V
Таңертең орнынан тұрып далаға шықса, Ерқанат мұның тұсаулы жүрген атын
әкеліп, алдына көк жоңышқа салып, байлап қойыпты. Енді ер-тоқымын
реттеп, қоржын - қолаңын шығарып, әлекке түсіп жүр. Оның да өз есебі бар -
тұғын. Бүгін қалайда атасымен бірге жайлауға кетпек. Кешеден бері
Ағыбайдың қасынан екі елі шықпай, «мамамнан мені сұрап ал» деп, дүркін-
дүркін құлағына сыбырлап жүргені де сол еді. Ағыбай оған келісімін беріп те
қойған. «Мектепке барғанға дейін Күлайшаға ермек болып, қасыңызда
жүрсін» деп ойлаған ішінен. Оның үстіне, басқа балалардан гөрі осы
Ерқанатқа бүйрегінің бұрып тұратыны тағы бар. Жеті жасқа толғанша,
бұлардың бауырында жүрген баланы Қайынжамал бертінде, оқуға баратын
жылы ғана қайтып алған-ды. Бірақ сол артықшылығын Ерқанат әлі күнге
дейін ұмытпайды. Өз үйінен әлдеқалай қысым көре қалса, «мен атамның
баласымын» деп, айқұлақтанып шыға келетін-ді. Несін айтасың, кешеден
бері тіпті дәрежесі өсіп, атасының қасында әбден саңмүйізденіп алып еді.
Алайда, таңертеңгі шай үстінде жағдай күрт өзгеріп кете жаздады.
Қайынжамал Ерқанаттың атасымен бірге жайлауға баратыны туралы әңгімені
сүлесоқ тыңдап отырды да, ойламаған жерден мүлде басқа ұсыныс жасады.
— Ерқанатты қайтесіз, көке? Ол осында қалып, азын-аулақ малға ие болсын.
Одан да жайлауға мына Ержанды ертіп, кетіңіз. Түрін көрдіңіз ғой, құлағынан
күн көрінгендей...
Мұнда ыстыққа қамалып жатқанша, салқында біраз күн қымыз ішіп, тынығып
қайтсын , — деген, үлкен ұлының жүдеу жүзіне барлай көз жіберіп.
— Е, мейлі, барам десе бұл да барсын, — деді Ағыбай құлықсыздау тіл қатып.
Өзі іштей ойланып қалды. Қиқар жиенімен онда барғанда тіл табыса ала ма,
жоқ па?
63
Әдеби KZ
Орталықтан алыс дегенің болмаса, онда да Әбікейдің дүкені иек астында тиіп
тұр.
Қайтадан бөтелкеге үйірлесіп, бірдеңені бүлдіріп алып жүре ме, кім білсін?
Оның үстіне Ерқанатқа берген уәдесі бар... Қарттың назары сол сәт дөңгелек
столдың қарсы бетіндегі Ерқанатқа түскен. Алда айналайын - ай, ол да қара
көзі бал - бұл жанып, атам не айтар екен дегендей, мөлдіреп қарап отыр
екен. Соны көрген Ағыбай ерленіп кетті:
— Несі бар, жайлауға осының екеуі де барып қайтсын, — деді бұл жолы нық
сенімді үнмен. — «Ерқанатымды сағындым» деп апасы да қоңқылдап
отырған, қара домалағын иіскеп, ол да бір мәз боп қалсын, — деп емен -
жарқын кеңкілдеп күліп алды. — Көлік жағынан қорықпаңдар, ферманың
қорасында бір үйір жылқы қамаулы тұр. Соның жуастауын ұстап мінесіңдер
де, тарта бересіңдер.
Қайынжамал қарсылық білдірген жоқ. Оның есесіне: «Қазір уақытым жоқ,
совхоз орталығында істейтін көп шаруаларым бар» деп, Ержан біраз кергіді.
Ақыры бірге кетуге ол да келісті. Тек бір ғана шарты бар, жол жүрер алдында
осындағы шаруашылық басшыларымен сөйлесіп, бір мәселенің басын ашып
алуы керек.
— Мейлің, бірақ көп күттірме. Түстен қалмай жүріп кетейік, — деді Ағыбай.
Шайдан кейін өзі де атына мініп кеңсе жаққа қарай бет түзеген. Кемпірімен
екеуінің жайлауға шыққалы жиналып қалған пенсиясы бар, соны ала кетпек.
Берсе соңғы айлардың жалақысын да қақтырып алмақшы. Сол оймен,
«Көктөбенің» орталығындағы жалғыз көшені өрлеп отырып, жол-жөнекей
жолыққан таныс-білістерімен сәлемдесіп, кейбіреуімен насыбай атысып
дегендей, асықпай аяңдап кеңсеге келді. Айналасын тал - теректер қоршаған
64
Әдеби KZ
екі қабатты үйдің есігін көптен ашып отырғаны осы. Атын даладағы
ағаштардың біріне байлап, қамшысын сүйретіп ішке кірді.
Өзі ойлағанындай емес, Ағыбайдың шаруасы тіпті тез бітті. Пенсиясы да әзір
екен. Алыс жайлаудан келдім деген соң, бухгалтерлер де көп кергімей,
жалақысын да қолма - қол жазып берді... Енді Ержанды күтуі керек. Ол
жаңағы бір әзірде бергі жақтағы кіші бастықтарға бөгелмей, тұп-тура
директордың өзіне кіріп кеткен. Содан, не сөйлесіп жатқанын кім білсін, ет
асым уақыт болды, әлі шыққан жоқ. Мінезі шәлкем-шалыс, тым қиын бала
еді, біреулермен керісіп, жанжалдасып жатпаса болғаны.
Ағыбай аулаға шығып, алма ағаштың көлеңкесіндегі бос орындыққа келіп
жайғасты.
Кеңсе маңында топырлап жүрген бейсауат ешкім көрінбейді. Тек анда-санда
шофер ма, механизатор ма, киімдеріне май сіңген бейтаныс біреулер кіріп
шығады. «Дегенмен мына оқыған басшылар жұртты тәртіпке салып-ақ
тастаған екен, — деп ойлады ол, совхоздың ыстыққа қақталып мелшиіп
тұрған жым-жырт үйіне көз жіберіп. — Өздеріне кеңсені де қатырып салып
алған екен. Ана жылдары осы ауылдың жұмыскер қауымы да, кемпір - шалы,
қатын - қалашы да кеңсенің маңынан шықпай, басшыларға мұң - мұқтажын
айтып, шүпірлеп, қайнап жатушы еді, қазір соның бірі жоқ, пышақ кескендей
тыйылыпты.
Қаладағы секілді, мұнда да тәртіп орнай бастаған екен... Қазір басшылар
арнайы қабылдайтын күндері болмаса, басқа уақытта маңайына да
жолатпайды».
Ал Ағыбайдың тұрған бойы осы. Қайсыбіреулерше кеңсенің табалдырығын
тоздыру, бастықтарды жағалап, үйір - шүйір болу — әу бастан әдетінде жоқ.
Бұрын алыс жайылымда жүргенде, директорға кіріп, жылқының жайы
65
Әдеби KZ
туралы өз ойын ортаға салып, бір сөйлессем - ау деп армандаушы еді, жеме-
жемге келгенде одан да айнып қалды.
Өйткені бүгін директордың қабылдамайтын күні екен. Қазір бұрынғыдай
емес, қалыптасқан тәртіп бар. Директорға жеткенге дейін екі арада қанша
басқыш жатыр?! Бұл егер бірер мұқтажы, не ұсынысы болса, алдымен бас
жылқышы Отарқұлға айтуы керек.
Отарқұл ферма бастығы Пернебекке жеткізеді. Пернебек келіп директормен
ақылдасатын болар. Қайда - а, арада талай өткел бар. Солардың бәрінің
басынан аттап, әй-шәй жоқ кіріп барғанда, ол мұны тыңдаса жақсы,
тыңдамай: «Малды иен тастап, сен мұнда не қып жүрсің?» деп өзіне дүрсе
қоя берсе, не істемек? Қой, аш құлақтан тыш құлақ. Мезгілсіз шақырған
тауықтай, өйтіп сүйкімін кетіргенше, қақ - соқсыз тыныш жүргеннің өзі
жақсы?!
Ағыбай отырған орындықтың қарсы бетінде совхоздың өндірістік
міндеттемесін сыпаттайтын неше алуан суреттер, диаграммалар, цифрлар
сызылған тақталар ілінген екен, уақыт өткізу үшін, соларды ежіктеп оқи
бастады. Бір тақтаның бас жағына сиырдың, қойдың, жылқының, тауықтың
суреттерін салып, аяқ жағына сол түліктердің әрқайсысынан қаншадан төл
алынатыны ап - анық жазылыпты. Екінші бір тақтада жыл сайын мемлекетке
өткізілетін ет, сүт, жүн, жұмыртқа, астық мөлшері көрсетіліпті. Бәрі де тайға
таңба басқандай, сайрап тұр. «Осылар қошқардың белінен саулықтың
құрсағына да түсіп үлгермеген қозыны, биенің жатырында жатқан құлынды,
сиырдың ішіндегі бұзау мен желініндегі сүтті күні бұрын қалай есептейді
екен?!—деп таңданды Ағыбай басын шайқап. — Есепке жүйрік оқымыстылар
көп - ақ, бірақ сол малды шын сүйетін, мән-жайын білетін адамдар азайып
барады. Осылар ақыры есептейтін болған соң, қыста түсетін қардың, жазда
66
Әдеби KZ
жауатын жаңбырдың, көктемде шығатын шөптің де есебін шығарса ғой,
шіркін!».
Үшінші бір тақтаға озат шопан, озат сауыншы, озат жылқышы, озат
тракторшылардың суретін қаз - қатар жапсырып қойыпты. Әлде суретке
түскенде адамның түрі өзгеріп кете ме, біразын шырамытып танығанмен,
енді бір қатарын тани алмады. Көзіне жылы ұшырағаны — ортадағы тізбектің
бірінде бас жылқышы Отарқұлдың бейнесі қылаң береді. Неменеге жетісіп
тұрды екен, қасқа тісін ақсита күліп түсіпті...
Қасына келіп қақырынған біреуге қараса, мана ақша алатын қағазына қол
қойып берген бас бухгалтер екен. Темекісін үсті-үстіне сорып, түтінін
будақтатқан күйі қарсы беттегі орындықтардың біріне тізе бүкті. Осыдан он
шақты жыл бұрын бұл ауылға алғаш келгенде, қылшылдаған жас жігіт сияқты
еді, мұның да самайына қыpay ілініпті. Өне бойы қағазға үңілгеннен жанары
талған болар, көзілдіріктің ершігі батқан танауының үстін, көзінің алдын
анталай береді.
— Оу, шал, мұнда не қып отырсың? Ақшаңды әлі алған жоқсың ба? — деді
бұған енді ғана назар аударып. «Шал» дегенге шамданып қалған Ағыбай
жауап беруге асықпады. «Шалқаңнан түскірдің шал - шал деп шалқақтауын...
Ақсақал немесе отағасы десе, аузы қисайып кете ме екен?»
— Жайлауға кетем деп, жаңа жан алқымнан алып асықтырып едің, алдаған
екенсің ғой.
Тұра тұр, шалым, алдыма тағы бір келерсің!
— Е, сені алдап не көрініпті. Қазір жүрем. Атым, әне, ағашта байлаулы тұр.
Біреуді күтіп отырмын, — деді Ағыбай онымен тәжікелесіп жатқысы келмей.
— Солай де... Өзің баюдың жолына әбден түсіп алған шалсың - ау, сірә?!
67
Әдеби KZ
— Қалайша?
— Пенсия былай... Жылқы баққаның үшін жалақыны былай аласың.
— Қайтеміз енді, үйренген кәсіп...
— Биыл жүз биеден қанша құлын қараттың?
— Бұйырғанын алдық қой.
— Как, так бұйырғаны? Алған құлыныңның санын білмейсің бе?
— Бәрі өздерінде жазулы тұр емес пе... Жүзіне тоқсан екіден айналды десіп
жүр ғой жігіттер.
— О - о, манадан бері осылай демейсің бе. Ендеше сол табысыңды ауыз
толтырып айтудың орнына неменеге күмілжіп отырсың?
Ағыбай үндемеді. Бір бұл емес, өмір бойы жылқы бағып жүріп: «Мен жүз
биеден пәлен құлын алам» деп кеуде қағып көріп пе екен. Онысы есеп
білмегендіктен емес, туатын малдың жатырындағы төлді санап, күні бұрын
тықақтағанды өз басы ұнатпайды.
Көктемде шаруаның бір тұяғы екеу болатыны былай да белгілі. Оның өзі —
ұлы қуаныш, табиғат мерекесі. Көңілге үміт ұялатып, іште жатқан сол құпия
қуанышты көрінгенге жар салып айта беру — күпірлік, мал киесін
сыйламағандық деп біледі. Мыңдаған жылдар мал баққан ата қазақтың
Ағыбай бойында сақталып қалған бір мінезі осы. Жиналыстарда жұрт төл
алудан міндеттеме қабылдап, бірінен бірі асып түсіп жатқанда, бұл өзінен-өзі
қысылып, «бұйырғаны болады да» деп күмілжіп отырғаны. Ал тіпті
сөйлемесіне қоймай, қағаз - қаламын жалаңдатып отырып алғандарға
«маған сеніңдер, жігіттер. Құлынды табатын мен емес, жылқының өзі ғой.
Қарауымдағы биелер қанша құлын туса, соның бірде-бірін шығынға
ұшыратпай, не бүгіп қалмай, өздеріне санап берейін» деп құтылатын
68
Әдеби KZ
- ды. Кейін Ағыбайдың мінезін білетіндер міндеттемені оның өзінен сұрап
әуре болмай - ақ, ең жоғары деген көрсеткішті сыртынан жаза салатын - ды.
Ал жеме-жемге келгенде, Ағыбайдың алған құлыны басқалардан асып
түспесе, кем қалып көрген жоқ. Тіпті біреулердің өсірген құлыны мөлшерлі
межеге жетпей қысылып тұрса, ондайлар сан рет кездесті ғой, өзінің артық
құлынын ауыстырып жазуға да бұл таршылық еткен емес.
Ағыбайға керегі жылқының өзі, биелердің аман құлындауы ғана. Ал есеп -
қисап дегенге бәлендей мәні бар нәрсе деп қарамайтын.
— Еңбек еткен екенсің, оның нәтижесін жұрт алдында жарқыратып көрсете
білу керек, — деді бухгалтер жігіт мұның ойын оқып қойғандай. — Ал, сіз
болсаңыз алған құлыныңыздың санын да айтып бере алмайсыз... Әлі күнге
дейін ел аузына ілінбей, елеусіз қалып жүргеніңіз де, осы қылығыңыздан ғой,
ақсақал. «Е, бәсе, мынаның сөзі енді түзелді, — деп ойлады Ағыбай. «Адам
сөйлескенше, жылқы кісінескенше» деген осы - ay. Дегенмен, өзі сөз
түсінетін тәуір жігіт тәрізді...»
— Сол, есеп - қисап жағын дұрыстауға өздерің отырған жоқсыңдар ма, балам
- ау, — деді ол насыбай шақшасына қолын созып. — Біздің міндетіміз —
еңбек ету, малды бағып-қағу.
Ал, есеп жүргізіп, еңбекті бағалау — сендердің жұмыстарын.
— Ол айтқаныңыз дұрыс қой. Дегенмен бұл заманда, әр малшының өз есебі
болу керек, — деді бухгалтер. — Осында жүздеген шопан, ондаған жылқышы
бар Қайсысын қадағалап отырасың? Қазір бір шопандар шыға бастады.
Есепке келгенде өзіңді жаңылдырады... Олардың уайымы мал емес, күндіз -
түні ойлайтыны — есеп-қисап.
— Сол есеп жағына мен шорқақпын, шырағым, — деді Ағыбай, манағыдай
емес, бухгалтерге іштарта сөйлеп. — Елу жылдан бері менің қанша жылқы
69
Әдеби KZ
бағып, қанша құлын есіргенім осы сендердің кіналарыңда жатыр, құдай
біледі. Ерінбесең соны бір есептеп, шотқа қағып берсең қайтеді?
— Несі бар, есептеп шығаруға болады, — деді бухгалтер жігітте түсін
жылытып. — Тек ақысына бір құлын төлесеңіз болғаны... Күзге қарай маған
бір соғыңыз, бүкіл еңбегіңізді хатқа түсіріп, машинкаға басып, қолыңызға
ұстатайын. Сонан соң, аз-кем үнсіз отырды да, сөзін онан ары жалғады. —
Менікі жай қалжың ғой, ақысыз - ақ есептеп берейін. Нағыз енбек адамы
деп—мына сіздерді айтса болады. Табан ет, маңдай терлеріңіз... Осы
сіздердің алғандарыңыз адал. Мәселен, мен сізге айтайын, осында бір жалаң
аяқ суретші жүр. Сол сүмелек не істеді дейсіз ғой? Кеңсе мен клубтың
айналасын көркемдеп бермекші болып, жаңа ғана біздің директормен үш
мың сомға шартқа отырды. Тіпті бес мыңнан төмендегісі келмей, шіренетінін
қайтерсің. Олар үшін не, тәйірі, бас-аяғы бір - ай айлық жұмыс. Көріп отырсыз
ба, ақшаның қайда кетіп жатқанын?!
Ағыбай оның кім туралы айтып отырғанын түсінген жоқ, әйтеуір, сыпайылық
үшін бас изей салған. Осы мезетте есік алдына сары шашты қыз шығып,
бухгалтерді бастық шақырып жатқанын хабарлады. Жігіт орнынан тұрып,
ішке қарай бет алды.
— Сіздің фамилияңыз Жұмақанов қой? Ел жайлаудан түскен соң, маған соға
кетуді ұмытпаңыз, — деді ол мұның қасынан өтіп бара жатып.
— Рақмет, айналайын. Сау бол!—деді Ағыбай да разылық білдіріп. Бухгалтер
ішке кіріп кеткенше, көз жазбай қарап отырды.
Көп кешікпей есіктен Ержан көрінді. Өзі көңілді сияқты, сонадайдан ақсия
күліп келеді.
Сып-сида, ұзын аяқтарымен тайраңдай басып келді де, мұның, қасына сылқ
етіп отыра кетті.
70
Әдеби KZ
— Көп күтіп қалдың ба, нағашы?
— Иә, айналдың ғой... Директор бүгін ешкімді қабылдамайды деп еді, саған
не қып ықыласы түсті?
— Әй, қойшы соларды, — Ержан тыжырынып қолын сермеді. — Өнерден
титтей хабарлары жоқ, дүниенің бәрін трактормен жер қопарғандай, оп-оңай
деп есептейді.
Соларға мән-жайды түсіндіргенше, сілем қатып болды.
— Барған шаруаң бітті ме, әйтеуір?
— Бітті ғой... Басында екеуміз екі таудың басында тұрғандай едік, ақыры
жақындастық.
Сізді соншама зарықтырғаным үшін, айыптымын, нағашы. Сол айыбымның
өтеуіне мынаны алыңыз, — деп Ержан қалтасынан қаттауы бұзылмаған бір
бума бес теңгелікті шығарды да, Ағыбайдың қолына ұстата салды.
— Мынауың не, жаным - ау?
— Ақша ғой. Бес жүз сом... Жаман жиеніңіздің алғашқы табысы ғой, алыңыз.
Ал мынаны мамама апарып бергенім жөн шығар. Ол кісі де сіз сияқты, менің
мал табатыныма сенбейді деп, Ержан екінші қалтасынан бір бума он
сомдықты суырып алды да, қайтадан орнына салып қойды.
Ағыбай өз көзіне өзі сенбей, қолындағы ақшаға бір, қасындағы жиеніне бір
қарай береді.
— Немене, сенбей отырсыз ба, нағашы? Күнкөріс жағына уайымдамаңыз
деп, кеше айтпадым ба. өзіңізге... Сенбесеңіз, барып сұраңыз, мен
мыналарға әр түрлі сызу сызып, жазу жазып бермек болып, шартқа отырдым.
Мынау — аванс, жартысы ғана.
71
Әдеби KZ
Ағыбайдың миына енді ғана бірдеме кірейін деді. Жаңағы бухгалтердің
«жалаң аяқ суретші» деп отырғаны осы Ержан болды ғой... Сонда бұлардың
қайсысы есектің миын жеген? Осынша соманы қорықпай қалтасына салып
алған Ержан ақымақ па? Әлде тентіреп жүрген көшедегі біреуге ақша ұстата
салған директордың есі ауысқан ба?
— Ал жүрейік, нағашы. Жайлауда жарты айдай ғана демаламын да, қайтып
келісімен осы жұмысқа кірісемін, — деді Ержан асықтырып.
Ағыбай қолындағы буманы олай-бұлай төңкеріп тағы біраз отырды. Түсінсе
бұйырмасын... Бұл ақша деген итті осылайша оп-оңай табуға да болады екен
- ау? Бір жігіттің жылдық табысын, мына жалбыр шаш жиені барды да, қас
пен көздің арасында қалтасына салып алып шықты... Бәсе, кеудесі тым
жоғары еді, өзінің өнеріне сеніп жүр екен ғой бұл да.
Ол ақшаны Ержанға қайырып берді.
— Мә, алда разы болсын, қарағым. Маған осы ниетіңнің өзі жетеді...
Алғашқы табысым деп отырсың ғой, шып - шырғасын шығармай, шешеңе
апарып бер.
Сәлден соң екеуі аттылы-жаяу аяңдап, сиыр базына қарай беттеп бара жатты.
72
Әдеби KZ
VI
Жайлау тірлігі де өзінің үйреншікті арнасымен баяу жылжып етіп жатты.
Ержан мен Ерқанат келгелі, Ағыбайдың ортайып қалған отбасы қайта толып,
көңілінің кем-кетігі уақытша болса да бүтінделгендей еді. Кемпірімен екеуі
сонша жыл бір үйде қалай шошайып отырғандары белгісіз. Бұрын
Күлайшамен тәулік бойы тіл қатыспайтын кездері бола беретін. Шынында да,
елу жыл отасқан ерлі-зайыптының арасында нендей сөз болуы мүмкін?
Әңгіменің бәрі айтылып біткен, сарқылған. Тіпті бір-біріне әбден үйреніп,
сыралғы боп кеткені соншалық, үй ішінің ұсақ-түйек шаруасына сөз шығын
қылмай, қас – қабақпен - ақ ұғыса беретін. Кемпіріне оқта - текте ғана тіл
қатады, Онда да көкірегіне жиналған запыранды төгу керек болғанда,
күшаладай божып тұрған ашуы кемерінен асып кеткенде, басқаға соқтыға
алмай, Күлайша байғұсқа дүрсе қоя беретіні бар. Кемпірі де соны түсінетін
тәрізді, шалының артық ауыс сөзін кек көрмей, тап бір соның өзі қажет
нәрседей-ақ, үн-түнсіз тыңдай береді.
Жиендері келгелі кемпір-шалдың бұйығы тірлігі күрт өзгеріп кетті. От басы
қаңғыр - құңғыр әңгімеге толып, бейне арт жақтан бір тайпа ел көшіп
келгендей, дүние көңілденіп сала берді. Балалар келген күннің ертеңінде
Ағыбай бір малын сойып, жылқышыларды түгел шақырған-ды. Содан бері
көршілердің де қас - қабағы түзеліп, жаңа бір жылы шырайлы қатынас орнай
бастаған.
Ағыбай, әсіресе, Ерқанатты ала келгеніне дән разы. Сол келгелі қолқанатқа
жарып, мойны босап қалды.
Баланың сүйек бітімі, мінез-құлқы түп-түгел нағашыларына — Жұмахан
әулетіне тартқан.
Атқұмарлығы, жылқы десе жанын үзіп тұратыны — аумаған Ағыбайдың өзі.
Таңертең ерте тұрып, сауын биелерді жиып келетін де, күн бойы апасына бие
73
Әдеби KZ
сауғызатын да — сол Ерқанат. Үй маңынан ұзамайтын ақсақ құлынның да
күтімі соның мойнында. Ертелі-кеш сүтін берін, аузына жем тосып, бәйек
болып жүргені. Соны көргенде Ағыбайдың ет - бауыры елжірейді. Бөтен
біреудің баласы болса, айдаладағы кемпір-шалға бүйтіп желімдей жабысар
ма еді. Қанша дегенмен өз қаны, өз ұрпағы... «Ерқанатымның жаны жайсаң,
жүрегі тым мейірімді. Көр де тұр, осыдан түбі жылқышы шығады» деп те
қояды Ағыбай баланың қылығына көңілі толып. Егер Қайынжамал қарсылық
етпесе, Ерқанаттың бұдан кейінгі тәрбиесін қолыма алып, өзім баулысам деп
те армандайды. Әсілі, жөн білетін Жұмахан әулеті осы төрт түлік малдың
төңірегінен ұзамауы керек қой. Өйткені бұлардың маңдайларына жазылған
тағдырдың бұйрығы солай. Ал тағдыр тау өзені тәрізді, қарсы жүзуге
келтірмейді. Тағдырға қарсы жүзем деп талпынған мұнын ұлы Айдар не
тапты? Жеті атасы түгел жылқышы бола тұра, көк темірді таңдады. Темірден
не шығады деп ойлады екен? Не сойып жейтін еті жоқ, не сауып ішер сүті
жоқ... Ақыры сол Айдар да өз түбіне жетіп тынған жоқ па?!
Жайлаудың бір қалыпты тыныш тірлігі, дертке дауа салқын ауасы, Ержанның
денсаулығына да майдай жағатын түрі бар. Жас жігіт алғашқы екі-үш күнде
мезгіл - мезгіл қымызға қанып алып, күндіз-түні ұйқыдан бас көтермеген. Тек
төртінші күн дегенде бетінің ұшында қан ойнап, сәл қанталап тұратын көз
жанары тазарып, құр аттай сілкініп түрегелді.
— Нағашы, мен сіздің өмір бойы мал соңынан қалмай, неге көшіп - қонып
жүретініңізді енді түсіндім, — деді ол таңертеңгі шай үстінде. — Жарықтық
аталарымыз өмір сүруді білген екен ғой... Мына тып-тыныш көгілдір
тауларға, кең сахараға үйренген адам басқа жерге көндікпей, құсадан өліп
кетуі де мүмкін ғой. Ал енді мына киіз үй дегеніңіз — нағыз ғажайыптың өзі!
Шіркін, әу баста өзін қандай данышпан ойлап тапты екен?! Тұла бойы түгел
74
Әдеби KZ
дем алып тұратын, қалаған уақытта жинап, қалаған уақытта қондыра салатын
бұдан ыңғайлы баспананы іздеп табудың өзі қиын шығар.
— Олай болса, жылқылы ауылда қалсайшы. Мен болсам қартайдым,
құрығыма ие болатын да бір кісі керек, — деді Ағыбай мұртының астынан
күліп қойып.
— Ондай уәде бере алмаймын, нағашы. Жылқы бағу да қолымнан келмес, —
деді Ержан.—Дегенмен, тағдыр мені бұл жаққа он бастап келді ғой деп
отырмын. Амандық болса, түбі жайлау тақырыбына бүкіл бір цикл жазатын
шығармын. Жаман жиеніңіздің кім екенін сонда көресіз әлі...
Тілінің тіркістігі, мінезінің шәлкестігі болмаса, Ержанның өзі былайша ақ
жарқын, жайдары бала екен. Ертелі-кеш әр түрлі күлдіргі әңгімелер айтып,
Ағыбай мен Күлайшаның езуін жиғызбайды. Жатырқап жатсыну жоқ,
тілдескен адамының іші - бауырына еніп, жылдам үйіріп әкетеді. Келген
күннің ертеңінде - ақ жылқышылар ауылын аралап шығып, үлкен-кішіні тегіс
аузына қаратып алған-ды. Қазір бәрімен ескі таныстарша сөйлеседі. Бір-екі
мәрте Ағыбаймен бірге атқа қонып, жылқы өрісіне де барып қайтты. Ерге
тақымы жабыспай өбектеңкіреп отырса да, әйтеуір атқа мінгеніне мәз.
Күлайшаның бие сауғаны, саумалды сабаға құйып ашытқаны, киіз үйдің
жасау-жабдығы, бәрі-бәрі ол үшін үлкен жаңалық. Фотоаппаратын
сыртылдатып жүріп, ауылдың төңірегін түгел суретке түсіріп болды. Кейде
ауыл сыртындағы тепсеңге жайғасып, алып альбомына әлденелерді
шимайлап сызып жатады.
Ағыбайдың бір қорқынышы — іргедегі Әбікейдің дүкені - тұғын. Көздің
жауын алатын көк ала шөлмектер жас жігіттің көңіліне құрт түсіріп, арпа
жеген аттай аңсатып жүре ме деп қауіптенген. Бір күні кешке таман
Ержанның автолавка маңында Әбікеймен сөйлесіп тұрғанын көріп,
75
Әдеби KZ
қастарына қалай барып қалғанын өзі де аңғармапты. Ыңғайын тауып ық
жағына шығып байқап еді, танауына бетен иіс сезіле қоймады. Әзірше аман
сияқты, әйтеуір. Екеуі қаннен қаперсіз қаладағы доп жарысының қалай
өткенін әңгімелеп тұр.
Дегенмен Ағыбай сақтық жасап, түк шаруасы болмаса да, Әбікейден оны-
мұны сұраған боп, сол маңнан кете қоймады. Кейін екеуі үйге қайтып келе
жатқанда, Ержан жүрісін сәл баяулатты да.
— Сіз мені аңдып жүрсіз ғой, нағашы? Шыныңызды айтыңызшы, — деді
мұның бетіне күле қарап.
— Жоға... Оны кім айтты саған? Мен дүкеннен тұз алу үшін бардым ғой, —
деп Ағыбай сасқалақтап қалды.
— Бекер қауіптенесіз, нағашы. Жиеніңіз дәл сіз ойлағандай ақымақ емес.
Айттым - бітті, енді мені бұл жолдан ешкім де тайдыра алмайды. Мүйіз
шығатын болса, арақты да ішіп көрдік қой, енді бір басқан ізді қайта
шиырлағым келмейді. — Соны айтып Ағыбайдың, иығынан құшақтады да: —
менің қанымда да сізден ауысқан бірдеңе бар, қайсарлығым жетеді, — деп,
балаша жауырынынан қағып қойды.
Ағыбай ыңғайсызданып қалған. Жиені, шынында да, бұл ойлағандай тым
ессіз жігіт емес сияқты.
Сәске түстің кезі. Биенің кезекті сауымынан кейін Күлайша мен Ерқанат
шелектерін көтеріп үйге қарай кетті де, Ағыбай желі басында, көк шөпке
қисайған күйі қалып қойды.
Осының алдында ғана ішкен сәскелік қымыз тұла бойына шымыр-шымыр
тарап, кәрі денесін сорпа бүріккен терідей балбырата түскен. Мұндайда
ұйықтап алса да теріс болмас еді. Айнала жым-жырт тыныштық. Оқта-текте
76
Әдеби KZ
үйездеген жылқының бүгелектеп пысқырғаны ғана естіледі. Сонау бір
шырқау биікте қанатын анда-санда бір толғап қойып, жалқы қыран қалықтап
жүр... Ағыбай біраздан кейін оң жамбасына аунап түсіп, желідегі құлындарға
қарап жатты. Биебаудың асты тозып, топырағы шығып қазылып бара жатқан
соң, бүгін таңертең желіні басқа жерге ауыстырып қағып еді. Көк шөптің
үстіне қоныс аударғанға құлындар да сергіп қалғандай.
Бір мезгілде аяқ дыбысы шыққан соң, бұрылып қараса, үй жақтан асай-
мүсейін көтеріп, Ержан келе жатыр екен. Мойнында фотоаппараты, жималы
қобдишасы, тағы бірдеңелері бар. Ағыбайдың қасына келіп, жамбастап
отыра кетті де, темекі тұтатты.
Сонау жалама жартастың үстіне шықса, Көксаланың төменгі аңғары түгел
көрінеді. Сол биікте отырып, сурет салып қайтпақ. Бұл жерде түбегейлі
ештеңе бітіре алмас. Бірақ эскизін түсіріп алса да үлкен олжа.
— Жайлауға бұдан ертерек, баяғыда оқу бітіре салысымен-ақ келуім керек
екен, — деді ол темекісін құшырлана сорып қойып. — Байқайсыз ба, жер
бедері жылдан-жылға тозып барады. Менің бала күнде көргендерімнің бірі
жоқ қазір. Енді біраз жылдан кейін осы көріністің өзіне зар болуымыз да
мүмкін ғой. Сондықтан жайлаудың әсем көріністерін шама жеткенше қағазға
түсіріп қалу керек. Кім біледі бұл тауларға да егін салынар.
Біреулер таулы жерде тез пісетін дақылдарды ойлап табар... Айтпақшы,
Құлынсазды жыртып тастапты ғой. Сол жердің не майлы бояумен салынған
суреті, не кинолентасы қалмағаны өкінішті-ақ. Кейінгі ұрпақ Құлынсаздың
шын келбетін енді ешқашан көре алмайды.
Жас жігіт көкірегін көріктей керіп. терең күрсінді. Ағыбай қалтасын сипалап,
насыбайын іздей бастады. Бұрынғыдай емес, жиенінің айтқандары көңілге
қонатын сияқты.
77
Әдеби KZ
— Өнердің оның ішінде бейнелеу өнерінің басты міндеті — бір сәт болса да
уақытты кідірту, күні өтіп, келмеске кетіп бара жатқан көріністерді адамзат
жадында мәңгі қалдыру, — деді Ержан ойын онан ары сабақтап. — Нағыз
өнер туындысы көңілдегі мұңды қозғап, көкіректегі сағынышты оятуы керек.
Мәселен, сонау аспан төріндегі ақша бұлтқа қарасаңызшы, көңіліңді бір
жеңіл мұң торлайды. Неге? Өйткені енді бір сағаттан кейін әлгі бұлттың сол
жерде тұрмайтынын білесің. Мына киіз үйлер де солай... Киіз үйлер қашанда
өтмішті еске салады. Ана жайылып жатқан жылқылар, мына байлаулы тұрған
құлындар да адамның жанына соншалық жақын. Бәрі табиғи... Табиғаттың
бір бөлшегі. Тек табиғи дүниелер ғана адам көңіліндегі сағынышты оята
алады. Мәселен , мен самолеттің суретін салып қояйыншы: бір пенде
пысқырып қарамайды. Себебі, қолдан істелген жасанды нәрселер ешкімге
таңсық емес. Ал, мына желідегі құлындарды алсақ, оның әсері мүлде
басқаша. Бұл да көкіректен сағыныш құйынын туғызбай қоймайды.
Бәлкім, өтіп бара жатқан өмірдің бір белгісі ретінде, аяныш сезімін оятуы...
Бір сөзбен айтқанда, табиғаттың өзіне жетер суретші жоқ қой бұл әлемде.
Негізгі түпнұсқа — табиғат. Біз содан көшіріп алып қана күн көріп жүрміз.
Ол нағашы атасы біле жүрсін деді ме, немесе өзінің де байыбына кеш барып,
кейін ашқан жаңалықтарын қалайда біреумен бөлісуі керек болды ма, сәл
үнсіздіктен кейін өз өмірінің кейбір кезеңдерін баяндап кетті.
Ержан ауылда туып өскенмен, соңғы жылдары одан қол үзіп қалған, не
ауылдық болып қала алмай, не қалалық болып кете алмай, екі ортада әрі-
сәрі боп жүрген жастардың бірі екен. Сегіз класты бітірісімен қаладағы
суретшілер училищесіне барып оқуға түсті. Оны аяқтап шыққан соң,
пединституттың сурет факультетін бітірді... Оқып жүргенде қанша дегенмен
мойынға жүктелген жауапкершілік бар, студенттік өмір өз арнасынан шықпай
ел қатарлы дұрыс өткен сияқты еді. Оқуды қалай бітірді солай, үлкен
78
Әдеби KZ
қаланың шулы тіршілігі балаң жігітті жаңқадай іліп әкетті де, ес жыюға да
мұршасын келтірмей, өз ағысымен қақпақылдай жөнелді.
Жас жігіт тым ақ көңіл, әрі аңғырт еді. Оның бойында алғашқы кезде - ақ
дүниенің бәрін талантпен ұрып аламын деген бір желік пайда болды.
Абырой - атақ та, көл - көсір ақша да қол созым жерде, тым таяу тұрған
секілді еді... Институт бітірерде Қапшағай ГЭС - ін бейнелеген диплом
жұмысы аса үздік бағаланды. Арада бірер жыл өтпей-ақ, таңдаулы деген екі-
үш еңбегі жас суретшілердің көрмесіне қабылданды. Студент кезінен бастап -
ақ баспалардың кітап көркемдеу ісіне қатысып жүруші еді, сондай
жұмыстарының бірі бүкіл одақтық конкурста екінші бәйге алып кетті...
Осының бәрі кешегі ауыл баласының кеудесіне нан пісірмей қойсын ба,
болған-толған деген осы деп, бала қораздай мойын жүні үрпиіп шыға келген.
Басында қарлығаштың қанатындай қиылдырып, әдемі мұрт қойып жүрді де,
кейін әріптестерінен қалысқысы келмей, сақалды да жеткен жеріне дейін қоя
берді.
Қалта қалың, табыс мол, жұмыс жеңіл еді. Талантты адамның серілеу
болатын әдеті.
Талантты адамның төңірегіне жора - жолдастың көп жиналатын әдеті. Қыз -
қырқын, той - томалақ, кафе - ресторандарда өткен бас қосулар... Кейінгі үш-
төрт жылының қалай өтіп кеткені қазір тұман арасынан буалдырлау елес
береді... Пединституттағы оқытушылық қызметін тастап, киностудиясының
декоративтік бөлімінде жұмыс істеп жүргені есінде.
Мұның талантына табынушы алтын шашты, ақ құба қызбен тұрмыс құрғаны,
арада бір жыл өтпей ол әйелмен де ажырасып тынғаны есінде... Сонан
арғысының бәрі көрген түстей үзік-үзік бірдеңелер. Бұл кезде шөлмексіз
жүре алмайтындар іріктеліп те қалған - ды. Бұрынғыдай ресторан -
79
Әдеби KZ
кафелердегі ұлы дүрмек жоқ, бұлар енді жекелеген шеберханаларға, оңаша
үйлерге жиналып ішетін болған. Есінде қалғаны — қарасы бар, жирені бар,
ербеңдеген неше түрлі сақалдар... Көгілдір түтін, гу-гу әңгіме. Жолы болмай
жүрген жігіттердің өкпе - наласы, қыжыл - ызасы. Ертеңінде біреу қорғасын
құйып кеткендей көтертпейтін зілдей ауыр бас. Ол басты жазу, қайта
жадырау, қайта, масаю...
Осылайша көп қайталанған көріністер ғана жадында қалыпты.
Бертінде әлгі дырду да сейілді. Дырду сейілген жоқ - ау, олардан бұл шеттеп
қалды. Қара бұйра шашты сыпыртып, қара сақалды күзетіп, бірінші Алматы
жақта он бес күн канализацияға op қазып қайтқаннан кейін, көп кешікпей - ақ
қызметтен қуылды. Жора - жолдас та сиреп кетті. Ержан енді көшедегі
танымайтын біреулермен табақтас болып жүрді. Бұл енді нағыз
құлдыраудың басы еді. Не керек, содан өткен жылдың аяғында қала
сыртындағы емдеу орнынан бір-ақ шықты ғой, әйтеуір. Әрбір күні жылға
татитын алты айы еркелікке көнбейтін, еркіндіктің не екенін мықтап
ұғындыратын жағдайда өтті... Бір есептен, Ержан таланттың «балалық
ауруына» ертерек шалдығып, ертерек айыққанына да шүкіршілік етеді. Әлі
де бүлінген ештеңе жоқ, әлі де кеш емес сияқты. Биыл жасы жиырма жетіге
толады. Рас, жиырма жеті жасында кейбір ұлы ақындар мен ұлы суретшілер
өз ісін жасап болып, дүниеден көшіп те кеткен. Бірақ бұл ондай ұлылармен
таласпайды. Бұдан кейін өз атының басын дұрыс алып жүрсе де, аштан өліп,
көштен қалмайтыны анық...
Ағыбай оның айтқандарын түп-түгел түсіне алған жоқ, әрине. Бірақ ұзын-
ырғасын шамалағандай болды. Көзі жеткен бір нәрсе: жиені сау сиырдың
тезегі емес. Бойын буып тұрған бір бақсылық жын бар, өнер бар... Сол жын
мұның басын тауға да ұрғызған, тасқа да сүздірген. Жас жігіт аяғын шалыс
басып, бір рет оңбай сүрінген екен, оған таңданатын не бар? Ат сүрінбей жер
80
Әдеби KZ
танымайды. Тегінде жас адамның өмірге бейімделуі, — асау құнанға бас
білдіргенмен бірдей. Асаудың түбіңде қандай жылқы боп шығатыны — көп
ретте үйретушіден. Қартайғанша бас асауы қалмайтын алып қашпа, үркек пе,
әлде астынан ел көшіп жатса да былқ етпейтін жуан тұғыр жуас па, бәрі де
алғаш рет ер салып, үйреткен адамға байланысты.
Басына осындай ойлар келген Ағыбай, Ержан ұзап кеткеннен кейін де, сол
орнынан қозғалмай отырып қалды. Жаңағы әңгіменің әсері ме, жүрегінің
басы кілкіп, көңілін бір жеңіл мұң торлағандай болады. Ішер ас, киер киім
уайым емес қазір. Жұрттың бәрі - ақ бақуат, тоқшылықта тұрады. Бірақ, соған
қарамастан, өмір сүру неге сонша күрделіленіп, қиындап кетті өзі?
Адамдардың мінезі де, қарым-қатынасы да сондай қат - қабат...
Баяғыдай жағаңды кеңге салып, жайбарақат жүру жоқ қазір. Балаң шофер
болса, жол - жөнекей машинасы соғылысып қалды ма деп, қалада оқып
жүрсе, арақ ішіп бірдемеге ұрынып қалды ма деп, қыл үстінде қыпылдап
отырғаның... Жаңағы Ержан да сондай аранның аузына барып қайтқан бала
ғой. Қайта, шыңырау құздың шетіне барып тұрып, құламай аман қалғанын
айтсайшы.
Ол ауыр ойдан арылу үшін, оң жақ қапталдағы қоңыр төбеге, соның
баурайында сөредегі құрттай үйездеп жатқан қоралы қойға көз жіберді. Сірә,
сол қойдың иесі болар, бір мезгілде төбенің басына жалғыз салт атты
көтерілді. Үйіп қойған обадай төбесі көк тіреп, тіпті сорайып көрінеді. Кенет
әлгіге жер астынан шыға келгендей тағы біреу қосылды.
Көп кешікпей аттылар үшеу болды. Сырт пошымдары қымыз аңдыған
қыдырмашыларға ұқсамайды, өрісте тоқайласқан шопандар тәрізді.
Аттарынан түсіп, алқа - қотан жайғасып жатыр. Әлгі үшеуі қастарына сымпыс
құйрық құлаға мінген төртінші біреу келгенше, жайбарақат сөйлесіп отырды
81
Әдеби KZ
да, кенет төртеуі біріккен соң, бас түйістіріп, үйме-жүйме боп қалысты.
«Мыналар карта ойнауға кірісті ме екен, әлде шөлмектің аузын ашып жатыр
ма? — деп ойлады Ағыбай ішінен. — Әй, карта ойнап отырған болар,
қопаңдаған түрлері соған келіңкірейді... Бірақ қаншаға дейін шыдар дейсің,
қазір - ақ біреуі Әбікейдің дүкеніне қарай шаппаса, маған кел!»
Дәл солай болды да шықты. Арада бес-он минут өтті ме, өтпеді ме, лекілдек
торыға мінген жастау біреуі бері қарай тұра шапты. Ыратөмен құйындатқан
күйі тізгін ұшымен Әбікейдің үйіне келді де, ұмар - жұмар аттан түсіп, ішке
кіріп кетті. Көп бөгелген жоқ, плащының қалтасын томпайтып бірдеңелерді
салып алды да, асығыс атқа қонып, сапқының тасындай қайта зырлады.
«Қызталақ - ай... Шіркіннің жұмысының қысталаңы - ай!—деді Ағыбай
мұртының астынан жымия түсіп. — Бәтшағар басқа шаруаға да осылай
құлшынып тұрса ғой». Кеш батқанша төбедегі төртеу мен ауылдың арасына
бұл шабыс әлі талай қайталанатынын ол күні бұрын біліп отыр еді.
Есіне Отарқұл айтып жүретін, кейін осы төңірекке таралып кеткен бір әңгіме
оралды.
Пернебектің жылқы фермасына жаңадан бастық боп келген кезі. Алғашында
кім де болса айбатын сыртына салып, күшейіп келетін әдеті ғой. Пернебек те
солай келген. «Ойбай, қатал екен, бетіне жан келтіретін емес» десіп жүрді
осындағылар. Сондай сыр алыспаған алғашқы күндердің бірінде мал аралап
шыққан Пернебек жылқыда жүрген Отарқұлмен ұшыраса кетеді ғой, баяғы.
Күздің желемік, суық күндерінің бірі болса керек, бастық ат үстінде тұрып бас
жылқышыдан малдың жағдайын сұрап, нұсқау беріп дегендей бөгеліңкіреп
қалады. Бірақ, ең ғажабы, екеуі де бір орында тұрмай, бірін-бірі шыр көбелек
айнала беретін көрінеді. Отарқұлдың жағдайы өзіне белгілі, осының алдында
ғана қағып алған арақтың иісін сездірмеу үшін, үнемі ық жақта болғысы
82
Әдеби KZ
келеді. Ал ананың шыр айнала бергенін «бірдемені сезіп, әдейі бәле іздеп
тұр» деп онан арман шошынады.
Сөйтсе, Пернебектің жағдайы да бұдан артылып тұрмаса керек қой.
Жырынды Отарқұл соны сезе қойып:
— Басеке - ау, мен болсам ішкен арағымды сезіп қалмасын деп ықтай
беремін. Ал сіздің атыңыз делбе болған жылқыдай айнала беретіні несі? —
депті. Сонда Пернебек те шыдай алмай:
— Ит - ай, манадан бері осылай демейсің бе. Жүрегім жаңа орнына түсті
ғой!—деп қарқылдап күліп жіберсе керек.
Білетіндердің айтуына қарағанда, екеуі сол күннен бастап араларынан қыл
өтпейтін, қатты дос болып кеткен көрінеді...
Осы бір ащы суға бұл елдің неге сонша құмартып алғанын Ағыбай түсінбей-ақ
қойды.
Тақа бір денсаулығынан айрылған біреулері болмаса, қымыздан бұрын
араққа қарай жүгіреді. Шіркін-ай, алдарына тегене толы қымыз әкеліп
қойсаң, екі-үш кесесін ашырқанып әрең ішетінін қайтерсің. Баяғыда той-
томалақта, не қонақ шақырғанда, әр ауыл алдымен қымыздың қорын
молайту үшін жанталасушы еді. Қазір олай емес. Қазір үйіңе келген қонаққа
қой сойып бер, аузынан ақ майды ағызып қой, бәрібір, кебеженің түбінен
шөлмек шығармасаң, көңілдері көншімей, қоңылтақсып отырады. Тамақ
ішер алдында бірдемелерін ұмыт қалдырғандай, бірінің бетіне - бірі
жалтақтап қарайтынын қайтерсің. Ішімдіксіз әңгіменің де қиюы келмей
жатады. Қонақасыларда үй толы адам «үндемес» ойнағандай тым-тырыс
отырады да, іштеріне бір-екі жүз грамм барған соң ғана, араның ұясындай
гулеп қоя береді.
83
Әдеби KZ
Осының бәрін көріп - біле жүрсе де, Ағыбай әлі өз үйіне арақ енгізген жоқ.
Сараңдықтан емес, екі түрлі «қымызды» қатар ұстағысы келмегендіктен,
алда - жалда жас жылқышылар ретін тауып қолқалай қалса, «мә, өздерің
алып ішіңдер» деп ақша беріп құтылатыны бар.
Бұл жағынан Күлайша да өзіне бап қосылған. Ол байғұс та осы күнге дейін
ішімдікті татып алмақ түгіл, «малдың желіні шошынып жүрер» деп, арақтың
ыдысына да қол тигізбейді... Бірақ мұндай тақуалықтың да екі жағы бірдей
екен: біреуге ұнаса, біреуге ұнамайды. Арақ құймайтын үйдің қонағы да
азайып кете ме, қалай? Атқа мінер пысықтар да, жас маман жігіттер де
мұның белдеуіне ат басын тірей қоймайды. Өздерінің қона түстеніп,
демалып жататын үйлері бар. Ауданнан, облыстан келетін сыйлы қонақты да
белдеуінен ат кетпейтін сондай үйлерге таман жетелейді.
Мұндайда жыпырлаған қалың елдің ішінде отырып - ақ, Ағыбай өзінің
жалғыздығын сезінеді. Малшылар арасында қадірін білетін қатар - құрбысы
да тым сиреп қалған. Осы жалғыздық Күлайшаның да жанына батып іш құса
боп жүрген болар, сол күні кешке таман бәрі бас қосқанда, шалына бір
тамаша ұсыныс айтты.
— Жайлау да сары жұрт болуға айналды. Кешікпей балапан басына,
тұрымтай тұсына тарап - тарап кетеміз, ел іргесі алыстай түседі... Төреқұлдың
анада әдейі келіп, шақырып кеткені есіңде ме? Осы ауылда қамалып отыра
бергенше, мына балаларды ертіп, сол жаққа барып қайтпайсың ба? — деген-
ді.
Кемпірінің мына сөзін естігенде, Ағыбай қатты серпіліп, қуанып кетті:
— Алда, жазған басым - ай! Әнеугүннен бері не қып есіме келмеген?! Өне
бойы болмаса да, анда-санда сенің басыңның да осылай істеп кететіні бар -
ей, — деп, Күлайшаны да мақтап қойды. — Төреқұл биыл кіші баласына
84
Әдеби KZ
келіншек әперді. Шашуыңды, сый - сияпатыңды алып, сенің де барып
қайтқаның жөн болар. Бүгін - ертең қам жасап, бүрсігүндері, аттанып кетейік,
— деді дегбірі қалмай.
— Төреқұл деген кім еді, соншама? — деді Ержан нағашы атасының аяқ
астынан неге желпілдеп кеткенін түсіне алмай.
— Төреқұл ма? Ол — менің бір қырғыз досым. Ол да жылқышы... Және
жылқышы болғанда қандай! Көптен дәм - тұзымыз араласып, туыстан да
артық болып кеткен кісі.
Барғанда көресің, ілуде бір кездесетін жампоз, жақсы адам.
Ойламаған жерден атқа мініп, қырғыз еліне қыдырып баратын
болғандарына Ержан мен Ерқанат та қатты көңілденіп, даурығысып кеткен.
Ағыбай жылқының кезегін алдын ала атқаратын болып, Күлайша әлсін-әлі
сандығын ақтарып, үй іші аяқ астынан әбігерге түсті де қалды.
85
Әдеби KZ
Достарыңызбен бөлісу: |