Әдеби kz cәйгүліктер Повесть Қабдеш Жұмаділов 24. 03. 2013 1 Әдеби kz



Pdf көрінісі
бет6/9
Дата03.03.2017
өлшемі1,2 Mb.
#6075
1   2   3   4   5   6   7   8   9

VIII 
Ағыбайдың қырғыз елінен ат мініп қайтуы шалдың төмендеп жүрген беделін 
бір  көтеріп  тастады.  Және  ат  болғанда  қандай:  өзі  жорға,  өзі  суреттей  сұлу. 
Бұл  өңірде  жорғаның  тұқымы  құрып  кеткелі  қашан.  Шаруашылық 
басшылары  атқа  салт  мінуді  қойып,  машинаға  ауысқалы,  жылқының  жүрісі, 
өнері дегендер есепке алынбайтын болған. 
Директордың  да,  завферманың  да  оқта-текте  мал  аралай  шыққанда  тиіп  - 
қашып мінетін аттары — былайша сырты сұлу көрінгенімен, желгенде ішек - 
қарныңды  аузына  түсіретін  қарабайыр  дончактар  ғана  еді.  Ал  бұл  күнде 
оңайшылықпен  қолға  түспейтін  ақпа  жорғаның  басқа  емес,  өлмелі  шал 
Ағыбайдың  белдеуіне  келіп  байлануы  былайғы  ағайынның  қызғанышын 
қоздырып,  ішін  өртемей  қала  алмады.  Кейінгі  көп  кикілжің,  әуре-сарсаң 
оқиғалар осыған байланысты туып еді. 
Жақында  Ержан  мен  Ерқанат  оқуымыз,  жұмысымыз  басталады  деп, 
орталыққа қайтып кетті де, Ағыбай кемпірімен екеуі жұпыны - жүдеу тірлігін 
қайта тапқан-ды. Қарт жылқышының ендігі жалғыз ермегі — Қоянкөк. Соған 
қолынан  жем  беріп,  мәпелеп  күтіп,  бойын  үйретіп  дегендей,  сылап-сипап 
жүргені.  Қартайғанда  құр  алақан  қалдырмай,  құдайдың маған  жіберген  бұл 
да бір сыйы шығар деп, Ағыбай соған да іштей шүкіршілік етеді. 
Осындай күндердің бірінде ауылға ферма бастығы Пернебек келе қалды. Бар 
жайды  Отарқұлдан  естіп  алған  болар,  сәлден  соң  Ағыбайдың  үйіне  келіп, 
белдеуде  тұрған  Қоянкөкке  сұғын  қадап,  көп  қарады.  Өзінше  ол  да 
атбегімсіп,  көк  дөненнің  сағағынан,  сауырынан  ұстап  көрді.  Ақыры 
Ағыбайдың  тартынғанына  қарамай  ер  салдырып,  кезең  астындағы  қойлы 
ауылға дейін жорғалатып барып келді. Өмірі жорғаның үстіне шыққаны осы 
болса керек, аузының суы құрып, мақтауын жеткізіп жатыр: 

107 
Әдеби KZ 
—  Міне,  нағыз  жылқы  деп  осыны  айт!  Мынаның  қасында  атқа  міндік  деп 
жүргеніміз  бекер  екен  ғой,  Ақа.  Үстінен  су  шайқалмас  қара  жердің  кемесі 
дерсің.  Бүгінгінің  «волгасы»—  баяғының  жорғасы  екен  ғой...  Әй,  мынаған 
мінген  кісі  неше  күншілік  жол  жүрсе  де  шаршамайтын  шығар  -  ау.  Не 
қыласың,  деген  завферманың  мінетін  аты  екен!—  деп  өзін  де  көтермелеп, 
біраз даурығып күліп алды. 
Ағыбай үндеген жоқ. Осының артында бір пәлесі жатпаса жарады деп, іштей 
сақтық ойлаған. Айтқандай  - ақ, үйге кіріп қымыз ішіп отырғанда, Пернебек 
орағытып келіп, манағы әңгімені қайта бастады. 
— Ақа, сізге салған бір қолқам болсын: осы дөненіңізді маған сатыңыз құдай 
үшін! 
Орнына не сұрайсыз? Қалағаныңызды алыңыз. 
— Ақаң жомарт кісі ғой. Бастығына бір тайды былай да сыйлайтын шығар, — 
деп мына жақтан Отарқұл қыстырылды. 
— Оу, сендерге ат не керек? Машиналарың бар емес пе? — деді Ағыбай күле 
тіл қатып. 
—  Машина  бар  ғой.  Бірақ  ол  құрғыр  асфальтті  жолда  болмаса,  мынадай 
қырға  шыққанда  көлік  бола  ма?  Кезінде  талай  жорғаны  мініп,  тісіңіз 
сарғайды  ғой,  Ақа.  Қоянкөкті  маған  қиыңыз,  жекжат  -  тамыр  болайық, 
қолқаңызды соңынан сала жатарсыз, — деп Пернебек жат та кеп жабысты. 
Ағыбай  жауап  беруге  асықпай,  бір  жерін  ауырсынған  адамша  қабағын 
кіржитті. 
Мыналардың  көрсеқызар  өзімшілдігіне,  алуға  келгенде  жан  таппай  кететін 
обырлығына  іштей  ыза  болып,  ширығып  отыр  еді.  Иә,  бұлар  үшін  қасиетті 
ештеңе де жоқ, бәрін де сатуға, не сатып алуға болады. 

108 
Әдеби KZ 
—  Пернебек  шырағым-ау,  сен  өйтіп  буынсыз  жерге  пышақ  ұрмасайшы,  — 
деді  әлден  уақытта  баяу  тіл  қатып.—«Айрылысар  тамыр  ердің  артқы  қасын 
сұрайды»  деп,  қартайғанда  қолыма  түскен  бір  жылқыға  несіне  қадала 
қалдың? Қоянкөк — Төреқұл досымның көзімдей көріп мініп жүр деп берген 
сыйлығы. Есі бар кісі дос сыйлығын біреуге бермес болар. 
— Ойпыр-ай, Ақа, сізді мұндай қатты деп ойлаған жоқ едім, — деп, Пернебек 
теріс айналды. — Саулық қойдың жасындай жасыңыз қалғанда, жорға мініп 
теңселмесеңіз де болатын еді ғой... 
— Менің түсінбейтінім, сендерге аяқ астынан неге жорға керек бола қалды? 
Жорғаның тұқымын құртқан осы өздерің емес пе едіңдер? — деді Ағыбай да 
күйіп  кетіп.  —  Ең  соңғы  жорға  айғырды  осыдан  он  жыл  бұрын  етке  өткізіп 
жібергенсіңдер... Жарайды, жорға мінгілерің келсе, мен Қоянкөкті аямай - ақ 
қояйын, айғыр қып салыңдар ана қысырақтың үйіріне апарып. Сонда жорға 
деген саған да, маған да, оған да жетеді. 
—  Ақа,  сіз  қызықсыз,  олай  ету  менің  қолымдағы  шаруа  емес  қой,  —  деді 
Пернебек  екі  алақанын  бірдей  жайып.  —  Біздің  шаруашылықтың  асыл 
тұқымды  жылқы  заводы  екенін  ұмыттыңыз  ба?  Жорға  мінеді  екенбіз  деп, 
жоғарыдан  бекітіліп  берілген  жылқы  тұқымын  қалай  бүлдірмекпіз?  Жоқ, 
ағасы,  менің  басым  екеу  емес.  Көпе-көрінеу  ондай  нарушениеге  бара 
алмаймын. 
— Олай болса, сен де мені көп қинама, айналып кетейін. Қоянкөк саған тек 
сән үшін керек шығар, мен үшін ол қалған өмірімнің мәні іспетті. Бұл әңгіме 
осымен тынсын. 
—  Жарайды  ендеше,  іші  боқ,  сырты  түк  бір  тайды  қимасаңыз,  өзіңіз  біліңіз. 
Сонымен ел алдына түсіп кеткеніңізді біз де көрерміз, — деп, Пернебек доң 
айбатын сыртына салып, өзінше қырыстанып аттанған. 

109 
Әдеби KZ 
Әлде  соның  дүмпуі  ме  екен,  бүгін  себепсізден  -  себепсіз  Отарқұл  келіп 
соқтықты.  Өзі  күн  ұзақ  Әбікейдің  дүкені  жақта  жүр  еді,  түскен  кейін  үйіне 
масайып  оралды.  Одан  төгіліп  кетердей  шайқалақтап,  желі  басына  келді. 
Шылымын  аузына  қисық  тістеген  күйі,  Ағыбайға  сүзеген  бұқаша  сүзіле 
қарады.  Ұрынуға  қара  таппай  тұрғаны  белгілі.  Біреумен  керісер  алдында 
осылайша  мықтап  ішіп  алатын  әдеті  -  тұғын.  Бірақ  бүгін  мастыққа  сүйеп, 
айбарын әдейі асырып тұр ма деп ойлады Ағыбай. Өйткені сөзі тың, түйеден 
түскендей. 
— Сен, шал, бұдан кейін ана құлындарды байлап  - матап, азапқа салуыңды 
қой,  —  деді  екі  қолын  мықынына  тіреп  теңселген  күйі.  —  Өзіңнің  жалғыз 
биеңді  сойып  алсаң  да  ерік  өзіңде,  ал  совхоздың  биелерін  бүгіннен  бастап 
қоя бер. 
—  Жарайды,  қымыздан  жерісеңдер  ағытып-ақ  жіберейін,  —  деді  Ағыбай 
сөзге келместен. 
— Бие байласам — осы елдің қамы да баяғы. Әйтпесе әкеме ас берейін деп 
жүрген мен жоқ. 
—  Елдің  қамын  сен  ойламай-ақ  қой,  оны  ойлайтын  кісілер  бар,  —  Отарқұл 
езуіндегі  темекісінің  тұқылын  түкіріп  тастап,  қалтасынан  «беломордың» 
мыжылған  қорабын  шығарды  да,  екіншісін  тамызды,  —  Білесің  ғой,  мына 
құлындардың  әрқайсысы  қанша  тұратынын...  Асыл  тұқымды  құлынның 
біреуіне ернін ана әтуерлеп жүрген мәстегіңнің бесеуін алуға болды... Сенің 
нен  кетіп  барады,  пенсияда  жүрген  шалсың,  ертең  сол  құлындардың  біреуі 
көтерем боп, қыстан шықпай қалса, мына мен жауап беремін. 
Мемлекет менен сұрайды. 
Ағыбай тіс жарған жоқ. Көк шөптің үстінде малдасын құрған күйі үнсіз отыра 
берді. 

