ӘБІШ КЕКІЛБАЕВ РОМАНДАРЫНДАҒЫ АҢЫЗДЫҚ САРЫН
Мыңбаева Ақбілек Пазылханқызы,
ОҚМПИ, Шымкент қ.
Өткен ғасырдың 70-80 жылдары ұлттық әдебиетімізге аңыздық-мифтік желілердің танымдық-философиялық қасиеттеріне ерекше көңіл бөлінді. Көркем шығармадағы адам концепциясы көркемдік-эстетикалық ой үшін ең басты проблема болып табылады. Көркем шығармадағы суреткерлік әдісті де айқындайтын басты белгі, сол өнердегі адам концепциясы болмақ. Сондықтан да ұлттық өнердегі мәдениет пен әлемдік мәдениеттегі адамгершілік үлгілерімен сусындап, тәжірибе жинақтау болып табылады.
Көркем шығармадағы миф-аңыздардың көркемдік қызметін зерттеу мәселесі қазақ әдебиеттану ғылымында соңғы жылдары қолға алына бастады. Белгілі бір тақырыпқа жазылған көркем шығармаларда өзгеше бітімді миф-аңыздардың бой көрсетуі жазушылар шығармашылығындағы ерекше бір кұбылыс екендігін жоққа шығара алмаймыз. Біз аңыздық сарынның ұшы көрінген шығарма деп Мұхтар Әуезовтің «Қорғансыздың күні» атты повесі деп айта аламыз. Суреткер ел аузындағы халыққа кең танымал «Күшікбай батыр» туралы аңызды шеберлікпен пайдаланған. Бұл қолданыс туралы академик З.Қабдолов: «Бұл да бір тартымды оқиға, әңгіменің фабуласымен ұтымды ұштасып кеткен қызық эпизод. Дәл осы тұста тұтас автордың екі түрлі қасиетін анық тануға болады: біріншіден, өмір бейнесіндегі шындық, екіншіден ортаны танудағы ұлттық ерекшелік» – деп атап көрсетеді [1, 251]. Әдебиеттің басты обьектісі адам болса, жазушы сол адам бейнесі арқылы өмір шындығын танытады. Ал өмірдің шытырман шындығы сол адам өмір сүрген ортамен, оның өткен тарихымен, болмыс-бітімімен тікелей байланыста болады. Сонымен қатар көркем образдың ұлттық қасиетін де естен шығармағанымыз жөн. Ал ұлттық ерекшеліктің қайсыбір факторлары аңыздар мен мифтерде көрініс табады. Әрбір аңыздық сюжеттің сол ұлттың өзіне тән болмыс-бітімі, сол халықтың арман-тілегі жатады. Қазақ жазушылары да осы идеяларды бүгінгі адам баласының ой-мақсаттарымен шебер ұштастыра білді. Мұндай қаламгерлер қатарына қазіргі қазақ жазушыларынан І.Есенберлин, Ә.Әлімжанов, Ә.Кекілбаев, С.Жүнісов, М.Мағауин, О.Бөкеев, Т.Әлімқұлов, М.Сқақбаев, Д.Досжанов, С.Сбанбаев және тағы басқа жазушыларымызды атауға болады. Біздің де қарастырайын деп отырғанымыз да осы Әбіш Кекілбаев шығармалары.
Өмір шындығын көркем бейнелеуде, адам баласының жадынан шығып бара жатқан мифтік көріністерді қайта жаңғыртып, көне жәдігерлікке қайта оралуда. Әдебиеттің басты арналары да сол мифтік сюжеттерден келіп шығады. Сондықтан әдебиет пен фольклордың бір-бірімен байланысы тереңде жатыр. Фольклорлық сюжеттер көркем прозадағы өмірді бейнелеудің, шындықты көрсетудің бірден-бір көркемдік тәсілі ретінде қолдануда. Сонымен қоса, фольклордың қазіргі прозадағы орнын, одан туындап дамып жататын жанрлық принциптері туралы Б.Н.Путилов: «Фольклор поэтикасын әдебиет поэтикасынан бөлек қарауға, әрине ешқандай негіз жоқ. Екеуінің арасындағы байланыс, өзара әрекет тек мына жағдайда, яғни фальклор мен оның поэтикасы олардың генетикалық және тарихи негізде, эстетикалық құндылығында, дәл сол ғана нәтижелігі мен қажеттілігі артады» – деген пікірі біздің ойымызды нақтылай түседі [2,156].
C.Қасқабасов фольклортану ғылымында аңыздық прозаны төртке бөліп қарастырған болатын: миф, хикая, аңыз, әпсана-хикаят. Жазушыларымыздың қазіргі таңдағы шығармаларында аңыздық прозаның осы төрт жанры да кездесіп жатады. Бұл пікірімізді С.Қасқабасов дәлелдей түскендей: «Қазақ фольклор жанрларының арасында көзбен көріп, қолмен ұстайтын жіп жоқ. Олар әу бастағы тектік туыстығын жоғалтпаған, сондықтан оңай кірісіп, ортақ белгілер мен қасиеттерді иемденеді, синкреттік сипаттау болады» [3, 76]. Сол себепті біздің қарастыруымыздағы Әбіш Кекілбаевтың шығармаларында аңыздық сарынның басқа қырынан келетінін айта кетуіміз керек. Жазушы тарихи аңыздардың мазмұнын желі еткенімен оның көркем шығармадағы сюжеттік қызметіне, амал-тәсілдеріне, орны мен рөліне өзгертулер енгізіп, өз идеясы мен мақсатына сай пайдаланады. Бұл да әрине жазушыға керек нәрсе. Өз шеберлігімен көркем шығарманы құнды да кұндылықты етіп көрсетеді. «Күй» повесіндегі «Қараман ата», «Шопан ата» әпсаналар мен Абыл күйшіге байланысты айтылатын аңыздардың айтылуы мен көркем повестегі өзгеше бейнеленуінен көрінеді. «Аңыздың ақыры» романында жазушы жаңа мазмұндық формада мүлдем өзгеше соны қырынан көрінетін көркемдік бейнелер туғызады.
Қазақ халқы көшпелі халық болғандықтан жайлау мен қыстауда қоныс тапты. Өзіндік салт-дәстүрлерінде аңыздар мен мифтер пайда болды. Мұны біз тарихи зерттеулерден білеміз. Сонымен қатар өзіндік заңдылықтары да болды. М.Базарбаев: «Адам мен жер, табиғат, оның орын тепкен мекені, жайы, осыған байланысты ұғым, тілі деген проблема көркем әдебиет үшін, яғни образбен ойлау өнері үшін ең алғаш материалдар болған», – деген тұжырымы біздің ойымызды түйіндей түседі [4,194].
Әбіш Кекілбаев прозасындағы шоқтығы биік шығармаларының бірі – «Күй повесі». Шығарманың сюжеттік желісі аңыздық факторларға негізделген. Повестің өзі бір күйдің шығу тарихын суреттегенімен, көтеріп отырған негізгі мәселесі адамгершілік, адамшылық, гуманизм тақырыбы. Алғашқы әңгімелерінен-ақ жазушының күй, күйші өмірлерімен байланысты туған шығармаларында аңыздық прозаның түрлерін еркін пайдаланғанына куә боламыз. «Күй» повесіндегі қу бастың жазықсыз жандарға батқан тырнағын, қараптан-қарап түйреген найзасын, ерлік деп жалған намыстың буымен жендетке айналған озбырлығын бетіне басады. Жөнейтке Күйшінің қу басы бірде күйші болып елестесе, бірде баласы Дәулет болып елестейді. Жөнейттің басындағы трагедиялық жағдайға байланысты әдебиет сыншысы, ғалым З.Серікқалиев: «Ой сергелдеңіндегі, іштей арпалыс үстінде ашу-ызасын төккен Жөнейт батырға, қиямет жолында кездейсоқ қолға түскен тұтқын Абыл Дәулеттің трагедиялық қазасын, Дәулеттің айта алмай, таныта алмай қыршын қиылған достық, татулық, бауырластық арманын күймен жеткізеді» [5, 66], – деп повестегі күйшінің образдылық бейнесін таныта түскен. «Күй» повесіндегі күйші Маңғыстауда туып өскен Абыл Тарақұлының протипі сияқты: «Күйшінің шыққан тегі Кіші жүз ішіндегі он екі ата Байұлының бір бұтағы – Адай. Адайдан Құдайке, одан Қосай тарағанда, Қосайдан Шалбар, Жаман Адай, Түрікмен Адай деп аталатын үш ата өрбіген. Соның түрікмен Адайынан Абыл күйші шыққан» [9, 270], – делінеді күй тарихын зерттеуші ғалым А.Сейдімбектің «Күй шежіре» атты еңбегінде. Жазушы повестегі күйшінің атын атап, түсін түстеп жатудан әдейі бас тартқан сияқты. Өйткені тарихи тұлғаның бейнесін көркем шығармада тарихилық принциптілік фактісін қатаң сақтай білуі керек. Сондықтан жазушы Әбіш Кекілбаев Абыл күйшіге байланысты аңыздардан қажетті детальдарды ғана қолданған. Қолға түскен Адай күйшісінің тағдыры соғыстың кесірінен талқыға түсті. Повестегі бас кейіпкер Жөнейттің өз ары алдындағы істеген жауыздық қылықтарына жауап беру үшін, күйшінің «Қу бас» сүйегі – жазушының тыңнан тапқан шеберлік қыры. Жөнейттің соңғы тілегінің тілдесері де, мұңын бөлісері де – тек қу бас қана. Автор адам баласы санасының екіге қақ жарылу сәтін ойшылдықтың тереңіне сүңгітіп, ішкі монологтық сана тасқынының сезім иірімдерін шегіне жеткізе суреттеген. Повесте күйшінің қу бас сүйегінің рөлі: «Бұған күйші керек. «Ә, Солай ма еді?», – дегендей қу бас бұған шүңірейе қарайды. «Ендеше сол күйшінің басын жұтқан өзің емес пе?» – деп тісін ақситып, сақ-сақ күледі. Жөнейт мынау сұмдық елес айықсын деп көзін жұмып алды. Құлағына күңіренген үн келді; сол бір үн сай сүйегін сырқыратып, жан-жағынан қаумалап қоршап келеді. Азынаған айдала. Қу бастың ашылып қалған тесігіне жел кіріп, әлдеқандай ызың шығады. Күйші мынау ызғыған желге шыдап тұра алмай, жер астына кіріп кетіп, күңіреніп жатқандай» деп суреттеледі. Әбіш Кекілбаев көркем прозада қу бастың рөлін жаңа мазмұнда, өзгеше стильдік реңкте, фантазиялық ою-өрнегімен әсерлі етіп бейнелеген. Жөнейттің түсі арқылы берілсе де, қу бас реальдық болмысымен көрінеді. Жауыздықтан жауыздық тудырып отырған Жөнейттің трагедиялық тағдыры өліммен аяқталады. «Күй» повесіндегі аңыздық желілерді, мифтік сюжеттерді айтар ойына, идеялық мақсатына сай пайдалана білген.
Аңыздық, мифтік сюжеттерді тарихи романдарда көркемдік тәсіл ретінде пайдалануда белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев өзге қырынан келді. Жазушының тарихи тақырыпқа жазылған «Үркер» мен «Елең-алаң» романдарындағы аңыздық қолданыстар жөнінде белгілі ғалымдар, әдебиет зерттеушілері мен сыншылар түрлі пікірлерін мерзімді баспасөз беттерінде жариялады. Белгілі ғалым Б.Кенжебаев: «Үркер» романының формасы тамаша табылған. Өткен-кеткен оқиғалардың бәрі де Әбілқайырдың ойымен беріледі де, шегініс, еске алу, елестету әдістері жиі қолданылады» [6, 49]. Әбіш Кекілбаевтың оқысаң эпикалық тыныспен тыныстайтын, қазақ халқының қанша қиындықтардан мойымай шыққандығы, бірлік жолында айнымастығы суреттелген шығармалары – «Үркер», «Елең-алаң» дилогиясын айтамыз.
Қарап отырсаңыз, көшпелі қазақтың түрлі ырымы, кәсібі мен күнделікті тірлігін бір-бірінен бөліп алып қарауға болмайды екен. «Елең-алаң» романында: «Күн ашық болса, түнектегі мал шетіне құрт-құмырсқа, жылан-шаян жоламасын деп шырқ айналдыра қыл арқан тастайды да соның ортасына киімшең қисая-қисая кетіседі. Іштеріндегі ең ересегі түнде мал өрсе, біліп жату үшін қолына қошқар байлап жатады. Олардың жол азығы да осы отардың өзінде, қарындары ашса қой сауып, құмыраларындағы ащы айранға сүт қосып, қойыртпақ ішеді. Кештеу туған саулықтардың желінін қақтап, уыз қайырады. Іштері пысса – қошқар сүзістіреді. Ауыздарын жаппай, ертегі айтысады, жұмбақ айтысады. Дауыстары ашықтары шырқатып Ән бастайды. Жырық ерін, жалақ ауыз қойшы тек қана қой ғана бақпайды, ой да бағады. Қойың от жерге тап болып, бір жұлғаны бір май болып, тиыш жайылып жатса, шалқаңнан түсіп, ойға батпағанда, не істейсің! Қазақтың талай дастанын, ертегісін, жұмбағын, әндері мен жаңылтпаштарын осы қойшы екеңдер туғызған» [2, 126-127 бб.].
Тарихи роман жанрында полифониялық үнді тарих тілімен сөйлете білген қаламгер Әбіш Кекілбаев «Үркер» мен «Елең-алаң» диалогияларының көркемдік-эстетикалық қасиетін ерекше арттыра түседі. Романның негізгі желісі Қазақстанның Ресейге қосылуының тартысты да шиеленісті тарихи оқиғаларына құрылған. Жазушы «Үркер» мен «Елең-алаң» диалогияларында аңыздар мен мифтерді халықтың адамгершілік проблемаларымен ұштастыра отырып, көркем шығармадағы тарихи рөлін арттыра түскен.
Аңыздық желілер мен мифтік мотивтер көркем шығарманың идеалық-эмоционалдық әсерін күшейту мақсатында ғана емес, кейіпкер табиғатының ішкі рухани байлығын динамикалық түрде дамыта түсу үшін де пайдаланылады. Сонымен қоса кейіпкерлер характерін ұлттық ұғым-түсінікке сай етіп, тіршілік ететін ортасын табиғат құбылыстарымен құбылтып бейнелеуде де фольклорлық аңыздардың рөлі көп болады. Әсіресе халықтың басынан өткен тарихи оқиғаларға жазылған шығармаларда көркемдік қызметі күрделене түседі. Әбіш Кекілбаевтың «Үркер» және «Елең-алаң» романдары – осындай үлгідегі тарихи тақырыпқа жазылған шығармалар. Жазушы Әбілқайыр образын сомдау үшін архив материалдарынан басқа, халық аузындағы ел Әңгімелерін, аңыздарын шығармаға арқау еткен. Сондай аңыздық сюжеттің бірі – Әбілқайыр түсі арқылы берілетін әпсана. Бұл әпсана мотиві І.Есенберлиннің «Жанталас» романында Абылай өмірінің соңғы сәттерін бейнелеуде қолданылады. Бұл әпсана-хикаяттың негізгі тұрақты сюжеті Абылай түсін Бұқар жыраудың жоруына құрылған, халық есінде бұрыннан сақталған символикалық тәсілдер.
Ел билеген басшының халық тағдыры ойлантпауы мүмкін емес. Өзінен кейінгі ұрпағының тағдыры Абылайды да бейжай қалдырмайды. Абылай ханның түсін жазушы аңыздық береді. Және оны сарт қолынан мерт болар деп те астарлы жеткізеді. Негізінен халық аузында айтылып келген аңыздың сюжетін жазушы Әбіш Кекілбаев «Үркер» романында миф жанрының үш түрлі символикалық тәсілмен жүзеге асырады. Халық прозасын зерттеуші фольклорист ғалым С.Қасқабасов үш іс-әрекеттің белгісін былай бөліп көрсетеді:
1) құбылушылықтан пайда болған заттар;
2) сапар, саяхат кезінде пайда болған дүние;
3) ұрлау, алып қашу нәтижесінде дүниеге келген нәрселер [3, 78] – деп анықтама береді.
Суреткер Әбіш Кекілбаев Әбілқайыр образын сомдауда халық жадында сақталған әпсанаға ерекше мән беріп, оны философиялық тұрғыдан байытып, психологиялық тұрғыдан өзінің айтар ойын жеткізе біледі.
Жазушы «Елең-алаң» романында табиғаттың тылсым күштерін, құпия сырларын суреттеуде оның формасын құбылтып, өзіндік өрнегін таныта түседі. Романда көрініс тапқан хикая өзінің жанрлық ерекшеліктерін толық сақтайды. Қай кезде, қай жағдайда айтылу атмосферасын, тыңдаушыға әсер ететін ықпалын мифологиялық кейіпкерлердің сыртқы бет-пішімін, түр-сипатын сол кезеңнің уақытына сай ұғым-түсінігмен орынды береді. Романда суреттелетін «обыр», «шимұрын», «пері», «сиқыршы», «албасты», «шөрәлі» тағы басқа мифологиялық кейіпкерлер автордың түс көру әдісі арқылы іске асады. Жазушы сонымен қатар хикаяның ертегілік жанрға айналу принциптерін барынша сақтап, оның тек эстетикалық мәнін ғана емес, адам санасына әсер ететін психологиялық мотивировкасын, қорқыныш тудыратын қызметін барынша толық баяндайды. Хикая жанрының циклдену прцесін С.Қасқабасов былай түсіндіреді: «Бір ғана оқиғадан тұратын сюжет күрделеніп, ұзақ желілі шығармаға айналады, қарапайым меорат фабулатқа, хикая ертегіге қарай ойыса бастайды» [3, 103]. Бұл пікірді қолдасақ, шығармада философия тұрғысынан алғанда өлім мен өмір, періште мен шайтан, тозақ пен жұмақ пікірлері көрініс тапқан. Жазушы шығармадағы бірнеше бейне түріне енген обыр арқылы аңыздық сарынға бой алдырған.
Тарихи деректерді аңыздарды көркем әдебиетте ерекше сюжет, хикая, бейнелілік фактор ретінде пайдалану – сөз өнерінде бұрыннан қалыптасқан дәстүр. Осы дәстүрді Әбіш Кекілбаев «Аңыздың ақыры», «Күй», «Үркер», «Елең-алаң» шығармаларында жаңа бір әдеби әдіс ретінде халықтың басынан кешкен бұралаң тағдырын, суреттеуде қолдана білген. Аңыздық желілерді көркем шығармаға негізгі сюжет, құрылымдық материал ретінде пайдалану, оны ауызша айтылу дәрежесінен төмендетіп алмау жағы да үлкен жауапкершілікті талап етеді. Жазушы Әбіш Кекілбаевтың аңыздық сюжеттер берілген шығармаларында қазіргі тұрғыдан баға бергенде оның реалистік болмысының нақтылығына тереңірек көз жеткіземіз. Ол аңыздық проза үлгісі мен тарихи деректі ұтымды ұштастыра отырып, тарихи шығарма туғызды. Суреткер көркемдік шарттылыққа негізделген терең ойлы, реалистік-бейнелер арқылы өткен тарихи оқиғаларды шындықпен жеткізе білді.
Достарыңызбен бөлісу: |