе Оноре де Бальзактың «Луи Ламбер» секілді
толғауы мол, әсіре сұлулық, әсіре даналық туралы ғақли дүниелерін оқыған. Соңда ғой
бес күндік қысқа ғұмырда сүйініш, күйініш, тіршілік қызығы, тағдыр қарызы секілді адам
пешенесіне жазылған жазмыш тәртібі шетсіз-шексіз мұхит болып елестеген. Сол
мұхиттың тау толқынында малтуын жүзгенге балап, арпалысын күреске балап жүріп
жатқан пенде қаншама. Мұхит жиегіне жете алмай көз жұмған бейбақ нешеме. Ғайнекең
қиын кітапқа парапар өмірдің ғана таза құштарлыққа, таза тақуалыққа, таза ерлікке
тұратынын жақсы түсінген. Өңгесі әшейін төри-төри тіршіліктің тырбаңбайы, қаңтарда
піскен тарының қауызы, шілдеде ұшып өлген өгіздің мүйізі.
Ұзақ әңгіменің өзегіне айналған жерлестерін, замандастарын көз алдына елестетті.
Туа бітті болмысы, ой санаты, сезім шәркездігі әрқилы: бір өзеннен су ішіп, бір ауадан
тыныстап өскен адамдар соншама кереғар хал кешіп, қилы тағдыр арқалап жүргеніне
таңданады. Түстік елінің бүгінгі бел азаматтары деп Қойшекеңді, Түгіскеннің
алақаны сүйел диханы Батырды, ар-ұжданның адамы Далабайды, оның сезімтал
жары Саяны, ащы терімен тұщы жерді түлеткен көнтақы бейнетқор Жаманеркек пен
Сейілбекті айтар еді. Қияңкы, қияпас өмірдің мектебінен өтіп түзік жолға түсіп келе
жатқан әкім Сұлтанғали мен қызыл отау меңгерушісі Мүлкаман. Қаратау мен Сыр елінің
иелері осылар. Қой ақсағымен мың болады дейді халықта. Ала қойды бөлек қырыққан,
тобыр көбейтіп, шаң көтерген алаяқтар Беласар мен Нағанай, адасқан мұңлық
Құлшығаш, ауырдың астымен, жеңілдің үстімен жүріп үйренген негізі сұйық Алтынбала,
Шүкіман тағдыры шындығында сүрелі сөздің, көшелі әңгіменің арқауы болыпты-ау.
Мақұлбек пен Ақәділ кәрия секілді төрінің көркі, сөзінің төркіні бар. Күллісі барша
қадір-қасиетімен, барша болмыс-тегімен көз алдынан кілкіп бір өткен-ді. Өзегі тартып
әлсірей бастағанын сезді.
– Осы сайда қойшының қыстауы бар еді, – деп Мүлкаман сөз бастайды.
– «Табағыңды төгіп алма дейді ғой, табағымды таба алмай жүрсем, депті бір
күстана қатын қараңғыда».
– Ғайнеке-ай, сіздің де қалжыңыңыз таусылмайды тегі. Дәл осы сайдың етегінде
қыстау бар ендеше.
– Жаяу түсейік.
Кабинадан шыққанда байқады, жауын аяғы саябырсып қалыпты, бұлт
жыртығынан жұлдыз жымыңдайды. Балшыққа малшынып тайғанақ атты.
Жылжымалап сай табанына құлаған. Алдарынан әупілдеп маң төбет шықты.
Мүлкаманды таниды білем, шалғайын иіскеп, үйірсектеп қалды. Түртпектеп шопан
үйіне жеткен. Көйлек-дамбалы ағараңдап қойшы көрінді.
– Байеке, хал қалай? – деп Мүлкаман дауыстаған.
– Халдің ішін ұрайын! Түнделетіп ұйқы бермей жүрген қайсың? – деп күңкілдеп
келе жатқан. Мүлкаман бейпіл ауыз жабайы қойшыны қара саннан мытып алды. Әлдене
деп сыбыр еткен.
– Сізді де көретін күн бар екен-ау, Ғайнеке! – деп әлгі боздап қоя берді. – Жас
сорпа аңдып келе беретін поштакеш пе деп қалсам! Бері жүріңіз! Мында кіріңіз!
Апырмай, өстіп жүріп жағымыздан жазып хатшының құрығының ұшында кетпесек жарар!
Шам жаққанда байқады, бөлменің ішінде аяқ басарға орын жоқ, пырдай болып
шашылып ұйықтап жатқан бала. Умаждалып қалған келіншегі бір-екеуін сүйреп шетке
жайғаған болды. Мүлкаман орындық тауып әкелді. Ғайнекең тізесін бүккен.
– Байеке, түннің рахатын сен көріп жүр екенсің! – деп қойшыға қалжың
тастады. Анау да қыңбайтын марқасқа көрінді.
– Қайтейік. Аулымызда емге жарық жоқ. Бензині таусылып қол мотор жүрмейді,
керосині таусылып ондың шам жанбайды. Қарап жатып қырыламыз ба енді.
– Мал қалай? – дейді Ғайнекең алқымын, желкесін сүлгімен сүртіп отырып.
– Менікі қошқар ғой. Жем-шөп жеткілікті, бойдақ күйлі.
– Ендеше таң атысымен атқа қон. Осы сайдың басындағы Қойшекеңнің қойы
төлдеп жатыр. Соған барып қолғабыс көрсетіп қайт. Мұндай малға келін, балалар қарай
тұрар.
– Жарайды. Жылдағы көр бейнет басталды десеңізші!
– Кідіретін шығарсыздар?
Жүреміз. Өзек жалғайтын құртың болса бер.
Құрт түгілі ежегей, жұқпа табылады!
Қойшының келіншегі қазанға ұқыпты көрінді. Жұқалап жайып қазанға жауып
пісірген жұқпаға ірімшіктің суы – ежегейді орады. Сыртын орамалмен түйді. Ежегейді
жұқпаға орап жесе тіл үйірер тәтті тағам сол. Мүлкаман орамалдың сыртынан иіскеп
көріп «пай! пай!»"деп таңдайын тақылдатсын.
– Бір малдың басын мүжитін жөндеріңіз бар еді, – дейді шығарып сала шыққан
қойшы. – Шақырып келтіре алмайтын қонақсыздар.
– Қошқарыңды көктемнен күйлі шығар, әдейі іздеп келіп жұқпа жеп, ежегей
тұндырып қайтамыз, – дейді Ғайнекең.
Келесі қораға бұлар таң бозында жеткен. Қорасы аңғал-саңғал, іші тізеден
садыра, саулық сол садыраға төлдеп жатыр. Ғайнекең сұмдық күйінген. Қысқы жабық
қораның төбесі ойылып түсіп, қойшы отарды ашық сарайға қамаған екен. Сарайдың әр
жеріне көлкіп қақ тұрыпты. Қозылар тайғанақтап, қиға малшынып тұра алмай әлек.
Қойшы мен әйелі кісі танығысыз, нақа түнімен көң ойып, қи суырып шыққандай
сықпыты жаман.
– Ең болмаса қораны жартылай жауып қалқала деп қанша қақсадық. Өткендегі
кеңесте Алтынбала ант-су ішіп уәдеге қарық қылған еді.
– Алтынбаланың ай бойына төбесін көргеніміз жоқ, – дейді қойшы. – Кеше
көмек сұрай кеңсеге барған едім, қалашылап, тіс салдырғалы кетіпті.
– Сау тісін жұлармын! – деп Ғайнекең күйіп кетті. – Кәне тұрмайық, төлдеген
саулықты қозысымен қоса түгел сыртқа тасиық. Күн шыға жер дегдиді. Жусан үстіне
жатқызайық. Ең болмаса жануарлар садыраға батып өлмесін.
Қозыны қос-қостан қолтығына қысып сыртқа жосылды. Саулықтар маңырап кісі
соңынан сабылды. «Сорым қалың», – дейді Мүлкаман жалқақтаған төлді көтеріп келе
жатып. «Осындай көр бейнетке килігем де жүремін. Осы істің басы-қасында
болатын Алтынбала ғой қазір Мейрамқаланың қасқа шайханасында арақ сіміріп, палау
күйсеп отыр. Қыз-келіншектің ортасында буы бұрқырап, жетісіп, шәниіп жатыр». Аяғы
тайып кетіп тырапай аса жығылды. Үстіндегі қалаға шыққанда ғана киетін неміс плащы
жағалданып сүмектеп шыға келді. Шешіп қағып киюді ойлап тұрды да қолын бір-ақ
сермеді, қора мен дала арасында құрдай жорғалап жосыды дерсің.
Күн шыға түстіктен алтынкүрек желі соқты. Бұлттың етегі түріле жөңкіді. Әп-
сәтте жер дүние жасаңғырап жайнап шыға келді. Саулық пен қозы түгелімен тысқа күн
көзіне шықты, өңге қойлар беткейде бүрсектеп от қайыра бастады. Ғайнекең мен
Мүлкаман сырт киімдерін шешіп қойшының әйеліне берді. Өздері бораннан соңғы терезе
алдында қонақтаған суық торғай секілді машинаның басқышына құйрық басты. Тыныс
алып, жан шақырды.
Мүлкаман кабинадан түймешек орамалды алды, орауын жазды. Ішінен жұқпа мен
ежегей шығарды. Әуелгі жұқпаны үлкендеу етіп орап, Ғайнекеңе ұсынды. Жұқпаңың
кішілеуін өзі алған, қиқымына дейін қағып ауызға атты, ежегейді жұқпаға орап
әспеттемей-ақ бұралап бір-ақ тоғытты. Түйіліп қала жаздады, жанарына жас үйіріліп
көкке қарады.
– Енді тынығатын шығармыз, – дейді. – Жас сорпа ішіп шығармыз.
Осы мезет бұларға беймәлім әлдебір тетігі майып болып, Қойшекеңнің қорасында
омалып қалған газик қуып жетті. Мүлкаманның жүрегі және зірк ете қалған. Шофер жігіт
салақтаған сөмке ұстап жүгіріп келеді. «Қойшекең сыбағаңызды сөмкеге салып беріп
жіберді», – дейді. Мүлкаман сыңғырлаған үнінен сезді, бірер шөлмек коньяк бар,
құйқаның жұпар иісінен таныды, былбырап піскен қойдың басы бар. Ғайнекең жұқпаны
орауын жазбай ұзақ шайнап жұтқан, сосын саусағын орамалға сүртті. Сыңғырлаған
сөмкені Мүлкаманға ұстатты. Орнынан тұрып, қолын ұсынды.
– Жігітім, біраз дәмдес-тұздас болдық. Сөге жамандама! Осы жерде қалып тынық,
демал, сосын қойшыға қолғабыс ет. Біз келесі қораға аттанамыз. Ал мына дорбадағы сенің
сыбағаң, – деді де жүре берген.
Қойшының әйелі шала кепкен плащын әкеліп берді.
– Ғайнеке, алда қандай хал күтерін қайдан білесіз. Сөмкені сіз алыңыз. Далада
қалып бара жатқан жоқпын ғой!
– Таңғы ас тәңірден деп бізге де бірдеме табылар. Ал бұл ауылда әзірге қазан көтеріп,
ошақ бықсытатын жағдай жоқ, алып қал, – дейді Ғайнекең.
– Жақсылығың бізден қайтпаса құдайдан қайтсын, өркенің өссін, көп жаса,
қарағым, – деп қойшы шал кемсеңдеп қала берген.
– Аға, кешке қарай және жауын жауатын көрінеді, әлгіде радиодан айтты, – дейді
Мағрипа. – Далада қалып қоймаңыз.
Лыпып тұрған жүрдек газик қайқаңға көтеріліп жусанды адырмен суырыла
жүйткіген. Қарсы беттен салқын жел гуледі. Әйнекті қымтап жапқан. «Суық тиіп ауырып
қалмасам жарар еді» деп ойлады Ғайнекең. Бірлік пен Талаптың малшыларын түгел
аралап шыққанымша сыр бермесем екен. Зәуіде шаншып сырқырайтын соғыс сызаты,
балтырдағы снаряд жарықшағы тынши тұрса қанекей! Осы көктем аудан бойынша мал
басын үш жүз елу мыңға шығарсақ қой, әй, ел-жұрт алдында мерейіміз үстем,
мұртымызды балта шаппас еді! Үш жүз елудің төбесі осы көктем қылаң берері хақ!»
– Рацияны ауданға қосшы, – деді шоферіне. Техника тіліне бесаспап майталман
жігіт алдындағы қобдишаны ашып, әлдебір тетікті бұрап, диктофонға ауыз төсеген.
– Тыңдап тұрмыз, Ғайнеке!
– Қой төлдеп жатыр. Аудан мекемелерінің кісілері, күш көліктері отарларға
бөлінсін. Бірлік ауылы үшінші фермасының меңгерушісі Алтынбала қалашылап ауданда
жүр деп естідім, түске дейін Кіндіктідегі менің алдымнан табылатын болсын.
Рацияда бірауық қағаз бетімен жорғалаған қалам үні естіліп тұрды. Әйел даусы
сыңғырады.
– Денсаулығыңыз қалай?
– Әзірге шыдап келемін.
– Ғайнеке, облыстан телеграмма бар, оқып жіберейін.
«Арғы жұмада республика басшысы Түгіскен тыңын көруге келмекші...»
Ғайнекең ойлаған: еңбегіміздің жұрт көзіне түсіп, халық аузына іліне бастағаны деп.
Әйтпесе осыдан алты-жеті жыл бұрын ел қандай еді, жер қандай еді? Етегіне тартсаң
басына жетпей, басына тартсаң етегіне жетпей жататын кемтар көрпедей, кедей шаруашылық
қайыршының шапанындай жыртық-жамаулы-тын. Жұрт көңілін өсірер, қиялына қанат
бітірер бастама қажет-тін. Сонда ғой Сыр бойының сол қабағындағы тобарсыған құйқалы
алапты игеруге аттанғаны. «Түгіскеннің ақ күріші үшін» деп, «бесжылдқтың шешуші
жылдары» деп, «жаңадан отау көтерген шаруашылық» деп жар құлағы жастыққа тимей,
саяқтия етікті тәуліктеп шешпей боздақтауды бастаған. Масаға таланып, шаң жұтқан.
Сонда ғой, ертеңді елестетіп айтқан пәтуалы сөзіне біреу сеніп, біреу сенбеген: құлаперен
үлкен жосқынға біреу еріп, біреу ермеген. Түгіскен тыңының келешегінен күдіктенген де
көбейді. «Жан тыныштық неге жақпайды» десті. «Үйренген жолмен бүлкектеп
бесжылдық межесінен қара үзіп қалмай шаң көбейтіп отырсақ жетпей ме? Шақшадай
басқа шарадай шарғы байлап, жауапкершілікке кіріптар болудың қажеті қаншама? Ал
жұмылайық, ал шабайық, сонда өкіметтің тың игеруге, канал қазуға деп бөлген пәленбей
миллион сом қаржысы желге ұшып жоғалмауын кім кепіл? Халық аузын ақ нанға
жеткіземіз, аудандағы республика алдында дабырайтамыз деп жүріп сотталып, абақтыда
шірімейік». Ой, пәлі-ай! Небір керауыз қасқалармен айтыссын, кері кеткендермен табан
тірессін. Талай бюроны қан майданның алғы шебіндей шендескен қырқыспен өткізсін. Иә,
сәт, деп диханбаба әулетінің кетпеніне сыйынып жүргенде Отан қамбасына Түгіскен
даласының үш жүз жиырма мың центнер ақ күріші құйылды. Енді міне республика
басшысының өзі ат басын бұрғалы жатыр. Жүрегіміздің дүрсілін, кеудеміздің сырылын
кемітіп, жарты ғұмырды бағыштап жүрген ұлан асуды үлкен кісінің ескергені, елегені бұл.
Қиын күндердің қарымтасы бұл».
Ғайнекең көзіне тірелген жасты жанындағы жігітке көрсеткісі келмей терезеден
алыс қиырларға тесілген. Кеудесін қуаныш кернеді, тынысы кеңейді. Қаптай өріп
құжынаған ақтылы қойға, алыс-алыс жөңкіген бұлтқа, сол бұлттың күржік жауырынында
кеткен жастық жылдарына, түні бойғы көрген бейнетіне қызыға, қимай қараған. Бейнетін
арқалап жоғалып, жөңкіліп жатқан бұлттарын қимаған.
57
Ғайнекең таудағы малшыларды аралап қайтқаннан үш күннен соң сырқаттанып
жатып қалды. Әуелі тісі-тісіне тимей қатты-қатты қалшылдап жаураған, үстіне үйіп
жамылған көрпенің жылуы көпке дейін сезілмеді, ақырында денесінің қызуы көтеріліп,
мұздай тер шыққан. Түнемесі солқылдап жөтелді, жүрегі қысып соқты. Дәрігерлер
ауруханаға ала жөнелмек болған, бірсін-бірсін тәуірленіп кетермін деп ақыры бермеді.
Уколды үйінде қабылдаған. Бар арманы: «Ел басшысын Түгіскенге өзім аралатсам» дейді.
«ол кісі келгенге дейін аяғыма мініп кетсем жарар еді. Қолын алып, сұқбат құрсам
қанекей! Сосынайлап аурухана жайласам да өкінбеймін». Оның үстінде балтырдағы
снаряд жарықшағы сырқырауды шығарды. Әрі-беріден бе-беулеп зар илейді. Түс әлетінде
дімкәсі саябырсығандай болып көз ілініп кеткен екен. Астанадан сессиядан қайтқан Батыр
көңілін сұрай келіпті. Үстінен әтір иісі шығады. Бұрынғыдай мінезі де, сөзі де тасыр-
тұсыр емес, тегісі жатып қалыпты.
Келіншегінің қолынан дәрі ішті.
– Көңіліңізді сұрап Далабай мен дәрігер Молдахмет келіп тұр, – деді.
Оны сұрап қайтеді? Е ары емес, е бері емес, екі ортада дүбара халмен жатқан
кісінің көңілін ит жесін. Далабай әлгі бір ұзақ сонар ызым-ғайып симфониясын бітірді ме
екен? Дәрігер Молдахметтің қолы жеңіл деп еститін.
– Шаруа шаш-етектен алып жатқанда, үй аралап қыдырып жүргендерің қалай? –
деді тізіліп отырған жерлестеріне.
– Сырқаттанып қалды деп естігесін, – деп дәрігер қипақтай бастаған. Ғайнекеңнің
мінезіне қанық Далабй қыңбайды.
– Ағамыздың қасында отырып, жеңгейдің қолынан ыстық сорпа ішейік дедік те, –
деді.
– Жаманатты аш жүрген шығарсыңдар.
– Ендеше біз қайтайық, – деп Молдахмет ұозғала бастаған.
– Сонымен жеңгеміздің тәтті сорпасы бұйырмай ма? Әрі бүгін құрбан айт мерекесі.
Айтыңыз құтты болсын, Ғайнеке!
– Ескілік ғадет салтты ұмытпай жүрсіңдер әлі. Онымен тұрмай бірінші хатшыны
айтымен құттықтап отыр. Қап, сендерді ме!
Молдахмет шынымен шошынайын деді. Қалбаң-қалбаң жан бағып жүргенде қас
қылғандай мына Далабай арыстанның жатағына жүр де жүр... ал жетіссе... көре қал, алды
суық арыстанның аузында кетеді...
– Тезірек оңалыңыз. Жүрейік ендеше.
– Айттап жүргендеріңді көрсін тұра қал, қазір келіншегімді шақырамын. Куә керек.
Шынымен басындағы тетікті басып қоңырау шалды. Алдына алжапқыш байлаған
келіншегі кіріп келе жатты. Молдахмет желкесін қасып, қипыжықтап түрегеле бастады.
– Мына екі жігіт үйге айттап келіпті. Әсіресе ана дәрігер: «арақ бермесең үйден
шықпаймыз», – дейді. Өзі аздап қызыңқы. Көріп ал, куә боласың.
– Кешірерсіз, – деп Молдахмет шетен қалпағын сығымдап есікке жылыстаған... Сөз
жоқ көресіні сен сазгерден көрдім... Тұп-тура арыстанның аузына топ еткіздің...
– Сенің-ақ қалжының таусылмайды. Ең болмаса үйге келген қонақты
қорқытпасаңшы, – деп әкімнің келіншегі сылқ-сылқ күледі.
– Дәрігер қайным, шешініп, жайғасып отыр. Ағаңның іші пысып жатыр. Өздеріңе
арнап тамақ салдым.
Далабай да, Ғайнекең де мәз.
– Сенің қолың жеңіл, тамыр үзеді деп естігем. Тұла бойым сіресіп жатыр. Үзіп
берші, – деді есін енді жинаған Молдахметке.
– Ал сен Далабай, «Қорқыттың қобызын» ойна, құлақ құрышын қандырайын.
Дәрігер жігіт костьюмін шешініп, көйлегінің жеңін түрінді. Далабай терезе
алдында тұрған «Петровты» ашқан.
Онсыз да құлағына ызың толып жүрген. Далабай түйсігіне дүниенің бәрі ызыңнан
тұратын, ауа да, адам да, жапырақ та, көктегі бұл та, жас қыздың үлбіреген еріні де ызың,
сиқырлы сұлу әуен болып естілетін. Сиқырсыз болмыс жоқ та. Сол дыбыс-әуенді саппа
тыйса тұла бойдан жан кетері, тылсым дүниені құлазыған өлі мұң жайлары хақ-тын.
Ызыңсыз дүние тұл. Сол ызыңның құбылыс қалпын теріп ал да аспап тіліне түсіре біл.
Ұйқасын да, иірімін де табиғат-талант өзі келтіреді.
Ғайнекеңнің көз алдына өзеннің ирек-ирек ағысы елестеді, сол жойқын ағыс
телегей теңізге жетемін дегенше нешеме қайраңды шайып, қаншама жарға басын ұрып,
шүңетке сүрініп, аралды айналып шаршайды екен. Не қилы тосқауылдар күшін жұрымдап
әлсіретеді екен. Өзен байғұсты жетем деген, қосылам деген үміт сүйрейтін секілді. Сол
үмітін үзсе жарым жолды құмға сіңіп қалар ма еді. Әйтеуір соншама сағынған теңізіне
жетпей кідірмейтіні хақ-тын. Кәрі толқынның көк теңізді көріп құлдырағаны сұмдық екен.
Көне Сырдың Арал телегейіне құяр мезеті құдыретті күй туғызыпты.
– Мимажордың соңғы түйінін таба алмай жүрмін, – деді Далабай саусағын төмен
сілке түсіріп жіберіп.
Тым ауыр секілді.
Симфонияның бұл бөлегі солай.
Жарық дыбыстарды таппадың ба?
Тақырыптың табиғаты мұң. Нағыз өнер кісіге мұң қалдырады.
Жарықты аз тергенсің.
Мұң мен жарық егіз, өлім мен өмірдің егіздігі секілді.
– Түкке түсінсем бйырмасын, – деді Молдахмет жеңін түсіріп жатып. – «Жарық
дыбыс», «мұң мен жарық – егіз» деген не пәле? Осы күнгі интеллигент қазақша сөйлесуді
ұмытып барады. Ал әлгі дыңылдағыңнан құлағым сарсылды.
Буы бұрқырап үйеме табақ ас келді. Келіншегі дастарқанды столға жасапты.
Ғайнекең төсекте, бұлар етектегі нән столға үймеледі. Қасық сылдырап, шыны аяқ
сыңғырады.
58
Ғайнекең ауданға келген қонақтарын абыроймен аттандырып салып кері қайтқан.
Қазақтың таусылмайтын маң даласын көктеп өтіп келе жатыр. Жазушы Мұхтар Әуезов
өмірінің ақырында аралаған Қаратау кәрің сол қанатта, сылқылдай судырап Сырдария
сұлуың оң қанатта жарысып келеді. Мың тоғыз жүз алпыс бірінші жылы сәуір айында осы
елмен Мұхаң да шұрқырасып табысқан, шуласып айырылысқан. Осы жон басына
жеткенде «енді қайтып көрем бе» деп көңілі босап еді-ау. Сол аяулы жан сүйіп өткен кең
дала осы, төсінде малынып қызғалдақ тұрар, қызғалдаққа қой жайылар: сол Мұхаң тасын
басқан кәрі шөңге Қаратау осы, жел мүжіп, жауын шайып жүдеткен, басына айналған бұлт
жоқ. Өмірдің шексіз-шетсіз көкжиегіне жетелеген тас жол ғана. Ендігі ел қамын ойлау да,
кейінгі ұрпақты тәрбиелеу де, өткен іске өкінбеу де, ертеңге құлшыну, құлаш ұру да осы
жолдың үстінде. Табанын жол тартады.
Қалаға кіре беріс үлкен көшенің басындағы баяғыдан үйреншікті жетім тораңғыны
көрген. Бұрын ылғи бағбан жіберіп түбін қопсытып, суартып, айналасын қоршатып
тұратын. Бұл көктем ойлауға да мұршасы болмапты. Сыңа сидам өскендіктен бе, әлде
күтімнің кенжегінен бе, тым жүдеу секілді. Шоферіне иек қағып ағаш тұсына кідіруге
қосты. Жерге түсті. Машинасын жөнелтіп жіберді. Тораңғы бұтағына біртіндеп жан кіріп
бүр ата бастапты, сойдиып-сойдиып сықпытсыз тұр. Батар күн сойдақ бұтақтарға
шабақталып, түйреліп қалған. Алтын нұр бейне жаңа сойылған қойдың жүрегі секілді,
қасапшы сол жүректің қанын ағызып ағашқа іліп қойғандай. Мына суреттен Ғайнекең
тіксініп тұрып қалды. Күн майдай еріп тораңғының өзегіне түсті, сосын томарға
ошарылды, сәлден соң тамырға сіңіп ызым-ғайып жоғалды.
Тораңғыға сүйеніп ұзақ тұрды. Өстіп сілейіп тұрғанда көшелерді жаяу кеш
аралаған. Әлде бір газик гүр етіп тұсына кідірді. Ішіндегілер айбың-күйбің сыртқа
қотарылған, жүрістерінен жорыды – Шүкіман мен Батыр.
– Кештетіп қайда жол алдыңдар?
– Батырға қыз көргелі барамыз. Әнеукүні ойда жоқта таудың бір сұлуына көзі
түсіпті. Сәті түссе сол сұлуды алып қайтамыз, – деді Шүкіман.
– Игілікті сапар екен, жолдарың болсын.
– Сізді көріп қайырылмай кетуге имендік, – дейді Батыр. Костюмінің иығы
қоқырайып қырланып қалыпты. «Күйеу жолдасың тым тызақтап кетіпті, істеріңнің сәті
болғай» деп қаупайлаған іштен. Жігіттер асығыс қоштасып, машинаға қайыра сүңгіп
жөнеле берді.
Жүрдек газикте қопаңдап келе жатқан Батыр ойлаған: сол сұлуды қолыма
қондырсам арманым жоқ деп. Сұлуы – Мағрипа. Анада Астанаға сессияға кетіп бара
Достарыңызбен бөлісу: |