110 
Әдеби KZ 
—  Сонан  соң,  Жұмаханов,  саған  осы  бастан  айтып  қояйын,  —  деді  Отарқұл 
оны  тапап  кетердей  төне  түсіп.  —  Сірә,  жайлаудан  түскен  соң,  сенімен 
біржола есеп айырысатын шығармыз... 
— «Есеп айырысқаны» қалай? 
— Кетесің жылқыдан... Жылқы бағу сен сияқты шалдарға енді қол емес. Оған 
тепсе темір үзетін мына мен сияқты жігіттер керек, ұғып отырсың ба? Содай, 
Жұмаханов... Ферма бастығының ұйғарымы солай: 
— Несі бар, егер көздеріне шыққан сүйел мен болсам, орнымды босатып-ақ 
берейін. 
—  Пернекеңнің  беталысы  тым  қатты,  —  деді  Отарқұл  жылқышының  сөзіне 
мән бермей. 
—  Сірә,  сені  жылқыдан  қумай  тынбас.  Өзіңде  де  бар,  Жұмаханов,  әнеукүні 
бастықты бекер ренжіттің. Бір тайдың бетіне қарамауың керек еді. Өз басым 
бастықпен ерегесіп береке тапқан кісіні көргенім жоқ. Сұраған екен — бер де 
құтыл... Дегенмен әлі де кеш емес, Қоянкөкті беретін ойың болса, Пернебекті 
райынан  қайтаруды  мен  -  ақ  мойныма  алайын.  —  Соны  айтып,  мұны 
иығымен жапыра, қасына келіп отырды. «Шіркіндердің құрған тұзақтарының 
түрін!  —  деді  қарт  ішінен.  —  Тығылыспақ  ойнаған  баладай  бастарын 
жасырса, құйрықтары көрініп жатады». 
—  Ол  үшін  әуре  болып  қайтесің.  Жетпіске  келген  жасымда  бастыққа  ат 
мінгізіп жағынбай - ақ қойдым. 
Танауына  келген  жат  иісті  сезініп,  орнынан  тұруға  ыңғайланып  еді,  Отарқұл 
етегінен тартып жібермеді. 
—  Сөз  тыңдамай  қайда  барасың?  Отыр.  Әнгіме  бар...  Мен  саған  бастықпын 
ба, әлде сиырдың сирағымын ба? 

111 
Әдеби KZ 
Күпәйкесінің  ішкі  қалтасында  жартылай  ішілген  арағы  бар  екен,  соңы  алып 
аузына таман апара берген. Оппаға тартылған судай құрқылдаған бір оқшау 
дыбыс  естілді.  Сол-ақ  мұң  екен,  сәл  ыңғайға  келіп  қалған  Отарқұлдың  езуі 
қисайып,  жанары  шапыраштанып  сала  берді.  «Мынау  жындарын  қайта 
шақыратын болды-ау» деп Ағыбай секем ала бастады. 
—  Сен,  шал,  өзіңше  қумын  және  қулығымды  ешкім  сезбейді  деп  ойлайсың 
ғой, ә? 
Қателесесің. Сенің секретің менің алақанымда, — деді Отарқұл мұның бетіне 
аунақшыған  жанарын  зорға  тоқтатып.  —  Көк  дөненді  қырғыз  досымнан 
алдым  дегеніңе  сеніп  отыр  ғой  дейсің  бе  мені?  Бекерден-бекер  ат  мінгізіп 
жіберетін  ақымақ  адамды  тапқан  екенсің  бұл  күнде....  Барған  жеріңнен  ат 
мініп  қайтатындай  сен  кім  едің  соншалық?  Ол  қырғызға  нең  өтіп  кетіп  еді? 
Өтіріктің де ептеген қисыны болуы керек қой,—деп басын шайқап, оқырана 
күлді.  —  Көк  дөненді  қайдан  алып  келгеніңді  мен  айтып  берейін  бе?  Әлде 
өзіңнің  мойындағаның  жөн  бе?  Мен  білсем,  өткен  жылы  жайлауда  ұшты-
күйлі  жоғалып  кеткен  Торытөбел  биенің  төлеуі  бұл...  Сен  оны  былтыр 
түнделетіп  өзіңнің  қырғыз  сыбайласыңа  апарып  бергенсің.  Ол  биыл  соның 
түсін өзгертіп, өзіңе қайтарып отыр... Қалай, төбесінен түстім бе? Білеміз ғой, 
ұрылардың  не  істейтінін.  Сен,  Жұмаханов,  мемлекеттің  малын  сіңіріп  кетем 
деп ойлама, біз ойы бәрібір желкеңнен сығып аламыз. 
— Шырағым, Отарқұл - ай, шиеттей бала-шаға бағып отырсың ғой, ақты қара 
деуге қалай аузың барады? — дегенде Ағыбайдың дауысы дірілдеп кетті. — 
Менің  осы  жасқа  келгенше  біреудің  ала  жібін  аттамағанымды  маңайдағы 
жұрттың бәрі біледі. Ойларыңа бірден арамдық түсетіні несі осы сендердің? 
Қоянкөктің шыққан жері белгілі, сенімді иесі бар. Төреқұлды өзің де сырттай 
білесің, құдайшылығыңды айтшы, сол жамандыққа қиятын кісі ме? 

112 
Әдеби KZ 
—  Білмеймін,  білгім  де  келмейді  сенің  Төреқұлыңды,  —  деп,  Отарқұл 
қолындағы  құмыраны  сарқып  ішті  де,  иығынан  асыра  лақтырып  жіберді.  — 
Етегіне  намаз  оқып  жүрген  ешкім  жоқ  қазір.  Тексереміз.  Ертең  -  ақ  кісі 
жіберіп,  сұрау  салдырам.  Қыдырып  барған  қазаққа  жорға  жетектетіп 
жіберетін ол қайдан шыққан Атымтай жомарт екен, көреміз әлі... 
Соны  айтып,  тұруға  қам  жасаған.  Екі  тізесі  өзіне  бағынбай,  ауыр  денесі 
шайқалақтап, орнынан сиыршылап әрең көтерілді. Жаңа аяқтанған құлындай 
тірсегі майысып, екі-үш қадам басты да, бірдеңесін ұмытқан адамша артына 
бұрылды. 
— Шал, жаңағы айтқанымды ұмытқан жоқсың ғой, ә? 
— Нені айтасың? 
— Мына биебауды құрт дедім ғой мен саған. Есінде болсын, бұл — бұйрық. 
Ағыбай  бас  жылқышының  тәлтіректей  басып  үйіне  қалай  жеткенін,  бірақ 
онда  да  көп  байырқаламай,  Әбікейдің  дүкеніне  қарай  бет  алғанын  сырттай 
бақылап көріп отырды. «Осылардың қашан есінен танып жығылып қалғанша 
тоқтамайтыны несі екен?» деп ойлады ішінен. Күн кіші бесінге тақап қалған-
ды. Үй маңында күйбеңдеп жүрген кемпірін көріп, дауыстап шақырып алды. 
— Қатын - ей, бие сауатын шелегіңді және желіге тамызатын бір аяқ, қымыз 
ала кел, — деді орта жолға таяп қалған Күлайшаға. 
— Heгe, байғұс-ау? Әлі ерте емес пе? 
—  Ерте  ме,  кеш  пе,  қайтесің  оны  сұрап...  Ағытайық  мына  құлындарды. 
Екеуміз  енді  бие  байлап,  сән  түзеп,  сауық  құрмай  -  ақ  қоялық...  Бұйрық 
солай... Жаңа «биебауды құртпасаң басыңды алам» деп кетті бас жылқышы. 
—  Е,  мейлі...  сіңірімді  созып  бие  саууға  мен  де  құлшынып  тұрғам  жоқ.  Өзін 
ғой — жұмыс жоқта жұмыс тауып, басыңа бейнет тілеп алып жүрген... 

113 
Әдеби KZ 
—  Ендеше  құдай  тілеуіңді  берді.  Араққа  тойып  ал  да,  көрпеге  оранып  жат 
тырайып. 
Күлайша  шалының  қабағындағы  өзгерісті  енді  ғана  аңғарғандай,  кебісін 
тырпылдатып  үйге  қарай  жөнелген.  Көп  кешікпей  бие  сауатын  қара  шелек 
пен торсыққа құйған қымызын алып қайта оралды. Сол  бетінде бір ауыз тіл 
қатпастан,  әр  биенің  күпшек  санын  құшақтап  отырып,  көк  тамыры 
білеуленген арық қолдарына көз ілеспей бие саууға кірісті. 
Ағыбай  сауымнан  өткен  құлындардың  ноқтасын  сыпырып  алып,  сауырынан 
бір  қағып,  өріске  жіберіп  жатыр.  Әлден  уақытта  биебаудың  басы  қаңырап 
бос қалды. Ағыбай қолындағы ноқталарды шумақтап, желі - арқанның үстіне 
тастаған. Күлайша соны күтіп тұрғандай сырлы аяққа қымыз құйып алды да: 
— О, әулие ата Қамбар - ай, өзің жарылқай гөр! Қара қазан суалмасын, қара 
саба  қурамасын.  Жылқышы  ата,  жирен  сақал,  өзің  жар  болып,  жылқыны 
жауға  алдырма,  жүгенді  жұртта  қалдырма...  Құрығын  сүйреткен  ұрыңнан, 
құйрығын  сүйреткен  бөріңнен  сақта!—деп,  аяқтағы  қымызды  биебауды 
бойлата шашып жіберді. 
— Аумин!—деп Ағыбай да бетін сипаған. Қарттың көзінен сығылып шыққан 
екі  тамшы  жас  әжімді  жүзін  айғыздай  сырғанап  келіп,  шоқша  сақалының 
ұшында мөлтілдеп сәл тұрды да, қара жерге қат-қат тамды. 
Желіден  босаған жылқылар  бастарын жерге  салмастан,  өріске  қарай  беттеп 
барады.  Бұл  күнде  аяғы  ақаусыз  жазылып,  қатарға  қосылып  кеткен  Қасқа 
құлын  Ағыбайдың  қасынан  шықпай  иіскелеп  біраз  тұрды  да,  ол  да 
жылқының  соңынан  ілесті.  Қарт  жылқышы  желі  -  арқанды  қазықтан  шешіп 
алып,  шумақтап  жерге  тастады  да,  өзі  буыны  құрығандай  көкмайсаға 
шынтақтап отыра кетті. 

114 
Әдеби KZ 
— Кел, отыр... Тізеңді бүк,  — деді кемпіріне.  — Торсығыңда бірдеме қалды 
ма? Құйшы. 
Күлайша шара аяққа шүпілдетіп қымыз құйып берді. 
—  Көз  үйренбегенге  қиын  екен-ау.  Тал  түсте  бие  -  баудың  басы  құлазып 
қалғанын  қарашы,  —  деді  ернін  сылп  еткізіп.  Ағыбай  қымызды  екі  бөліп 
жұтты да, аяқты қайырып берді. 
—  Мә,  өзің  де  құйып  іш...  Бұдан  кейін  сен  екеуіміз  желі  тартып,  бие 
байлаймыз ба, жоқ па, ішіп қал. 
— Байғұс - ау, саған не болды, дүниеден сонша түңіліп? 
— Солай, Күлеке. Бұл біздің соңғы жайлауымыз болар ма, кім білсін. Екеуміз 
тым ұзақ көштік қой... Енді інге кіріп жататын мезгіл де жеткен сияқты. 
Сол  күні  түстен  кейін  Қоянкөкке  ер  салып,  біраз  жерді  шарлап  қайтты.  Ең 
алдымен  сауын  биелерді  айдап  апарып  жылқыға  қосқан.  Сонан  соң  еш 
бұйымтайы болмаса да, бірнеше шопан ауылдарына соғып, өзімен тұрғылас 
қарттарға аман - сәлем жасап, күй-жай білісті. 
Олардың  Қоянкөкке  сүйсінген  мақтау  -  мадақ  сөздерін  естіп,  мұң  басқан 
көңілі сәл сергиін деді. 
Талайдан  бері  атқа  мініп,  үйден  ұзап  шыққаны  да  осы  еді.  Ауыл  -  ауылдың 
арасында  Қоянкөктің  тізгінін  босатып,  ағызып  -  ағызып  алады.  Көк  дөнен 
жорға болғанда, жай жол жорға, қой жорға емес, шапқан жорғаның өзі екен. 
Мойнын  алға  соза  ауыздығын  сүзіп  ағыза  жөнелгенде,  алдыңғы  құйма 
тұяқтары  танауының  тұсынан  кезек  жарқылдап,  бойы  мүлде  аласарып,  жер 
тағандап  жатып  қалады.  Қанша  жортсаң  да  су  төгілмес  сұлу  жүрістен  бір 
жаңылмайды  -  ау,  жануар!  Жылқының  бабын  бес  саусақтай  білетін 
Төреқұлдай  шебердің  қолынан  өткені  көрініп-ақ  тұр.  Қоянкөкті  құнанында 

115 
Әдеби KZ 
бас білдіріп, жорғасың төселдірген кезде, басы-қасында өзі жүріп, бар өнерін 
салған  -  ау,  сабазың.  Мың  да  бір  рақмет  саған,  Төреқұл!  Досыңның 
жылқымен  қош  айтысар  кезде  басына  жалғыздық  түсерін  сезіп,  Қоянкөкті 
әдейі  сыйлаған  екенсің  -  ау.  Мынадай  жорғаның  үстінде  жүргенде,  кісінің 
бай-кедейі  біліне  ме,  тәйірі?!  Бәсе,  жүрісті  жылқының  адамға  бітіретін 
осындай  бір  желігі  болатын  сияқты  ед.  Ұзақ  жыл  дөкпек  желіспен 
шоқырақтап  жүріп,  Ағыбай  оны  да  ұмытыпты  -  ау...  Ту  -  у,  көңілі  көкке 
көтеріліп, сарайының ашылып қоя бергенін қарашы! Міне, саған жылқының 
билегені  керек  болса.  Төрт  аяқтыда  бұдан  өткен  би  бола  ма?!  Әлгі  биші 
жылқы  деп,  ауыздарының  суы  құрып  жүргендері  жорғаның  қасында  неге 
тұрады, тәңірім-ау?! Олар, мүмкін, қаланың бишісі шығар. Ал даланың нағыз 
бишісі —жорға емес пе?! 
Ат  үстінде  көңілі  өсіп  келе  жатып,  әлдеқалай  ойына  оралған  ескі  бір  әнді 
ыңылдады: 
Шабан  ат,  өтпес  пышақ,  шайпау  қатын,  Жігітті  осы  үшеуі  қартайтады... 
«Қайран  қазекемнің  уайым  -  қайғысының  түрін  көрдің  бе?!—деп  күлді 
ішінен.  —  Сонда  олардың  жүйкесін  жұқартып,  сағын  сындыратын  басты 
қырсық  жаңағы  үшеу  ғана  болғаны  ма?  Сәби  екен  ғой  Ағыбайдың  аталары. 
Кісіні  қартайтатын  небір  кесапатты  көрмей,  таза  күйінде  өтіпті  -  ау, 
жарықтықтар.  Әйтпесе,  бір  Отарқұлдың  өзі-ақ  талайының  шашын  ағартуға 
жарап қалар еді». 
Дегенмен  сөз  қадірін  білетін  қазекең  жаңағы  өлеңді  де  жайдан-жай  айта 
салмаған болар. 
Пышақтың өту - өтпеуі қазір өз мәнін жойды, әрине. Ал шабан ат пен шайпау 
қатыннан  құтылу  қай  заманда  болсын  оңайға  түспейтін  шығар  -  ау. Бір  ғана 
айырмашылығы:  әйелдің  шайпаулығы  жұрттың  бәріне  бірдей  ортақ 

116 
Әдеби KZ 
бақытсыздық болса, шабан аттардың тақсіретін бұл күнде тек малшылар ғана 
тартып жүр. 
Бұл  төңіректе  жорғаның  тұқымы  үзілгелі  он  шақты  жылдан  асып  барады. 
Жылқы тұқымын асылдандыру науқаны көтерілгенде, бұл жұрт не үшін екен, 
ауызды ең алдымен жорғаға салды. Сондағы жорға байғұстың бар жазығы — 
жергілікті  қазақы  тұқымнан  шыққандығы.  Қолдағы  нәрсенің  қор  болып 
көрінетін  әдеті  емес  пе,  аяқ  астынан  қазақы  жылқының  бағы  тайып,  үйір  - 
үйірімен  етке  өткізілді  де,  олардың  орнын  шеттен  әкелінген  асыл  тұқымды 
арғымақтар  басты.  Бұлардың  көпшілігі  бір  көрмеге  сүліктей  сұлу 
көрінгенімен, ұзақ мініс бермейтін, суыққа шыдамсыз, қыста қар астынан өз 
тамағын  тауып  жей  алмайтын,  жемге  бөгіп  жылы  қорада  тұруға  ғана 
дағдыланған нәуетек нәзіктер еді. Малшы  - қосшының астына, әйтеуір, төрт 
аяқты, қыл құйрықты көлік тисе болғаны. 
Олардан «атыңның жүрісі қандай?» деп, ешкім де сұрамайды. Бұл жұрт қазір 
аттан гөрі машинаның жүрісін көбірек күйттейтін болды ғой. «Волгаға» қолы 
жетпегендер  «москвичтың»  жүрісі  жайсыздау  деп,  «жигулиге»  аңсары 
ауыңқырап жүр... Ал қазақ даласында мыңдаған, он мыңдаған адамның күн 
ұзақ  мал  соңында,  ат  үстінде  жүретіні,  оларға  да  жүрісі  жайлы  көлік  керек 
екені еске алына бермейді. Солардың ішінде өмірі жорға дегеннің не екенін 
білмей  өтетіндері  де.  бар  шығар  -  ау.  Қамшымен  салып  қалсаң  құйрығын 
шипаң  еткізіп,  борт-борт  желетін  шабан  торының  жүрісінен  әбден  мезі 
болып, жігері жасып жүргендер қаншама. Кейбір жастардың мал бағудан бой 
тартып, қашқалақтауының бір себебі осы көлікке байланысты емес пе екен?! 
«Көңіл  жүйрік  пе,  көк  дөнен  жүйрік  пе?!»  дегенді  бұрынғылар  осындайда 
айтқан болар. 
Ағыбай  да  көңілін  көк  дөненмен  жарыстырып,  ой  өлкесі  мен  жер  өлкесін 
біраз шарлап қайтты... 

117 
Әдеби KZ 
Сол күні кеште таулы өлкеде көптен тамылжып тұрған ауа райы аяқ астынан 
бұзылды. 
Суықтөбе  жақтан  түйдектелген  бұлт  шоғыры  шыға  келді  де,  сілбілеген  ақ 
жауын  тәулік  бойы  басылмай,  жұртты  көк  иық  етіп  жауды  да  тұрды. 
Ертеңінде  сай-саланы  соқыр  тұман  қаптап,  тау  іші  бұрынғыдан  ары  суыта 
түсті.  Демек,  бұл  —  ашық  күндердің  азайып,  жайлау  қызығының  тарқай 
бастағаны.  «Сендерді  ала  жаздай  алақанға  салып  еркелеткенім  де  жетер; 
Енді  есін  барда  етекке  түсіп,  жылы  мекендеріңе  жетіп  алыңдар»  деген 
табиғаттың ескертпесі. 
Ағыбай  белінің  шойрылмасы  ұстап,  үйден  шыға  алмай  жатып  қалған.  Ұзақ 
жыл мал  соңында қар жастанып, мұз төсеніп өткен күндердің зардабы енді 
білініп  жүр.  Қоянкөкті  жылқыға  қостырып,  көз  қырын  сала  жүруді  Сайлауға 
тапсырды  да,  екі-үш  күн  бойы  оранып  -  шымқанып,  өзі  білетін  ем-домын 
жасаумен  болды...  Тек  бүгін,  күй  қабағы  ашылған  соң  ғана,  жылы  киініп 
далаға шыққан. Жаңбырдан кейін төңірек жасаң тартып, ажарынан айрылып 
сарғайып  кеткен  жота-жондар  қайтадан  көгере  бастапты.  Аспан  әлемі 
бұлттан аршылып, күн көзі жер төсін қайта қыздырып, қотан ортасынан жеңіл 
бу ұшып жатыр. 
Қарт  жылқышы:  «Адамның  жаманы  болмаса,  күн  жаманы  кетеді»  деген 
аталар сөзін іштей қайталап, іргеде жатқан ыңыршақтың үстінде күн шуақтап 
отырған  -  ды.  Кенет  таяу  бір  маңнан  дүсірлеген  тұяқ  дүбірі  естілгендей 
болды.  Бұл  айналасына  құлақ  түріп,  дүбірдің  қайдан  шыққанын  пайымдап 
үлгіргенше,  әлгі  қиқу  күшейіп,  қарсыдағы  қоңыр  төбенің  арғы  қапталынан 
шоқтай  иірілген  жылқы  үйірі  де  көрініс  берді.  Екі  атты  кісі  жиырма-отыз 
қаралы жылқыны алдарына салып, жау тигендей тырқыратып қуып келеді. 

118 
Әдеби KZ 
Күж-күж  етіп  дүниені  көшіріп  жүрген  ана  бір  үйелмендей  үлкені  Отарқұл 
болар, сойылын иығынан асыра білеп - білеп алып, ұрымтал жерге келгенде 
әлдебір қылаң жылқыны сауырдан салып етеді. 
Мына сүркілдің тегін емес екенін сезген Ағыбай қиралаңдап орнынан тұрды 
да,  алдарынан  көлденеңдеп  қарсы  жүрді.  Бірақ  Отарқұл  мұны  елең  құрлы 
көрмей, жылқыны қуған күйі ауылдың тұсынан ағындап өте шықты да, едәуір 
жерге  барғанда  алдын  зорға  қайырды.  Ағыбай  енді  байқады.  Отарқұлдың 
манадан  бері  соңына  түсіп,  сойылдап  ұрып  жүргені  Қоянкөк  екен.  Есіл 
жануар - ай, қанша жәбір көріп, таяқ жеп жатса да, тайпалған жорғасынан бір 
танбайды  -  ау!  Жорғаның  жұп  -  жұмыр  сауырына  сойыл  соңғы  рет  сарт 
еткенде,  Ағыбай  өз  арқасына  тигендей,  айдалада  тұрып  қайқаң  ете  түсті. 
Алда,  мал  көрмегір  ит  -  ай!  Тілсіз  хайуанмен  осыншама  өштесетіндей  несі 
күйіп кетті екен? 
Қоянкөктің  жазығы  не  сонда?  Бар  жазығы  —  жорғалығы,  мына 
жылқылардың  бәрінен  өнері  асқандығы  ма?  Елден  ерек  жақсылығы,  асыл 
тектілігі  үшін  де  жазалайды  екен-ау  жан  иесін...  Отарқұлдың  жіберген 
жансызы  қырғыз  жайлауына  барып,  күдіктенер  ештеңе  таппай  қайтып  еді, 
әлде  мынау  соның  қысасы  ма?  Қап,  таяу  маңда  міне  қоятын  аттың  да 
болмағанын қарашы! Астында аты болса, дүние күйіп кетсе де айқаса кетіп, 
нойыс немені қақ басқа қамшымен тартар еді, шіркін! 
Отарқұл  Қоянкөктің  соңына  түсіп,  біразға  дейін  айналдыра  қуып  жүрді  де, 
әбден  сілесі  қатып  шаршағанда  ғана  ауылға  беттеді.  Бүйірлерін  қағып, 
көздері  шатынап,  елеуреп  алған  топ  жылқы  бұрынғы  биебаудың  орнына 
келіп  зорға  байырқалады.  Ауылдың  қатын-қалаш,  бала-шағасына  дейін 
үрпиісіп далада тұрған. Онсыз да қара бұжыр бет әлпеті өрт өшірген кісідей 
түтігіп  кеткен  Отарқұл  сойылын  ердің  қасына  көлденең  салған  күйі,  есік 
алдына таман келді де, Ағыбайға дүрсе қоя берді. 

119 
Әдеби KZ 
—  Ей,  қақпас,  көрден  шыққан  аруақтай  неге  тұрсың  сүмірейіп?  Жан  керек 
болса жақында бері таман! 
Мәселенің  мәнісіне  әлі  де  түсіне  қоймаған  Ағыбай  аяғын  санап  басып, 
қасына жақындады. 
Бас жылқышының үскіні қатты: 
—  Сен,  қу  қақбас,  өзіңнің  не  істегеніңді  білесің  бе,  ә?  Тұрған  жеріңде 
сойылмен бір-ақ ұрып қатыра салайын ба, осы?—деді ат үстінен айбат шегіп. 
— Иә, не істеппін? Тым құрыса айтын өлтірсейші, жарықтығым. 
—  Түк  білмегенсіп  мекерсуін!  Мемлекет  малына  астыртын  қастық 
ұйымдастырып қойып, үйіңде өтірік ауырып жатырсың бүркеніп... Бұдан ары 
не істейін деп едің? 
— Не боп қалды? Мал аман ба өзі?.. 
—  Аман  болушы  ма  еді?  Жау  шапты  жылқыға...  Жау  шаппаса,  айғыр  шауып 
кетті!  —  Отарқұл  көзіне  қан  толып,  құтырына  айқайлады.  —  Кәне,  жауап 
берші:  Әлдеқайдан  тауып  әкелген  сүмелек  айғырыңды  жылқыға  қосуға  кім 
рұқсат  етті  саған?  Жаныңды  баға  алмай  жүpiп  айғыр  ұстаған  не  теңің  ей, 
сенің?!  Оның  бір  дәрігердің  қарауынан  өткен,  тізімдегі  мал  болса  екен-ау. 
Бәлкім,  ауыруы  бар  неме  шығар,  оны  қайдан  білеміз?..  Ал  сенің  мәстегің 
өзінше  сәуірік  болып,  барған  беті  қысырақтың  үйірін  шырқ  үйіріп  алған. 
Құдай  білсін,  үш-төрт  күннің  ішінде  қаншасына  шауып  үлгіргенін...  Бұрын 
тоқтаған биелердің құлынын ағызып жіберсе, нағыз масқара сонда болады. 
Айғайдың  неден  шыққанын  енді  ғана  пайымдаған  Ағыбай  сәл  кеңіп 
қалғандай болды. 
—  Қысырақтың  үйірі  айғыр  қабылдап  жатса,  онда  күйігінің  басылмағаны. 
Мал  адам  емес  —  біріне-бірі  зорлық  жасамайды.  Қоянкөк  асыл  тұқымды 

120 
Әдеби KZ 
айғырлардың шала қалған шаруасын өтесе, оның несі жаман? — деді мұртын 
бүлк еткізіп. — Дүниеге құлын келеді. 
Және жай құлын емес, жорға құлындар туады. Пернебек екеулерің жорғаны 
жек көрмейсіңдер ғой, одан неге қашып тұрсың? 
— Ей, мына шал шын айтып тұр ма? — Отарқұл атын тебініп жақындай түсті. 
—  Сен  өзің  асыл  тұқымды  бір  құлынның  қанша  тұратынын  білесің  бе? 
Шашың  жетпейді.  Түкірдім  сенің  мәстегіңе.  Жорға  дейді  ғой...  Бәлем,  мына 
тұрған байталдардың бірі ауырып, не болмаса келер жылы түсі бөлек құлын 
тауып  көрсін,  сонда  сөйлесемін  сенімен!—деп,  қалтасынан  бір  парақ  қағаз 
суырды.  —  Міне,  акт  жасадық.  Жылқышылар  түгел  куәлікке  жүріп,  қол 
қойды.  Мұнда  сенің  айғырыңның  қай  биеге  қашан  жанасқаны  түр-түсімен 
түгел жазылған. Менің де басым екеу емес, осы қазір жеткізем Орталыққа!.. 
Әзірге айтарым, ана азбаныңа не бол. Арқандап қоясың ба, байлап бағасың 
ба, жұмысым жоқ. 
Тек жылқыға жоламасын... Ойға түскен соң, сенің өзіңнен де, айғырыңнан да 
құтыламыз, құдай бұйырса. 
Ағыбай  үндеген  жоқ,  бұрылды  да  жүре  берді.  Дәл  қазір  Отарқұлмен 
тәжікелесіп жатудан мән шықпайтынын білді. Ат дорбасын апарып, Қоянкөкті 
ұстап  алды  да,  белдеуіне  әкеліп  байлап  қойды.  Денеңнің  сауырына,  екі 
қапталына тиген сойылдан айғыз-айғыз із қалыпты. Қолын сыңғыр - ай, дәті 
барып  қалай  ғана  ұрды  екен?!  Мал  төркініне  обал  болады  деп  ойламай  ма 
екен,  шіркіндер?  Осындай  тас  жүрек,  қатыгез  адамдарды  төрт  түліктің 
маңына  неге  жібереді  екен?  Өзінің  сөз  естігенін  қойшы,  хайуанға  обал  ғой. 
Өз  басы  бұл  сияқты  қорлау  мен  кемсітудің  талайын  көріп,  әбден  еті  өліп 
кеткен.  «Әлі  жетпеген  ақыретшіл»,  ақымақтың  өзі  кім,  сөзі  кім  деп,  іштен 

121 
Әдеби KZ 
тынып қоя салатын-ды. Енді ойлап отырса, бұлар мұны сүйеніші, үрім-бұтағы 
жоқ, қубас шал деп басынады екен ғой. 
Соңынан ерген тұяғы — Айдары тірі тұрса, бүйтіп кім көрінгеннен сөз естір ме 
еді?! 
Ағыбайдың  қай  -  қайдағы  қасіреті  қозғалып,  көңілі  лайланды  да  кетті. 
Қоянкөктен  кешірім  сұрағандай,  мойнынан  құшақтап,  еңкілдеп  жылап 
жіберді: «Жануарым - ай, сені мал қадірін білмейтін өңкей кещенің ортасына 
әкеліп,  әбден  қор  еттім  -  ау!—деді  денеңнің  жалын  құшып  тұрып.  —  Сенің 
бұрынғы  иеңдей  бола  алмадым-ау.  Төреқұлдың  тырнағына  да  тұрмаймын 
ғой  мен  бейбақ...  Жорғаға  мініп  жүру  үшін  де,  мықты  тақым,  дүмді  құйрық 
керек  екенін  мен  байғұс  ойлаппын  ба?!  Сені  әлпештеп  күту  былай  тұрсын, 
арашашы  болуға  да  жарамай,  көзіне  көк  шыбын  үймелететін  болдым  -  ау, 
жануарым!» 
Осы  сәтте  оның  басына:  «Қоянкөктің  обалына  қалмай,  ауыл  арасы  жақын 
отырғанда,  Төреқұлға  қайтарып  берсем  қайтеді»  деген  бір  ой  қылт  ете 
қалған.  Бірақ  ол  ойынан  тез  қайтты.  Олай  етуге  елдік,  азаматтық  намысы 
жібермеді. Қанша айтқанмен, қазақтың қарт жылқышысы Ағыбай деген аты 
бар. Ауылға келген бір тайға ие бола алмаса, ел - жұрттан ұят емес пе?! 
 
 

122 
Әдеби KZ 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет