Əдебиет танытқыш (1926) АҢдату



Pdf көрінісі
бет2/13
Дата06.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#8111
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

СӨЗ ТАЛҒАУ
Шығарма тілі екі түрлі болатындығы жоғарыда айтылған еді. Оның бірін ақын тілі деп,
екіншісі  əншейін  тіл  деп  аталады  деп  едік.  Бұл  екі  тілдің  арасындағы  айырмасы  мынау:
əншейін  тіл  көбінесе  сөздің  дұрыстығын,  анықтығын,  тазалығын,  дəлдігін  талғайды.  Ақын
тілі  сөздің  дұрыстығының,  тазалығының,  дəлдігінің  үстіне  көрнекі,  əуезді  болу  жағын  да
талғайды.
Шығарма сөз өңді, ұнамды болу туралы талғаудың қоятын жалпы шарттары мынау:
1. Сөз дұрыстығы
Сөз дұрыс айтылуы деп əр сөздің, əр сөйлемнің дұрыс күйінде жұмсалуы айтылады. Олай
болу үшін керек:
1.  Сөздердің  тұлғасын,  мағынасын  өзгертетін  түрлі  жалғау,  жұрнақ,  жалғаулық  сияқты
нəрселерді біліп əрқайсысын өз орнына тұтыну.
2. Сөйлем ішіндегі сөзді дұрыс септеп, дұрыс көптеп, дұрыс ымыраластыру.
3.  Сөйлемдерді  бір-біріне  дұрыс  орайластырып,  дұрыс  құрмаластырып,  дұрыс
орындастыру.
2. Тіл тазалығы
Тіл  тазалығы  дейтініміз  —  ана  тілдің  сөзін  басқа  тілдің  сөзімен  шұбарламау.  Басқа
тілден  сөз  тұтыну  қажет  болса,  жұртқа  сіңіп  құлақтарына  үйір  болған,  мағынасы  халыққа
түсінікті сөздерді алу.
Орыстың жақсы жазушыларын алсақ, олар көбінесе мынау түрлі сөздерден қашқан:
а. Ескірген сөздерге жоламаған.
ə. Жаңадан шыққан сөздерден қашқан.
б. Өз тілінде бар сөздің орнына басқа жұрттан сөз алудан қашқан.
в.  Жергілікті  сөздерге  яғни  бір  жерде  айтылып,  бір  жерде  айтылмайтын  сөздерге
жоламаған.
Қазақ əдебиеті қатып-пісіп жетпеген уақытта біз қазақ сөзін ескі, жаңа деп талғамаймыз,
жергілікті  сөз  екен  деп,  ол  жағынан  қатал  қарап,  қашып  тұрмаймыз.  Жалғыз-ақ  біздің
мықтап қашатынымыз жатшылдық (жат сөзшілдік).
Біз  сияқты  мəдениет  жемісіне  жаңа  аузы  тиген  жұрт  өз  тілінде  жоқ  деп  мəдени

жұрттардың тіліндегі даяр сөздерді алғыштап, ана тілі мен жат тілдің сөздерін араластыра-
араластыра  ақырында  ана  тілінің  қайда  кеткенін  білмей  айрылып  қалуы  ықтимал.
Сондықтан  мəдени  жұрттардың  тіліндегі  əдебиеттерін,  ғылым  кітаптарын  қазақ  тіліне
аударғанда  пəн  сөздерінің  даярлығына  қызықпай,  ана  тілімізден  қарастырып  сөз  табуымыз
керек.  Сонда  біздің  əдебиетіміздің  тілі  таза  болып,  жоғарыда  айтылған  талғау  салтының
шарты орындалған болады.
3. Тіл (лұғат) анықтығы
Айтылған  лебіз  ашық  мағыналы,  түсінуге  жеңіл,  көңілді  күдіктендірмейтін  болса,  тіл
анықтығы дегеніміз сол болады. Лебіз ашық мағыналы болу үшін айтушы айтатын нəрсесін
анық  танитын  болу  керек.  Адам  анық  танитын  нəрсесін  анық  атайды  да,  көмескі  танитын
нəрсесін  көмескі,  күңгірт  атайды.  Сондықтан  біреудің  айтқан  сөзін  анық  түсінеміз  де,
біреудің  сөзін  анық  түсінбей,  жорамалдап,  жорып,  ұйғарып  қана  қоямыз.  Лебіз  анық
болуына мынадай орындарда кемшілік келмек:
1. Лебіз мағынасы екі ұшты ұғарлық болып айтылғанда.
Мысалы:
1.Жаман қатын алсаңыз,
Төркініне бере алмай,
Төсегіне жата алмай,
Тең құрбысы келгенде
Жөнді жауап айта алмай
Жалғанда қор болады.
Мұнда  «жалғанда  қор  болады»  дегенді  екі  түрлі  ұғуға  болады:  «Төркініне  бере  алмай,
төсегіне жата алмай» байы «қор болады» деп те ұғуға болады. «Тең құрбысы келгенде, жөнді
жауап айта алмай» қатыны «қор болады» деп те ұғуға болады.
Сол сияқты мынау да екі ұшты лебіз:
«Абай  ұрыға  қас  еді:  ұры  аулының  маңына  жоламаушы  еді».  Мұнда,  ұры  аулының
маңына  Абай  «жоламаушы  еді»  деп  те  ұғуға  болады,  ұры  Абай  «аулының  маңына
жоламаушы еді» деп те ұғуға болады.
Абайдың мына сөзін де екі түрлі ұғуға болады:
1. «Қисық болса, закон бар, судияға беруге, ол да уйезнай емес қой, алуға теңдік сенуге».
2. Сөйлемдер шұбалаңқы айтылып, бір басыңқы сөйлем қасында көп бағыныңқы сөйлем

болса,  немесе  сөйлемдердің  құралу,  құрмаласу,  сабақтасулары  шатақ  түрде  болса,  əйтпесе
тыныстар орнына қойылмаса.
Мысал:
а.  «Өз  əкесі  Құнанбай  уақытындағы  елдің  құр  мұсылманмын  дегеннен  басқа  діннің  не
екенін  білмей  қан  жеп,  неше  түрлі  ырымдарға  табынып  жүргеніне  қатты  тыю  салып  анық
шариғат  қоспаған  істі  қылған  ғайыры  бұзықшылық  іс  қылғандарға  бек  ауыр  жаза  салып,
халыққа ауыл басы молда ұстатып, қадари қал ғылымның жолын көрсетіп, үлгі салған еді».
б.  «Соңғы  уақытта  Абай  өзі  өлеңнің  өнер  екенін  біліп  жаза  бастаған  соң,  бұрынғы
ақындар  надандықпен  өлеңді  өнер  орнына  ғибрат  үшін  айтпай  тіленшілік  орнына
айтқандықтан  ақындықтың  да  өлеңнің  де  қазақ  ортасында  бағасы  кеткендігін  айтып,  өзін
олардың  ретінен  басқа  қылып,  алмақ  пайда  үшін  емес,  халықты  ұмтылтып,  көңіл  көзін
ашпаққа ғибрат үшін жазғанын білдіріп, өлең шығарған».
«Сол  себепті  жазушылықтың  өзі  де  екінші  дəрежеде  қалып  салақ  болып,  берірек
ұлғайыңқыраған  кезінде,  өкініш  түсіп,  жасында  ғылым  жолында  болмай,  қазақтың
айқайымен  жүргендіктен.  Кешірген  өмірінің,  жазған  өлеңінің,  ретсіз  болып,  яки  ғибрат
алмаққа  жарамайтындығын,  ақылға  сыйымсыз  жері  болса,  кейінгі  замандағы  сынаушы
жастардан  өзінің  тəрбиесіз,  үлгісіз  өскен  өмірін  айтып,  надан  елдің  ішінде  неше  түрлі
машақат,  əурешілік  пен  бойды  ыза  кернеп,  өткен  қатам  болса  аяп,  аз  сөге  көріңдер,  деп
жазғаны — Өлсем орным қара жер сыз болмай ма...».
Сөздер өз мағынасында жұмсалмай, басқа мағынада жұмсалғанда, меңзеу, өрескел болса,
мəселен:
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Күмістей сəуле беріп жарқыраған,—
дегеннің орнына, таулардан сарқырап, жарқырап, ақ күміс ағады десе.
Адас  сөздерді  аңдап  айтпаса,  мəселен:  «Сол  елдің  адамының  бəрі  азулы»  дегенде,
адамның  бəрі  азып  болғанын  айтқаны  ма?  Болмаса  адамының  бəрі  мықты,  азулы  айғырдай
дегені ме? Анық емес.
Сөз өктейсіз орынға қойылғанда, мəселен, күндерде бір күн Сатемір далада ойнап жүріп,
бір  ескі  тамның  түбінде  шаршаған  соң  сүйеніп  жан-жағына  қарап  жатса,  бір  аяғы  ақсақ
құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да орта шеніне барғанда құлап түседі.
Мұнда  «бір  аяғы  ақсақ  құмырсқа»  деген  сөз  құмырсқаның  бір  аяғы  ақсақ  екендігін
көрсете ме, болмаса аяғы ақсақ бір құмырсқа деген мағына ма — белгісіз.
4. Тіл дəлдігі
Тіл дəлдігі деп ойлаған ұғымға сөз мағынасы сəйкес келуі айтылады. Ұғымға сөз дəл келу

үшін  сөздің  мағынасын  дұрыс  айыра  білу  керек.  Тіл  дəлдігін  бұзатын  көбінесе  амандес
сөздер.
Амандес  сөздер  деп  мағынасы  жақын  сөздер  айтылады.  Мəселен:  батырлық,  ерлік,
батылдық,  өткірлік,  өжеттік  деген  сияқты  сөздер.  Мұның  бəрі  жүректілікті  көрсеткенмен
əрқайсысының  өз  алдында  өңі  бар.  Өңін  танымай  яки  аңғармай  бірін  бірінің  орнына  айтса
лұғат  дəлдігіне  кемшілік  келтіреді.  Жəне  де  тіл  дəлдігіне  мынадай  орындарда  кемшілік
келеді.
1. Сөйлем ішіне орын алып, оралғы болудан басқа қажеті ұсақ сөздер кірсе.
Мысал:
а. Кейбіреулер дүние қуғыш, мал жиғыш, пайда қылғыш келеді.
б. Өз көзіммен көріп, көз алдымнан атқарып келіп отырмын.
в. Оның қалыптанған ерте тұратын əдеті бар еді.
Бұл  үш  мысалдың  ішінде  алып  тастаса,  орны  ойсырамайтын  сөздер:  «Мал  жиғыш»,
«Пайда  тапқыш»,  «Көз  алдымнан  атқарып»,  «Қалыптанған»  деген  лебіздер.  Бұлар  сөйлем
ішінде тұрғанда да толық болуына келтіріп тұрған пайдасы жоқ.
Ойы қарайлас сөйлемдер қатар айтылғанда, мəселен, «Мен қартайған шағымда, байы жоқ
деп  баққан  жоқ,  күйі  жоқ  деп  күйген  жоқ,  қайраты  жоқ  деп  қарасқан  жоқ,  əлі  жоқ  деп
асыраған  жоқ»  деген  сияқты.  Бұлай  айтудың  сырты  көркем  сияқты  көрінсе  де,  ішкі
мағынасы пікірді толықтырмай, тек сөздің, сөйлемнің қарасын көбейтеді.
5. Тіл көрнектілігі
Сөздің дұрыс, таза, анық, дəл айтылуының үстінде талғау сөздің көрнекі болуын да керек
қылады. Адамға дерексіз заттан гөрі деректі зат түсініктірек, жансыз заттың күйінен жанды
заттың күйі танысырақ. Сондықтан адам сөйлегенде сөзі толық түсінікті болу үшін дерексіз
заттарды  деректі  затша,  бернесіз  заттарды  бернелі  затша  сипаттайды,  жансыз  затты  жанды
заттай ғамалдайды. Ақ көңіл, шолақ ақыл, арам ой деу, яки күн бүркіп тұр, найзағай ойнады,
су  қайтты  деу,  я  болмаса,  қазанның  құлағы,  ошақтың  бұты,  үйдің  төбесі  деу  дерексіз
заттарды  деректі  затша,  жансыз  заттарды  жанды  затша,  бернесіз  заттарды  бернелі  затша
қалыптау,  ғамалдау,  бернелеуден  шығып,  əдетті  сөзге  айналып  кеткен.  Мұндай  сөздер
жалғыз  əдетті  түрінде  емес,  əдейі  де  айтылады.  Мəселен,  Мағжанның  «Толқын»  деген
өлеңінде,  толқынның  толқығанын  бернелеп,  түсінікті  түрде  көрсету  үшін  əдейі  жанды
нəрседей ғамалдап былай дейді:
Толқыннан толқын туады,
Толқынды толқын қуады.
Толқын мен толқын жарысад,

Күңіренісіп кеңеспен,
Бітпейтін бір егеспен.
* * *
Толқын мен толқын сырласып,
Сырларын еппен ұрласып.
Толқынға толқын еркелеп,
Меруерт көбікке оранып.
Жыландай жүзге бұралып,
Жарға жетер ентелеп.
Осы  сияқты  өң  берілген  сөздер,  көрнекі  тіл  делінеді.  Тіл  көрнекі  болу  үшін  дерексіз
нəрсе, деректі нəрседей, жансыз нəрсе жанды нəрседей суреттеліп, адамның сана-саңлауына
келіп түсерлік дəрежеге жетуі керек. Қалыпты түріндегі сөз ондай дəрежеге жету үшін түрлі
əдістер істеледі. Ол əдістер негізгі түріне қарай үш тапқа бөлінеді: 1. Көріктеу. 2. Меңзеу. 3.
Əсерлеу.
1. Көріктеу
Бір нəрсені көптен айырып, көзге көбірек түсерлік етіп айтқымыз келгенде ол нəрсенің
атына  айқын  көрсеткендей  сөз  қосып  айтамыз.  Мəселен.  «Қара  Мұқан»,  «Сары  Мұқан»,
«Болыс  Мұқан»  дейміз.  Мұнда  Мұқандардың  бірінен-бірін  айырып,  əрқайсысын  айқын
шығару  үшін,  Мұқан  деген  сөзге  басқа  сөздер  қосып  отырмыз.  Атымтай  жомарт,  Жиренше
шешен, Қаз дауысты Қазыбек деуде айқындау мақсатпен айтқаннан шыққан. Бұл келтірілген
мысалдардағы  қара,  сары,  болыс,  жомарт,  шешен,  қаз  дауысты  деген  сөздер  айырықша
мақсатпен əдейі айтылып тұр. Сондықтан айқындаудың бұл түрі тек айқындау ғана болады.
Мұнан  басқа  көркейту  мақсатпен  айқындау  бар.  Мəселен  «қызыл  тіл»,  «Алтай  түлкі»,  «Ақ
сұңқар»  деген  сияқты.  Бұлай  айқындау  басында  айыру  мақсатпен  айтылса  да  соңынан
көркейту  мақсатпен  айтуға  айналған.  Бұл  күнде  қызыл  тіл,  Алтай  түлкі,  ақ  сұңқар  дегенде
«қызыл»,  «Алтай»,  «ақ»  деген  сөздерді  көбінесе  көркейту  үшін  айтып  жұмсаймыз.
Сондықтан  айқындаудың  бұл  түрі  көркейту  деп  айтылады.  Көркейту  я  жалпы  сипатты
жалғыз  нəрсеге  теліп  айтқанда,  я  нəрседе  болмайтын  сипатты  болатындай  етіп  айтумен
болады. Асылында айқындау нəрсені я көркейту үшін айтылады, я лақаптау үшін айтылады.
Сарыарқа, сары қымыз, шалқар көл, самал жел, алалы жылқы, ақты қой, əділ би деген сияқты
лебіздерше  сары,  шалқар,  самал,  алалы,  ақты,  əділ  деген  айқындау  болады.  Бұл  айқындау
көркейту  үшін  айтылып  отырған  айқындаулар.  Асан  Қайғы,  Ер  Тарғын,  Қара  қыпшақ
Қобыланды,  Қаз  дауысты  Қазыбек,  Бұғабай  басшы,  Жиренше  шешен,  Орынбай  ақын  деген
лебіздерде қайғы, ер, қара қыпшақ, қаз дауысты, басшы, шешен, ақын деген сөздер лақаптау
үшін айтылып тұр.

Көркейте айқындау ақындар сөзінде көп келеді.
Мысалдар:
1.Ақ таудан аққан ақ бұлақ,
Айдынға құяр аққан су.
Алалы жылқы, ақты қой
Аңдыған бөрі кірмес пе?
Иесі ұйықтап жатқан соң
Алтын тақты əділ хан
Адасқан аққу халықтан соң
(Байтоқ ақын)
2. Біз кеттік абайсызда елден шығып,
Жол тарттық құба шыңға Жемнен шығып.
Тамызда қызыл мұнар ыстық шөлге
Қаз қонған баттауықты көлден шығып.
(Сүгір ақын)
3.Ақтөбе мен қорғаншы,
Асан Қайғы бабаның.
Қызыл тастан үй салып,
Əңгіме құрып кеткен жер.
(Мұрат ақын)
4.Байлауда қалған ақ сұңқар
Бұрынғыдай бола алмас,
Көлден үйрек ала алмас.
Балдағы алтын ақ болат

Енді белге ілінбес,
Ерлігім жауға білінбес.
Оза шауып олжа алған,
Таласты жерде жолды алған,
Жасанған жауға қол салған,
Ортадан ойып жол салған,
Қарт Қожақ деген ер едім,
Алда тізгін оңдаса,
Көк сүңгіні салармын,
Балдағы алтын ақ берен
Қызыл қанға малармын.
(Ер Тарғын)
2. Меңзеу
Көрнекілеудің өзі бірнеше түрге бөлінеді:
А. Теңеу.
Көріктеу  нəрсені  айыра  көрсетіп,  айқын  шығаруға  жарағанмен,  нəрсенің  бернесін
сүгіреттеп  көрсетуге  күші  жетпейді.  Ондай  орында  белгісіздеу  сипатты  белгілі  сипатқа,
белгісіздеу нəрсені белгілі нəрсеге теңеп, көрнектеп, ашығырақ көрсетеміз. Мысал:
Таулардан бұлақ ағар сарқыраған,
Айнадай сəуле беріп жарқыраған.
Жел соқса, құйын соқса бір қалыпта,
Аралап тау мен тасты арқыраған.
Шапақтап бұлт шығар мұнарланып,
Жаңбырлы күндер түсер тұманданып.
Адамзат нұр ауасын судай жұтар,

Шөл тартқан хайуандарша құмарланып.
Ұйқыдан көзін ашқан жас балаша
Жайқалып шыға келер жердің гүлі.
(Алтынсарин Ыбырай)
Теңеудің  неше  түрлері  ескі  өлеңдерде  көп  келеді.  Ер  Тарғынның  Тарланына  айтқан
сөзінің ішінде мынадай теңеу бар:
1.Омыртқаң бар оқтаудай.
Жауырыныңа қарасам,
Сыпыра шапқан тақтайдай.
Құйрығыңа болайын,
Қынаптан шыққан қанжардай.
Жалыңа сенің болайын,
Күлтеленген жібектей.
Шықшытыңа болайын,
Оралып жатқан түбектей.
Құлағыңа болайын,
Көлге біткен құрақтай,
Қабағыңа болайын,
Қара албасты қабақтай,
Бауыздау жеріңе болайын,
Піскен алма сабақтай.
Екі көзіңе болайын,
Қорықтан жанған шырақтай.
2.Астына мінген Тарланның,
Тұрпатына қараса,

От орнындай тұяқтан
Оймақтайы қалыпты.
Етектейін ернінен
Екі елісі қалыпты.
Қиған қамыс құлақтан,
Бір тұтамы қалыпты.
Жалбыраған жалынан
Жалғыз қарыс қалыпты.
Бір құшақтай құйрықтан
Бір уыстай қалыпты.
3.Бұқар барсаң құлан бар,
Құланды көр де, шашым көр.
Зергерге барсаң қасында
Алтыннан соққан түйме бар,
Түймені көр де басым көр.
Теңеу  екі  түрлі:  1.  Əншейін  теңеу.  2.  Əдейі  теңеу.  Екеуінің  арасындағы  айырмасы  сол:
əншейін  теңеу  —  əдетті  теңеу  болады;  мəселен,  удай  ащы,  айдай  жарық,  күйедей  қара
дегендегі  «удай»,  «айдай»,  «күйедей»  деген  сияқты  сөздер  —  əдейі  теңеу,  жоғарыдағы
келтірген мысалдардағы теңеулер.
Б. Ауыстыру.
Сөздің  көбін  өз  мағынасында  жұмсамай,  өзге  мағынада  жұмсаймыз.  Арасында  түк
ұқсастық  жоқ,  екі  нəрсенің  ететін  əсері  бірдей  болса,  біріне  қас  ғамалды  екіншісіне
ауыстырып айтамыз. Мəселен, «күн құтырып кетті», «аяз қарыған», «қырау соққан» дейміз.
«Құтырып  кетті»,  «қарыған»,  «соққан»  деген  сөздер  нақ  өз  мағынасында  емес,  өзге
мағынада айтылып тұр. «Құтыру» жанды, есті нəрсенің күйін көрсететін сөз. Мұнда күннің
желдетуі  адамның  құтырған  күйіне  ұқсас  əсер  ететіндіктен  жанды  нəрсенің  күйін
көрсететін  сөз  күннің  күйін  көрсетуге  ауыстырылып  алынып  тұр.  «Қарыған»  деген  сөз  де
солай алынып тұр.
Қарығанда  ыссы  нəрсемен  қариды,  аяздың  үсіткен  жарасы,  ыссы  нəрсенің  қарыған

жарасына  ұқсас  болғандықтан  аяз  ғамалына  айтылып  тұр.  Соғудың  өз  мағынасы  —  бір
нəрсені  екінші  нəрсемен  ұру.  Қырау  бір  нəрсеге  түскенде  оны  ұрмайды,  тек  тиеді.  Нəрсеге
тигендегі  келтіретін  зақымы  соққаннан  болатын  зақымға  ұқсас  болғандықтан  «Соққан»
деген сөз қырау ғамалына ауыстырылып айтылып тұр.
Осындай ұқсастығымен ауыстырып, өз мағынасынан сөзді өзгелеп айту — ауыстыру деп
аталады.
Сөз мағынасын ауыстыру түрліше болады: көбінесе ұшырайтын түрлері мыналар:
Бейнелеу
Бір  нəрседе  болмайтын  күйді,  екінші  нəрседе  болатын  күйді  көрсететін  сөзбен  айту
бейнелеу болады. Мысалдар:
1.Бидайлар басы толық иіліп тұр,
Дəн берген қожасына сиынып тұр.
Басында бұл бидайдың дəні болмай
Кекірейіп көкке қарап бүлініп тұр.
(Қырық мысал)
2.Жүгірер киік, құлан тау мен қырда,
Қуанып ықыласпен келген жылға.
Алыстан мұнарлаған сағымдары,
Шақырып тұрар құбылып, кел деп мұнда.
Көл бұзылып, көк шығып қойнын ашса,
Қаңқылдап қонар оған қаз бен тырна.
(Алтынсарин Ыбырай)
3.Бұл күнде сөйлей берсем сөз жетерлік,
Білгендер тағылым бар үлгі етерлік.
Кеңестің көзі ашылған бұлағымен,
Ағызып шұқанақты көл етерлік.
(Наушабаев Нұржан)

4.Науша би Есенғазы жаңа тауым,
Сүбіқанқұл сұңқар еді алған бауын.
Қожамжан Жантемір мен төсін ашып,
Билікке салушы еді омырауын.
(Сүгір ақын)
5.Анаңыз қиналады кетеді деп,
Қайсы қыз шырағыма жетеді деп.
Көшкенде, көштің көркі — көгершінім,
Қадірі кетсе мұның өтеді деп.
(Шернияз ақын)
6.Мен Қырымның ішінде
Ақша ханның қызы едім,
Атам менен анамның
Асыранды қазы едім,
Жылқыда шаңқан боз едім.
Қытай менен Қырымнан
Тамам жақсы жиылса,
Аузындағы сөзі едім.
(Ер Тарғын)
7.Дұшпандар тың салмай ма шабысыңа,
Тұлпардай дүбір шыққан дабысыңа.
Байұзақ, Батырбекпен екі нусың,
От салма өзді-өзіңнің қамысыңа.
Белбеуді бел қышиды шешерінде,

Жылқы мал тістеспейді өсерінде.
Екеуің орта жасқа келіп қалдың,
Тастама жұртқа шала көшеріңде.
Бір дұшпан екеуіңді жанып жүрме?
Жел сөзге арадағы нанып жүрме?
Басын тарт тұлпарыңның керістірмей!
Сауырын зорықтырып алып жүрме?
(Мəделі қожа)
Ауысу да екі түрлі болады: 1. Тіл ауысуы. 2. Лұғат ауысуы. Мұнда да əдетті ауысу тілдік
болады да, айтушының сөзіндегі ауысу лұғаттік болады. Лұғаттағы ауысу жоғарыда келтірген
мысалдардағы, тілдегі ауысу, мəселен, суық сөз, жел сөз, қызыл тіл, бықыт құс, ми ашыған,
ант ұрған, жын қаққан деген сияқты сөздер.
Алмастыру
Арасында  жақындығы  бар  екі  нəрсенің  атын  ауыстырып,  бірінің  орнына  бірін  айту
төмендегі түрі болса, ондай ауысу алмастыру деп аталады.
Мысалдар:
1. «Анау үйдің құдасы келіп жатыр» дейміз. Құда үйдікі емес, ол үйдегі адамдікі, үй мен
үй иесінің арасы жақындығынан бірінің орнына бірін айтамыз.
2.  «Ауыл  ұйқыда  жатқанда»  дейміз.  Ауыл  ұйықтамайды,  ауылдың  адамы  ұйықтайды.
Ауыл мен ауылдағы адам екеуінің арасында жақындық барлығынан адамның орнына ауылын
айтамыз.
3. Біреудің қолы жүйрік, шапшаң жазады дегеннің орнына «Қаламы жүйрік» дейміз. (Қол
мен қалам жақындығы).
4.  «Ет  берілді  ме?»  дегеннің  орнына,  «Табақ  тартылды  ма?»  дейміз.  Яғни  тамағын
табағына алмастырып айтамыз. Сол сияқты «Неше аяқ іштің?»,  «Неше  кесе  іштің?»,  «Неше
шелек  құйдың?»  дейміз.  (Қымыз  орнына  аяғын,  шай  орнына  кесесін,  су  орнына  шелегін
алмастырып айтамыз).
5.  Үстіне  кигені  кілең  жібек,  я  кілең  былғары  дейміз.  (Киім  орнына  жасалған  нəрсесін
айтамыз).  Ақсұлу  мен  Кенішбайдың  айтысқан  өлеңінде  Кенішбайдың  сөзінде  бұлай  деген
жері бар:

Жаппастың сап-сары алтын жиған мүлкі,
Мейман дос, келсе қонақ, барша жұрты
Шығады қыз-бозбала серуенге,
Үстіне масаты мен киіп құлпы.
Мұнда  алтыннан  істелген  бұйымдардың  орнына  бұйымдардың  істелген  затын  —
алтынды айтып отыр, масаты мен құлпыдан істелген киім орнына киімдердің істелген заты
— масаты мен құлпының өздерін алып отыр.
6.  Абайдың  сөзінен  яки  кітабынан  көшіріп  жаз  деудің  орнына  «Абайдан  көшіріп  жаз»
дейміз. Сөзінің орнына иесін айтамыз.
Кейіптеу
Жансыз  нəрсені  жанды  нəрсенің  күйіне  түсіріп  тұрпаттау  кейіптеу  деп  айтылады.
«Қылышын сүйретіп қыс келеді» дегенде, қиялыңа қылыш сүйреткен адамның сүгіреті келіп
түседі. Қыста қылыш та жоқ, қылыш сүйрететін күйі де жоқ. Жансыз қысты жанды адамның
күйіне  түсіріп,  адамның  істейтін  ғамалын  телігендіктен  қыс  бізге  адам  сүгіретінде  келіп
көрініп отыр.
1.Ақ киімді, денелі, ақ сақалды,
Соқыр мылқау танымас тірі жанды
Үсті-басы — ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Дем алысы — үскірік, аяз бен қар
Кəрі құдаң — қыс келіп, əлек салды.
(Абай)
2.Асау терек долданып, буырқанып,
Тауды бұзып жол салған, тасты жарып.
Арыстанның жалындай бұйра толқын,
Айдаһардай бүктеліп, жүз толғанып.
Кавказдан шықты жайнап, қылып у-шу,
Түзу жерден жол кернеп ұлғайды су.

Қалың қайрат бойында, беті күліп,
Момынсынған пішінмен ағады қу.
Кавказдай Құзда туған перзенттенмін,
Бұлттың суын ішіп ер жеткенмін.
Қазбектен ағам, сені көксеп шығып,
Кім қақтықса жолымда күйреткенмін.
Зор кеуде азаматтың айласына
Көнбей, бүкіл күшімді көрсеткенмін.
Екі езуім көпіріп айғайласам,
Шын құтырсам шың-тасты тербеткенмін.
Аптығып асау інің келді, ақсақал!
Тау-тасқа, адамзатқа салып жанжал.
Дем алайын деп келдім, аш қойныңды,
Сəлем-сауқат əкелдім, қош көріп ал.
(Лермонтовтан) 
Бернелеу
Бір  нəрсенің,  көбінесе  адамның  мінезін,  құлқын,  ғамалын  екінші  нəрсенің  мысалында
көрсетіп айту — бернелеу болады. Қазақтың бернемен сөйлеп отыр дегені — осы бернелеу.
Бейнелеу  бернелеумен  екі  арасы  жақын.  Бейнелеу  де,  бернелеу  де  екі  ұқсас  нəрсенің
бірін бірінің орнына айтудан шығады. Бейнелеу ұлғайғанда бернелеуге айналып кетеді.
Мəселен, мынау түрлі сөздер бейнелеуден ұлғайып, бернелеуге айналып кеткен:
1.Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ құрға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құр халықтың.

Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет
Оттай бер, жануарым екі аяқты! —
Азаттық хайуанға қанша қажет?!
Жаратқан малды құдай не керекке?
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма түрткенге айдап.
Есептен жаңылғандай болғандар көп,
Жасықты, асыл ма деп, білмей қайрап.
Мағжанның «Шын айт» деген өлеңі де бейнелеуден ұлғайып, бернелеуге айналған сөздің
түрі. Бейнелеумен бернелеу арасындағы айырмасын мынадан анық көруге болады.
Бейнелеу мысалы:
Жан еркем, мен жүремін мынау күймен,
Бар ма екен ғашық жарың мендей сүйген.
Сен бір шам, айнала ұшқан мен паруана
Айналып аламын деп отқа күйген.
Мұнда «Сен бір шам» дегеннен бастап аяғына шейін бейнелеу болады.
Бернелеу мысалы:
Отқа ұшар көбелек
Қарамай, сорлы алды-артын.
Ойына кіріп шықпайды,
Күйдірер деп от жалын.

Шырқ айналып ентелеп,
Жүрер де бір уақ ол қонар...
Ұмтылған оты сорлыны
Күйдірер де тез тынар.
Бұл  келтірген  екі  мысалдың  екеуінде  де  адамның  күйінің  көбелекке  ұқсастығы
айтылады.  Ол  ұқсастығын  қысқалап  айтқанда  бейнелеу  болып,  ұлғайтып  айтқанда,  бүтін
мысалға айналып, бернелеу болып кетеді.
«Қырық  мысалдағы»  мысалдардың,  Абай  кітабындағы  мысалдардың  бəрі  бернелеу
болады.  Қазақтың  «Бернемен  сөйлейді»  деуінің  өзі  я  «Пердемен  жасырып  сөйлейді»
дегеннен  шыққан,  я  «Бернемен  сүгіреттеп  сөйлейді»  дегеннен  шыққан  боларға  керек.  Бұл
екеуінің  соңғысынан  да  алдыңғысы  болуының  ықтималы  мол.  Өйткені  «бернемен  сөйледі»
деп қазақтар сөздің өз мағынасын жасырып, өзге мағынамен сөйлегенде айтады. Бернелеу —
сол мағынасы жасырын сөздің нағыз өзі.
Бернелеу  біткеннің  бəрінің  лебіз  мағынасынан  басқа  астыртын  мағынасы  болады.
Бернелеу өте ұзақ болса, айтушы баяндап береді, я болмаса ұшығын көрсетіп қояды. «Қырық
мысалдағы»  жəне  мысалдардың  көбінде-ақ  бернелеудің  астыртын  мағынасының  баяндауы,
шешуі бар. Жоғарыда айтылған Мағжан бернелеуінің де аяғында мынадай баяндауы бар:
Құрбылар іске бет алсақ,
Ойламай қанат қақпалық.
Анау жарық — алтын деп,
Көрінгенге шаппалық.
Жолымен кетсек қанаттың
Көбелектей күйерміз.
Алам деп алтын барғанда
Күлден кебін киерміз.
Жоғарыда көрсетілген «Адамдық диқаншысы» деген бернелеудің айрықша баяндауы жоқ.
Бірақ кімге айтылып отырған сөз екенінің ұшығы көрсетілген.
«Көңілін көтеруге құл халықтың» деген сөз бернелеудің астыртын мағынасының ұшығын
көрсету  болады.  Шетін  сездірген  соң  ар  жағының  бəрі  түсінікті.  Бернелеу  шығарманың
неғұрлым  лұғаты  жайнақы,  ойнақы  келсе,  əдемі  болып  шығады.  Лұғатында  жайнақылық,
ойнақылық  кем  болса,  бернелеу  əдемі  сөз  болмай,  əншейін  сөзге  айналып  кетеді.  Əсіресе

бернелеу  əншейін  сөзге  айналып  кететіні  лұғат  жағының  толық  болуына  назар  салмай,  тек
бейнелеу, ұқсату жағына ғана ілтипат еткенде болады. Əдемі бейнелеуге қоятын сын мынау
түрлі болуы керек:
Бернелеудің астарын қоя тұрып, өң жағын алғанда, астыртын мағынасын қоя тұрып, лебіз
мағынасының  өзін  алғанда  жолы  қанша?  Ұқсастығының  сəйкестігі  қанша?  Дəл  келе  ме?
Болмаса  июмен,  бұраумен  келіп  əдейі  бернелейін  деген  ниеті  кеш  жерден  көзге  түсіп  тұра
ма,  я  болмаса  ұқсастығы  өте  алыс,  көруге  тым  қараңғы  ма?  Егерде  бернелеудің  шешуі  бар
болса,  онысының  қажеті  қанша?  Керек  болған  халде,  өте  ұзын  емес  пе?  Ақылды  ғана
қанағаттандыра ма, болмаса көңілге я қиялға тиісті сыбағасын да бере ме?
Бернелеудің  өзі  болсын,  баяндауы  болсын,  лұғаттың  өте  жайнақы,  ойнақы  келгенін
жақтырады.  Бернелеудің  өзінің  де,  баяндауының  да  сынына  үлгі  болуға  жарарлық  «Қырық
мысалдағы»  «Иттің  достығы»  деген  сөз,  жоғарғы  айтылған  сынмен  сынағанда  мұның  өз
басынан  да,  баяндауынан  да  сын  табылмайды.  Мұнда  бернелеуге  керек  болатын  лұғат
жайнақылығы  да,  лұғат  ойнақылығы  да  түгел.  Бұл  мысалдың  ішкі  астыртын  мағынасын
қойып,  тысқы  лебіз  мағынасын  алғанда  да  иттің  мінезін  дұрыс  сүгіреттейтін,  тыңдауға
тұрарлық сөз болып шығады:

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет