Əдебиет танытқыш (1926) АҢдату



Pdf көрінісі
бет10/13
Дата06.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#8111
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13

ЖАЗУ ƏДЕБИЕТ
Жазу əдебиет деп жазылған шығармаларды айтамыз. Жазылған шығармалар қазаққа жазу
тарай бастағаннан бері қарай шыққан сөздер. Қазаққа жазу дінмен бірге келген. Қазақ ішінде
молдалық  қылып,  дін  үйретушілер,  бала  оқытушы  қожалар,  ноғай  молдалар  болған  себепті
жазба сөзді шығарушылар да бастапқы уақытта солар болған. Қазақ ішінде олар көп тұрып,
қазақтың  тілін,  мінезін  жақсы  білген.  Қазақтың  өлеңді,  сөзді  сүйетін  мінезін  біліп,  дінді
халыққа  молдалар  өлеңмен  үйреткен.  Шарттарын,  шариғат  бұйрықтарын  өлеңді  хикая,
өлеңді  əңгіме  түрінде  айтып,  халықтың  құлағына  сіңіріп,  көңілдеріне  қондырған.  Басқа
мұсылмандардың  тіліндегі  діндер  түрде  шығарған.  Ертегі  өлеңдерді  қазақтың  ертегі
жырларының  түріне  салып,  қазақ  тіліне  аударулары  дін  шарттарын,  шариғат  бұйрықтарын
өлең  арқылы  білдіру  мақсатпен  істелген  іс.  Бірақ  қожалар,  ноғай  молдалар  көбінесе  ақын
болмағандықтан  қазақтың  ертегі  жырларындай  келістіріп,  мұңды,  зарлы,  əдемі  қылып
шығара  алмаған.  Шығармаларының  сөзімен  мəздемей,  ертегінің  жаңалығымен,  əңгімесінің
қисынымен қызықтырып, тамұқтың азабымен қорқытып, жұмақтың рақатынан үміттендіріп,
дін  арқылы  тыңдаулы  қылған.  Қожалардың,  молдалардың  ісінен  Шортанбай,  Ақмолда
сияқты  ақындар  шыққаннан  кейін  жазба  сөздер  бітегене  дəмділенген.  Бірақ  қайсысында
болса белгілі бағыт болмаған. Шығарған сөздері бағыт жағынан қарағанда, адасқан адамның
ізі  сияқты.  Бəрінің  де  адаспайтын  жалғыз  жолы:  дүниеге  қызықпай,  ақиретке  азық  жи  деу,
ғұшыр,  зекет,  пітір,  садақа  беру,  жаназаға  мал  байлау,  намаз  оқу,  ораза  ұстау,  қажыға  бару
жағынан  ақыл  айту  бағыттары  бəрінің  де  бірдей,  бұл  жағынан  лақпайды.  Басқа  жағынан
іздері былғалақ-шылғалақ, адам біліп болар емес. Домбыра тарту, əн салу, өлең айту сияқты
халықтың  үйреншікті  зауықтарына  дейін  күнə  деп  тыйғысы  келген.  Бірақ  ұзын  арқан,  кең
тұсауға  қалыптанған  қазақ  шариғаттың  тар  тұсауына  үйрене  алмаған,  шыдатпай  үзіп,  өз
жөнімен  жүре  берген.  Сондықтан  жазу  əдебиетпен  қатар  қазақтың  ауыз  əдебиеті
жоғалмастан  түгел  күйінде  сақталған.  Молдалардан  шыққан  жазу  əдебиет  дінге  қызмет
қылса  да,  тілге  қызмет  қылмаған.  Тілді  ұстарту,  əдебиетті  күшейту,  көркейту  орнына  тілді
бұзған,  аздырған.  Қазақтың  тұтынған  тілімен  жазбай  шығарушылар:  «Китаби  тіл»,  «Əдеби
тіл»  деп  ноғай  тілімен,  яки  сарт  тілімен  жазған.  Қазақтың  тілінде  басылған  бұрынғы
шығармаларды  алып  қарасақ,  қазақ  тілі  болмай,  қазақ  пен  ноғай  тілінің  араласқан
қойыртпағы  болып  шығады.  Ол  қойыртпақ  тіл  қожалар,  молдалар  шығарған  сөздерде  ғана
емес, қазақ молдаларының шығарған сөздерінде де бар. Бұл кемшілік егерде баспа кітаптар
жүзінде  ғана  болса,  бастырған  ноғайлар  бұзды  дер  едік.  Олай  емес,  жазу  солай  екендігін
қазақ  молдаларының  өз  қолымен  жазған  жазулары  көрсетеді.  Əдебиетті  молдалар  дін
бесігіне бөлеп, таңып тастаған себепті, əдебиет көпке дейін өңдеп өсе алмай, мешел болып
аяғын  баса  алмай  жатқан.  Сол  күйінде  тұрғанда  патша  үкіметінің  саясаты  келіп  килігеді.
Қазақ  діні  шынығып  жетпеген,  шала  мұсылман  халық.  Мұны  мұсылман  дінінен  христиан
дініне  аударып  жіберу  оңай  деген  пікірмен,  патша  үкіметі  қазақ  пен  ноғай  арасында  жік
салып, екеуін айырғысы келеді. Оның үшін қазақ байлары ноғайша оқымай, орысша оқитын
боларлық  саясат  жүргізеді.  Қазақ  балалары  үшін  школ  ашады,  ноғайға  қазақтың  жазу
жағынан  сорпасы  қосылмас  үшін  араб  əрпін  қалдырып,  қазақ  тіліндегі  кітаптарды  орыс
əрпімен  басады.  Орыс  өзіне  тартып,  ноғай  өзіне  тартып,  екеуі  екі  жаққа  сүйреп  жүргенде,
қазақ орыс əдебиеті арқылы Европа жұрттарының əдебиеттерімен танысады.

Бұрын қазақта жоқ сөздердің түрлері шыға бастайды. Дін күшімен емес, тіл күшімен өзін
тыңдайтын  сөздер  шыға  бастайды.  Бастапқы  жазба  əдебиеттің  бас  мақсаты  —  дінді  жаю,
дінді  күшейту  болса,  соңғы  əдебиеттің  бас  мақсаты  —  тілді  ұстарту,  əдебиетті  күшейту,
көркейту болады. Сөйтіп жазба əдебиеттің өзі екі дəуірге бөлінеді: 1. Діндар дəуір, 2. Ділмар
дəуір. Діндар — діншіл деген мағынада, ділмар — тілшең деген мағынадағы сөздер.
Қазақ  əдебиетінің  діндар  дəуірі  де,  ділмар  дəуірі  де  халық  əдебиетін  дамытып,
күшейтуден  туған  дəуірлер  емес.  Басқа  жұрттардың  əдебиетінің  əсерінен  туған  дəуірлер.
Діндар дəуір əдебиетімізге араб, парсы əдебиетінен үлгі алып, соларды еліктегеннен пайда
болған. Ділмар дəуір орыс əдебиетінен өнеге көріп, үлгі алып соған еліктеуден пайда болып
отыр. Мұндай бір жұрт екінші жұрттан əдебиет жүзінде үлгі алу жалғыз бізде ғана болған іс
емес,  барша  жұрттың  басында  болған  іс.  Осы  күнгі  əдебиеттің  түп  үлгісі  грек  жұртынан
алынған. Грек əдебиетінен үлгіні Рум алған. Европадағы басқа жұрттар алған. Біздің орыс та
əдебиет үлгісін Европадан алып отыр, біз орыстан алып отырмыз.
Жазу əдебиетіне басқа жұрт үлгісі қатысқандықтан бізде жазу əдебиет шығармаларын —
діндар  дəуірдікі  болсын,  ділмар  дəуірдікі  болсын  —  ауыз  əдебиетше  тұтыну  орнына  қарай
бөлмей,  айтылу  орнына  қарай  бөлеміз.  Басқа  жұрттардың  əдебиеті  де  солай  бөлінетіні
«Дарынды сөз түрлері» деген бапта жалпы түрде ғана айтылып өтіп еді. Енді қандай түрге
бөлінетінін, қандай сөз қай табына қарайтындығын толығырақ түрде баяндамақпыз.
Жазу əдебиеті негізінде үшке бөлінеді: 1. Ертек (əңгіме). 2. Толғау. 3. Айтыс-тартыс.
Жазу  əдебиетінің  ертек  түріне  кіретін  сөздері  ауыз-ертек,  ертек-жыр,  тарихи  жыр,
мысалдар  сияқты  сөздер.  Толғау  табына  кіретін  ауыз  толғау,  жоқтау  сияқты  көңіл  күйінен
шығатын  сөздер.  Айтыс-тартыс  табына  кіретін  сөздер  түрі  ауыз  əдебиетте  жоқ,  ашып
айтқанда  ауыз  əдебиетте  айтыс-тартыс  түріндегі  сөздердің  ауыз  əдебиетте  айтысы  бар  да,
тартысы  жоқ.  Айтыс-тартыс  түріндегі  шығармалар  жалғыз  қазақта  ғана  емес,  басқа
жұрттардың да ауыз əдебиетінде болмаған. Айтыс-тартыс шығармалар өте шеберлікті керек
қылғандықтан, өнер күшейген кезде шыққан.
1. ДІНДАР ДƏУІР
Діндар  дəуір  ауыз  əдебиет  түріне  түр  қосып  жарытқан  жоқ.  Анайы  əдебиеттегі
шығармалардың түрлеріне діншілдігімен ғана айрылмаса, айрықша түр-тұрпатымен айрыла
қоймайды.  Діндар  жағының  басымдылығымен  айрылатын  түрлері  мынау:  қисса,  хикаят
(мысал), насихат (үгіт), мінажат, мақтау, даттау, айтыс, толғау, терме. Бұлардың əрқайсысын
қысқаша баяндап, мысал келтіріп, сыр-сипатын көрсетіп өтейік.
1.  Қисса  —  өлеңмен  жазылған,  көбінесе  діндар  əңгімелер.  Бұл  əңгімелер  қазақ
тұрмысынан алынған сөзден емес, басқа жұрттардың ертектері. Мазмұнына қарағанда қисса
екі  түрлі:  1.  Дінді  қасиеттеу  үшін  мұсылман  дінінің  артықтығын,  асылдығын  халықтың
құлағына  сіңіріп,  көңіліне  қондыру  мақсатымен  шығарған  қисса.  Бұлар:  кəпірлермен
соғысқанда  құдай  қолдап,  мұсылманның  жеңгендерін,  кəпірлердің  дінге  енгендігін  сөйлеп
өтеді.

2.  Шариғат  бұйрықтарын  орнына  келтірмеген  адамдардың  өмірінен  де  мысал  келтіріп,
шариғат бұйрығын орнына келтірген адамдардың өмірінен де мысал келтіріп, келтіргенге не
болғанын,  келтірмегенге  не  болғанын  көрсетіп,  елге  шариғат  бұйрығын  істету  мақсатпен
шығарған  қиссалар.  Мұндай  қиссаларды  өлеңшілікті  тіленшілікке  айналдырып  жіберген
ақындар,  жыршылар  сияқты  алланы  азыққа,  тамаққа  айналдырып  жіберген  молдалар
шығарған.  Зекет,  ғұшыр,  пітір,  підия  сияқты  нəрселердің  берілетін  орнын  айтпайды,  беру
керектігін айтып зарлайды. (Берсе кімге беретінін айтушылар өзі біледі).
Бастапқы  түрлі  қиссалар  «Зарқұм»,  «Салсал»,  «Сейфул-Мəлік»  сияқты  ұзақ  келеді.
Соңғы  түрлі  қиссалар:  «Мұса  мен  Қарынбай»,  «Жұм-Жұма»  сияқты  қысқа  келеді.  Ұзақ
қиссалардың  мазмұнын  айтып,  мысал  үшін  көрсетуге  көп  орын  алады.  Сондықтан  қысқа
қиссалардың бірінің мазмұнымен ғана таныстырып өтейік.
Мəселен, 
алайық 
«Мұса 
мен 
Қарынбай» 
қиссасын. 
Шығарушы 
Жүнісбек
Шайқыслəмұлы... Бұл қисса не мақсатпен жазылғаны қиссаның мазмұнынан да, жазушының
бастау сөзі мен, аяқтау сөзінен де көрініп тұр.
Бастамасындағы сөзінің түрлері мынау:
«Жараңдар, бұл сөзіме құлағың сал,
Аузымнан шыққан сөзім шекер мен бал.
Өзім білген кітаптан оқып көрдім,
Жараңдар арам дейді зекетсіз мал.
Малайы құдіреті көп паруардігер,
Құдайға жақсы пенде құлдық қылар.
Малыңнан қайыр-зекет бермей өтсең,
Ақыретте қарныңнан тас шығарар.
Қиссаның қысқаша мазмұны мынау: Қарынбайға зекет бергіз деп құдайдан Мұсаға əмір
келеді. Мұса Қарынға барады. Қарын малы сансыз көп бола тұрып, Мұсаға мал союға қимай
мысық сойып, алдына əкеліп қояды.
Мұса «мыш-мыш» дегенде, табақтағы ет мысық болып түрегеледі.
Қарынға  қатты  ашуланады.  Бірақ  малыңнан  зекет  берсең,  мысық  сойған  күнəңді  кешем
дейді. Қарын саған зекет беретін қолайлы малым жоқ дейді. Зекет бермесең жер жұтсын деп
ақырғанда,  періштелер  келіп  жер  кіндігін  тартады.  Жер  тартып,  Қарын  белуарынан  кіреді.
Мұса  қолынан  ұстап  тұрып,  зекет  бересің  бе  деп  сұрайды.  Қарын  өлтірсең  де  бермеймін
дейді. Мұса: тарт тағы деп əмір еткенде, Қарын жерге иегінен енеді. Зекет бересің бе, құдай
жүзін  көрмейсің,  малың  шаян  болып  шығады,  жаннам  түбіне  кетесің  деп,  Мұса  үгіттесе  де

Қарын болмайды. Өлтірсең өлтіре бер, бірақ мал бер деген сөзді аузыңа алма дейді. Мұса өз
обалың  өзіңе,  «Бар!»  —  дегенде,  Қарынды  мал-мүлкімен  жер  тартады.  Сол  күйі  мал-
мүлкімен əлі күнге дейін Қарын жерге жұтылумен барады дейді. Қиссаның аяғында жазушы
былай деп тағы үгіттейді:
«Ай, мұсылман, жараңдар,
Малыңнан зекет беріңіз!
Бірлігін қақтың біліңіз!
Қақ жолымен жүріңіз!
Пəк болады дініңіз.
Бұл дүниенің, жараңдар
Сағатындай болмайды
Ақыретте күніңіз.
Ай, жамағаттар, жараңдар!
Сөзіме құлақ салыңыз.
Жақсыдан ғибрат алыңыз.
Арам болар, жараңдар
Зекетсіз жиған малыңыз.
Шариғаттан сөз айтқан,
Молданың тілін алыңыз!
Құдай берген таусылмас,
Өлшеп берген дəміңіз.
Бұл  сияқты  сөздердің  мақсаты  айқын  болмағандықтан,  көп  сөз  қылудың  қажеті  жоқ.
Молдаларға  пайдасы  көп.  Өйткені  зекет  берсе,  молдаға  беретіні  мəлім.  Жұртқа  келтіретін
зияны көп, əсіресе тілге келтіретін зияны есепсіз.
2.  Хикаят.  Діндар  дəуірдің  өнеге  үшін  шығарған  əңгімелері  хикаят  деп  аталған.  Хикаят
дін  үйрету  ғана  мақсатпен  шығарған  сөздер  емес.  Діннен  басқа  жағынан  да  өнеге  көрсету
үшін айтылады. Сондықтан хикаят тақырыбы түрлі-түрлі болады.
Мысал:

Бекер босқа жүргенше бойды балап,
Жақсы депті əр іске қылған талап.
Пайғамбары құданың заманында,
Жүреді екен бір жігіт бекер қарап.
Қылып жүрер бір жұмыс өзге пенде,
Бекер жүрер бірақ сол көргенде,
Түс суытып, қарамай өтеді екен,
Ол жігітке пайғамбар кез келгенде.
Жолыққанда бір сапар күліп өтті,
Көргеннен-ақ қарасын күлімдепті.
Сахабалар, тақсыр-ау, күлмеуші еңіз,
Не себептен күлдіңіз бүгін депті.
Айтты сонда себеп бар күлгенімде,
Күлмеуші едім жолықса ілгеріде.
Екі шайтан қасында жолдас еді,
Бекер қарап ілгері жүргенінде.
Отыр екен бұл сапар жерді сызып,
Жолдастықтан қашыпты шайтан бұзып.
Келіп екі періште қасында отыр,
Сол себептен күліп ем көңілім қызып.
Бекер жүрген батады бəлекетке,
Адам болсаң жолама ол əдетке.
«Құры қарап жүргеннен артық» дейді,
Пайдасыз бекер қылған əрекет те.

(Молда Мұса)
3.  Насихат.  Насихат  деген  ақыл  үгіт  мағынасындағы  сөз.  Діндар  дəуірдегі  үгіт  өлеңді
шығарушылар насихат деп атаған. Діндар дəуірде насихат айтушылар насихатын да шариғат
жолына тіреп айтқан. Мəселен: Əбубəкірдің ұрыға айтқан насихатында былай дейді:
Бала едің иман жүзді, жылы деген,
Жігітке тəуір ат па ұры деген.
Ақсақал батасын ал, бұлай ет пе,
Берекет таба алмассың мұныменен.
Адалда бір де болса берекет бар,
Арамның ер байымас мыңыменен.
Не пайда көрді ата-анаң асыраған,
Кемдікке арланады асыл адам.
Дүниеде берекетті бақыт табар,
Құдайдың бергеніне тасымаған.
Алланың рақметінен құр қалады,
Жаһанда сендей болған пасық адам.
Кемдікке еті қызып ренжімес,
Сүйекте қасиет жоқ жасық адам.
Жаһанда кім десеңіз ұры болар,
Алланың рақметінен қашық адам.
Сол Əбубəкірдің қатынға айтқан насихатында мынадай сөз бар:
Ей қатын, араз болма еріңменен
Бəлені шақырмаңыз көрінбеген.
Қажымен қарап тұрып дұшпан болсаң,
Басың да қатар болар өлімменен.

Үгіттеп екеуіңді қоса келдім,
Ағашты жабыстырған желімменен.
Бұл қажы жас күнінде қызды құшқан,
Алаштан тандап алып сізді құшқан.
«Қатынның ері — пірі» деген сөз бар,
Еріңмен тірілікте болма дұшпан.
Еріне қызмет қылған жақсы əйел,
Сиратта қыл көпірден құстай ұшқан.
Жан болсаң ақылың бар түсінерсің,
Көрсеткен ей, жеңеше, менің нұсқам.
Жақпаса қатын ерге — жатқа жақпас,
Екінші тірілікте халыққа жақпас.
Ішіне қараңғы көр кірген күні,
Көп болар қабір ғазап тыныш жатпас.
* * *
Насихат болады мынадай сөздерде:
1.Атқа мінген азамат,
Қалалдық қыл да тап залал!
Пайдасын ақыр көрерсің,
Қарамдық қыл да пайда тап!
Залалын ақыр көрерсің,
Бүгін жеген қапыңды,
Таңында бір күн берерсің.
Алып барар малың жоқ.

Иманыңменен төлерсің.
Пақыр мүскін кез келсе,
Дүниеде қайыр қыл!
Мақшарда нұрға қанарсың,
Жетім менен жесірге,
Қор тұтынып сөз айтпа,
Сен де сондай боларсың.
Досыңа жақсы орын бер!
Кетсе өзің қонарсың.
Мектепке бер балаңды
Залым болса, жəннемге,
Ғалым болса, ағарсың.
Жазғытұры тұқымға
Не шашсаң соны орарсың.
Жамандықты кейін қой!
Бүгін кейін қалсаң да,
Ақырында озарсың.
(Əбубəкір)
2.Билер пара жемеңіз!
Жалғанды жолдас демеңдер!
Ақирет қамын іздеңдер!
Жанға тіпті тимеңдер!
Кісі ақысын алмаңдар!
Аузыңа арам салмаңдар!

Дүние жиып өткен жоқ,
Бізден бұрынғы пайғамбар.
Сөз айтайын үлкендер
Құдайдан қапы кетпеңдер
Əлің келсе Меке бар,
Старшын, болыс болам деп,
Ысырап қып мал төкпеңдер!
(Шортанбай)
4.  Мінажат.  Діндар  дəуір  мұңды,  зарлы  сөздеріне  мiнəжат  деп  ат  қойған.  Əуелінде
мінажат деп ғұламалардың құдайға айтқан зары, арызы, налысы айтылған. Бара-бара зарлық,
мұңдық мағынасына айналып, зарлық өлең сияқты сөздер де мінажат деп аталатын болған.
Мəселен: Сейдақмет ақын мынау сөзіне «Мінажат» деп ат қойған:
Құдай-ау, мен не жаздым бұл заманға?
Қадірі болмайды екен жұрт аманда.
Ел-жұрттың қасиетін қоян алып,
Болмайды еш қадірім бір адамға.
Секілді ай мен жұлдыз аспандағы,
Қажетің түссе егер бір наданға.
Үйіме келсе мейман анда-санда,
Қолыма мал түспейді қамдасам да.
Əйтеуір мұқтаждықтың жолы қиын,
Қатардан қара басым қалмасам да.
Əрбір мейман келгенде ұяламын,
Тілегім қабыл емес зарласам да.
Бір күнде іздеп тапқан кетті достар,
Сұрасқан хал, ақуал көңіл құштар.

Деміндей айдаһардың тартқан достың,
Бірі жоқ осы күнде қолмен ұстар.
Қатқан соң қабағына қар менен мұз.
Қалды ғой, қараса алмай қыран құстар.
Бұл  сөзден  көрінеді  —  мінажат  түріндегі  сөз  əман  құдайға  айтылатын  сөз  емес,  басын
ғана құдайға қаратып айтып, ар жағы əншейін мұң сөзі болатыны, мінажаттың басын алып
тастаса, басқасы мұң толғау, зарлау болады. Мінажат құдайға қаратып бастауымен мінажат
болатын болса, мынау сөз де мінажат болуға тиіс.
Құдая, құдіретіңе таң қаламын,
Жолында бір ғашықтың зарланамын.
Ішімді ғашық оты күйдіреді,
Сыртыма шығаруға арланамын.
Бірақ бұл мазмұнына қарағанда мінажаттан көрі ғашық толғауына жақын. Нағыз мінажат
төмендегі түрлі сөздер боларға керек.
Ғашірбек  соғысып  жүргенде,  байлауда  тұрған  Жүсіпбек  құдайға,  тауларға  мінажат  қып
айтқан сөзі:
Он сегіз мың ғаламның,
Падишасы едің, құдайым!
Құдая, саған жылаймын.
Кешіргейсің, Құдайым!
Өзіңнің нашар пендеңмін,
Əр жапаңа көнгенмін.
Ғашірбектей тағама (нағашыма)
Медет берер күн бүгін.
Он сегіз мың ғаламды,
Халық қылып бар еткен,
Неше əулие, əнбие,

Неше хакім пана еткен.
Ғашір сұлтан тағама,
Медет берер күн бүгін.
Кəпір  патшасы  Жүсіпбектің  сөзіне  ашуланып,  дарға  асуға  бұйырғанда,  Жүсіпбек  медет
тілеп айтқан мінажаты мынау дейді:
Он сегіз мың ғаламның,
Падишасы, құдайым!
Құдая, саған жылаймын.
Кешіргейсің, күнəйім!
Кəпірлер аспақ таладар,
Дар үстінде еттім зар,
Дін шырағы Мұқамбет
Сенен басқа кімім бар?
Құдай шері я Ғали
Біздерден болшы хабардар.
Айналайын, Имам Ағзам!
Қанша болды менің жазам?
Кəпірлерден жетті қазам
Шын хақиқат қозым деп,
Назар етер күн енді.
5.  Мақтау.  Діндар  дəуірдің  мақтау  өлеңінде  діндарлық  көрініп  тұр.  Діндар  дəуірден
ілгергі  ақындардың  сөзінен  діндар  дəуірдің  ақындарының  сөзінде  керек  емес  артық  сөздер
толып жатыр. Көбінің мақтауы да орынсыз келеді. Аят оқитын адамша көбі өлеңдерін ағузы
мен бісмілдадан бастайды.
Мысал:
Сарт Жақып деген ақынның Алмамбет судияны мақтаған сөзі былай басталады:

Əуелі ағузы белла бастағаным,
Жарамас қақтың есімін тастағаным.
Бісмилла рахман рақым деп,
Етпекке шəні мадық қастағаным.
Тартамыз ағузы беллə əуел бастан,
Бісмилла сөз тартылса шайтан қашқан.
Тұсында əр патшаның бір сұрқылтай,
Тұра алман етпей қарап шəні дастан.
Екінші бір Жорабай ақын деген сол Алмағамбет судияны мақтаған сөзін былай бастайды:
Бастаймын бұл сөзімді бісмилладан,
Қағазға бісмилла деп тартам қалам.
Жаббарым адамзатты əрқашан да,
Сақтасын мұсылманды есен аман.
Əлеке жар молаға келіп тұрды,
Үміт көп соның үшін бір құдадан.
Жайықта даңқы шығып жатушы еді,
Келтірген бұл араға біздің талан.
Мақтауда  ұлы  мақсат,  таза  қошамет,  таза  ықылас  болмаған.  Анайы  ақындар  сияқты
тікелей  сұрамағанмен,  əкім  болған,  төре  болған,  ықпалы  жүрген  адамдардың  жылы
назарында болу мақсатымен көбі жарамсақтанып, жəреукеленіп айтқан.
6.  Даттау.  Сөгу,  жамандау,  айыбын,  мінін  айту  —  бəрінің  жалпы  аты  даттау  болады.
Даттау  табына  бір  адамның  басындағы  мінін  айтқан  сөз  де  кіреді.  Бүтін  елдің,  халықтың
басындағы мінін айтқан сөз де кіреді. Діндар дəуірдегі даттау да көпті даттағандар. Көбінесе
шариғат жолына шалығын айтып даттаған. Адам басын даттағанда əуелі мақсат пен күйініп
даттаған, үйіне қондырмаған, қонақасы оңды бермеген сияқты ұсақ себептерден реніш етіп
даттаған.
Көпті даттау мысалы:
1.Əуелі бісмилла деп сөз басталық,

Алланың қақ жолынан адаспалық.
Жолы деп шариғаттың ғамал қылса,
Еншалла сол уақытта азбас халық.
Азырақ осы жерден шошынамын,
Өтірік пайдаға асты, рас қалып.
Жалған сөз азаматқа болды оңай,
Замана болды халқым əлдеқалай!
Аузыңнан жалғыз кəлам шыққан сөзің,
Кезеді бір сағатта тоқсан тоғай.
Құдайым өзі сақтап оңғармаса,
Болып тұр бұл заманда судан да лай.
(Əбубəкір)
2.Бұл болса ешкім бақпас жолдасына,
Алданар арам дүние олжасына.
Біреудің ұры залым малын ұрлап,
Сұраса бəле салар өз басына.
Қарсы дау біреу айтса соны тыңдап,
Бас адам көзім жетті оңбасына.
Парқы жоқ бұ заманның адамының
Бірінің бірі нанбас олласына.
Байлардың бала оқытқан ісін қара,
Зекетін саудалайды молдасына.
Пақырды, мүскін менен партия қып,
Берері садақасын қолқасына.

Бұл сөзі Сейдахмет өтірік пе?
Рас па, көптің салдым ортасына.
7. Айтыс. Діндар дəуірдің айтыс өлеңдері де дін əсерінің күштілігін көрсетеді: ақындар
айтысқанда  бірін-бірі  сүрінту  үшін  дінге,  шариғатқа  теріс  ғамалдарын  көрсетіп  сүрінтуге
тырысады.  Шариғатқа  теріс  істерін  мін  қылып  мүдіртпек  болады.  Мəселен,  Айқын  мен
Жарылғасын  айтысқанда,  екеуі  шариғатты  жамандық-жақсылық,  дұрыстық-терістіктің
тиянағы, нарқы, таразысы, шариғат жөнімен бірін-бірі міндеп айтысқанын көреміз.
Айқын айтады:
Қожаеке, есенсіз бе, сəлем бердік!
Мүбəрəк дидарыңды жаңа көрдік.
Жүзінде рақметің бар ер екенсіз,
Жоқ шығар көңіліңізде тəкаппарлық.
Өзің біл сөйлескен соң не деріңді,
Қазірде қолыңды бер көріселік!
Жарылқасын қожа айтады:
Жарқыным, сəлем берсең, саламат бол!
Жетеді мұратына өлмеген құл.
Сіз берсең сəлеміңді əлік алдық,
Сүннеті пайғамбардың қазулы жол.
Қол берсең көріселік деген сөзің,
Бұл дұрыс шариғатқа болмайды сол.
Таранған тоты құстай бала екенсің,
Мысалы екі бетің ал қызыл гүл.
Хал білмек, жөн сұрамақ ғам ғанимат,
Абзалда сөйлеселік атың білдір.
8. Толғау. Діндар дəуірдің ақындарының толғауында да, діндар дəуірдің жырларында да
дін əсері барлығын төмендегі мысалдардан көруге болады:

Дін үшін шəр түзеп, мешіт салсам,
Қақ жолға жаннан кешіп бағыштансам.
Азаншы даусын есітіп риязатпен,
Намазға бес уақыт жаяу барсам.
Мінбəрде уағыз айтып тұрса имам,
Қақ іске қайым тұрып сонан қансам.
Мүдəрріс медреседе дəріс айтса,
Шəкіртке күнде екі рет түйе шалсам.
Астыртын Қалипамен ақылдас боп,
Күн сайын телеграммен хабар алсам,
Осындай қазақ затта бір ер бар деп,
Жұртына дар іслəмнің анықталсам.
Жүсіп, Ахметбектердің жырында, Ахметбек ағасы Жүсіпбекке айтқан бір сөзі:
Айналайын, ағажан,
Бұл кəпірге жалынба!
Көкірегің жасытып,
Бұрынғы күнді сағынба!
Қазам жетсе өлермін,
Бұйрығын қақтың көрермін.
Патша құдай жар болса,
Көзел шайы кəпірдің
Жан жазасын берермін.
Ғашықтық толғауында мұсылмандық, кəпірлік, шариғат сияқты нəрселер айтылмағанмен
діндар дəуірдің тіл əсері айқын көрінеді.
Бейісұлы Төлегеннің ғашық зарында мынадай сөздер бар.

Сəуклү сəлем жаздым «сат», «беб», «лəм!»
Қайғылы көкірегім көзімде нəм.
Даражаң қатарыңнан асқан еркем,
Екі «ти», бір «нун» менен еттім қалам.
Налышым көкке жетер етсем паған.
Бұл сырым халыққа мəлім, күмəн саған.
Өмірім аз ба, көп пе, өткенінше,
Қайғыңды түгесе алман етіп баян.
Біраз күн ойнап-күлдік көңіл ашып,
Күн қайда шер тарқатар көңіл басып,
Бұрынғы өткендерден қалған мирас,
Айрылмақ сүйгенінен неше ғашық,
Бұл күнде көңіл мəлүл менің əман,
Мақшұқым тауыса алман етіп баян.
А, дариға дүниеде қатты қасірет,
Айрылмақ көз алдында сүйген жардан.
Екінші біреудің толғауында мынандай сөздер бар:
Сипатың пері заттың баласындай,
Көп ойлап зарланамын шарасыздай.
Өзіңмен қатар қызға көзім салсам,
Араңыз жер мен көктің арасындай.
Мақтауың жазғанменен таусылмайды,
Өлкенек, қабырғаның саласындай.
Өзгеден бір омыртқаң артық еркем,

Сыдыратіл, Мұнтағаның ағашындай.
Діндар дəуірдің налыс толғауының түрі мынау:
Аса соққан борандай,
Өтемісің күндерім?
Ғаси болып аллаға,
Бұзылмағай діндерім.
Асулы дар астында,
Зар айлаған тілдерім,
Бабай түкті сопы Əзи
Көзіңді салшы пірлерім!
Қолымды кəпір байлаған,
Аспаққа дарды сайлаған.
Бəлаудактың көлінде,
Қырық жігіт сені ертіп,
Күндерім, кəні, ойнаған,
Мақсатыма жетпедім,
Дүниедегі ойлаған.
Он сегіз мың ғаламның
Падишасы бір құдай,
Құлым дейтін күніңді,
Қайрат қылып қан төкпей,
Қапалықта кеткенім.
Алды-артыңа қарамай,
Рас па дүние өткенің?

Егер қапы қалмасам,
Бұл секілді дінсізге,
Пəнде болар бек пе едім?
Ақырын тілеп бұл істің,
Падишасы ғаламның,
Бір өзіңнен күткенім.
(Жүсіп, Ахмет)
* * *
Намыс яки соғыс толғауы. Діндар дəуірдің жырларында кəпірлермен соғысқанда əскерге
қайрат  беру  үшін  намысын  қоздырып,  қанын  қыздыруға  айтылған  намыс  толғауда  да  дін
əсері төмендегі сөздерден көрінеді.
Жүсіп, Ахмет жырында Ғашірбек қырық жігітке қайрау сөз айтқанда былай толғайды:
Ойран етіп тау-тасты,
Қанға бояп көз жасты,
Шүлдірлетіп қызыл басты,
Сайлап шаншар күндер бүгін.
Асыл алмас пышақтары,
Тығырадан шашақтары,
Ахметжанның қожақтары,
Жаннан кешер күндер бүгін.
Ғашірбектің сол озары,
Құрылсын мақшардың базары,
Бек Жүсіптің қошқарлары,
Қаннан кешер күндер бүгін.
* * *

Ат құлағын теңестіріп,
Бір-біріңе кеңестіріп.
Кəпірлерді қойша қырып,
Майдан кешер күндер бүгін.
Марқайыс  толғауы.  Діндар  дəуірдің  марқайыс  толғауында  да  дін  əсері  болғанын  мына
сөздерден байқауға болады:
Байтұрсын,  Ақтас  деген  жақын  ағалары  15  жыл  айдауда  болып,  қайтып  келіп  тұрған
қуаныштың үстінде айтқан Қарпық ақынның марқайыс толғауында мынадай сөздер бар:
Кəпірге қылыш сілтеп қарысқаным!
Дүниеде теңін тауып жарысқаным!
Тəніңнен дұшпан көрсең түгің шыққан,
Лайық заманыңа арыстаным!
Нашарды сырт дұшпаннан арашалап,
Қам ойлап қарашыға болысқаным!
Үлгімен əр орында тұра берген,
Ақылға Аплатондай данышпаным!
Достардан қасірет отын қалас ойлап,
Қайырлы сағатында қауышқаным,
Шұбалаң, Қарақоға, Жыланшықпен,
Дені сау түсінікті болыстарың.
Бұл күнде сіздер үшін дұғада тұр,
Атқарып жолдас болған орыстарың.
Діндарлықтың  əсері  жоқтауларда  да  бар.  Бұрынғы  жоқтауларда  өлген  адамның
батырлығы,  байлығы,  істелген  ерлігі,  мырзалығы  айтылып  жоқталғанда,  діндар  дəуір
турасындағы жоқтаулар дін жайын жақсы білетінін айтып жоқтайды. Мысалы:
Бісмилла сөздің басына,

Ағайын келді қасыма.
Бір күнгідей болмаған,
Дүние деген осы ма?
Көңілден қайғы босатсам,
Келе ме көздің жасына?
Жыламай неғып шыдайсың
Кешегі өткен асылға?
Асылым түсті қолымнан,
Қанатым сынды оңымнан
Құдай қосқан жайсаңым,
Адастырды жолымнан.
Отыз төртке келгенде
Ұядан ұшты алғаным.
Дүниенің білдім жалғанын,
Мезгілсіз келді кезегім,—
Қызығыңа қанбадым.
Кəлам шаріп хат оқып,
Іслам жолын аңдадың
Жан тəсілім болғанша,
Ақылыңнан танбадың.
Сонда біліп ойладың
Құданың назар салғанын.
Амандаспақ сол күні,
Көңілде болды арманың.

Амандастың жұртыңмен,
Бұйрығы деп алланың,
Иманыңды құрметтеп,
Періште келсін хабарға.
Артында қалған біз нашар,
Іздегенмен табар ма?
Кешегі сөнген шам-шырақ
Орнына қайтып жанар ма?
Дүние дəулет болса да,
Енді дəурен болар ма?
9.  Терме.  Діндар  дəуір  термесі  мен  ауыз  əдебиеті  түрінің  термесі  бірдей.  Жалғыз-ақ
діндар дəуір дін сөзін көбірек қатыстырумен айрылады.
Мысал үшін діндар əдебиет термесінен алып қарайық.
1. Шортанбай термелері.
Атамыз Адам пайғамбар
Топырақтан жаралды.
Мұсылман, кəпір халайық
Сол Адамнан таралды.
Мұсылманға бұйырған
Көкірегіне қадалды.
Ұрлық пенен қарлықтан
Бойыңды тартып тек жүрсең,
Көрмесін деген залалды.
Белгі деген бейістің,
Жазғы салқын самалды

Тарихы деген тамұқтың
Қысқы суық амалды.
Ауыл малы бұралқы,
Ақылы жоқ жаманға.
Атасын алдар баласы,
Үшбу ақыр заманда.
Жақсылықтан ырым жоқ,
Жамандық асқан заманда.
Малынан зекет бермеген,
Аузына құдай кірмеген,
Қайыры жоқ сараң да,
Алақандай ай мен күн,
Ғаламның орта жарығы.
Жаббардың екі болмайды,
Əмір қылған жарлығы.
Құбылаға бас қоймақ
Мұсылманның тарығы
Руза, намаз қаза қылмасаң,
Көңілің де құдай барлығы.
Жапалық пен жалғыздық
Жалғанның жаман тарлығы,
Түшіркенген ұйқы жоқ
Қайғының асқан зарлығы...
2. Əбубəкір термелері:

Ауру болып азамат,
Қойылса басың жастыққа.
Достарменен сөйлесіп,
Жарамайсың достыққа.
Көңілің жүрмес қоштыққа,
Өзіңнен бақыт кеткен күн
Айналар достық қастыққа.
Не қылмайды адамзат
Əурешілік жастықта.
Дүние қуған мастықта.
Əбдурахман Əбуит,
Адасып жолдан астық па?
Шүкірлік қылмай тастық па?
Ғибадат бізден болса да,
Тəупық сізден білмейім
Рақметті патшамсың,
Кешіре гөр, күнəйім!
Өзің пендем демесең
Пайдаға аспас құр уайым.
Тəупық берсең нұрланар
Ықылас пенен дін уайым.
Зор сүйініш етемін
Мұсылман болып туғанға
Лəббайка деп рухым

Хаққа мойынсұнғанға.
Шүкір қылғып, жараңдар,
Жақсы мал шалып құрбанға.
Дəрет алып, намаз қыл,
Суды құйып құманға.
Зекет беріп, қажыға бар
Айналмаңыз құр малға.
Дүниеге айналып,
Тəңір берген дəулеттен
Мақшар күні құр қалма!
Көңілге иман бекітіп
Үйретіңіз туғанға.
Іслəмнің бес парызы
Жанған оттан құтқарар
Хақ таразы құрғанда
Шапағат қылар бес намаз
Əзірейіл жетісіп,
Жаныңды қабір қылғанда.
Бұл дүниенің қызығы
Ұқсайды білсең жараңдар
Көзіңді ашып жұмғанға
(Діндар дəуір əдебиет нұсқаларын нұсқалықтың 131, 165 нөмірлерінен қара).

Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   5   6   7   8   9   10   11   12   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет