Әсет Найманбайұлы (1867 жыл, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы, "Қызыл-арай" ауылы - 1922 жыл, Қытай, Құлжа ) — қазақтың суырыпсалма ақыны, әнші-композиторы.
Ол 7-8 жасқа келгенде медресе имамы Зейнолладан бастауыш білім алады. Мұнда араб тілі мен шығыс поэзиясын меңгеруге ден қояды. Арғын тайпасы Қаракесек руының Майлық атасынан шыққан.
14-15 жасында сазгер әрі әнші ретінде өз шығармашылық жолын бастайды. Әсеттің әке-шешесі кедей, шаруа адамдар болған. Кейін ер жетіп, есейіп, айтысқа түскен кезінде де кейбір ақындар оның кедейлігін бетіне басады. Алайда нағыз байлық өнер мен білімде деп түсінген Әсет ешкімге қара сөзден дес бермеген. Әсет ескіше оқыған, көзі ашық адам болған. Оның дүниетанымы, ой тереңдігі әсіресе айтыс жанрында кеңірек танылды.
Мысалы, әйгілі ақын-қыз Ырысжанмен айтысқанда Әсет он сегізде ғана екен, соған қарамастан қыздың айтқан небір қиын жұмбақтарын қиналмай, қолма-қол шешіп береді. Бұдан ақынның білімді, зерделі екендігі айқын аңғарылады. Сөйтіп, Әсет пен Ырысжанның айтысы–көркемдігі, сөз қолдану шеберлігі жөнінен Біржан мен Сара айтысынан кейінгі озық туынды болып табылады.
Әсет – негізінен айтыс ақыны. Ол Ырысжаннан басқа Әріп, Бақтыбай, Кәрібай, Қали, Сәмет ақындарымен және Мәлике қызбен айтысқан. Әсеттің "Салиха-Сәмен", "Ағаш ат", "Перизат", "Үш жетім қыз", "Нұрғыман-Нағым", "Мәлік-Дарай", "Жұмсап", "Кешубай" атты қисса дастандары бар. Ол А.С.Пушкинның "Евгений Онегин" романын аударып (еркін аударған) оны өзі қисса етіп жырлаған. Әсет мұраларының ішінде халыққа кеңірек тарағаны оның әндері. Ол Біржан сал, Ақан серіден дәуірлеген Арқа әнінің дәстүрін жалғастырып, дамыта түсті. Жас кезіндегі әндерінде ("Кіші Ардақ", "Үлкен Ардақ", "Қаракөз", "Мақпал") психологиялық тереңдікпен адамның жан дүниесін қозғайтын нәзік лирикалы Ақан әндерінің әсері байқалады. Бұл оның қалыптасу, өзіне тән тармақтарының музыкалық-синтаксистік ерекшеліктері Әсет әндеріне де тән. "Інжу-Маржан" әні (кейде "Әсеттің әні" деп те аталады) өз стилін айқындай түскен туынды. Сондай-ақ "Ырғақты", "Аққарагер", "Қаракөз", "Майда қоңыр", "Жалған-ай", "Сырмақ үйкер" т.б әндерінің авторы. Әсет өз шығармаларында өмірге деген құштарлығын, туған елі мен жеріне деген айнымас махаббатын жырлады. Ақын өлеңдері мен әндеріне көшпелі тұрмыс пен қазақ жұртының тарихы және этнографиясының қайталанбас бояулары тән. Әсеттің ақындық қуатында ойдың образдылығы, шұрайлы теңеулер, жарқын шендестірулер айқын танылады.
Ол Сарыарқаның ұлы перзенттері Біржан сал Қожағұлұлы мен Ақан сері Қорамсаұлының ақындық өнер дәстүрін жалғастырып, әрі қарай дамытты. Сонымен бірге өз өлкесі әндерінің Жетісуда, Тарбағатайда және Алтайда кеңінен тарауына мұрындық болды.
1916 жылы ұлт-азаттық көтеріліс кезінде жазалаушы отрядттардан дүрліге қашқан елмен бірге Әсет Қытайға өтіп кетеді. Октябрь революциясы жөніндегі хабарды ол қуана қарсы алады, жат жерде жүріп Отанын аңсайды. Әсет 1923 жылы Құлжа қаласында қайтыс болды.
1910 жылы Қ. Халиди Әсет Найманбайұлынан бірнеше салт өлеңдерін жазып алып, жариялаған. Кеңес дәуірінде Әсет Найманбайұлының өлеңін алғаш С.Сейфуллин (1925) бастырған. 1936 жылы Б.Ысқақовтың ақынның өмірі мен шығармашылығы туралы арнайы мақаласы тұңғыш рет жарияланып, Әсет Найманбайұлының шығармаларының тұңғыш жинағы 1968 жылы Б.Адамбаевтың құрастыруымен басылды. Бұл жинаққа ақынның 34 өлеңі (әнін қоса), 4 айтыс-қағысы, 4 дастан-қиссасы жарияланса, 1988 жылы Нұржекеевтің құрастырған «Әсет» атты жинағына 29 ән мәтіні, 71 өлеңі, 10 айтыс-қағысы, 8 қисса-дастаны енгізілген.