1-бап. Heгізгі ұғымдар Осы Заңда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) өндiрiстiк объектiлердi еңбек жағдайлары бойынша аттестаттау - өндiрiстiк объектілердi, цехтарды, учаскелерді, жұмыс орындарын оларда орындалатын жұмыстардың қауіпсiздігiнің, зияндылығының, ауырлығының, қауырттылығының жай-күйiн, еңбек гигиенасын айқындау және өндiрiстік орта жағдайларының еңбек жағдайлары нормативтерiне сәйкестiгiн айқындау мақсатында оларды бағалау жөніндегi қызмет;
2) еңбек қауіпсiздiгi - еңбек қызметi процесiнде қызметкерлерге зиянды және қауiптi әсердi болдырмайтын iс-шаралар кешенiмен қамтамасыз етiлген қызметкердiң қорғалу жай-күйi;
3) еңбектiң қауіпсiз жағдайлары - қызметкерге зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерi жоқ не олардың әсерiнің деңгейi қауіпсiздiк нормаларынан аспайтын, жұмыс берушi жасаған еңбек жағдайлары;
4) өндiрiстiк жабдықтың қауіпсiздiгi - өндiрiстiк жабдықтың өз функцияларын орындауы кезiнде нормативтiк-техникалық және жобалау құжаттамасында белгiленген жағдайларда еңбек қауiпсiздiгiнiң талаптарына сәйкестігі;
5) өндiрістік процестің қауiпсiздiгi - өндiрiстік процестiң нормативтiк-техникалық құжаттамада белгіленген жағдайларда еңбек қауіпсіздiгiнің талаптарына сәйкестігі;
6) зиянды өндiрiстiк фактор - оның әсерi қызметкердiң сырқаттануына немесе еңбекке қабілеттiлiгінің төмендеуiне әкеп соқтыруы мүмкін өндірістік фактор;
7) зиянды (ерекше зиянды) еңбек жағдайы - белгiлi бiр өндiрiстік факторлардың әсерi қызметкердiң еңбекке қабiлеттiлiгiнiң төмендеуiне немесе сырқаттануына әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
8) еңбек гигиенасы - қызметкерлердiң денсаулығын сақтау, өндiрiстiк ортаның және еңбек процесiнiң қолайсыз әсерiнiң алдын алу жөніндегі санитарлық-гигиеналық шаралар мен құралдар кешенi;
9) еңбек қауіпсiздiгi мен еңбектi қорғау мониторингі - өндiрiстегi еңбек қауіпсiздігі мен еңбектi қорғаудың жай-күйін қадағалау жүйесi, сондай-ақ республикадағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғаудың жай-күйін бағалау және болжау;
10) өндірістегі жазатайым оқиға - өзінің еңбек (қызмет) міндеттерін немесе жұмыс берушінің тапсырмаларын орындау кезінде қызметкердің жарақаттануы, денсаулығының кенеттен нашарлауы немесе улануы салдарынан оның еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе тұрақты айрылуына, кәсіби ауруға шалдығуына не өліміне әкеп соқтырған өндiрiстiк фактордың әсерi;
11) қауiпсiздiк нормалары - қызметкерлердiң еңбек қызметi процесiнде олардың өмiрi мен денсаулығын сақтауға бағытталған ұйымдық, техникалық, санитарлық-гигиеналық биологиялық және өзге де нормаларды, ережелердi, рәсiмдер мен өлшемдердi қамтамасыз ету тұрғысынан өндiрiс жағдайларын, өндiрiс және еңбек процесiн сипаттайтын сапалық және сандық көрсеткiштер;
12) еңбек жағдайларының нормативтерi - еңбектiң қалыпты жағдайларын қамтамасыз ететiн эргономикалық, санитарлық-гигиеналық және психофизиологиялық және өзге де талаптары бар нормативтер;
13) еңбектi қорғау жөнiндегi қоғамдық инспектор - ұйымның кәсiподақ органы, ал ол болмаған кезде қызметкерлердiң жалпы жиналысы тағайындайтын, еңбек қауiпсiздiгі және еңбектi қорғау саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыратын қызметкерлер өкiлi;
14) қауiптi өндiрiстiк фактор - әсерiн тигiзуi қызметкердің еңбекке қабiлеттiлiгiнен уақытша немесе тұрақты айрылуына (еңбек жарақатына немесе кәсiби ауруына) немесе өлiмiне әкеп соқтыруы мүмкiн өндiрiстiк фактор;
15) қауiптi (ерекше қауiптi) еңбек жағдайлары - еңбектi қорғау ережелерi сақталмаған жағдайда белгiлi бір өндiрiстік факторлардың әсерiн тигiзуi қызметкер денсаулығының кенеттен нашарлауына немесе жарақаттануына не өлiмiне әкеп соқтыратын еңбек жағдайлары;
16) еңбектi қорғау - құқықтық, әлеуметтiк-экономикалық, ұйымдық-техникалық, санитарлық-гигиеналық, емдеу-алдын алу, оңалту және өзге де іс-шаралары мен құралдарын қамтитын, еңбек қызметi процесiнде қызметкерлердiң өмiрi мен денсаулығының қауiпсiздiгiн қамтамасыз ететiн жүйе;
17) қызметкерлер өкiлдерi - қызметкерлерi уәкiлеттiк берген кәсiптік одақтар органдары және олардың бiрлестiктерi, ал олар жоқ болғанда Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген тәртiппен құрылған өзге де өкiлдер немесе ұйымдар;
18) өндiрiстiк жабдық - машиналар, тетiктер, аппараттар мен өзге де техникалық құралдар;
19) өндiрiстiк санитария - зиянды өндiрiстiк факторлардың қызметкерлерге әсерiн болғызбайтын немесе азайтатын санитарлық-гигиеналық, ұйымдастыру iс-шаралары мен техникалық құралдар жүйесi;
20) кәсiби ауру - қызметкердiң еңбек (қызмет) мiндеттерiн орындауымен байланысты оған зиянды өндiрiстiк факторлардың әсер етуiнен туындаған созылмалы немесе қатты ауруы;
21) жұмыс орны - қызметкердiң еңбек қызметi процесiнде өзiнiң еңбек мiндеттерiн орындау кезiндегi тұрақты немесе уақытша болатын орны;
22) арнаулы киiм - қызметкердi зиянды және қауiптi өндiрiстiк факторлардан қорғауға арналған киiм, аяқ киiм, бас киiм, қолғап;
23) жеке қорғану құралдары - қызметкердi зиянды және (немесе) қауiптi өндiрiстiк факторлардың әсерiнен қорғауға арналған құралдар;
24) ұжымдық қорғану құралдары - жұмыс iстейтiн екі және одан да көп адамдарды зиянды және (немесе) қауiптi өндipicтiк факторлардың әсерiнен бiр мезгілде қорғауға арналған техникалық құралдар;
25) еңбек қауіпсiздігі және еңбектi қорғау жөнiндегi уәкiлеттi мемлекеттiк органның аумақтық бөлiмшелерi (бұдан әрi - аумақтық бөлiмшелер) - уәкiлеттi мемлекеттiк органның Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес тиiстi әкiмшілік-аумақтық бiрлiк шегiнде еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттiктi жүзеге асыратын еңбек қауiпсiздiгi және еңбектi қорғау жөнiндегi құрылымдық бөлiмшелерi;
26) ауыр қол еңбегi - ауыр заттарды қолмен көтеруге немесе орнын ауыстыруға байланысты қызмет түрлерi не 360 ккал/сағаттан астам күш-қуат жұмсалатын басқа да жұмыстар;
27) өнеркәсiп қауіпсiздiгі саласындағы уәкілетті мемлекеттiк орган - өнеркәсiп қауіпсiздігі саласындағы мемлекеттiк cаясатты берілген өкiлеттік шегiнде iске асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
28) еңбек қауіпсіздігі және еңбектi қорғау жөніндегі уәкілеттi мемлекеттік орган (бұдан әрi - уәкiлеттi орган) - еңбек қатынастары саласындағы өкiлеттіктi Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
29) еңбек қауiпсіздiгiнің жағдайлары - еңбек процесiнде қызметкердiң жұмысқа қабілеттiлігі мен денсаулығына әсер ететiн өндiрiстік орта мен еңбек процесi факторларының жиынтығы.
2-бап. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары
1. Қазақстан Республикасының еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау туралы заңдары Қазақстан Республикасының Конституциясына негізделеді және осы Заңнан және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актiлерiнен тұрады.
2. Егер Қазақстан Республикасы бекіткен халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiлeнce, онда халықаралық шарттың ережелері қолданылады.
3-бап. Осы Заңның қолданылу аясы
1. Осы Заңның күші Қазақстан Республикасының азаматтарына, еңбек қызметін Қазақстан Республикасында жүзеге асыратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарға қолданылады.
2. Жұмыс берушiлер мен қызметкерлер арасында еңбек қатынастары туындаған кезде еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөнiндегi талаптарды бәрi орындауы міндеттi.
3. Жеке еңбек шартында, ұжымдық шарттарда және жұмыс берушiнiң актiлерiнде көзделген жұмыс орындарындағы еңбек қауіпсiздiгі және еңбектi қорғау жағдайлары осы Заңда көзделген еңбек қауiпсiздiгi мен еңбектi қорғау деңгейiнен төмен болмауға тиiс.
2-тарау. Еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау