Туркестанская Библиотека - www.turklib.ru – Turkistan Library 136
сенделіп жүреді, жүреді де, байыз таба алмай бақ кезеді. Өзінен басқа тірі
жан аяқ баспайтын, оңаша бақта да мың сан көз оны тасадан бағып, көз
жазбай аңдып тұрғандай көрінеді. Ол көп жүрмей бөлмесіне қайта
оралады. Əлдекім желкелеп əкеп, осы бір төрт қабырғаның ортасына
қамап кеткендей, ешқайда аттап шыға алмайды. Құлыпсыз түрме, кісенсіз
тұтқын. Ол үшін ендігі тірлік түп-түгел түрмеге айналғандай. Оған ең азы,
кез келген жұмыр басты пенденің көлденеңнің көзінен тасадағы азын-
аулақ еркіндігі де бұйырмаған. Əр адымы санаулы, əр сөзі аңдулы.
Былайғы пенденің бəріне тəн қарапайым тілек, іңкəр атаулы оған жат.
Өйткені ол жұрт таңғалмайтындай ештеңе істеуге тиісті емес. Жұрт
секілді қарапайым іс істесе, жұрт секілді қарапайым сөз сөйлесе, көбік
ауыз көп қара таяқтың табасына ұшырайды. Бұның ашса алақанында,
жұмса жұдырығында жүріп қалған қара тобыр күні кеше тəңір тұтып,
аузына қарап жүргендері өздері сияқты жай əншейін пенде болып
шыққанын көрсе, тұлындарын түтеді. Баяғыдан бергі алданып келген
ақымақтықтарының өшін табамен қайырады.
Олар дəл осы қазір де мұны жабыла жамандап, жабыла табалап
жатпағанына кім кепіл? Талай-талай тəж бен тақытты жай түскендей
домалатқан падиша еркектің темір тегеурінін аңсаған мекер ұрғашының
қомағай қолқасын орындайтын қайран таба алмай қор болғанын айтып,
ішек-сілелері қатпайды дейсің бе? Кез келген еркек кіндіктей өз көзіне
шөп салған өзге еркектен кегін жария қайырмай, бұқпантайға салып
жүргенін айтып мазақтамайды дейсің бе? Тəңірден соңғы зор деп
жүргендері кісінің қоры боп шыққанына əбден айыздары қанып, бір
жасап қалатын шығар. Шіркін, сол бір сыпсың-сыпсыңды өз құлағымен
естір ме еді. Сандарын соғып, беттерін шымшып мəз-мейрам боп
жатқандарды өз көзімен көрер ме еді... Мынау көкірегін көр тышқандай
кеміріп жатқан меңіреу күдік-күмəннан соның өзі дұрыс болар еді. Бұл
ел аузына құм құям деп тыраштанған сайын сол сұмпайы лақап күшейе
түсетін сияқты. Ендеше бұл несіне бұқпантайлайды. Ел көзіне неге
көрінбейді.
Енді не де болса, мынау қаракөлеңке үңгірде кəрі агодай қамалып жатып,
абырой таба алмасы белгілі болды. Ел не десе о десін. Қайткен күнде де
мынау байлаусыз тұтқыннан босанбай болмайды. Күмəн мен күдіктің шірік
арқанын үзіп, халықтың көзіне көрінуі керек. Сонда жұрттың ауыздары
барып айта алмай жүргендерін, ең болмаса, көздерінен аңғарады ғой.
Ой, шіркін, баяғыдағы бір замандар болса, дəл қазір қара тобырға қас
қылғанда ұлан-асыр той жасар еді. Жұртты аузы-мұрынынан келтіріп,
шарапқа қандырар еді. Сосын мас болғандардың не деп көкіп
жүргендерін тыңдап көрер еді. Олай етудің енді, міне, еш қисыны келмей
тұр. Байтақ шаһар түгілі төңірегіндегі өз əулеті мен əмірлерінің не ойлап,
не қойып жүргенін біле алмай пұшайман. Олардың басын қайтып қосса
екен... Шы- нында да мына мұнара оның бетіне шіркеу болған тəрізді.
Бұның осы бұншама бүгежектеп қалғаны несі? Қанша дегенмен жалпақ