Бақылау түрлері және қандай кезеңдерде қолданылатынын саралау. Дүниетанудан білім беру барысында қолданылатын әдістердің ерекше бір түрі-бақылау. Бақылау әдістерінің (табиғатты, көрнекіліктер бойынша, үлескідегі, табиғат бұрышындағы т.б.) бәріне ортақ белгі - нақты заттар мен құбылыстарды, олардың бейнесін, пішінін т.б. көріністерін сезімдік қабылдауға жағдай жасалуында; көз алдындағы бейнеге, көрініске көңіл аудару, түсіне, иісіне, құрылысына, жалпы қандай қасиеті байқауға ыңғайлы болса, сол ерекшеліктерінің бәріне де бала зейінінің ауып, оны сезінуі, сол арқылы мида елестің пайда болуы. Бақылаудың білімдік деңгейі жоғары. Бақылап, сезініп қабылдау арқылы абстрактілі ойға көшу мүмкіндігі туады. Оқушылар әр заттың, құбылыстың басқа заттар мен құбылыстардан айырмасын, ұқсастығын, не солардың өздеріне ғана тән ерекшелігін бақылау нәтижесін де айыра алады. Бұл оқушылардың логикалық ойының дамуына әсер етеді.
Бақыланатын обьектінің түрі мен мақсатына қарай бақылау ұзақ мерзімді, қысқа мерзімді болып бөлінеді. Түрлі көрнекіліктер, тірі не өлі табиғат заттарының жеке көріністері, тіршілік ерекшеліктері қысқа мерзімде бақыланады, ұзақ мерзімді бақылаулар бүкіл жыл бойына созылады. Жыл мезгілдерінің табиғат ерекшеліктерін, өсімдік, жануарлар тіршілігін, адам еңбегін бақылау - ұзақ мерзімді қажет етеді.
Сабақ барысында қолданылатын бақылау обьектілеріне таратып беруге арналған түрлі көрнекіліктер, өсімдік кеппешөптері, жануарлардың суреті, пайдалы қазбалардың жиынтығы т.б. жатады. Мұндай материалды пайдалану кезінде оқушылардың жеке бас ерекшелігін ескеруге мүмкіндік туады.
Табиғи ортада өтетін бақылаулар кезінде оқушылар дүниенің біртұтастығын, олардың бөліктері арасындағы байланысты, бір - біріне тигізетін әсерін ұғынады. Бақылау оқушылардың білімді ізденушілік арқылы меңгеруіне, саналы қабылдауына жағдай жасап, алған ұғымдарын іс жүзінде қолдануға мүмкіндік береді: мәселен, бақылау нәтижелерінің негізінде ауа райын болжау, бақылаған заттары мен құбылыстары туралы әңгіме құрастыру, әңгіменің жоспарын жасау. Бақылаудың оқушылардың ойлау процесіндегі маңызын психологтар дәлелдей келіп, әсіресе еске, қиялға тигізетін әсерін ашып көрсетеді.
Қорыта келгенде бақылау қоршаған дүниеден білім беруде негізгі әдістің біріне жатады.