Дүкенбай Досжан Қазақтың жүз романы



Pdf көрінісі
бет18/29
Дата03.03.2017
өлшемі1,57 Mb.
#7268
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29
Ой, салдақы-ай! Жоны күрішке тойған қырғауылдай жылтырайды. Шалдар: 

«Мұсылман жолымен молда шақырып некелеріңді қиялық», – деген екен. «Закіске 
тіркеліп қойдық», – деп жолатпапты. Қазалы болдым деп жүрген Беласарың жоқ. 
Астында дөтілдегі, көшені шаңға көміп ызғытады дерсің, – деп кейуана кешегі 
үзіліп қалған әңгімесінің сорабынан түсті. 
– Айменкүнді Астанаға апарып оқуға түсірейін. Бас-көз, қарауыл... Ағалық 
ақылымды аямаймын. Бес жылда білдей маман болып шыға келеді. Мектеп 
директоры, не ұжым агрономы, не дәу доқтыр болып шыға келеді, – деп Қанай 
Жанпейісұлы жан терге түседі.
– Аға, шайыңызды ыссы етіп құйып берейін, – деп сызылды Айменкүн.
Өстіп отырғанда есік шалқасынан ашылды. Жылтыр қара жігіт сып етіп кіріп 
келді. Кейуана жылан көргендей шошысын. Жылтыр қараның діні берік білем, үй-ішінің 
мінез қалпы қаперіне кірмеді. Жағалай қолын ұсынып амандасып шықты. Айменкүннің 
иегінен қақты. Сосын дастарқан жиегіне қылжиып құлай кетті. Бұлар әлі қыңбай отырған.
– Көке, сізді үйге шақыра келдім, – деді Қанай Жанпейісұлына. – Аулымызға асқар 
таудай ағамыз!.. алыстағы мақтанышымыз!.. ертеңгі академигіміз келіп жатады. Біз 
болсақ көртышқанға ұқсап, күріш кеміріп, ін кеулеп жүре береміз. Әлгіде ғана әкім 
Сұлтанғалиден естідім. Содан көкесі дастарқаннан дәм татсын деп, үйде кітабыңыз 
бар еді, қолтаңба қалдырсын деп жүгініп келдім. Келініңіз аздап қызмет жасады, қой 
союлы, қуырдақ әзір.
Бұл мезетте Қанай Жанпейісұлы сары майдай еріп бара жатқан. Еріткен 
«академик», «кітап», «қолтаңба» деген сөздер еді, еріксіз жымиып жылтыр қараға 
еңсеріле түсті.
– Інішек, уақыт тапшылау. Сарапшы алқасының мүшелері канал басына 
бармақшы едік...
– Көке, комиссия біздікінде. Ауданның бас мұрабы, ауыл әкімі сізді таңнан күтіп 
отыр. Қуырдақ әзір, қымыран сапырулы, көке, ішем десеңіз көкнәр де табылады, көке.
Қанай Жанпейісұлы орнынан лып тұрып, костюмін киіп, жылтыр қараның 
соңынан ілесе берді. Қалай ілесе жөнелгенін өзі де білмейді.
Дастарқан жиегіндегі шоңқиып қалып бара жатқан кейуана күңк етсін.
– Беласар дегенің осы! Сайтанды да қармағына іліп түсіреді...
43
Қонақтар үй иесіне алғыс айтып көтерілуге үш мәрте талпынған, үш ретінде де 
өзбек келіншек қайта отырғызды. Күн екінді шаққа еңкейді білем, тоғайдан қайтқан 
сиырдың мөңіреген сарыны естіледі. Келіншек етегінде кешкі көлеңке көлеңдеді. 
Бұлар Беласардың үйіне ертеңгісін жиналған. Әуелі астынан су ағызып қойған ағаш 
сәкінің үстінде күшәла салған қымыз ішіп еді. Сосын он екі бөлмелі үйге кіріп ет 
жеді. Енді кең аулаға тіккен киіз үйдің ішінде. Әуелгі уәде «дастарқаннан азғана дәм 
тату», «үйді көру», «кітапқа қолтаңба қалдыру» секілді еді. Бара-бара мәселе 
тереңдеді. Ендігі кезекте дініне берік Қанай Жанпейісұлы көзі жасаурап отқа түсер 
көбелектей қалбақтады. Ортада лаулаған от – қызыл келіншекті, құлағында үні: 
«Аға, тұшпарадан аз алдыңыз», «аға, жұқпа суып кетеді енді», «аға, кесеңізді 
алайын»... бейне құрақ сыбдырағандай, бейне жүректі мақпал үні қытықтағандай. 
Беласардың сұңқылы өзгеше: «Көке, маса талайды, шеңгел тырнайды», «көке, 
каналдың суы тасу қазір», «көке, коньякқа қырғауылдың қуырдағы жақсы», «көке, 
күріш арқасымен күрмек су ішеді», «көке, көке»... Өстіп отырғанда ішімдік 
көкесінің буынына түсіп омалып қалды. Қарайды – бас мұрап домбыраны безілдетіп 

тартып отыр. Қарайды – төрде Сұлтанғали теңкиіп ұйықтал жатыр. Беласарың ұшты-
күйлі жоғалған. Дәл алдыңда қызыл келіншек үйіріліп билеп жүр. Ендігі мәуіртте 
отыра қалып мойнын қылмыңдатты, көзі ойнақшып өңменінен өтті, келіншектің ақ 
білегі жыланша бұлқыды. «Әлгі кейуананың айтқаны жарым-жартылай рас 
болғанның өзінде бұл қар талай жігіттің басын жалмайды әлі. Кез келген еркекті 
мына жылан білек буындырады әлі. Мына мықын мықшыңдатады әлі. Зерттедік, 
білдік деп жүргеніміз кино көргендей ғана нәрселер екен. Мынау таусылмайтын 
тақырып, келіншектің көзі докторлық диссертация қорғауға тұратын ғылым». 
Келіншек көзі бейне дарияның терең тұңғиығындай сезілді. Ішінде жақұт та, інжу 
де, толқын да, бұлқыныс та табылады. Жанардың жарлауыт жиегіне жеткен. 
Шешініп тастап сүңгігелі тұр еді, қатқыл дауыс селк еткізді.
– Қанай Жанпейісұлы, ыссылап кеттіңіз бе? – дейді Сұлтанғали. Сөйтіп, үстіне 
көйлегін қайыра кигізіп жатыр. Қыза-қыза көйлегін шешіп тастағаны енді есіне түсті, 
майкішең қалыпты.
– Отқа түсердей ентеледіңіз тегі, – деді Сұлтанғали, миығынан күліп.
– Мына келіншек от емей немене, – деді бұл.
– Көзім ілініп кеткен екен, – дейді Сұлтанғали. 
– Өртеніп барамын тегі, – дейді бұл.
– Үй алдындағы әуізге түсіңіздер, – дейді келіншек сыңқ етіп, тағы жүректі 
қытықтайды. Тағы денені өртейді.
– Менің үйде тірлігім бар. Бөтен көз жоқ. Қысылмай-қымтырылмай суға түсіп 
алыңыздар.
Еркектер үй алдындағы дөңгелек әуізге қойып-қойып кетісті.
Қанай Жанпейісұлының есі қайта оралды.
Әуіз жиегінде құлағын кескен күшік отырған. Әлгі мұндар мақұлық Қанай 
Жанпейісұлына кезек шекелейді, бұл ұзақ малтыды. Тұла денесін судан шығарса-ақ маса 
қаптай үймелейді. Үй жақта шәйнектің сыңғыры естіледі. Самаурын түбінен шоқ 
жылтырайды.
– Үй иесі қайда кеткен бұл? – деді Қанай Жанпейісұлы.
– Күрішке су саламын деп мана қарасы батқан, — деді бас мұрап.
– Тағы түнделетіп канал бұзғалы жүрмесін.
– Қанай Жанпейісұлы, сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Мана көрдіңіз: жігіттің 
серкесі. Кеудесінде жаны жоқ. Ондай пайғамбар адамның қолынан қылмыс келмейді, – 
дейді әкім Сұлтанғали.
– Канал тармағын бұзған көктемгі жайындар ма деп ойлаймын, – дейді бас 
мұрап. – Қызыл сумен қаптап келген.
– Қиысатын өтірік айт, көкешім, Сыр жайыны канал бұзатын бульдозер емес 
шығар.
– Канал тармағын керіп кеткен артық су, — деп дегенінен қайтпайды Сұлтанғали 
әкім.
– Қанай Жанпейісұлы, дәл осылай деп акт жазайық. Комиссия мүшелері қол 
қойсын; құда да тыныш, құдағи да тыныш, жан ауыртып қайтеміз. Оның үстіне әлгіндей 
пайғамбар жігіттің басын істі ғып, шатып не қыламыз.
– Маған бәрі бірі – деді бас мұрап. – Мені облыстық су шаруашылығы 
басқармасының бастығы еткелі шақырып жатыр. Бірер күнде соған жүремін. Өсіп 
кетемін.

– Канал басына шығып көрейік, – деді Қанай Жанпейісұлы.
«Көрейік» деген сөз Сұлтанғалидің құлағына майдай жағады. Бұл сөз әкімнің 
ең жақсы көретін сөзі еді. Арыз айтып келген кісілерді әрдайым «көрейік» деп 
шығарып салатын. Басшылардан «көрейік» деп құтылатын. Талай таудай-таудай ірі 
пәтуаны «көрейік, көрейікпен» сиырқұйымшақтатып жіберетін. Сол көрейік тағы 
алдынан шығып отыр. «Онда іс оңғарылды дей бер, құда каласа көрейікпен жүріп 
бұл шаруаны да құртып тынамыз».
Шекелеп отырған күшіктің қос құлағының арасынан ай қылтиды. Тоғай жақтан 
жабайы жиденің ашқылтым иісі аңқыды.
– Каналды ертең барып көреміз, – деді бас мұрап.
– Тағы да күн батты, тағы да ай шықты... Өмір деген зымырап өтіп бара жатыр, – 
деп қопарыла күрсінді Қанай Жанпейісұлы. Үнінен ұлы мұң сезілді
– Сіз ғой кітап жаздыңыз, білім қорғадыңыз, әйтеуір іс тындырып жүрсіз. Өмірді 
босқа өлтіріп жүрген мына біздер секілдіміз.
– Астық өсіріп нан беріп жатсыңдар ғой елге. 
– Ісімізге көңіл көншімейді.
– Қанай Жанпейісұлы, су сорып тастайды, киінейік. Келініңіз асқа шақырып 
жатыр.
Үш еркек сүйретіліп әуізден шықты, киінді. «Күшім-күшім». Күшікті мойын 
терісінен сығып ұстап көтерді. Қыңқ етіп дыбыс шығармады. «Мінезді ит болады», – деді 
Қанай Жанпейісұлы қолын сүртіп жатып.
Он екі бөлмелі үйдің ең түкпіргі бөлмесіне өтті. Дастарқан жаңадан жайылыпты. 
Үйеме табақ палау бұрқырайды, үстінде қоянның аппақ еті, пияз бен сарымсақ турапты, 
иісі танау қытықтайды.
– Түгіскен палауын бастым, – дейді келіншек. – Ағамның есінде жүрсін. Өзбек 
палауының жартысы сәбіз болады. Ал мынада сәбіз жоқ. Қоян етін турап, пияз бен 
сарымсақпен булаған Түгіскен палауы бұл.
– Шіркін, жұмақтың асы ғой, – деп Сұлтанғали әкім асқа өңмендей ұмтылды.
– Коньяктан бір-бір алайық, – деп мұрап рюмке жағалатты.
– Маған шампан құй. Қоян етіне сухой бап келеді, – деп Қанай Жанпейісұлы аяқ 
астынан өнер ашты.
– Ағаммен қосылып мен де ішейін, – деп қылымсыды келіншек.
– Қанай Жанпейісұлы, қауын пісе тағы келіңіз. Қауынның төстігіне тоясыз, қарбыз 
суынан жасалған шарап ішесіз, қырғауыл атасыз, жайынға ау
құрасыз.
– Ағаммен бірге қырғауыл қақсам қанекей, – деп келіншек ішті өртеді. – Тоғай 
арасында адасасыз әйтпесе... өзім ертіп жүремін...
Қанай Жанлейісұлы өзінің тағы да есеңгіреп бара жатқанын сезді. 
Шампаннан, не сарымсақ буынан емес, келіншектің қылығынан. Ішпей-жемей мас 
болғаны осы, көрмей-білмей ынтыққаны осы. «Аман-есен тұрып кетсем жарағаны» деп 
ойлады. «Мына келіншек ұйық қой, тереңіне тартып құрдымға обады бұл. Жүректі 
айықпастай жаралайды бұл». Келіншектің мықынынан мытып көрген. Серіппедей 
саусағын тепті, алақаны күйіп-жанды.
Осы мезет табалдырық астынан өніп шыққандай үй иесі қалқиды. Әттес-ай! Қанай 
Жанпейісұлы қапелімде сасып қалды. Келіншек жанынан тез ығысып кетті. Жылжи-

жылжи тым етекке түсіп кеткен екен. Төрдегі орнына үш итініп әрең жетті. Әйтсе де 
ыңғайсыз болды тегі. 
Беласардың жүзі өрт сөндіргендей түтігіп кетіпті. Үсті-басы сауыс-сауыс, 
батпақ, су. Нақа әлдекіммен арық ішіне түсіп төбелескендей. Сырт киімін 
шешпестен, жуынбастан дүңк етіп отыра кетті. Қанай Жанпейісұлына жаман 
көзімен ата қарады. Келіншек қолына шоқ ұстағандай шыжбалақтап, бұлтыңдап 
күйеуінің жағасынан алғандай болып жатыр.
– Арыққа аунап келгенбісің, жазған?! Күріш егіп жүрген жалғыз сен емес 
шығарсың, жазған!
  – Белаға, жайшылық па? – деп қопаңдады мұрап, іштей қуыстанғанын жасырып.
– Құйып жіберсеңші! – деп дауыстады Сұлтанғали. Бейне суға кетіп бара 
жатқан адамға айқайлағандай: «Қол берсеңші» дегендей естілді. 
– Құйып жіберсеңші кідірмей!
Бас мұрап қырлы стаканға коньякті толтырып Беласарға ұстатты. Белағасы 
кідірткен жоқ. Тартып жіберді. Көзінің аласы жойылды.
– Тағы құй, — деді Сұлтанғали.
Ендігі стаканды жартылай ішті. Маңдайынан тер бұрқ етті.
– Әкеңңің аузын... Каналдың суы төмен түсіп кетіпті. Арыққа су шықпады, 
– деді Беласар терең тыныстап.
– Жоғарғы сағадағы ұжым көп жығып алған ғой, – деп безілдеді бас мұрап. – 
Өңшең көрсеқызар қорқаулар, суды ақпардан тыс ағызады кеп. Төменгі ауылдарды 
шөлге тастайды, сонда қарық қып жатқан дәнеңесі жоқ!
– Әкеңнің аузын... Төбелестім сосын!..
– Ойбай, кіммен?!
 Батырмен. Бабадан келе жатқан кегім бар. Кетпенмен шапқалы жатыр ем, 
агроном жетіп келіп ажыратты. Әкеңнің аузын!..
 Жүрейін, – деді тәлтіректей түрегелген Қанай Жанпейісұлы. – Ертең канал 
басында кездесерміз...  
44
Алтынтана ағасына ілесіп ертемен канал басына келген. Көзі жәудір етті, 
бұрын туған жері мұншама сұлу деп ойламаушы еді. Күн шекесі қылтиған. Алтын нұр 
көкжиектен лықсып ағып келеді. Бергі бет көкпенбек. Күріш танабы желге дегдіген 
жаңа туған қаракөл елтірісіндей құлпырады. Бұйрасы біртегіс. Көк өскіннің әлі бас ала 
қоймаған сабағы желкілдейді. Әрі күріш танаптары тақтайдай тегіс. Бірінде жалтырап 
су жатыр. Құдды күміс қағы секілді. Енді бірі таңғы самалмен тербетіле толқиды, 
құмырсқаның илеуі дерсің.
– Көз ұшындағы қара ағаштан бергі күріш менікі, – дейді Батыр қолын созып.
Алтынтананың тынысы кеңіді. Бұрын түк көрмей төртпақ тамда күн кешіпті ғой, 
кеңдікті, сұлулықты түсінбепті ғой. 
– Анау гүл төгіп тұрған жабайы жидені бұрынғы жылы өзім тігіп едім, – дейді 
Батыр.
Гүл төккен жидені көргені осы. Иісі танауын қытықтайды. Бейне ағаш 
айналасында мың сан көбелек ұшып жүргендей. Бейне сол көбелектер бұтаққа 
қонақтап отырғандай. Көбелек дегені аппақ гүл еді. Сәл леппен қалықтай ұшады.
– Биыл жидені қалың салады енді, – деді ағасы.

Канал жиегі қамыс, қоға, кұрақ майыса сыңсып ырғалады. Әрқайсысы әрқилы иіс 
шығарады. Әрқилы сыбдырлайды. Ішіне түсіп тығылмақ ойнар ма еді. Әлдеқайдан 
қырғауыл құрқылдайды.
– Көрмей тұрсың ба? Жиденің бұтағында отыр ғой, – дейді Батыр. – Әзір атуға 
болмайды. Еті жасық. Күріш піскенде көрсең – майдан жүгіре алмай қалады. Талайын 
таяқпен ұрып алғам.
Қырғауылдың қанаты күн нұрындай жалқын қызыл. Бұлардан үркіп ұша жөнелді. 
Жоғары шарықтап қалбақтамады. Садақтың оғындай жер бауырлап, сыпсыңдай ұшты. 
Соңынан қосыла жүгіргісі келді. Бұрын туған жерін мұнша сұлу деп ойламапты тегі. 
Қарап тұрып жаңа бір дүниеге енгендей болды, қарап тұрып айқайлағысы келді.
– Қауын гүлдеді ме екен? – деді ағасы.
– Қауындыққа барайықшы! – деп ынтықты Алтынтана.
– Барсақ барайық. Әуелі күріштің суын көріп шығайын. Сен жиектен алыстама. 
Аяғыңа шөңге кіргізіп аласың, – деді Батыр.
Өз аяғында балықшылар киетін саптама резеңке етік. Ырқылдата басып 
жөнеле берген. Арық басына жете жан дауысы шықты, жылан шақты ма деп 
ойлаған. Жанына жүгіріп барды. Арықтан су асып жатыр екен. «Ойбай, су кетті!.. 
Су кетті!.. Шым ойып биіктетпесек атыздың аяғы судан қалады!» Жанталасып шым оюға 
кірісті. Алтынтана шым тасыды, демде үстіндегі көйлегі салтақ-салтақ балшық 
болып шыға келді. Қосыла қимылдап суды әзер тоқтатты. Ағасы енді атыздың аяғын 
көруге жөнелді. Алтынтана тарқатылып кеткен бұрымын қайта өруге кірісті. Танаптың аяқ 
жағынан ағасы байбаламға басты. Дауысы алапты көшірді. Жүгіріп сонда жеткен. 
«Тағы да шым оямыз ба?» деген. «Ойбай, күрішті су басты!.. Су басты!.. 
Тұншығып, жұтап қалатын болды, бас жақтағы құлақты бекітемін!» деп Батыр өрлей жүгірді. 
Иығындағы кетпені күнге шағылысып жалт-жұлт етеді. Алтынтананың аяғында 
жеңіл брезент бәтеңке еді, су етіп ылжырады да қалды. Шешіп дегдітіп алуды ойлаған. Енді 
ойбай бас жақтан шықты. Батыр әлгі суы асып кеткен құлақты бекітіп, келесі атызға ауысыпты. 
Оның да оңып тұрғаны шамалы болды. Су ылғи біртегіс жайылмай, кей жерде 
күрішті тұншықтырып, кей тұсты орағытып өтіпті. Ағасы шым ояды, бұл жүгіріп 
жүріп тасиды, қалайды, шымның үстіне шығып таптайды. Өстіп жүргенде түс болды. 
Алтынтана ойлаған, енді демалатын шығармыз деп. Қауындыққа баруды аңсаған. 
Танап жиегінде кетпені жарқылдап жанталасып жатқан Батыр тағы байбаламға 
басты. Қыз солай қарай ұшты. Бұл жерде су біртегіс жайылыпты. Арықтан асып, не 
күрішті тұншықтырып жатқан сұмдық жоқ. Батыр жүресінен отыр, мелшиіпті де қалыпты. 
Алтынтана да ағасының қасына келіп тізесін бүкті. «Ананы көрдің бе?» – дейді 
Батыр шошынып. Алтынтана түк көрмесе де тұла бойымен түршігеді. «Күріш 
түбіндегі жіңішке шөпті көрдің бе? Ол күрмек деген пәлекет. Күрішіңді күрмек 
басты дегенше еңбегіңнің зая кеткені». «Енді қайтеміз?» - деді Алтынтана. «Сен 
келесі атыздың суын бастыра бер. Мен кеңсеге тарттым. Аграномға айтамын, 
гербицит септірем», – деп Батыр кетпенді қарындасының қолына ұстатты да жөнеле 
берді. Қарап тұрып Алтынтана қорықсын. Қорықпай қайтсін. Айдала, мидай жазық. 
Алыста тоғай қарауытады. Канал жиегіндегі қамыс сылдырайды. Ішінде бүкшеңдеп біреу 
жүрген секілді. Аяғын аңдап басып келесі атызға келген. Мұнда су біртегіс. 
Келесіге жете бергені сол еді, суға гүмп берді. Атыздың іші атжалданған көк 
телегей. Нақа біреу каналды бұрып жібергендей. Арықтың бұзылған жерін 
бекітемін деп жанталасты, алақаны ойылды. Терең орылып кеткен арық тастаған 

шымды үздіксіз жұта берді. Сәл болса да септессін деп шөп жұлып тастады. Жолына 
тосқауыл тұрған су деңгейі көтеріліп одан бетер жұлқынсын. Шым да шақ келер 
емес. Алтынтана кетпенді сілтей-сілтей әбден сілеледі. Көйлегі денесіне жабысты. 
Тіпті болмаған соң атыз қабағына отыра кетіп еңіреп жылап жіберді. Біреуден оңбай 
жәбір көргендей ышқына өксіді. Кенет иығына әлдекімнің қолы тиген. Селк етіп 
бұрылды.
Ақ кепкалы, кенеп плащты, қараторы бейтаныс кісі. Көзі нұрлы. Аяғында әдемі 
сақтиян етік.
– Қарағым, жылама! – дейді. – Қазір екеулеп бекітеміз. Кетпеніңді бері әкел. 
Арық басына топырақ тасып жинай бер. Көбейген кезде тоспа ғып бір-ақ 
тастаймыз. Әйтпесе су шайып кетеді.
Алтынтана таң қалды. Бейтаныс кісі үстіндегі плащын шешіп тастап шым оюға 
кірісті. Қыртысты жерге кетпені кірш-кірш қадалады. Бөріктей-бөріктей шымдар 
төңкеріліп түсіп жатыр. Алтынтана өзінен-өзі ұялды. «Осы ауылдың бейауыз жігіттері 
болмағаны шүкір, әйтпесе жылағанымды келеке қылар еді, күллі ауылға жаяр еді» деп 
ішінен лүпілдеді.
Екеуі жабылып бұзылған арықты әп-сәтте бекітті.
– Қарағым, бұл кімнің күріші? – деді жүзі жылы кісі ентігін басып. 
– Ағамдікі еді.
– Есімі кім?
– Батыр, мана агрономға жолығам деп кеңсеге кеткен.
 – Бұл ауылдың агрономы кеңседе ме сонда? Күрішті су алып жатады, қамыс 
басады, канал құлайды... Ал агроном көлеңкеде көк шай ішіп шалқып отыра ма?
 – Білмеймін, ағай.
 – Нені білмейсің?
– Агрономның қаңдай шай ішетінін. 
Бейтаныс кісі ішінен күлді. Жымиған жанарынан, жанар ішіндегі жылы оттан 
сезді.
– Қарағым, атың кім?
 – Алтынтана!
– Алтынтана, Алтынтана! – деп қайталады кісі. Алыста қалған бозбала арманын 
еске түсіргендей болды. Маңдай қыртысынан, көзінің кішірейіп кеткенінен сезді онысын.
Осы мезет канал жиегінен тағы бір бейтаныс жігіттің сұлбасы серейді. Үстінде 
спорт костюмі. Шофер білем. Биікке қарай аяңдады. Жігіт анадайдан дауыстайды. 
«Ғайнеке, мәшине каналға жақындай алмайды, батып қалады. Жол айрығына 
қалдырдым», – дейді. Алтынтана енді білді. Кепкалы кісі ауданның білдей әкімі 
Ғайнекең болғаны. Ойда жоқта ұшырасқанына қысылды. Еркек көзінен қорынып 
кібіртіктеп қалды. Балшық жұққан бет-аузын жеңімен сүртті. Етіне жабысқан көйлегін 
шымшып ұстап сілкіген болды. Брезент бәтеңкесін шешіп сол қолына алған еді, 
табанын шөңге, тікен шабақтады, именіп кідіре берді.
Осы мезет каналдың биік жалына арбаңдап төрт еркек қатар көтерілді. Алтынтана 
таныды, қалаша киінген кісі Қанай Жанпейісұлы, мана ағасы екеуі күріштікке кеткенде 
төргі бөлмеде ұйықтап жатқан, осы ауылдың әкімі Сұлтанғали бар. Сосынғысы 
ұзынтұра ақсары кісі, келесісі мықшиған пәкене жігіт. Бұл екеуі бейтаныс. 
Жапырласып аудан әкімімен сәлемдесіп жатыр. Әкім салқын амандасты.

– Ғайнеке-ай, күріш аралаймын деп бір ауыз ескертсеңіз қайтеді. Өзіміз 
көрсетер едік. Жағдайды баяндар едік, – деп Сұлтанғали қарап тұрып пұшайман хал 
кешті.
– Әлгі канал тармағы құлағанда күріштік жерін су алған сабазың қайда? – деп 
ұзынтұра ақсары кісі Сұлтанғалиға сол бүйірден ат қойды.
– Мынау қарындасы ғой. Содан сұрайық, – деп Сұлтанғали Алынтанаға бұрылған. 
– Ағаң ауырып қалды ма?!
– Ауырған дәнеңесі жоқ. Аграномды іздеп кетіпті, – деді Ғайнекең. Үні соншама 
салқын шықты.
– Күріштің аяғын күрмек ала бастаған. Сол қанаттағы атыздан су асып кетіпті. Оң 
қанатқа су жетпей жатыр.
– Апырай, Батырды биыл бәле айналдырды. Ерте көктемде айдап қойған жерін 
су алды, күріші кеш көктеді. Енді міне күрмек басыпты. Гербицид септіремін, атызын 
көтертемін, арығын жөндетемін.
– «Септіремін», «көтертемін», «жөндетемін», – деп әкім ауыл басшысын кекетсін. – 
Бюрократтар өңшең! «Себемін», «көтеремін», «жөндеймін» деу аузыңнан шықпасын. 
Кетпен ұстасаң – қолың сына ма? Су кешсең – белің шойрылар тегі. Мамандарың өзіңе 
тартқан. Әйтпесе агроном деген күріштің басында жүрмес пе?! Кеңсе баққанды қашан 
қоясыңдар осы.
– Таңертеңнен құйрық басқаным жоқ. Үшінші бөлімшенің күрішін көрдім. 
Екіншіде трактор каналға құлапты. Жігіттер жібердім. Енді әнеукүнгі комиссия 
жұмысымен жүрмін.
– Иә, не болды? – деп әкім Сұлтанғали сөзін бөліп жіберді. — Акт жасап 
үлгердіңдер ме?
Осы кезде терге малшынып Батыр келді.
– Аграномды таппадым, – дейді.
– Каналға құлаған тракторды шығарысуға кеткен ғой, – деді Сұлтанғали.
Манадан үнсіз тұрған Қанай Жанпейісұлы сөзге араласты.
– Кызық екен. Көктемде канал күрішке құлайды. Жазда каналға трактор құлайды, – 
деп лықылдай күлді.
Сұлтанғали төбесінен тоқпақ тигендей есеңгіресін.
– Бұлар бір күні күллі ауылды каналға құлатады, – деп басқарма бастығы 
күңкілдеді. – Былтыр ғой деймін – бір күрішшісі каналға ағып өлген. Өлікті бір күннен 
соң төменгі тоспа тұсынан әзер таптық.
Аудан әкімінің жүзі күреңітіп кетті.
– Алтынтана, не ғып тұрсың селтиіп – деді Батыр қарындасына кейіп. – Үйге қайт! 
Өзім күрішті суғарып барамын.
Алтынтананың атын естігенде аудан әкмінің жүзі жылыды.
– Қызды үйіне апарып сал, – деп төменде жүрген шоферіне дауыстады. – 
Қайтарыңда әлгі жер жұтқан агрономды ала кел! Басымыз құралса – кеңседе жиналыс 
өткіземіз.
Алтынтана кетіп бара жатып ағасын қатты аяды. Самайынан тер саулап, күнге 
боржып, мыжырайып тұрысы жаман. Ертеңгісін бір кесе айран ішкен. Содан нәр 
татпасы сүркілмен жүр. Үйге қашан қайтары белгісіз. Алтынтана бұрын ойлайтын: 
күрішке суды салып тастап, күнге қыздырынып жатады деп. Каналға шомылып 
салқындайды, қырғауыл аулап қызықтайды деп ойлайтын. Сөйтсе алашапқын жанталас 

көрінеді. Ентігіп шым ою, балшыққа бату, масаға талану, шеңгелге шабақталу 
екен. Бұрын ағасының ауылшаруашылық институтын сырттай оқып жүріп тастап 
кеткенін – жалқаулыққа санайтын; жұмыстан келе сап басы жастыққа тиісімен қор 
ете қалатын әдетіне – күлетін. Отыздан асса да үйленбей жүргеніне түсінбейтін. Сөйтсе 
желкесіне бейнет мініп алған екен ғой! Есек қып біткен ғой әбден!
Жігітті жұмыс жемесін деңіз!
Алтынтана шофер жігітке ілесіп келе жатып жаман қамықты. «Қауындықты 
көре алмайтын болдым» деп ойлады. «Қауын егілген бақша алыста, тоғай етегінде. 
Жалғыз баруға қорқады. Ағасының халі әлгі. Қауынның гүлдегенін көре алмайтын 
болдым».
...Түс қайта, ыстық басыла Қанай Жанпейісұлы кеңсеге қитығып кірді. Жұрт 
жапатармағай амандасып жатыр. Қауқылдасып төрге өткізді. Топтың ішінен Батырды 
іздеген еді. Қаракөлеңке бұрышта қалғып отыр. Кепкасы қиқайып көзіне түсіп кетіпті. 
Әлдекім мұның жанына жетіп келіп, қолын қысып амандасады, саулық сұрасады. Жаңа 
байқады – Беласар екен, жиіркеніп кетті. Онысын сездіргісі келмеді. Беласар мұның 
тізесін баса жайғасты, аудан әкімінің үстінен әтір иісі шығады.
Сұлтанғалидан соң қортынды сөзді Ғайнекең алды.
– Түгіскен массивінің келешегі зор, – деді. – Қазір алты ауыл кереге жайып үлгерді. 
Былтыр елімізге үш жүз жиырма мың центнер күріш өткіздік. Бұл аудан тарихында 
бұрын-соңды жиналып көрмеген өнім, шықпаған белес. Ендігі міндет — алынбаған жаңа 
асу! Биылдан бастап Түгіскен тыңына жер тегістеу жүреді. Оған «Главрисстрой» 
тресі тоғыз жүз отыз бес миллион теңге қаржы босатты. Түгіскен ұжымшарының 
жағдайына қарайтын болсақ, ауыл жылма-жыл екі мың гектар жерге күріш сеуіп келеді. 
Биыл әр гектардан елу центнерден өнім жинамақшы. Бірінші бөлімшенің күріші көңіліме 
толмады. Атызы, жабы сапасыз, суы бей-берекет қашып жатыр, қашыртқы жоқ. Кей 


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   14   15   16   17   18   19   20   21   ...   29




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет