II
Ірілі - уақты бір үйір жылқыны дүркірете қуып, Көксаланың аңғарына түсірген
екі жылқышы жан-жағын жалама жартастар қоршаған сай табанындағы көш
жолына ілінген соң ғана, уһ деп тыныс алғандай болды. Жайлаудың салқын
жонынан беймезгіл кеткісі келмей, әр жаққа бытырай қашып, осқырына
үріккен асау немелер сауырларына солқылдақ сойыл тиіп, жылқышының
қаһарлы айқайын естігенде барып, бірте-бірте байырқалып, ырыққа көне
бастаған. Ал етекке таман еңкейіп, егіс алаңына жақындаған сайын,
танауларына көк сұлының исі келді ме екен, жемқор аттар мен сақа биелер
үйреншікті жолмен өздері-ақ жосып берді.
Орталыққа баратын он шақты тай үшін осыншама жылқыны сарсаңға
салғанына Ағыбай іштей қынжылып келеді. Ипподромы түскірі жүгенін ұстап
жаяу қалса да, жайлауда тыныш жайылып жүрген малдың обалына қалып,
қан сорпасын шығаратындай не бастарына күн туды екен? Жұрт амалын
таппай тұрғанда, «үйірімен айдап барайық» деп, аузынан қағынған өзі еді. Не
сайтан түрткенін кім білсін, әйтеуір «Ақан бір тәсілін табады» дегенге
әлдеқандай болып, жайылып түсті де қалды. «Құлды бәрекелді өлтіреді»
деген осы да... Әй, Ағыбай - ай, өзіңде де бар, килікпейтін жерге килігесің де
жүресің.
Қасындағы Сайлау көңілді, анда-санда темекісін тартып қойып, әлдебір әнді
ыңылдап айтып келеді. Жылқышылар тобына биыл келіп қосылған жас жігіт
жайлауға салт басы ғана шыққан-ды. Бүгін ойламаған жерден бала-шағасын
көріп қайтудың сәті түскеніне разы сияқты. Бірақ оның есесіне іштей
алабұртқан Ағыбайдың құрыс - тырысы жуыр маңда жазыла қоймады.
Сіркесі су көтермей, әлденеге қатуланып, аңдаусызда сүрініп кеткен
астындағы атын да үсті-үстіне шаужайлап, қамшымен бауырлата тартып
жіберді.
23
Әдеби KZ
Қарт жылқышы осы жасқа келгенше, өз көңіліне қонған, жанына жаққан
жұмыстан ешқашан жалыққан емес-ті. Ал бүгінгі сапарлары ешкімге қажетсіз,
артық жүріс сияқты көріне берген. Мезгілсіз уақытта шаруа тауып берген
қаладағы ипподромға да, солардың сөзіне тақ тұрып, ойланбастан
жайлаудан жылқы алдырған совхоз директорына да өкпесі қара қазандай
болып, іштей алысып келе жатыр.
Әсілі, бүкіл өмірін ат үстінде өткізген адамдардың ой-қиялы салт атпен
сапарға шыққан кезінде тіпті ұшқырланып кететін әдеті. Ат жүрісінің ырғағы
тереңде жатқан ой маржанын екшеп шығарғандай бола ма, мұндайда адам
өзін ақылдырақ сезінеді... Ағыбай да жол бойы ой арқауын үзбей, өзін-өзі
тербетіп, әлдиледі де отырды. Оның түсінігінде төрт түлік малды тар қапасқа
қамау, тас дуалдармен қоршау — барып тұрған сорақылық.
Әсіресе, жылқыны қамауға болмайды. Жылқының мекені — қашанда жасыл
жайлау, шетсіз - шексіз байтақ дала. Шөп асылын талғап жеп, су тұнығын
жүзіп ішетін бұл жануарлар жал - құйрығын жел тарап, ашық аспан астында,
кең сақарада жүруге тиіс.
Оның етінің дәмділігі, сүтінің дәрілігі де осында. Өмірі дала көрмей байлауда
семірген жылқының сиырдан қай жері артық? Ағыбай өткен қыста біреудің
үйінде түстеніп отырып, қорадан шығармай қызылшаға семірткен жылқының
етін жеп көргені бар. Кесіп жерге қара жоқ, аппақ май екен. Бірақ, керегі не,
етінде дәм жоқ, танауыңды қытықтайтын хош иіс те білінбейді. Құдай
кепиетке жазбасын, аршыған картоптай ақ жоңқа бірдеңе.
Алайда соның бәрін тергеп-тексеріп, тегін айырып жатқан кім бар дейсің
қазір.
Тумысында татып көрмеген дәмді асты былайғы жұрт іздеп жата ма.
24
Әдеби KZ
Көпшілік қазір комбинаттан шығып, дүкенге келіп түсетін етті ғана біледі. Ал
ет комбинаты дегеніңіз — мал соятын фабрика. Ағыбай оны қалаға мал
айдай барғанда бір - ақ рет көрді. Екінші рет баруға жүрегі дауаламаған.
Сұмдық қой ол. Айналасы сақылдаған көк темір... Күніне жүздеген ірі
қараны, мыңдаған қойды тірідей жалмап қоятын көрінеді.
Әй, ананың оқпанын толтыру да оңайға түсе қоймас. Машинамен астықты
қалай орса, шөпті қалай орса, малды да солай шабуға болады екен ғой...
Қашанда жандыны жансыз жеңеді. Көк темірге ештеңе де төтеп бере
алмайды. Мыңдаған малды жәукемдеуге жалғыз пышақтың да шамасы
жетіп жатыр.
Әрине, қаптаған қалың адамды етпен қамдау үшін, малды машинамен
союдан басқа амалдың жоқ екенін, ешкімде оның бас - басына бата жасап
отыра алмайтынын Ағыбай түсінбейді емес, түсінеді. Сөйте тұра, бүгінгі
адамдар тарапынан тірі хайуанға деген төтенше қаталдықты көргенде, бір
түрлі тіксініп қалады.
Әсілі, мал жарықтық адам үшін жаралған ғой: етін жейді, сүтін ішеді, терісі
мен жүнін киім қылады. Малда жазық жоқ, адамда азық жоқ. Бұл жағы атам
заманынан бері солай.
Алайда Ағыбайдың бір шошынатыны — бұл күнде жұрт малды азық ету үшін
ғана емес, тек терісі үшін де қыратын болыпты... Түлкінің қызылдығы —
өзінің соры. Ал, дүниедегі ең жуас хайуан қой байғұстың не жазығы бар?
Адамдар қойдың да тұқымын өзгертіп , қаракөл дегенді ойлап тапқан. Оның
да әр түрлісі: қарасы, көгі, күреңі, алтын түстес сарысы бар көрінеді. Өзі удай
қымбат, алтын орнына жүретін болса керек. Сол үшін жыл сайын мыңдаған,
миллиондаған жас қозы енесінен туа сала пышаққа ілінеді.
25
Әдеби KZ
Ағыбай бұл жағдайды бұрын біле бермейтін-ді. Осыдан екі-үш жыл бұрын
көрші облысқа құдалыққа барып, қаракөлдің не екенін сонда көрді.
Апрельдің басы, деген мал төлдеп жатқан кез болатын. Алғашқы сый-сияпат
өткен соң, ертеңінде бұл малшы ауылдың тірлігімен таныса бастаған.
Құдалары қаракөл сойып қарбаласып жатыр екен. Сол жолы жаңа ғана
аяқтанып, шаранасы кебер - кеппестен пышаққа түсіп жатқан жас қозыларды
көргенде, жағасын ұстады. Әлекедей жалаңдаған жігіттердің қолында бір-бір
пышақ.
Сойылатын қозыны бауыздап та әуреге түсіп жатпайды. Қой қырқатын станок
тәрізді тақтай сөренің үстіне бұп-бұйра жас қозыны алып ұрады да, өткір
шегеге тамағынан іле салып, терісін сыпырып ірей бастайды. Ағыбайдың тұла
бойы түршігіп кетті. Ал қасапшылардың қолдары қалт етер емес, әбден еттері
өліп, көндігіп алған. Өзара жарысқа түсіп, озып шыққандар сыйлық алатын
көрінеді. Сақманға келген оқушы балалар сойылатын қозыларды қорадан
тасып әкеліп, көмектесіп жүр. Олар да селт етпейді...
Ағыбай әлгі көрініске қарап тұруға дәті шыдамай, көзі қарауытып бара
жатқан соң, тәлтіректей басып далаға шығып кетті.
Терісі алынатын қозыларды кейде енесімен бірге жайылып жүрген кезінде
өрістен де теріп әкеледі екен. Жас қозыларды артқы аяғынан шап беріп
ұстайды да, бейне жансыз бірдеңені лақтырғандай машинаның не арбаның
үстіне атып ұрады Ал енді қозыларын әкетіп бара жатқанда, енелерінің
соңынан еріп жүгіргенін көрсең! Әлде бишаралар мал да болса бауырынан
тартып әкеткен қошақандарын енді қайтып көрмейтінін сезе ме екен, азан -
қазан маңырасып, машинаның соңынан талайға дейін қалмай еріп
отырады...
26
Әдеби KZ
Ағыбайдың түршіккені сонша, құдалардың ауылынан қайтқанша асықты.
Тәңірім - ай, мұндай сұмдықты кім көрген?! Малдың киесі, обалы бар екенін
ойламайды - ау шіркіндер.
Осы оқиға ауылға оралғаннан кейін де, Ағыбайдың есінен көпке дейін
шықпай жүрді.
Қанша ойланып-толғанса да ақылына сыйдыра алмаған. Бәрі де — мұның
ұғымына сай келмейтін мүлде жат көріністер. Атам қазақ малдың бейнетін
де тартқан, игілігін де көрген. Бірақ теріден басқа киетін киімі болмаған
заманда да, малды терісіне бола соймаған ғой... Тек осы астамшылықтың
арты адамдарға жақсын де. Мал жарықтықтың киесіне жолығып, кепиетіне
ұшырап жүрмесек болғаны. «Иә, бұл күнде төрт түлікті әр түрлі мақсатпен
өсіретін болды ғой, — деп ойлады ол, алдында шұбап бара жатқан жылқы
шоғырына қарап қойып. — Біреуінің еті, біреуінің сүті, енді біреуінің терісі
керек. Бір ғана қойдан етті де, жүнді де мол алғымыз келеді. Ал мына кетіп
бара жатқан асыл тұқымды асау тайлар қалаға барып, өнер үйреніп, жұрттың
көңілін көтеруге тиіс».
Ағыбай ана жылдары қаладағы ат шабысқа осы совхоздың жүйріктерін
апарысып, ипподромда бір рет болғаны бар. Бәлкім, қала халқына қызық
болса қызық та шығар, бұған ондағы ат бәйгесі бәлендей ұнаған жоқ, жай
көпшіліктің ермегі үшін жасалған баланың ойыншығы секілді әсер қалдырды.
Ал былайғы жұртта ес қалмайды екен. Өмірі атқа мінбек түгіл, қыл
құйрықтының қасына барып көрмеген қаланың қалың жатағы алақандай
қоршаудың ішінде шаңға қақалып отырып-ақ, ат тұяғының дүбірін
естігендеріне мәз Қайтсын, пенде болған соң олар да жылқыны сағынатын
шығар.
27
Әдеби KZ
Соншама халыққа көңіл көтерерлік ермек тауып беру де оңай емес қой. Ат
шабысты былай қойып, жаяу доп қуғанның өзіне осы күнгі жастар есі шығып,
елеуреп отырады.
Қошқар сүзістіріп, қораз таластырып қызыққа бататын, сүзеген бұқамен
жекпе-жекке шығып, бұқаны найзамен шаншып өлтірген жігітке бәйге
беретін елдер де бар көрінеді...
Естімеген ел де көп деген осы, әрине. Еріккен жұрт не істемейді, ат
жарыстырып айыз қандыру былай тұрсын, жылқыны билетіп те жүлде алып
жүргендер көп деседі. Тегінде сахара жұрты малға би үйретпеген ғой. Сірә,
бұл да бұрыннан қала жағалаған, қызық құмар, озық елдерден шыққан өнер
болуға керек.
Бір сәт Ағыбайдың көз алдында мына кетіп бара жатқан асау тайлар алғаш
рет ата-ананың бауырынан бөлініп, оқуға, не әскерге шақырылған балаларға
ұқсап кетті. Осылардың күні ертең көк жайлау көздерінен бұлбұл ұшып, тар
қоршауда қамалып тұратынын ойлағанда, бір түрлі қабырғасы қайысып,
іштей аяныш сезімін тудырды. Құлағына ат жарыс десе ішкен асын жерге
қоятын желөкпе жұрттың жер тепкілеп ысқырғаны, ызың - қиқу айқайы
жеткендей болды...
Әлдебір іркілісті сезіп, ұйқыдан оянғандай басын көтеріп алған. Назар тіктеп
қараса, Сайлау атынан түсіп айылын тартып жатыр екен. Қамшысын аузына
көлденең тістеп тұрып, шап айылын шандырлап тартты да, ер үстіне лып етіп
қайта қонды.
— Құлынсазға да келіп қалдық. Көш жолы бұрыстау ғой, ауылға ерте -
жарықта жету үшін, Суықтөбенің желкесінен тіке асып түссек қайтеді? — деді
ол қарттың жүзіне барлай қарап.
28
Әдеби KZ
— Мейлі, — деді Ағыбай да оны қостап. — Төте жүріп жолдан ұтқанымыз
теріс болмас.
Сайлау құрығын көтере, еңкейе шауып барып, сайды құлдай шұбырған
жылқының алдын сол жақтағы қабырға жолға қарай бұрды. «Жас та болса
жер жадысын жақсы біледі екен» деп Ағыбай серігіне разы боп қалды.
Өзінің атқа отырысы да мығым, қайсыбіреулерше өбектемей, таралғыға
тақымы жабыса қалыпты. Әкесі Орынбай марқұм көп жыл жылқы баққан,
малдың жайын білетін кісі еді.
Қанша дегенмен ұяда көргені бар емес пе, Сайлау жылқыға кейінірек келсе
де, жаңа кәсіпті жатырқамай, тез-ақ меңгеріп кетті.
— Қалай ойлайсыз, Ақа? Манағы тілшінің тірлігі маған онша ұнамады, — деді
ол, Ағыбай қатарласа бергенде. — Өзінің цифрдан басқа сұрайтыны жоқ па
деп қалдым ғой.
Пернебектің аузынан не шықса, соны тұқшыңдап жаза береді.
— Кім білсін, оның да бір көздегені бар шығар, — деді Ағыбай шешіле
қоймай.
— Жоға деймін - ау, «түйенің танығаны — жапырақ» деп, әлсін-әлі Пернебек
пен Отарқұлды сыртылдатып суретке түсіре береді. Пернебектер не біледі?
Оның сиырдан ауысып, жылқыға келгеніне екі – үш - ақ жыл... Цифр керек
болса кеңседен - ақ жазып алып, ауылға әдейі келгенде мына сіз сияқты
ақсақалдармен сөйлеспей ме?
Жас жігіт Ағыбай ойының үстінен түсіп, қышыған жерін дәл басып-ақ келеді.
Бұл жерде әңгіме ат шығарып, абырой табуда емес қой. Газеттен келген
адамдар жылқының мұң - мұқтажын жақсырақ ұғынып, жоғарыға дұрыс
жеткізсе деген тілек те баяғы... Ағыбай оған, шынында да, жылқының
29
Әдеби KZ
құлынындағы сақауынан — құнанындағы тісеуіне дейін қалдырмай айтып
берер еді. Бірақ өйтіп қоян-қолтық сыр ашатындай болды ма, тілші жігіт
бұдан тым алыста, қара көзілдіріктің ар жағында тұрып алды ғой.
Е - е, тәйір - ай, солардың жазғанынан бірдеңе өзгеріп кетер дейсің бе, —
деді ол сәл үнсіздіктен кейін. — «Көктөбе» дүрілдеп тұрған кезінде осы жұрт
газеттің бетін бермейтін. Сонда не шықты? Ақыры шуылдап жүріп құрттық
емес пе жылқыны...
— Иә, оныңыз, рас, — деді Сайлау, — Дегенмен манағы тілшіні айтам да...
Оқтау жұтып алғандай илікпей-ақ қойды. Қалам ұстап жүр дегені болмаса,
осы жазатындардың ішінде де небір «көкемдер» бар-ау деймін...
Ағыбай үндеген жоқ. Не десін? Тілшінің ұстанған шартына өзінің деңгейі
толмай қалғанын біледі. Демек оған керегі бұл емес орденді озаттар мен
осында іс басқарып жүрген білікті кісілер. Уақыт деген сол, әнеки. Әр нәрсе
өз кезегінде. Дәл қазір елеусіз қалып жүргені болмаса, Ағыбайдың да ел
аузынан түспей дүрілдеген кезі болған. Жұрттан алабөтен қара үзіп
кеткендіктен емес, кейде адамның бағы жанып, уақыт талабына үйлесе
кететін шағы болады. Мақтаудан мүйіз шығатын болса, бұған міне сол кезде
шықса керек еді...
Онда жылқы көп, әрі қадірінің де түспеген кезі. Өріс қандай кең еді. Сонау
«Көктерек»,
«Жартас»
совхоздарының
жеріне
дейін
(онда
бұл
шаруашылықтар әлі бөлініп шықпаған) «Көктөбенің» жеті мың жылқысы
еркін жайлап жататын-ды. «Көктөбе» жылқысының данқы республика ғана
емес, бүкіл Одаққа мәлім еді. Әсіресе, соғыс кезінде Қызыл армияны сәйгүлік
аттармен жабдықтауда айрықша көзге түскен. Маршал Буденный бұларға
рақмет айтып, арнайы хат та жазған-ды. Сол есінде мықтап сақталса керек,
қырық жетінші жылы «Көктөбеге» Буденныйдің өзі келді. Атақты шабандоз,
30
Әдеби KZ
қызыл Армияның данқты командирі атқа мініп жүріп, жылқы үйірлерін
түгелге жуық көріп шықты. Үлкен адамды бұрын суреттен көргені болмаса,
кім бетпе-бет келді дейсің: ұзын мұртты, мұртының шалғысы тіпті сырт
жағынан да көрініп тұратын, орта бойлы, қоңырқай өңді, шойыннан
құйғандай шомбал кісі еді жарықтық. Аса ат құмар адам екені жылқының
шетіне ілінгенде - ақ байқалып тұрды. Жылқыға қарап ұшқын атқан көзінде
жай қызығу, тамашалау емес, жан-тәнімен ұғынған шынайы сүйіспеншілік
жатыр еді. Жақсыда жаттық жоқ деген сол ғой, маршал жылқышылармен
бірден шүйіркелесіп, сөйлесіп кетті. Ағыбай атақты адаммен бірге болған сол
аз уақыттың ішінде-ақ, оның бойынан өзіне деген бір жақындықты сезгендей
болды. Несін айтасың, ол да жақсы атты қапысыз таниды екен.
Атқа мінген кезінде оның да арқасы қозып, жас жігіттей желігіп кетеді екен.
Әйгілі ақалтеке айғырының біріне мініп ыратөмен құйындатып тұра
шапқанда, қасындағы қаптап жүрген нөкерлерінің ешқайсысы ілесе алмай,
Ағыбай ғана қасынан қалмай еріп отырды. Екеуі көз көрім жерге дейін
жарысып барды да, қайтарда аяңдап бірге қайтты.
Буденный жол-жөнекей мұның күй-жайын, қашаннан бері жылқы бағатынын
сұрастырды.
— Шауып келе жатқанда атпен бірге қашалғандай жақсы отырады екенсің...
Міне, нағыз жылқышы деген осындай болуы керек! — деп мақтап та қойды.
Сонан соң мұның жауырынынан ұстады да:—Өзің аударыспаққа
қалайсың?—деп өзіне қарай жұлқа тартып, бұл қозғала қоймаған соң,
қарқылдап күлді. — Әй, бірақ даланың көкжал бөрісісің ғой, сенімен сайысу
қиын болар...
Иә, бұл бас нені көрмеген. Бір сәт болса да, маршал Буденныймен де үзеңгі
қағысып, бірге шауып көрген... Қазір айтсаң мақтан сияқты, біреу сенсе, біреу
31
Әдеби KZ
сенбейді. Айтпақшы, мұның ат үстінде Буденныймен қатар тұрып түскен
суреті де бар. Екеуі топқа келіп қосыла бергенде, манағыдай тілшілердің
біразы фотоаппараттарын сыртылдатып, жүгіріп жүрген-ді. Сол сурет көп
кешікпей газеттерде басылып шықты. Жоғалып кетпесе, сондағы газеттің бір
данасы әлі күнге дейін сандықтың түбінде жатқан болуы керек... Жақсының
шарапаты тимей тұра ма, маршалмен бірге суретке түсіп, аты-жөнімен
газетке басылып шығуы кезінде Ағыбайдың беделін көтеріп-ақ тастаған.
Содан бері атақты маршалды бұл сырттай мақтан тұтушы еді. Мұның өзі ғана
емес, басқа жылқышылар да Буденныйды өздерінің бір қорымал, жақын
туысындай жан тартып жақсы көріп кеткен. Жақсы көрген адамын кісі
қашанда өлімге қимайды ғой. Ана жылы атақты қолбасы дүние салып,
қарамен қоршалған суреті газетке шыққанда, Ағыбайдың көңілі босап, өзінің
бір ет жақынынан айрылғандай екі-үш күн мұңайып жүрді. Жылқы түлігін
шын сүйіп аялайтын, ат қадірін білетін ондай азамат қайда енді! Сол бір
үлкен адамның орны бұл үшін әлі күнге дейін толмай, қазір де үңірейіп
тұрған сияқтанады...
Күн еңкейіп, кіші бесінге таяған кезде, бұлар қабырға жолмен керлеп
отырып, тақтайдай керілген үстіртке көтерілді. Биік жонның үсті көз жетер
жерге дейін бұдырсыз кең жазық.
Бұл бұрынғы Құлынсаз жайлауы. «Бұрынғы» деп аталатын себебі, қазір
жайлау болудан қалған, мүлде істен шыққан жер... Шіркін - ай, «Құлынсаз»
десе, Құлынсаз еді-ау бір кезде! Сірік пен киіз бетеге ұйысып өскен көк текше
малшы ауылдардың арғы алыс жайлауға бет алған кезінде біраз күн еру
болып, бас-аяғын жинап алатын бір жайлы қоныс еді. Жайлау сары жұрт
болып, қозы бөлер тұста тоқты бағатын шопандар Құлынсазға қайта оралып,
етек - жеңі кең осы жонның үстін емін-еркін жайлайтын - ды. Сонда қалың
мал қанша қадалып жатса да, шүйгіні таусылып бермейтін, іңірде тастай
32
Әдеби KZ
салған құрығыңды таңертең шөп басып қалатын, аса бір райыс, ыстық мекен
еді.
Бірақ керегі не, қазір сол Құлынсаз жоқ, жер бетінен өшіп кетті. Осыдан бес-
алты жыл бұрын ауданда отырған «білгіштердің» бірі егістік жердің көлемін
арттырмақ болып, биік таудың үстіндегі екі жүз гектарға жуық осы көк жонды
трактормен қопартып тастаған.
Алатау жаратылғалы соқаның жүзі түгіл, тесе тиіп көрмеген көк шым
оңайшылықпен жыртыла қоя ма, білетіндердің айтуынша, осы жердің
қыртысын айыруға техника шақ келмей, бірнеше трактор істен шыққан
көрінеді Сондағы қираған тракторлардың бірі бертінге дейін сонау бір
қабақтың үстінде төңкиіп тұрушы еді, былтырлар есебін тауып алып кетіпті.
Құлансаздың қыртысын қопаруға бұйрық бергендер о баста мұнда арпа егуді
ойластырған екен, бірақ ол талаптарынан ештеңе шықпады Құждай күшті
тракторлар жер қыртысын бір қопаруға қопарғанымен, түйенің беліндей
болып төңкеріліп түскен көк шымды майдалауға ешқандай тырманың тісі
батпапты. Жыртылған жер дауылды күнгі теңіз бетіндей қара бұйра толқынға
айналып, айғыздалып қала берген. Сөйтіп, көрген адам тұсынан тамсанбай
өте алмайтын қайран Құлынсаз жер бетінен осылайша өшіп кетті.
Қыртысынан айрылып, қылтанақ шықпай қалған соң, жер байғұс та өледі
екен ғой, Құлынсаз да жарақатынан жазыла алмай, кісі қолынан мерт болды
Қазір қарасаң әр жер әр жерде шырмауық па, ермен қурай ма, қайдағы
бірдеңелер ербиіп өсіп тұр.
Көктемде жасалған бұл сорақылқыты малшы қауым жайлауға шығарда бір-
ақ көрген-ді.
Қор болған Құлынсаздың үстінен шыққанда, басын шайқамаған, жерге
түкірмеген, әй бір пенде қалмаған шығар - ау! Ал, Ағыбайдың тамағына өксік
33
Әдеби KZ
тығылып, не жыларын, не күлерін білмей, сілейіп тұрып қалғаны есінде.
Құлын сазды құртқан солақайлар қазір ауданнан ауысып кеткен көрінеді.
Бірақ төңкеріліп жатқан көк шым жер бетіне ғана емес, ел бетіне де түскен
таңба болып қала береді Қазір аудандағы азаматтар жоғарыдан сыйлы қонақ
келсе, бұл маңайға жолатпай, басқа жолмен алып жүруге тырысады.
Жол Батамойнақтың кезеңінен асқанда, қара топыраққа айналып, қатып
қалған кең жазық алақанға салғандай тіпті айқын көрінеді екен. Ағыбай
атының басын бұрып, сол бір тұсқа мұңды көзбен ұзақ қарап тұрды. Әттең,
дүние-ай! Құлын-тайдай ойнаған, балалық - жастық шағы өткен жерлер ғой
мұның бәрі. Көз алдынан көгілдір сәуле жарқ етіп, неше алуан суреттер
самсап қоя берді. Ақсүйек лақтырып, алтыбақан тепкен айлы түндер, сұлу -
сылаң ат мініп жылқы баққан, көкпар тартқан қойнаулар, қызды ауылға
үкілеген ат байлап, жылқышылардың серне жейтін күндері, бәрі-бәрі елес
бергендей... Сонау бір жотаның бауырында бір ұя қаздың жұмыртқасындай
болып, Тұрар байдың ауылы отырушы еді. Көзін жұмса болғаны, ақ үйлер сол
орнында әлі отырған сияқтанады. Бір белдің астынан маң төбеттер әупілдеп
үріп жатқандай, құлағына тау-тасты жаңғырықтырған бір таныс үн жетеді...
Дәл қасынан ат пысқырынды. Ағыбай селт етіп, көзін ашып алды. Сайлау
екен келіп тұрған. Қарт жылқышының себепсіз неге тоқтағанын түсінбей,
атының басын кері бұрғаны көрініп тұр.
— Ақа, неге тоқтап қалдыңыз? Жүзіңіз сынық қой... Бір жеріңіз ауырып тұрған
жоқ па?
— деді мұның қасына жақындай түсіп.
— Жәй, әншейін... Бірдеңелер еске түсіп. — Ағыбай атын тебініп қозғала
берді. — Мына Құлынсаздың құлазыған жұртын көргенде, көңіл шіркіннің
алабұртып бұзылғаны да баяғы.
34
Әдеби KZ
— Иә, Құлынсазды еске алсам, менің де өзегім өртеніп кетеді, — деді Сайлау.
— Оңбағандар - ай, көзі қиып қалай ғана жыртты екен?! Малға қоныс таба
алмай, жайлаудан тапшылық көріп жүргенде, көрдіңіз бе, істеп отырған
қастықтарын?!
— Баяғыда біздің әкелеріміз бір түп көк шөпті де жұлдырмаушы еді. Шөп
жұлған баланы көрсе, ақырып ұрсып тастайтын. Ал, мыналар әй - шайға
қарамай, бүкіл бір өңірді төңкеріп тастады.
— Қазір даланың аңы мен төрт түлік малға пана болатын екі-ақ орын қалды,
— деді Сайлау қызулана тіл қатып. — Ол егін егуге жарамайтын биік таулар
мен құмды далалар...
Егер осы екеуі болмаса, не істейтінімізді құдай білсін.
— Малды бұдан кейін өріске шығармай қорада бағамыз. Малшының орнын
машина басады, — десіп жүр ғой білетіндер.
— Ой, Ақа - ай; соған кәдімгідей сеніп жүрсіз бе? Ертегі ғой оның бәрі, — деді
Сайлау күйіп - пысып. — Етке өткізетін малды арнаулы қорада бордақылап
семіртеміз десе бір жөн. Ал, мың-миллион өсім малын қалай қамап отырмақ.
Оған жем-шөпті қалай жеткізеді? Есіңізде болсын, мына даладан қол үзген
күні мал жарықтық мал болудан қалады. Мал құс емес қой — инкубаторда
көбейте беретін.
— Қайдан білейін, өткен жолы Пернебектің: «Бұдан былай техника тілін
білмеген малшының күні қараң. Мал қайырғаннан басқаны білмейтін шала
сауатты шал-шауқандар жастарға орын босатулары керек» дегенін өзің де
естіген жоқпысың?!
35
Әдеби KZ
— Ой, тәйір - ай, Пернебектің сөзін сөз деп... Біздің ол ағамыздың өз басынан
шығаратын ештеңесі жоқ, біреуден естігенін жартасша жаңғырығып қайталай
береді.
Күн екіндіге еңкейе бере, бұлар етекке түсіп, таудың бөктеріне дейін
созылып жатқан егіс даласының тұсынан шықты. Жауын-шашынның аздығы
ма, егіннің шығымы нашар көрінді. Тақта бетін жасырар - жасырмастан
сабағы сарғайып, бас жара бастаған арпа егісінің ара - арасымен екеуі
жылқыны әзер айдап өтті. Сонау төменде «Көктөбенің» қалың талы қылаң
береді. Одан бергі сай табанында жылқы фермасының шашыраңқы шағын
үйлері ағараңдайды. Бұлар алдарындағы үйірдің бетін солай қарай бұрды.
Сайлаудың үйі осы фермада - тұғын. Жылқыны қораға кіргізген соң, екеуі
ертең сәскеде осы арада табысатын болып уәделесті де, Ағыбай орталықтағы
қызының үйін бетке алып жүріп кетті.
Ферма мен совхоз орталығының арасы бес - алты-ақ шақырым. Ағыбай
астындағы Кертөбелдің еті қызған кезде ғана шығатын китің жорғасымен
соқтыртып келе жатқан - ды. Жол ортасына жете бере, алдан есекке мінген
біреуді көзі шалды. Басында дағарадай сеңсең бөркі бар, аяғы жерге бір-ақ
сүйем жетпей тұрған алпамсадай адамды көк есек тірсегі майысып әрең
көтеріп келеді. Бұл елде не көп — есек мінген шал көп. Солардың бірі шығар
деп басында мән бермеген. Жауырыны күжірейген әлгі жолаушыны қуып
жетіп, қатарласа бере зорға таныды: Асылбек — кәдімгі Тұрардың Асылбегі.
Бұдан төрт - бес жас үлкендігі бар еді, тізгінін тежеп сәлем берді.
— Ассалаумұғалайкум, Асеке!
— Аликсалам, — Асылбек бұған енді ғана назар аударды — Ә,
Ағыбаймысың? Үй іші, бала-шаға аман ба?
— Шүкір, аманшылық. Екі кештің арасында қайдан салдыртып келесің?
36
Әдеби KZ
— Бір шаруамен мына Қарақыстаққа барып ем, содан келе жатқан бетім ғой.
— Асылбектің көзі нашар көретін болса керек, бұған түс тоқтатып, сығырая
қарады. — Жүрісің суыт қой, қай жақтан келесің?
— Жайлаудан.
— Жайлау қалай? Орнында тұр ма, әйтеуір?
— Е, тұрмай... Біреу көтеріп кетті деп естіп пе едің?
— Жайлауға ат ізін салмағалы көп заман болды, сосын сұрағаным да...
Мына көк жорғаны қайдан тапқансың? Жер - суды баспайтын жүрдек қой өзі,
— деді Ағыбай сәл езу тартып.
Асылбектің қара қайыс боп күнге күйіп кеткен бет әлпеті одан арман
қоңырайып, мұның жүзіне бажырая қарады.
Есекке міндің деп қомсынып келесің - ау, ә? Бір аяқ қымыздың екі аяқ желігі
бар.
Тойғаныңа көрінсін. Күліңдер... Күліп қалыңдар!
— Қымыз керек болса, күші адал, сүті арам есекке мініп емінгенше, бір бие
ұстап, сауып ішіп отырмайсың ба?
Асылбек төмен қарап үндемей қалды Сөзден ұтылғаны деп ойлады Ағыбай.
Бұл — оның жеке Асылбекке емес, осы төңіректің шалдарына тағып жүрген
кінәсы. Не үшін екен, есек мінген қазақты көрсе, тыжырынып, қаны қатып
қалады. Ауылда көп жасаған көне көз қарттар аз емес. Бірақ солардың
көпшілігі аппақ сақалдарымен жылқыдан гөрі есекке бауыр басып алған.
Қашан көрсең аяқтары жер сызып, есекпен келе жатқаны. Осы бір
салпанқұлақ, тексіз хайуанның көбейіп кеткені соншалық, солардың ақырған
дауысынан ертелі - кеш бүкіл ауыл азан-қазан, у да шу болады да жатады.
37
Әдеби KZ
— «Салмай тапқан жігіттен салмай құлындаған бие артық» деп аталарымыз
тегін айтқан ба, — деді Ағыбай сөзін одан ары жалғап. — Есектің орнына бір-
бір бие ұстасаңдар, сүті сусынға жарап, әр жылғы төлі қыстық соғымдарыңды
айырмай ма. Сол арқылы мемлекет малының сыртында үйірге жүздеген -
мыңдаған жылқы қосылар еді... Одан да: тұяғымызды қимылдатқымыз
келмейді, әбден аянкес, жалқау болып алғанбыз демейсің дер ме?!
Соңғы сөз Асылбектің де шымбайына батып кетсе керек, басын көтеріп,
бұған бақырая қарады.
— Жарайды, жылқы ұстадым дейін, сонда оны қайда апарып бағамын? Шөп
орнына сақалымды күзеп берейін бе? — деді ауылды айналдыра жыртып
тастаған егісті иегімен нұсқап. — Тым құрыса ат арқандайтын ашық алаң
қалдырмадыңдар ғой... Жеке меншік түгіл, мемлекет өз малын әрең асырап
отырғанда, маған жем - шөпті қайдан тауып береді?
Есен кісі есті, аман кісі ақылды. Сен маған өйтіп ақыл үйретпе, Ағыбай. Жорға
мен жүйрік менен қалған. Осы елге құт болып қонған да — Тұрар
жылқысының тұқымы емес пе еді? Қазір есек мініп жүрсем, ол да құдайдың
уақтысы шығар. Жаңағы сөзді өзге айтса да, дәл сенің айтатын жөнің жоқ, —
деді өңі өрт өшіргендей түтігіп.
Ағыбайдың ойында оны табалайын деген астамшылық жоқ еді. Мұның
бүкпесіз таза көңілін теріс қабылдағанына бір түрлі ренжіп қалды: «Әттең,
Асылбек - ай, әбден жүнің жығылып, ерің мойныңа кетіп бітіпсің – ау мүлде.
Сені мына қалпыңда күні кеше мың жарым жылқы айдаған Тұрардың жалғыз
ұлы деп кім айтады?!»
— Менікі жай жанашырлықтан туған әңгіме ғой, Асеке. Көңіліңе ауыр алма,
— деді баяу тіл қатып. — Бұл сөзді саған ғана емес, осындағы есек мінген
ағайынға түгел айтып жүрмін. Бір кезде Қамбар атаның құрығы шаншілген
38
Әдеби KZ
жер еді, бұл өлке, Көк ала жылқының орнын көк есек басып кетпесін дегенім
де.
— Оның жөн ғой, Ағыбай. Мен де көңілімдегі қыжылды сенен басқа кімге
айтам? — деп, Асылбек те жұмсарайын деді. — Өзін әлі жылқыдасың ғой?
Тұракеңнің құрығын ұстап қалған мен емес, мына сен болдың. Әкенің дәулеті
маған қонбай, саған қонды. Дүние деген сол, әнеки... Бізде енді, жас
жетпістен асқанда, туған жерден топырақ бұйырсын дегеннен өзге не тілек
бар.
Бұл кезде екеуі шығыс жақтағы кезеңнен асып түсіп, ойпатта жатқан ауылдың
іргесіне ілініп те қалып еді. Жарқабақтың үстінде жапырлаған қалың зират
тұр. Ағыбайдың әкесі Жұмаханның да, ана жылы авариядан қайтыс болған
жалғыз ұлы Айдардың да сүйегі осы дөңнің басында жатыр. Ағыбай зираттың
тұсынан өтіп бара жатқанда, жүрісін баяулатып, іштей мүнәжат - дұғасын
бағыштап, бетін сипады. Оны Асылбек те сезіп келе жатыр екен, мұның
қимылын ол да қайталады.
— Тие берсін! — деді күбір етіп. — Білем, сенің де өз қайғың өзіңе жетіп
жатыр. Бірақ қыршын кеткен ұлың болмаса, Жұмакеннің арманы жоқ қой:
асарын асады, жасарын жасады. Туған жерден топырақ бұйырып, тірілердің
қайыр - дұғасын қабылдаған — ол да бір ғанибет... Мына бізді айтсайшы,
әкеміздің сүйегі қайда қалғанын да білмейміз. Заман асты-үстіне келіп
аударылып түсті ғой, артынан іздеп барып табатындай мұрша болды ма?
Өлі аруақ разы болмай, тірілер қайдан оңсын - ау?!
Асылбек бұдан елу жыл бұрын айдалып кеткен әкесін еске алып келеді.
Ағыбай үндеген жоқ. Бұдан ары әңгімелесетіндей уақыт та қалмаған-ды.
Екеуі ауылды қақ жарып өтетін жалғыз көшенің орта тұсына келгенде,
Асылбек тізгін тартты.
39
Әдеби KZ
— Ал енді қайда барасың? Үйге жүр, Қайшаның қолынан дәм татып кет, —
деді жығыла жабысып. — Көп көрісе бермейміз. Өткен-кеткенді еске алып,
өзімізше бір шер тарқатайық.
— Рақмет Шайды тағы бірде ішерміз, — деп Ағыбай қоштаса бастады. —
Осында қызым бар ғой... Атымды сонда барып бір-ақ суытайын.
Соны айтып көлденең көшеге қарай жүре берді де, есіне бірдеңе түскендей,
атының басын кілт бұрып алды.
— Асеке, сәл тұра тұрыңызшы, — деп шалды лезде қуып жетті. Артына
бөктерген ала қоржынның ішінде екі торсық қымызы бар еді, соның біреуін
алып Асылбекке ұсынды. — Жайлаудың дәмі ғой... Кемпірің екеулерін, ауыз
тиіңдер.
Торсықты қолына ұстаған Асылбек күтпеген сыйға не айтарын білмей,
Ағыбай бұрыш айналып кеткенше соңынан қарап тұрды.
40
Әдеби KZ
Достарыңызбен бөлісу: |