Әдеби kz cәйгүліктер Повесть Қабдеш Жұмаділов 24. 03. 2013 1 Әдеби kz



Pdf көрінісі
бет5/9
Дата03.03.2017
өлшемі1,2 Mb.
#6075
1   2   3   4   5   6   7   8   9

Vll 
Бір ененің емшегін таласып емген егіз қозыдай қазақ пен қырғыз ежелден - 
ақ Алатау бөктерін қанаттас отырып, қатар жайлап келген ел ғой. Айналайын 
Алатау  —  екі  елдің  де  құт  береке  қонысы,  асыраушы  анасындай.  Жаз 
шығысымен  екі  жақтың  да  малшылары  уәделескендей  бір  таудың  екі 
қапталында  жарыса  көшіп  келеді  де,  жонға  шыққан  соң,  тіпті  жақындасып, 
ауылы  аралас,  қойы  қоралас  дегендей,  тым  тақау  отырады.  Жайлаудағы 
жұрттың  «Қырғыз  асып  келдік»  деп  былайша  дабырайтқандары  болмаса, 
барып  қайтатын  ауылдары  бір-екі  қырдың  астында  ғана  болушы  еді.  Жаз 
бойы  көкпарды  бірге  тартысып,  тойларын  бірге  тойласып  жүріп,  кейде  қыз 
алысып, қыз берісіп қалатын да жайлары бар. 
Қазақтың  талай  қара  көзі  қырғыз  жігітінің  етегінен  ұстаса,  қырғыздың  небір 
Қызыл шырайлы қырмызысы қазақ ауылына келін боп түсіп отыр. 
Төреқұлдың ауылы да онша алыс емес, Көксаладан шыққан атты кісіге бір-екі 
сағаттық  қана  жол  -  тұғын.  Бірақ  ауыл  арасы  қанша  жақын  дегенмен,  бөтен 
ел,  бөлек  республика  деген  аты  бар.  Ағыбайлар  бұл  сапарларына  ерекше 
мән беріп, сайланып шықты. Жақсы аттарын мініп, тәуір киімдерін киіп алған. 
Ағыбайдың  астында  есік  пен  төрдей,  жалдас  торы  ат,  Ержанның  мінгені  — 
ақалтеке  шатыс,  ойнақтаған  қара  кер  бесті.  Ерқанатқа  да  кейін  үйретілген 
жүрдек  құнандардың  бірін  ерттеп  берген.  Бүгін  Күлайша  апайдың  да  сәні 
бөлек:  басына  көптен  ұсталмаған  аппақ  шатырдай  кимешек  -  шаршысын 
тартып,  күміс  бастырмалы  қатипа  шапанын  киіп,  қарынсау  қоңыр  аттың 
үстінде нағыз бәйбішелерше қасқайып отыр. 
Бұларды сырттай қызықтаған жылқышылар: 
— Сән - салтанаттарыңыз тіпті елден бөлек қой, Ақа. Қырғыздарға құда түсуге 
бара жатқан жоқсыз ба? — деп іліп - қақпа әзіл айтысып жатты. 

86 
Әдеби KZ 
Ағыбай  оларға  жауап  қатқан  жоқ,  жалдас  торының  сағыздау,  дөкпен 
жүрісімен топтың алдына түсіп, ауылдан ұзай берді. Ерігіп тұрған қылжақбас 
жігіттермен  тәжікелесіп  тұра  ма,  іш  пікірі  өзінде.  Қазақ  салтында  қонаққа 
тәуір  киініп,  жасанып  бару  —  сәнқойлық,  немесе  сыртқы  жылтырақ  емес, 
өзіңді де, сол барған жеріңді де сыйлағандыққа жатады. 
Ал  Төреқұл  мұның  сыйлайтын  адамы.  Қырық  жылдан  бері  дәм-тұзы 
араласқан  ата  жолдас,  қу  кәр...  Төреқұлдың  өзін  былай  қойғанда,  әкелері 
қияметтік  дос  болған  кісілер  екеуінің.  Бұл  жайды  ақпа  құлақ  ағайынның 
қайсысына түсіндіріп жатарсың. 
Ағыбай  мен  Төреқұлды  табыстырған  тағдырдың  өзі  —  жатқан  бір  тарих. 
Сонау отызыншы жылдардың басында бұлар үй ішімен қырғыз асып барып, 
күнгей бетте бір жыл қыстап қайтуға тура келген. Төреқұлдың әкесі Ералыны 
мұның әкесі Жұмахан бұрын да сырттай біледі екен. Қиыншылық кезде қара 
тартып  барып,  осылардың  қолтығын  паналаған.  «Ашаршылықта  жеген 
құйқаның  дәмі  кетпес»  деп,  қырғыз  ағайындардың  сондағы  істеген 
жақсылығы  естен,  сірә,  кетер  ме?  Ералының  бұларға  бір  бөлмесін  босатып 
беріп,  аздаған  азық  -  түлігін  бала  -  шағасының  аузынан  жырғандай  етіп, 
топты  жанды  бір  қыс  асырап  шыққанын  қалай  ғана  ұмытарсың?!  Жұмахан 
оны қашан дүниеден өткенше ұмытқан жоқ. Бірақ көзінің тірісінде Ералының 
сол қарымтасын қайтаруға үлгірмей, өлерінің алдында Ағыбайға аманат етіп, 
табыстап кетті. Әкелер арасындағы үрдісті кейін балалары жалғастырған. Әке 
аманатын  Ағыбайдың  қаншалықты  орындай  алғанын  кім  білсін,  әйтеуір 
қырық  жылдан  бері  Төреқұлмен  қатынасы  үзілген  жоқ,  заманына  қарай 
екеуінің арасында жорға ауысқан кездер де, дорба ауысқан кездер де болып 
тұрды. Саған артық, маған кем кетті дегі, ешқайсысы есептескен де емес. Сол 
Төреқұл ғой — іздеп бара жатқан адамы. 

87 
Әдеби KZ 
Бұлар  кенере  жолмен  қабырғалап  отырып,  қырғызға  асатын  биік  жалдың 
басына көтерілгенде, ар жағынан қазан шұңқыр кең жазық, тақта - тақта егіс 
алқаптары көрініс берді. Сонау бір тұста күн көзіне шағылған күміс белдіктей 
жарқырап,  Шу  өзені  созылып  жатыр.  Соның  бір  иірімінде  сағымға  біткен 
Тоқпақ қаласының қалың талы көгеріп шалынады. Ағыбай қыр басында сәл 
аялдап,  қасындағы Ержан  мен  Ерқанатқа  көз  жетер  жерге  дейін  қамшымен 
нұсқап көрсетіп шықты. 
— Міне, тастаған таяғың тал боп өсетін қасиетті қырғыз жерінің бір пұшпағы 
осы  —  деді  аса  бір  мейірлі  үнмен,  —  Сонау  көрінген  Қордай  асуының  ар 
жағында Пішпек қаласы да тиіп тұр. 
—  Ата,  Ыстықкөл  қай  жақта?  Ыстықкөлді  көрсетіңізші,  —  деді  Ерқанат,  осы 
қазір көре қоятындай ердің үстінен қопаңдай көтеріліп. 
— О, Ыстықкөл алыста ғой, балам. Ол сонау биік таулардың арасында. 
Жолаушылар  осы  арада  аз-кем  аялдап,  аттарының  айылын  қайта  тартып 
алды да, түстік жақта тізіліп отырған малшы ауылдарға қарай бет түзеді. 
Төреқұл  өзінің  ежелгі  жұртында,  Ұзынбұлақтың  басында  отыр  екен. 
Желісінде  он  шақты  құлын  байланып,  биебауында  жылқы  үйездеп  тұрған 
шағын  ауыл  Ағыбайдың  көзіне  сонадайдан  -  ақ  жылы  ұшырай  кетті.  Төр 
жақтағы үлкен боз үйдің қасында жеңіл «уазик» тұр. Сол маңнан қараңдаған 
адамдар байқалады. Бұлар дуылдың шетіне жақындап, бөгде жүргіншілерді 
екі  қарала  төбет  араға  алып  жатқанда,  ақ  қалпақ  киген,  еңселі  бір  адам 
топтан бөлініп, бері қарай беттеді.  Ағыбай өзінің досы Төреқұлды алыстан  - 
ақ  шырамытып  келе  жатқан-ды.  Жаңағы  бурыл  мұртты,  қиық  көз,  қызыл 
шырайлы  кісі  де  алақанын  көлегейлеп,  бір-екі  рет  күн  салып  қарады  да, 
бұлар жақындай бергенде, дауыстап жіберді: 

88 
Әдеби KZ 
—  Пәлі,  мына  қазақтарды  қарай  гөр!.  Бәсе,  Ағыбай  кеудесінде  жаны  болса, 
осы  жайлауда  бір  соғатын  шығар  деп  ойлап  едім  өзім  де...  Кәне,  балалар, 
қонақтардың  аттарын  ұстаңдар!  —  деп,  қасындағы  жастарға  жарлық  бере, 
өзі де қорбаңдап ұмтылып келеді. 
Төреқұл  ең  алдымен  Күлайшаның  шылбырынан  ұстап,  аттан  түсірді,  қол 
беріп амандасты. 
Сонан соң Ағыбайды құшақтап, төсіне - төсін тигізді. Осы кезде үй жақтан ана 
қаздай мамырлаған қартаң бәйбіше де етегіне сүрініп таяп қалған-ды. Келе - 
ақ  Күлайшаны  құшақтап,  бетінен  сүйіп  жатыр...  Содан  ары  қырғыз  бен 
қазақтың жуыр маңда таусылмайтын ұзын сонар аман  - сәлемі жалғасты да 
кетті. Екі жақ сол қауқылдасып сөйлескен күйі үйге кіріп, қонақтар неше түрлі 
көпшік - көрпелер төселген төрге келіп жайғасты. 
Үйге кіргеннен кейін де мал-бастың, ауыл - аймақтың амандық - жаңалығын 
сұрау  тоқталған  жоқ.  Енді  қонақтардың  әрқайсысына  жеке-жеке  назар 
аударып,  денсаулық  жағдайларын  білісіп  жатыр.  Ағыбай  үй  иелерінің  өз 
қасындағы  жастарға  қарай  бергенін  сезіп,  оларға  Ержан  мен  Ерқанатты 
таныстырды. Аттарын атап тұрып: 
—  Бұлар  —  менің  жиендерім...  Ұрпақтан  қазір  менде  өздеріңіз  білетін 
жалғыз Қайынжамал ғана қалды ғой. Екеуі де соның балалары, мына үлкені 
институт бітірген, суретші, — деді Ержанды нұсқап. 
Бұл сөзге үй иелері әрі қуанысып, әрі таңырқасып жатыр. 
— Қағылайын - ай, жұрағат екен ғой... Қайынжамалдың дені  - қары сау ма? 
Баяғыда  біздің  ауылға  келгенде  тұлымшағы  желбіреген  кішкентай  ғана  қыз 
еді,  —  деп,  Төреқұлдың  бәйбішесі  Нұрбүбі  төменірек  отырған  Ерқанатты 
қасына шақырып, бетінен сүйді. 

89 
Әдеби KZ 
Бүгінгі  қуанышты  үстей  түсетін  тағы  бір  жағдай,  Төреқұлдың  Фрунзеде 
тұратын  үлкен  ұлы  Болат  та  бала-шағасымен  осының  алдында  ғана  келіп 
түскен екен. Ағыбайлар түр - тұлғасы әкесінен аумайтын, ақ бөрте, әдемі жігіт 
—  Болатпен  шүйіркелесіп  жатқанда,  ішке  үйелмелі-сүйелмелі  он  үш  -  он 
бестер  шамасындағы  екі  ұл  мен  қолаң  шашы  иығына  төгілген,  талдырмаш, 
жас бойжеткен кіріп, қонақтарға иіліп тағзым етті. 
— Пішпекте тұратын Ералиевтер ғой, — деді Төреқұл Ағыбайға қулана көзін 
қысып. — Ал мынау — Жанат деген бала, төл басы, немеренің үлкені, — деп, 
қасына келіп тізе бүккен жас қыздың маңдайынан иіскеді. 
Төреқұл  өзінің  пейіліне  қарай  құдай  бере  салған,  балалы-шағалы,  қанат-
құйрығы  бүтін  адам  еді.  Балаларының  бәрі  ер  жетіп,  әр  жерде  жауапты 
қызметтер  атқарып  жүр.  Ата  жолын  қуып,  әке  құрығын  ұстап  қалғаны  — 
ортаншы  ұлы  Атамқұл  ғана.  Оның  өзі  де  қазір  бас  жылқышы,  еңбегі  жанып 
дүрілдеп тұр. 
—  Апыр-ай,  тілеуіміз  мұндай  дұрыс  болар  ма?  Уәделесіп  қойғандай,  жан-
жақтан  жинала  қалғанымызды  қарашы!  —  Төреқұл  қуаныштан  өңі  бал-бұл 
жанып, әлі басыла алмай отыр. Сонан соң Ағыбайға бұрылды да: — осы екі-
үш күннің алдында ғана сені түсімде көрдім, — деді сөзін онан ары сабақтап. 
— Мына Ұзынбұлақтың басында, Кеңсай жақта жүр екенсің деймін. Әлденеге 
ренжіп  жүрсің  бе,  қабағың  қатулы.  Көп  жылқының  ортасында  құрығыңа 
сүйеніп,  ат  үстінде  ойланып  тұрсың...  Төсектен  тұрған  бетте-ақ  Нұрбүбіге 
айттым:  «Қамдана  бер,  бәйбіше,  Ағыбайлар  да  келіп  қалар»  дедім.  Міне, 
көрдің бе, айтқаным айна қатесіз келді де қойды... 
Бұдан  кейінгі  жағдай  белгілі:  қазақ-қырғызға  ортақ  қонақжайлық  салты 
басталды да кетті. 

90 
Әдеби KZ 
Қой  сойылып  жатыр,  қымыз  құйылып  жатыр.  Ауыз  шіркін  еселеніп  келіп 
жатқан  ас  пен  сөзден  бір  босамайды. Үйде  де  әңгіме,  түзде  де  әңгіме.  Қай-
қайдағы  еске  алынып,  қызыл  тілдің  тиегі  ағытылды  дейсің  бір.  Біреуі  басын 
айтса,  екіншісі  аяқ  жағын  қағып  әкетіп,  жалғастыра  жөнеледі.  Бұрын 
қырғыздармен  етене  араласпаған  Ержан  таң-тамаша  болып,  Ағыбай  мен 
Төреқұлға кезек қарап, аузын ашты да қалды. 
Ол  ең  алдымен  екі  халықтың  ғажайып  ұқсастығына  таң  қалған.  Қырғыз 
дегеніңіз — кейбір әріптерді ғана бұзып айтатын қазақ қой аумаған! Немесе, 
қазағыңыз  —  сәл-пәл  мұрнынан  сөйлейтін  қырғыздар...  Екеуі  кезек  сөйлеп 
отырғанда,  біраз  құлағың  үйренген  соң  тіпті  айыра  алмай  қалады  екенсің. 
Түр-түстерінде  де  көзге  ұрып  тұрған  бәлендей  өзгешелік  болсашы.  Тек 
кішкентай  ғана  айырма,  онда  да  Ержан  сияқты  суретшінің  ғана  көзіне 
шалынатын  болар-болмас  айырмашылық  —  қырғыздардың  көздері  сәл 
қиықтау,  беттері  сәл  жалпақтау  ма,  қалай?  Оның  өзі  де  жаппай  емес, 
кейбіреулерінен  ғана  байқалады.  «Өздерін  басқа  жұрттар  қазақпен 
шатастырмауы  үшін,  бастарына  ақ  қалпақты  әдейі  киетін  болуы  керек»  деп 
ойлады  Ержан  ішінен...  Ал  жұрттың  бәрі  жабыла  киген  кезде,  ақ  қалпақ 
дегеніңіз  тіпті  керемет  болып  көрінеді  екен.  Әрбір  қырғыз  —  ақбасты 
Алатаудың  бір  -  бір  бөлшегі,  кішкентай  моделі  іспетті.  Адамдар  күн  өтпеу 
үшін,  Алатаудың  мәңгілік  қарынан  бір-бір  кесек  қар  алып,  бастарына 
қондырып алған секілді әсер қалдырды... 
Ержан  бұрын  қырғыздың  суретшілерін,  сәулет  өнерін  жақсы  білетін-ді. 
Қырғыз  киносынан  да  хабары  бар.  Айтматов  шығармаларын  түгелге  жуық 
оқыған. Алайда қырғыз ауылындағы қарапайым еңбек адамдарымен бетпе-
бет келіп, араласып отырғаны осы. 
Алғашқы  әсер  алдамшы  болуы  да  мүмкін.  Дегенмен,  ол  мына  жылқышы 
қырғыздардан  да  бір  көтеріңкі  рухты  сезінгендей  болды.  Бір  кесектік, 

91 
Әдеби KZ 
мықтылық  бар  өздерінде.  Ол  неден  екен?  Әлде  бұл  халықтың  қайта 
жаңғыратын  ұлы  өрлеу  дәуірі  енді  басталды  ма?  Солай  шығар.  Ержан 
ойланып қалды: «Таланттар — халық рухының жемісі. Талантты перзенттерін 
ел  -  ана  ұзақ  толғатып  барып,  анда-санда  бір  табатын  болса,  көк  жүзіне 
көтерілген жарық жұлдыздар да өз еліне шуағын түсірмей қоймайды» деген 
өзінше бір байлам жасады. 
Кешке  таман  үлкендер  биебау  басында  әңгімелесіп  отырғанда,  Ержан  мен 
Жанат  бұлақ  бойындағы  көгалда  серуендеп  жүр  еді.  Қыз  мұны  титтей  де 
жатырқаған жоқ, көптен білетін адамдай өзін тең ұстап, еркін сөйлесіп кетті. 
Университеттің  үшінші  курсын  бітірген,  филолог.  Биыл  «жас  манасшылар» 
деген  тақырыпта  курс  жұмысын  жазған  екен,  түбі  соны  диплом  жұмысына 
айналдырмақ  ойы  бар.  Қырғыз  тарихы,  әдебиеті  сөз  болғанда,  өзін  судағы 
балықтай  еркін  сезінеді.  Мұның  бойында  да  манағы  бір  өскелең  рух  бар... 
Үстінде  джинси  шалбар,  қынама  бел  қызыл  кофта.  Құлын  құйрық  жібек 
шашын желке түбінен бір шалып, бос жіберіпті. Батар күннің соңғы шапағына 
қызыл  кофтаның  реңі  шатылып,  онсыз  да  қаны  толық  қыз  шырайын 
арайландыра түскен. Зипа бойынан жастық, тазалық лебі еседі. «Әдемі екен! 
—  деп  ойлады  Ержан  Жанаттың  қолдан  қашалғандай  мінсіз  тұлғасына 
қызыға  көз  жіберіп.  —  Кімнің  бағына,  кімдердің  сорына  жаралдың 
екенсің?!»  Алайда,  әйел  затына  келгенде  қашанда  оппозицияда  жүретін 
Ержан мына қызды да сөзбен шымшымай қала алмады. 
—  Сізге  осыншама  көп  білудің  қажеті  не,  Жанат?  Сол  үшін  қаншама  кітап 
ақтарып, қара көзіңізді талдырып... 
Алда  кетіп  бара  жатқан  қыз  мойнын  оқыс  бұрып,  сұлу  аттай  бұған  таңдана 
қарады. 
— Шын айтып келесіз бе? Түсінбедім. 

92 
Әдеби KZ 
— Шын айтам. Сіз сияқты сұлуларға тым білімді боп кету жараспайды. Онсыз 
да  жерде  қалмайсыз  ғой...  ілім  -  білім  жағын  табиғаттан  сараңдық  көрген 
басқа құрбыларыңызға - ақ қалдырмайсыз ба. 
—  Сіздер,  суретшілер,  қызық  адамсыздар,  —  Жанат  қыпша  белі  үзілердей 
майыса  басып  барып,  су  жағасынан  бір  тал  жалбызды  үзіп  алды.  —  Сіздер 
көбінше сыртқы сұлулыққа ғана табынасыздар. Сұлулық дегеніміз жай форма 
емес пе? Оған ішкі мазмұн үйлесімі керек. «Мына қызды жеңу оңай болмас» 
деп ойлады Ержан. Бірақ райынан қайтпай, әңгімесін жалғастыра берді. 
—  Не  десеңіз  о  деңіз,  мен  әйтеуір,  сізді  көзілдірік  киіп  алған  оқымысты 
қалпыңызда  көргім  келмейді,  —  жігіт  ыңғайлы  сөз  таппай  сәл  ойланып 
қалды.  — Сонан соң сұлулықтың өзі жалаң  форма ғана деп кім айтты сізге? 
Сұлулық — табиғаттың тартқан сыйы. Оның мазмұны да андағы жалбыздың 
исі секілді өз бойынан аңқып тұрады. 
Сұлулықты  айырым  біреулердің  бауырына  басып,  меншіктеп  алуына  тағы 
қақысы жоқ. 
Мәселен,  сіздің  бейнеңіз  көрме  залдарында,  өзіңіз  экрандарда  жүруіңіз 
керек. 
Жанат сыңғырай күлді. Қыз күлкісі бұлақ сылдырымен араласып, кешкі ауада 
біразға дейін асылып тұрды. 
— Қойыңыз, қонақ жігіт. Мені өйтіп түзу жолдан тайдыра алмайсыз,  — деді 
Жанат  тез  байсалды  қалыпқа  көшіп.  —  Әдемі  қыздар  Алматыда  да  аз  емес 
шығар, соларға айтыңыз ақылыңызды... Мені тәлкек қыла бергенше, одан да 
мына  мәңгілік  сұлулыққа  назар  салмайсыз  ба,  —  деп,  айнала  қоршаған 
жасыл  беттерге,  батар  күннің  соңғы  сәулесі  сәукеледей  киіліп  тұрған  биік 
шоқы  бастарына,  биебау  жақтан  бытырай  жайылып,  өріске  бет  алған 
жылқыларға  көз  жіберді.  —  Айтыңызшы,  ғажап  емес  пе?  Өз  басым  суретші 

93 
Әдеби KZ 
болып  тумағаныма  өкінемін.  Егер  суретші  болсам,  ауылдың  осынау  кешкі 
көрінісін қайтсем де қағаз бетіне түсірер едім. 
Екеуі  әрнені  әңгіме  етіп  ауылға  қарай  аяңдады.  Қызыл  тілді  оңды-солды 
безеп,  қанша  тұзақ  құрып  бақса  да,  жас  қыз  шеніне  келтірер  емес.  Өзі  де 
әдептен  озбай,  басқаны  да  бойына  тым  үйір  қылмай,  белгілі  бір  ара 
қашықтықты  сақтап,  өзін  тым  сыпайы  ұстайды  екен.  Иә,  осындай  бір  нәзік 
жанды, көркіне білімі сай, бекзат әйелдер болады. Бірақ өкінішті жері, кейде 
осындайлар өмірде өзінің теңін таппай етеді. Өз бойына сеніп жүреді, жүреді 
де,  ақыры  бақыр  басты  біреуге  пенде  болады.  Ержан  күрсінді.  Өзінен 
әлдебір шарасыздықты сезініп, амал жоқ, қыз бейнесін көңіл галереясының 
төріне апарып іліп қойды. 
Бұл  мезетте  Ағыбай,  Төреқұл  бастатқан  бір  топ  үй  сыртындағы  тепсеңге 
текемет  жайдырып,  алқа-қотан  әңгіме  соғып  отырған-ды.  Ержан  Жанаттан 
бөлінген  соң,  үлкендер  тобына  келіп  қосылды.  Жылқышылар  бас  қосқан 
жерде  жылқыдан  басқа  әңгіме  болмайтыны  белгілі.  Жүз  аттан  алдына  қара 
салмай озып келген жүйріктер, қырғыз беті қазақты бірдей тыйған атышулы 
саңлақтар, ұялы қасқыр мен жалғыз шайқасып, үйірін қорғап қалатын шақар 
айғырлар  рет-ретімен  аңыз  боп  айтылып  жатыр.  Және  осыдан  қырық-елу 
жыл бұрын өткен оқиғаны күні кеше болғандай қалай жандырып, мөлдіретіп 
жеткізеді десеңізші! Сөз тізгінін Төреқұл  мен Ағыбай кезек ұстай отыр екен. 
Қарттар  көптен  іш  құса  болып,  сөз  ұғатын  кісіге  әбден  зарығып  қалған  ба, 
қалай,  екеуі  де  жас  жігіттей  қызуланып,  өлеуреп  алыпты.  Біреуі  әлдебір 
әңгіменің  басын  айтса,  екіншісі  аяқ  жағын  қағып  әкетіп,  жалғастыра  береді. 
Сонан  соң  бірін-бірі  ұйып  тыңдап,  бас  шұлғысып  отырғанын  көрсең!  Дәл 
қазір  екі  шалды  қазақ  деп  те,  қырғыз  деп  те  ажыратып  жатпай,  бұларды  — 
кәдімгі  жылқышылар,  жылқы  десе  ішкен  асын  жерге  қоятын  кешегі 
көшпенділер деген әлдеқайда дұрыс болар еді. 

94 
Әдеби KZ 
Сөз желісі бірінен-бірі туындап, келесі бір сәтте жылқының қаны, тегі туралы, 
таза  қанды,  текті  жылқының  жершілдігі,  қандай  алысқа  ұзатып  әкетсең  де, 
туған жерін аңсап қашып келетіні жайында әңгіме болды. Ал қаны араласқан 
асыл  тұқымды  будандар  ондай  қасиеттен  айрылып  қалатын  көрінеді.  Асыл 
тұқымды  деп  ардақтап  жүрген  арғымақтарды  көрініп  тұрған  көрші  ауданға 
апарып тастасаң да, үйірін, жерін аңсап қашу деген жоқ, жем жеген жерінде 
құлағы салпиып тұра береді екен... 
—  Қайтсын  байғұстар,  оларға  да  сын  жоқ  қой,  —  деді  Атамқұл  әкесі  сөзін 
аяқтай  бергенде,  әңгімеге  араласып.  —  Әрқайсысының  бойында  алуан 
тұқымның қаны бар. 
Әкесіне  тартып  ағылшын  аралын  аңсай  ма,  әлде  шешесіне  тартып 
түрікпеннің  құмын,  немесе  Донның  даласын  іздеп  сандала  ма?  Бұл  күнде 
бәрі мидай былығып, шатасып кеткен жоқ па. Бізге қайта солардың қашпай, 
осында тынышжүргені жақсы. 
— Атасының көрі, солардың ешқайсысы өзіміздің қазақ  пен қырғыздың төл 
жылқысына  жетпейді,  —  деді  Төреқұл  алған  бетінен  қайтпай.  —  Қашанда 
мал  кіндігі  жер  кіндігімен  тамырлас.  Өз  жерінің  топырағынан  жаралмаған 
малдың басқа өлкеге келіп құтайғанын көрген емен. 
— Сонаң соң, Төке, сіз аңғардыңыз ба, жоқ па, бүгінгі жылқы малынан тағы 
бір қызық нышандар байқалып жүр, — деді Ағыбай досының ойын сабақтай 
түсіп.  —  Асылы,  төрт  түлік  малдың  ішіндегі  ең  сезімталы  да,  ақылдысы  да 
жылқы емес пе еді. Ертеректе ауа райы бұзылып, боран-шашын болатынын 
жылқы  жарықтық  бірнеше  күн  бұрын  сезбеуші  ме  еді?  Сақа  айғырлар  мен 
биелер  мезгілсіз  ішін  тартып,  уақ  -  уақ  танауларын  желге  тосып,  белгі 
бермейтін бе еді... Сол маңға ит  -  құстың келіп жүргенін де көп жылқы көш 
жерден  сезіп  шұрқырайтыны,  ат-айғырлар  өз  үйірлерін  шашау  шығармай, 

95 
Әдеби KZ 
шырқ үйіріп алатыны қайда? Құданың әмірі, қазір соның бірі жоқ. Мал екеш 
мал  да  мінезінен  айрылып,  маубастанып  барады,  әйтеуір.  Қазіргі  аралас 
қанды  будан  жылқылар  ауа  райын  күні  бұрын  болжағанды  былай  қойып, 
қасына жақындап келіп, тірсегінен тістегелі тұрған қасқырдың өзін сезбейді. 
— Ақа, бұл айтып отырғаныңыз рас енді, — деп, Атамқұл мақұлдай күлді. — 
Әлде  жылқының  тілін  жастар,  біз  біле  бермей  жүрміз  бе  десек,  сіздерге  де 
осылай көрінген екен ғой. 
Осы  тұста  манадан  үлкендердің  әңгімесін  үнсіз  тыңдап  отырған  биолог  - 
ғалым  Болат  сөзге  араласып,  ғылымдағы  кейбір  қызық  фактілерді  айтып 
берді. Оның айтуынша, ондай жаңа нышандар жалғыз жылқыдан ғана емес, 
жан-жануардың бәрінен - ақ байқалып жүрген көрінеді. Хайуанаттар мінез  - 
құлқының бұлайша өзгеруіне жоғарыда айтылған орын мен ортаның ауысуы, 
генетикалық  заңдылықтың  бұзылуы,  техникалық  прогресс,  тағы  сол  сияқты 
жағдайлар  себеп  болады  екен.  Мәселен,  кейде  қораздардың  мезгілсіз 
шақыратын  себебі,  тауық  тұқымының  басқа  жерден  келгендігі  екені 
анықталған...  Ал,  инкубатордан  бірнеше  мәрте  қайталап  шыққан  тауықтар 
мен  үйректер  өздерінің  балапан  басып,  ұрпақ  қалдыру  инстинктерінен 
біртіндеп айырылып қалады екен. Ондайлар әлдеқалай күрік болып, балапан 
басып шығарған күнде де, балапандарын бағу, қорғау былай тұрсын, өздері 
шоқып өлтіріп, жұлып жеп қоятын көрінеді... Ғылымда әлі себебі ашылмаған 
қызық  құбылыстар  қаншама!  Қазір  үрмейтін  иттер,  тышқан  ауламайтын 
мысықтар  шыға  бастаған.  Бір  ғылым  докторы  дачасында  тышқан  көбейіп 
кеткен  соң,  қаладағы  біреудің  мысығын  ат-түйедей  қалап,  сұрап  апарыпты. 
Бірақ  ертеңінде  қызық  көріністің  үстінен  шығады:  апарған  мысығы  тышқан 
мұрнын  қанатпақ  түгіл,  он  шақты  тірі  тышқанмен  қойындасып  бірге 
жатқанын көргенде, шошып кетіп, шалқасынан түсе жаздайды... 

96 
Әдеби KZ 
Мына  әңгімені  естігенде  жылқышылар  қыран-топан  күліп,  мәз  болысып 
қалды. Біреулер жағаларын ұстап «о, тоба!» деп таңданысып жатыр. 
—  Е  -  е,  бұл  дүние  жылдан-жылға  өзгеріп  бара  жатыр  ғой,  —  деді  Төреқұл 
күрсініп. — Бұрын көз көріп, құлақ естімеген неше түрлі ықылым - өзгерістер 
көбейіп  келеді.  Әлде  адамдар  жетіліп,  ақылды  болған  сайын,  мал  байғұс 
мақұлық  тартып  кете  ме,  немесе  тұқымын  асылдандырамыз  деп  жүріп, 
өзіміз  аздырып  алдық  па,  әйтеуір,  біз  білетін  баяғы  есті,  түсті  жануарлар 
азайып бара жатқан секілді... Қарап отырғанша әңгіме болсын, мен сендерге 
баяғыда  өз  көзім  көрген  бір  қызық  оқиғаны  айтып  берейін,  —  деп, 
Ағыбайдың  шақшасына  қол  созып,  қара  бұйра  насыбайдың  бір  шөкімін 
астыңғы  ерінге  тастап  жіберді  де,  бойын  тіктеп,  ұзақ  әңгімеге  кірісер 
адамның сыңайын танытты. Жылқышылар да алға қарай жамбас жылжытып 
ұмсына түскен. 
— Мын, да тоғыз жүз қырық екінші жылдың жазы, Ұлы Отан соғысының теке 
тіреске айналып, қызып тұрған кезі, — деді Төреқұл әңгімесін баппен бастап. 
—  Біз,  он  шақты  кісі  қырғыз  елінен  майданға  ат  апаратын  болдық.  Ішімізде 
байырғы  жылқышылар  да,  майдандағы  жастардың  орнына  келген  жай 
қарттар да бар. Ат - айғыры аралас мыңдай сәйгүлікті қызыл вагондарға тиеп 
алып,  қазақ  даласын  қақ  жара,  батысқа  қарай  тартып  бара  жатырмыз. 
Ілгерілеген сайын жүрісіміз мандымай, эшелонымыз әр жерде бөгеліңкіреп, 
әскер мінген поездарға жол босатып дегендей, ілдалдалап жылжып келеміз. 
Жем-шөбіміз  өзімізде,  тек  күніне  бір  уақыт  жылқыны  суару  ғана  қолды 
байлайды...  Содан  не  керек,  Орал  қаласынан  өткен  соң  жылқыны  вагоннан 
түсіріп, үйірлеп даламен айдауға тура келді. Бет алдымыз — қалмақ даласы. 
Еділден  паром  арқылы  өтіп,  Сталинград  майданына  төте  жолмен  жету 
туралы бұйрық болыпты. 

97 
Әдеби KZ 
Бірақ Еділ бойына жеткен соң, паром дайын болмады ма, әлде арғы жағаны 
жау самолеттері бомбылап, тыным бермей қойды ма, әйтеуір, біз бергі бетте 
бір  аптаға  жуық  бөгеліп  қалдық.  Жол-жөнекей  көрген  -  білгенімізді  айта 
берсем, әңгіме ұзарып кетеді. 
Қысқасы,  айтайын  дегенім:  айдалған  жылқының  ішінде,  осы  өзіміздің 
«Қызыл байрақ» колхозынан алынған, сүліктей жирен айғыр болды. Менсіз, 
қан  жирен  түсіне  қарап,  жылқышылар  «Қозыкүрең»  деп  атап  кеткенбіз. 
Жаңылмасам, сол кезде жасы сегіз - ондардан аса қоймаған, толысқан, азулы 
айғырлардың бірі - тұғын. Құданың құдіреті, Еділ бойына жетісімен, жаңағы 
Қозыкүрең төтенше мінез таныта бастағаны. Жануар кешкі салқындарда ғана 
ептеп  жайылады  да,  күндіз  басын  жерге  салмай,  жылқының  шетінде 
қалшиып тұрады да қояды... Арамызда Саяқбай дейтін көпті көрген, қу мүйіз, 
қарт жылқышы бар еді, Қозыкүреңдегі өзгерісті алдымен сол байқапты. 
— Жігіттер, мен бірдеңе білсем, сендер осы Қозыкүреңнен айрыласыңдар,—
деді  ол  бір  күні  бізді  қасына  шақырып  алып.  —  Қараңдаршы,  жел  жаққа 
шығып алып самалдап тұрғанын көрдің бе, жануардың?! Біраздан бері оттан, 
судан  тыйылып,  өзін  -  өзі  мейіздей  қатырып,  жаратып  жүр.  Қашатын 
жылқының  сұрқы  ғой  —  мынау.  Мына  бабымен  қашатын  болса,  әй  төрт 
аяқты  малға  шалдыра  қоймас.  Не  істейміз?  Ұстап  алып  өрелеп  жіберсек 
қайтеді? 
Саяқбайдың сөзін жігіттер күле тыңдап, бәлендей мән бере қоймады. 
— Қойыңызшы, ақсақал. Сіз де қайдағыны айтады екенсіз. Екі мың шақырым 
жерге поезбен келген мал түгіл, өзіңіз үйді тауып барсаңыз да жетер. 
—  Батыс  қайда,  шығыс  қайда  екенін  айырмай,  өзіміздің  басымыз  қатып, 
мәңгіріп жүргенде, жағы түкті жылқы айуан не білуші еді? Жай, Еділдің шөбі 

98 
Әдеби KZ 
таңдайына  татымай,  өгейсіп  жүргені  болар,  —  десіп,  өздерінше  тон  пішіп 
кетті. 
— Мейілдерің... Бірақ қашан айттың демеңдер, Қозыкүрең енді бірер күннен 
кейін  Алатау  қайдасың  деп  тартып  отырмаса,  мұрнымды  кесіп  берейін,  — 
деген Саяқбай да онша өршелене қоймады. 
Бұл  әнгіме  сол  арада  аяқсыз  қалған-ды.  Ертеңіне  дайындық  жұмысы 
аяқталып, жылқыны өзеннен өткізудің қамы басталды. Ол үшін аттарды үйір - 
үйірімен жағалаудағы ағаштан жасалған шарбаққа қамап, содан ары паромға 
тиеу  қажет  болды.  Осы  әдіспен  алғашқы  екі  бөлек  жылқы  өзеннің  арғы 
жағасына  шығып  та  үлгерді.  Қозыкүрең  соңғы  үйірлердің  ішінде  -  тұғын, 
Қанша  дегенмен,  Саяқбайдың  сөзі  есімізде,  бәріміз  де  содан  көз  алмай 
қадағалап  жүретінбіз.  Қозыкүреңнің  аман-есен  қоршауға  кіргенін  көріп, 
иығымыздан жүк түскендей, кеңіп қалдық. 
Ағаш  шарбақты  бірте-бірте  тарылтып,  ығысқан  жылқы  паромға  өзі  шығып 
кететіндей тәсіл қолданып жатқанбыз... Кенет дәл осы кезде күтпеген жағдай 
болды. Айнала шөп жайып қиқулап жүрген біздер, әлдебір жылқының топты 
жара  -  мара,  кісі  бойы  шарбақтан  серіппедей  созылып,  бір  -  ақ  секіргенін 
көріп қалдық. 
— Ойбай, кетті! 
— Қозыкүрең кетті, — десіп, шу ете қалды жылқышылар. 
Құшақ құйрық, қаба жал, күрең айғыр осқыра ойнақтап шетке шыға берді де, 
бір-екі рет азынай кісінеп жіберіп, шығысқа қарай шоқыта жөнелді. 
—  Тез  атқа  қоныңдар,  қайырыңдар!  —  деп  ақырды  бізді  бастап  жүрген 
кавалерист капитан. 

99 
Әдеби KZ 
Соның  бұйрығымен  екі-үш  жігіт  атқа  қонған.  Бірақ  қайыру  берген  қайда! 
Қозыкүрең құйрықты тігіп алып, сапқының тасындай зырлап барады. 
— Қуғаннан пайда жоқ. Қозыкүрең бәрібір жылқы баласына шалдырмайды. 
Әуре болмаңдар, — деді Саяқбай. — Пай-пай, жануардың сілтеуін қарашы! 
Оның  бұл  сөзінде  Қозыкүреңге  деген  сүйініш  те,  өз  болжамының  дәл 
шыққанына пенделік мақтаныш та жатыр еді. 
— Қап, маңайда машинаның да болмағанын қарашы! — капитан жан-жағына 
алақтап  сәл  тұрды  да,  қасындағы  солдаттың  мылтығына  жармасты.  —  Мен 
онда дизертирдің сазайын тартқызайын қазір! 
Соны айтып, тізерлеп отыра қалған-ды... Тарс еткен мылтық  дауысы естілді. 
Бірақ Қозыкүреңге оқ дарымады. Ызалы капитан, кімге бағыштағаны белгісіз, 
жақсылап  тұрып  бір  сыбап  алды  да,  екінші  рет  мылтығын  шарбаққа  сүйеп 
қойып,  ұзақ  сығалады.  Оқ  бұл  жолы  да  тимеді.  Ұлы  сәскенің  кезі  -  тұғын. 
Қозыкүрең  лаулаған  бір  түйдек  оттай  болып,  күн  астында  шығысқа  қарай 
заулап барады. Жылқышылар демдерін ішіне алып, сол тұрған орындарында 
қалшиып  қатып  қалған-ды.  Қозыкүреңнің  қарасы  көрінбей,  қырдан  асып 
кеткен кезде ғана, «уһ» деп тыныс тартты... 
Содан не керек, ұзын сөздің қысқасы, біз апарған жылқымызды тиісті жеріне 
өткізіп  беріп,  міндетімізді  өтедік  те,  Саратов  маңынан  поезға  отырып,  елге 
қарай  бет  алдық.  Әлгі  оқиғадан  кейін,  біз  ырғалып-жырғалып  ауылға 
жеткенше, арада тағы да жарты айдай уақыт өтті.  Елге келіп әрқайсысымыз 
өз  жұмысымызға  кірісіп  кеттік.  Қозыкүреңнен  үмітімізді  үзіп  қойғанбыз. 
Байғұс ит-құсқа жем болды ма, әлде жол-жөнекей біреулердің қолына түсті 
ме деп, біраз күн еске алысып жүрдік те, ақыры ол да ұмытыла бастаған... 
Ауыл  әлі  жайлауда,  мына  Ұзынбұлақтың  басындағы  Шұрықта  отырған 
кезіміз. Бір күні түн ішінде, ел шырт ұйқыда жатқанда, әлдеқайдан арқыраған 

100 
Әдеби KZ 
саяқ  жылқының  дауысы  естілді.  Мен  ояу  жатыр  едім,  тың  -  тыңдап  артын 
күттім. Сәлден соң, әлгі жылқы тіпті таяу маңнан кісінегендей болды. Азынай, 
аңсай  кісінегеніне  қарағанда,  жай  үй  арасының  үйір  іздеген  көп  тұғырының 
бірі емес, алыстан суыт келе жатқан мал екені белгілі. Бұл үнді көрші үйдегі 
Саяқбай да естіп жатса керек, бір мезгілде сырт жақтан дыбыс берді. 
—  Төреқұл,  ояумысың?  Далаға  шығып  тыңдашы,  мына  кісінеп  келе  жатқан 
біздің  Қозыкүрең  емес  пе?  Әй,  соның  -  ақ  дауысы,  —  деді  үй  сыртында 
тұрып. 
Шекпенімді  иығыма  іле-сала,  мен  де  далаға  атып  шықтым.  Екеуміз  тың 
тыңдап  тағы  біраз  тұрдық.  Арқырай  кісінеген  әлгі  жылқы  батыс  жақтағы 
қоңыр  белден  бері  асып  түсті  де,  ауылдың  аяқ  жағында  жатқан  сауын 
биелерге келіп қосылғандай болды. 
— Жүр, барайық. Мынау  — дәуде болса, Қозыкүреңнің өзі!  — деді Саяқбай 
тықыршып. 
Мен  сенер  -  сенбесімді  білмей,  соңынан  ілестім.  Екеуіміз  өкпемізді 
қолымызға алып, ыратөмен жүгіріп келеміз. Түнде жол ұзап кететін әдеті ғой, 
қарға адым жер жеткізсеші. 
Өлдім-талдым дегенде, сайдың ішінде жатқан жылқының шетіне де іліндік - 
ау, әйтеуір. 
Ай  сүттей  жарық.  Алайда  шеттен  келіп  қосылған  жаңағы  жануар  бірден 
көзімізге түсе қоймады. Істің анық - қанығына жеткенше сабырымыз қалмай 
екеуіміз көрінген жылқының қасына бір барамыз. Сәлден соң Саяқбай менен 
бөлініп кеткен-ді. Бір мезгілде марқұмның күңірене шыққан дауысы естілді. 
—  Жануарым  -  ай,  аман  есен  келген  екенсің  ғой!  Айшылық  жолды  алты 
аттап,  Алатауыңа  жеткен  екенсің  -  ау!..  Боғыңды  жейін,  қасиетті  тұлпарым  - 

101 
Әдеби KZ 
ай!  Елсіз  -  сусыз  шөлдерден,  асу  бермес  белдерден  өтіп,  туған  жерге  қалай 
жеттің екенсің?! 
Қозыкүрең  жылқының  бір  шетінде,  жалдас  торы  биенің  шоқтығына  иегін 
артқан  күйі,  екі  бүйірін  соғып,  сенделіп  тұр  екен.  Біз  қасына  жақындағанда 
оқыранып жіберді. Құлағының түбі, сауыры сабындалып, өне бойын ақ көбік 
басып  кеткен.  Қаншырдай  қатып,  оқтаудай  жараған  айғырдың  ай  астында 
керіліп тұрған сондағы кейпі әлі көз алдымда. 
Саяқбай  жаңағы  сөзді  айтып  еңіреп  жіберді  де,  Қозыкүреңнің  мойнынан 
құшақтады,  құлағының  түбіндегі  ащы  көбікке  тұмсығын  тығып,  құшырлана 
иіскеді. 
—  Жануарым  -  ай,  саудыраған  қу  сүйегің  ғана  қалыпты  -  ау!  —  деді  арқа  - 
басын,  жалын  сипап  көріп.  —  Қысы  -  жазы  қара  етін  бір  жібермейтін,  жуан 
сіңір,  көмпіс  -  ақ  еді,  қарашы,  жалының  алқындысы  қолына  әрең  білінеді. 
Мына түріне қарағанда, осы бүгін-ақ күншілік жерді басқан - ау, бұл жануар... 
Жүр, Төреқұл, аяңдайық. Алыстан келген ардағымызды ауылға апарайық. 
Бұл кезде шығыстан құлан иектеп таң да атып келе жатқан. Саяқбай белбеуін 
ағытып  алып,  айғырдың  мойнын  салды  да,  ауылға  қарай  жетеледі.  Түнде 
ұзақ, суыт жүрістен кейін  ісініп тұрған кезінде аңғармаған екенбіз. Таңертең 
тұрып қарасақ, Қозыкүреңнің шынында да, ыңыршағы айналған құр сүлдері 
ғана  қалыпты.  «Ер  арыса  —  аруақ,  ат  арыса  —  тулақ»  дегенді  бұрынғылар 
осындайда  айтқан  болар,  есіл  жануар  жал  -  құйрығының  өзін 
ауырсынғандай,  қабырғасы  ырсиып,  тірсегі  майысып  зорға  тұр.  Құндыздай 
жылтырап  тұратын  қан  жирен  түсі  де  әбден  күн  қақты  болып  оңып,  ұйпа-
тұйпа  бірдеңеге  айналып  кеткен.  Төрт  аяғындағы  болат  тағалар  тозып  бітіп, 
жұқанасы ғана қалған. 

102 
Әдеби KZ 
Ертеңінде  бұл  хабарды  естіген  жайлаудағы  жұрт,  Қозыкүреңді  көру  үшін, 
жан-жақтан ағылып келіп жатты. Соғыс әлі бітпеген, халықтың қамкөңіл кезі 
ғой,  бейне  майданнан  тағы  бір  жаралы  жауынгер  оралғандай,  ғаріп  күйге 
түскен  есіл  жануарды  көргенде,  көздеріне  жас  алып,  жыламаған  ешкім 
қалмады. 
Бірақ  әбден  жілік  майы  үзіліп,  тобақазығына  тақалған  Қозыкүрең  оңалып 
кете алмады. 
Биебаудың  басында  аузына  нәр  салмай,  бір-екі  күн  сұлық  тұрды  да,  ақыры 
табанаяқтанып  жатып  қалды.  Ұзақ  суыт  жүрістен  қызыл  май  болып 
зорыққаны,  төрт  аяғына  бірдей  қан  түскені  белгілі  еді.  Саяқбай  оны  суық 
сазға да байлап бақты, шашасынан қан алып та көрді. Ұн езіп ішкізіп, жылан 
да жегізді. Бірақ соның бірде-бірі көмегін тигізе алмады. 
Қайран  Қозыкүрең  орнынан  тұрып  кете  алмай,  бір  аптадай  жақұт  көзі 
жаудырап,  көтерем  боп  жатты  да,  ақыры  тірлікпен  біржола  қош  айтысты. 
Саяқбай  оны  терісін  сыпырмастан,  адамша  арулап  жерледі...  Басын 
Шұрықтағы ең биік жартастың үстіне шығарып қойған. 
Сол бас сүйек осы бертінге дейін ары-бері өткенде ағараңдап көрініп тұрушы 
еді,  кейін  жел  құлатты  ма,  әлде  көшкін  шайып  кетті  ме,  әйтеуір,  із  -  тозсыз 
жоғалды...  Иә,  әңгіме  неден  шығып  еді,  айтпақшы?  Жылқының  естілігі,  мал 
мен жердің байланысы туралы екен ғой. Кезінде біздің елге аңыз боп тараған 
Қозыкүрең оқиғасы, міне, осылай тынды... 
Төреқұлдың  әңгімесін  жиналғандар  ақырына  дейін  селт  етпей  ұйып 
тыңдаған.  Ержанның  да  көз  алдында  неше  түрлі  суреттер  оянып,  қатты 
толқып отырған-ды. Кенет нағашы атасына көзі түсіп, тіксініп қалды. Ағыбай 
үнсіз егіліп жылап отыр екен. Төреқұл әңгімесін аяқтағанда, орамалын көзіне 
апарды да: «Ой, шіркін, дүние - ай!» деп, көкірегін қарс айыра күрсінді. 

103 
Әдеби KZ 
Жас жылқышылардың бірі сұрақ қойды: 
—  Сонда  Қозыкүрең  сол  екі  аралықты  қанша  уақытта  басты  екен?  Кезінде 
есептеген ешкім болмады ма? 
—  Болды  ғой...  Heгe  есептемесін?  Ол  кезде  де  есепке  жүйрік  жігіттер  бар  - 
тұғын,  —  деді  Төреқұл,  қалтасынан  күміс  баулы  сағатын  шығарып.  — 
Қозыкүрең Еділ бойынан — Алатау бауырына тура бір ай он бес күн дегенде 
келді.  Әсілі,  қашқан  жылқы  күндіз  тасада  бекініп,  түнде  ғана  жортады  ғой. 
Бәлкім,  жолда  ес  жинап,  жайылған  кездері  де  болған  шығар.  Соның  өзіне 
күніне жүз шақырымға жуық жер алып отырған десті ғой білетіндер. 
Мәселе — мұнда қашықтықта емес, мәселе — жылқы жануардың бағытынан 
жаңылмай, туған жерін тауып келгенінде ғой, балам. 
Бұл  кезде  ымырт  үйіріліп,  айналаға  кеугім  түсе  бастаған.  Үлкендер 
орындарынан  тұрып,  үйге  қарай  бет  алды.  Қонақасы  да  дайын  боп  қалған 
екен,  жылқышы  ауылдың  көлдей  кең  дастарқаны  қайтадан  жайылды. 
Қырғыз салтында қонаққа бас ұсынбайды. Бірақ қазақ жөніне жүйрік Төреқұл 
төрде отырған Ағыбайдың алдына әдейілеп бас тартты. 
Ертеңінде сәске түс шамасында қонақтардың аттанатын көзі де жақындады. 
Төреқұл:  «Әлі  де  бірер  күн  қонақ  болып  жатыңдар,  әңгімелесейік»  деп 
жығыла жабысып еді, Ағыбай уақытының тым тығыз екенін айтып, көнбеді. 
— Ендеше, қалаған - сұрағаныңды айт. Көптен ат ізін салып, келіп отырғанын 
осы.  Сен  екеуіміз  енді  қанша  жүре  берерміз  дейсің  жер  бетінде.  Еңбекпен 
табылған  азғана  дәулет  —  көңіліңнің  садағасы.  Бұйымтайыңды  бүкпей 
айтып,  қалағаныңды  алып  кет,  —  деді  Төреқұл  сәскелік  қымыздан  кейін, 
қонақтарымен оңаша қалғанда. 

104 
Әдеби KZ 
—  Рақмет,  Төке.  Мен  сенен  бірдеме  дәметіп  келді  дейсің  бе?  Осы 
ықыласыңның өзіне рақмет! — деді Ағыбай да ағынан жарылып. — Дүние — 
қолдың  кірі,  ол  шіркін  кімге  жолдас  болған?  Сен  үш  мың  жылқы  айдаған 
Сейдалыны  көрсең,  мен  екі  мың  жылқы  біткен  Тұрарды  көрген  кісімін.  Сол 
байлықты өздерімен бірге алып кеткен қайсысы бар? 
Мен үшін осы алтын жүзіңді көріп қайтқанымның өзі үлкен олжа. Алда разы 
болсын! 
Осы  сәтте  үйге  Атамқұл  кірген.  Әкесі  оған  сұраулы  жүзбен  қарап  еді,  ұлы 
«орындадым» дегендей басын изеді. 
—  Онда  былай  болсын,  Ағыбай,  —  деді  Төреқұл  қошамет  -  құрметі  де, 
өзімсінуі  де  аралас,  аса  бір  жылы  үнмен.  —  Екеуімізді  қойшы,  сен  екеуіміз 
қырық  жыл  дәмдес  болып,  сыннан  өткен  адамдармыз  ғой.  Маған  өкпе 
артып,  сын  тақпайтыныңды  да  білем.  Дегенмен  бұл  реткі  келісіңнің  жөні 
бөлек: қасыңа екі бірдей жиеніңді ертіп келіп отырсың. Бұлар саған жұрағат 
болғанда,  маған  да  бөтен  емес,  «Жиеннің  назары  қатты  болады»  деген  сөз 
бар  қырғыз  бен  қазақта.  Біздің  арамыздағы  достықты  осы  балалар 
жалғастыратын  болсын...  Мына  Атамқұлдың  үйірге  салам  ба  деп  жүрген 
«Қоянкөк»  деген  бәсіре  дөнені  бар  еді,  соны  мына  балаларға  мінгізгелі 
отырмын. Азырқанбай жетелеп қайтыңдар. 
Осы  сөзден  кейін  бәрі  жапа-тармағай  орындарынан  тұрып,  далаға  беттеді. 
Сыртқа  шығып  қараса,  шынында  да,  кермеде  сүліктей  қара  көк  дөнен 
байлаулы  тұр.  «Қоянкөк»  десе  дегендей,  әр  жерінде  теңгедей  -  теңгедей 
теңбілі  бар,  темір  қара  көктің  өзі.  Төреқұл  дөненді  өзі  шешіп  әкеліп, 
шылбырын Ағыбайдың қолына ұстатты. 
— Ақалтеке мен дончакқа қазақтар зәру емес шығар. Мынау — қоспасы жоқ, 
өзіміздің  қырғыз  жылдысы,  баяғы  Қозыкүреңнің  әулеті,  өзі  жылмайтын 

105 
Әдеби KZ 
жорға,  —  деді  досының  бетіне  күле  қарап,  —  Серіктің  де,  көліктің  де 
жайлысы кісіге қартайғанда керек қой. 
Қолдан шығармай, көзімдей көріп мініп жүр. 
Ағыбайдың  қырағы  көзі  бір  қарағанда  -  ақ,  көк  дөненнің  қандай  жылқы 
екенін  шалып  қалған-ды.  Ішкі  талқыныстан  көзіне  жас  үйіріліп,  қапелімде 
аузына  ыңғайлы  сөз  түспей  бөгеліп  қалды  да,  тек  атына  мінген  соң  ғана 
көңілін демдеп: 
— Мынауың баға жетпес сый болды-ау, Төреқұл! Сен екеуіміз үшін дүниеде 
жылқыдан асыл не бар еді?! «Берген жомарт емес, алған жомарт» деген де 
сөз бар қазақта. 
Сыйлықтан  қашқаным  —  қолқадан  қорыққаным  болар.  Рақмет!  Тірі  болсам 
мен  де  бір  кәдеңе  жарармын.  Қош  бол!—деді  де,  Қаракөкті  жетелеп  алға 
түсе берді. 
Ауыл  адамдары  қош  -  қош  айтып,  қолдарын  сермеп  ұзатып  салды.  Сол 
топтың  арасында  көп  жұлдыздың  ішінде  айдай  толықсып,  Жанат  та  тұр  еді. 
Ержан  әлдебір  қимас  асылы  қалып  бара  жатқандай,  әлсін-әлі  артына 
бұрылып, қыз жаққа жаутаңдап қарай берді. 
 
 

106 
Әдеби KZ 

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет