6. ТАРМАҚ КЕЗЕҢДЕРІ
Жоғарыда бунақтардың арасындағы дауыс толқынының жіктері кезек деп аталады деп
едік. Кезек екі түрлі болады: 1. Ұлы кезек. 2. Кіші кезек.
Мысалы:
Ақжүністей II жолдасым,
Əйел де болсаң мұңдасым,
Қолаң шашты қой көзді
Əйелде ару сен едің.
Аш арыстан жүректі,
Балуан жолбарыс білекті,
Жігіттің мəрті мен едім.
Мұнда көлденең жуан сызық ұлы кезеңдерді көрсетеді, жіңішке сызық кіші кезеңді
көрсетеді. Бұрын саны бір тармақтың ішіндегі буын саны қазақта 2 мен 13 арасында болады.
Жар-жар — 13 буынды.
Жай өлең — 11 буынды.
Ескі жырлар — 7-8 буынды.
Жаңа ақын, жаңа жазушылардың өлеңінде бұл түрлердің бəрі де болады. Оның үстіне 3,
4, 5, 6 — хатта 2 буынды тармақтармен жазылған өлеңдер де бар. Мəселен, 6 буынды тармақ
«Сең» деген Мағжан өлеңінде, бар.
5 буынды тармақ Абайдың «Сегіз аяғы» түрінде жазылған өлеңдерде келеді.
4 буынды тармақ Абайдың «Сырласа алмай» деген өлеңінде келеді жəне Мағжанның
«Жұмбақ» деген өлеңінде келеді.
2 буынды тармақ Мағжанның «Біраз Фетше» деген өлеңінде келеді.
7. ТАРМАҚ ҰЙҚАСТЫҒЫ
Тармақтардың аяғының ұйқастығы — ұйқастық деп айтылады. Ұйқастық түрліше
болады.
Ұзын тармақты, жеке шумақты өлеңдерде бірінші, екінші, төртінші тармағы ұйқасып,
үшінші тармағы ұйқаспай азат қалады.
Ұзын тармақты, тұтас шумақты — өлеңдерде бастапқы екі тармағы ұйқасып, онан
арғылары бірі азат, бірі ұйқас аралатпа болып келеді.
Ескі жырлардың ұйқасуы көбінесе тəртіпсіз болады. Бергілікте шыққан жырларда ғана
тəртіп бар.
Қысқа тармақты жаңа өлеңдердің тұтас шумақтылары ұзын тармақты өлеңдерше
ұйқасады да, жеке шумақтылары я ұзын тармақты өлеңдерше я кестесінің түріне қарай
түстес тармақтары ғана ұйқасады.
Мəселен:
1. Оюын ойып,
2. Орындап қойып,
3. Түр салғандай өрнекке.
4. Қиыннан қиып,
5. Қиырдан жиып,
6. Қарап сөзді термекке.
7. Еңбекке егіз тіл мен жақ,
8. Ерінбесең сөйлеп бақ.
Мұндағы бірінші, екінші тармақ түстес болған соң, бір ұйқасып тұр. Төртінші, бесінші
тармақ түстес болған соң, бір ұйқасып тұр. Жетінші, сегізінші тармақтар түстес болған соң,
бір ұйқасып тұр.
Осы сияқты ұйқастыру Абайдан кейін шыққан қазақ ақындарының көбінде бар.
Өлең шығару — өнер турасындағы сөзді осымен бітіріп, ақтығында айтатын сөз мынау:
Жоғарыда айтылған керек шарттардың бəрін орнына келтіріп шығарған өлең, сымға
тартқандай, нағыз мінсіз өлең болып шықпақ. Мұны біздің қазақ ақындарының көбі өлең
шығару өнерінің ғылымын білмегендіктен орнына келтіре алмайды. Біреулер өлшеуін
келтіре алмай, тармақтарын ұзартып, өлеңді төсегіне сыйғыза алмай, сирағын сыртқа
шығарып жібереді. Біреулер бунақтарын өлең табиғаты тілеген орнына қоя алмай, я
жорғағын бұзып, я тіпті өлең сиқын жоғалтып жібереді. Мұның бəрі өлеңнің өлең
болғандағы негіздік түр-тұрпатын бұзып, не күйін келтіргендей, не өлеңдігін жойғандай
əуезділік жағына кемшілік келтіреді.
Егерде сөз бір жүзді нəрсе болса, қазақ өлеңдерінің көбі асыл сөздің табынан шығып
қалар еді. Олай болмайтыны сөздің бір жүзді емес, екі жүзді нəрселігі: сөздің сыны жалғыз
тысында ғана емес, ішінде де бар. Тысқарғы кесте кемшілігін ішкергі мағына жақсылығы
жуып, көбінесе өлең кестесі жағындағы кемшіліктерін біліндірмейді. Тесе қарап, тексере
бастағанда болмаса, жоғарыда айтылған кемшіліктердің көбі жай қарағанда сезілмей өтеді.
ЕКІНШІ БӨЛІМ
ҚАРА СӨЗ БЕН ДАРЫНДЫ СӨЗ
ЖҮЙЕСІ
Екі түрлі лебіз бар: бірі жалаң, екіншісі көрнекі болады деп жоғарыда айтылған еді.
Қайсысымен сөйлесек те сөйлеу болады. Бірақ сөйлеуді негіз түріне қарай айыру қажет
болған орында жалаң лебізбен айтылған сөзді ғана сөйлеу дейміз де, көрнекі лебізбен
айтылған сөзді жырлау-толғау дейміз. Сөйлеуде, жырлауда, толғауда бұл күндегі əдебиет
алқасына кіретін жалаң лебізді жəне көрнекі лебізді сөздердің таптарын анық ашуға
жарамсыз болғандықтан жалаң лебізді сөздерді қара сөз деп, көрнекі лебізді сөздерді
дарынды сөз деп атау қолайлырақ. Əдетке қарамай, асылына қарағанда, «Қара сөз» деген
мен «Сөйлеу» деген екеуінің мағынасы бір болып, «Дарынды» сөз деген мен «Жырлау»,
«Толғау» дегеннің мағынасы бір болып, бірінің орнына бірі айтыла береді. Қара сөзді
шығармалардың да, дарынды сөзді шығармалардың да түрлерінің өлеңдісі, өлеңсізі болады.
Сөздің асыл болуы ұнауымен.
Сөз көңілге сипат жағының көркемдігімен, сөз мағына жағының күштілігімен жағады.
Сөз көркемдігі əуезінің əдемілігі мен кестесінің келісті болуынан табылады. Əуез əдемілігі
сөзді дыбыс жағынан тəртіптеп, үйлестіріп тізуден болады. Күштілігі сөздің қалыпты
мағынасының үстіне күш қосатын əдістерді істеуден болады. Бұлардың бəрі де тіл (лұғат)
талғауы туралы сөйлеген жерде баяндалған. Бұл жерде айтып өтерлік бір нəрсе — сөздің бірі
жалаң, бірі көрнекі көрінуі неден екендігі. Ол мынадан болады.
Жоғарыда айттық, жалаң сөз дегеніміз жалаң лебізбен айтылған сөйлеуі орнына жүретін
ұғым деп; көркем сөз дегеніміз көрнекі лебізбен айтылған толғау орнына жүретін ұғым деп.
Сөзді жалаң түрінде айтқанда, күш көбінесе зейін жағына салынып, пайым терең,
мағына күшті, пікір дəлелді болып айтылған сөз адамның ақылына қонуы көбірек көзделеді.
Сөзді көркем түрінде айтқанда, күш көбінесе қиял мен қиыс (түйіс) жағына салынып,
сүгіреті толық, меңзеуі мерген, қисыны қызық болып, сөз əсерінің күшімен көңілге ұнауы
көбірек көзделеді.
Сөз ақылға қонады шындығымен, көңілге ұнайды өңі үйлестігімен, өң үйлесуін
жарастық, келістік дейміз. Келістік көрік негізі екендігі өлеңді сөйлемдер туралы сөз
болғанда айтылды. Оны тағы қайтадан сөйлеудің қажеті жоқ.
«Сөздің көркі мақал, жүздің көркі сақал» деген қазақта мақал бар. Мақал мен сақалдың
мəні құр көрік болу емес. Олардың бірін сөзге, бірін жүзге көрік қылып таңып отырған
адамның ойы мен көңілі.
Ойлау екі түрлі: адам ойлағанда я нəрсеге тиісінше ойлайды, я көңілін түйісінше
ойлайды. Нəрсе түрлі сипатты болады. Ол сипаттардың біреулері бойына біткен сипат болса,
екіншілері адамның қосқан, таңған сипаттары болады. Мəселен, нəрсенің бірін жылы, бірін
суық, бірін тегіс, бірін бұдырмақ, бірін қатты, бірін жұмсақ дейміз.
Бұл сипаттар нəрсенің бойында бар сипаттар. Бұл сипаттаудың біреулері адамға ұнайтын
болар да, біреулері ұнамайтын болар. Мəселен, жылы нəрсе, тегіс нəрсе, жұмсақ нəрсе
адамға жағымды, сүйкімді болар да, суық нəрсе, бұдырмақ нəрсе, қатты нəрсе адамға
жағымсыз, сүйкімсіз болар. Бұлардың біреулерін жағымды, сүйкімді деп, екіншілерін
жағымсыз, сүйкімсіз деп сипаттау нəрсені тиісінше сипаттау емес. Адам өз көңілінің
түйісінше сипаттау болады. Сол сияқты бір нəрсе туралы сөйлегенде я тиіс жағынан алып, я
түйіс жағынан алып сөйлейміз. Мəселен, кісі жайынан сөйлегенде, я тиіс жағынан алып,
түсін, тұрпатын, мінезін, құлқын, туысын, тұрмысын, ісін айтамыз. Я түйіс жағынан алып
сүйетін, сүймейтінімізді, сыйлайтын, сыйламайтынымызды айтамыз.
Сол секілді əннің дауысы тиіс жағы болады, əннің бізге ететін əсері түйіс жағы болады.
Бір нəрсенің анығына жетіп, расына қанғымыз келсе, мəселен, бір оқиғаның анығына
жеткіміз келсе, яки бір адамның мінезін дұрыс білгіміз келсе, кілең тиіс жағынан ғана алып,
түйіс қатыстырмасақ жақсы білеміз, дұрысына жетеміз. Солай болған соң нəрсені тиіс
жағына сөйлегенде тиістік керек жоқ болып шығады. Көрік нəрсенің түйіс жағы. Нəрсені
тиіс жағынан сөйлегенде түйіс керегі жоқ дегеніміз — тиіс туралы сөйлейтін сөзге көрік
керегі жоқ деген болып шығады. Нəрсенің тиіс жағы — өзінде бар шын жағы; Нəрсенің түйіс
жағы — өзінде жоқ, жабатын жала, қоятын кінə, таңатын өсек, тағатын тана, жағатын опа
сияқты адам апарып жапсыратын нəрсе.
Мақалдың мəні, тек сөзге көрік болуда болса, сақалдың мəні, тек жүзге көрік болуда
болса — шындыққа ондай нəрселердің керегі жоқ. Жағатын опа сияқты — тек көрік үшін
ғана керек нəрсе, шындықтың жүзін күнгейлейді. Неғұрлым ашық, неғұрлым жалаңаш болса,
шындық солғұрлым ашық, солғұрлым жарық болмақ. Шындықты көріктеу шыныны
əдемілеймін деп бетін шимайлап, жарығын күңгірттеу болады. Шындығымен ақылға қонуын
көздейтін сөздер сақал-мұрт сияқты көрік болатын нəрселерден аман болады. Сондықтан ол
жалаң сөз деп аталады. Келістігімен, əдемілігімен көңілге ұнауын көздейтін сөздер сақал-
мақал сияқты адамға келісті көрінетін нəрселермен көркем көрінеді. Сондықтан бұлар
көркем яки дарынды сөз деп аталады. Жалаң сөз нəрсені тиіс жағынан алып, пайым
бойынша сөйлейтін шындық сөзі, шын əңгіме болады. Көркем сөз нəрсені түйіс жағынан
алып, қиял бойынша сөйлейтін шын емес, шығарғы əңгіме болады. Көркем сөз — көңіл тілі,
жалаң сөз — зейін тілі. Жалаң сөз зейін байлығына қарайтын нəрсе, көркем сөз қиял
байлығына қарайтын нəрсе. Жалаң сөз дүниені тұрған қалпында алып айтады. Көркем сөз
дүниені көңілдің түйген, қиялдың меңзеген əлпіне түсіріп айтады. Көркем сөз айтқанын
ақыл табуынша дəлелдеп, мəністеп қақиқат түрінде айтады. Көркем сөз айтқанын қиял
меңзеуінше бейнелеп, əліптеп көбінесе ұйғару түрінде айтады. Жалаң сөз дүниеде шын
болған, шын бар нəрселерді əңгіме қылады. Көркем сөз болуға ықтимал деген нəрселерді де
алып сөз қылады; хатта қисынын келтіріп болмаған нəрсені болғанға, жоқ нəрсені барға
ұйғарып сөз қылады. Қисынын келтіріп, қиялдан туғызып əдемі əңгіме шығару — ақындық
дарыған адамның ғана қолынан келеді: жалаң сөздің қара сөз делініп, көркем сөздің
дарынды сөз делініп аталуының мəнісі де осыдан.
Сондықтан қара сөзде айтылған нəрсе дүниеде нақ болған, сол күйде жəне бар нəрсе деп
білу керек те, дарынды сөзде айтылған нəрсе дүниеде нақ сол күйде болып етпегенмен, яки
бар болып тұрмағанмен, дүниеде болатын жəне боларлық нəрсе деп білу керек. Қысқасынан
айтқанда, қара сөз жаратынды, тиіс ғалам турасындағы əңгіме де, дарынды сөз ұйғарынды
түйіс ғалам турасындағы əңгіме.
Тиіс ғалам турасында сөйлегенде жай күйінде жабайы тілмен тиістісін айтамыз. Түйіс
ғалам турасында сөйлегенде көңіл түюінше өң беріп, дем беріп, көрнекі тілмен айтамыз.
Бірақ тиіс ғалам турасында сөйлегенде де айқындық үшін ажарлау керек болса, жалаң лебіз
орнына көрнекі лебіз жұмсалады.
Қара сөз бен дарынды сөздің арасындағы парық жұмсалатын орнына, қызметіне қарай
былайша айрылады: дарынды сөз адамның ойына өң береді, көңіліне күй түсіреді, қара
сөзден адам тек ұғым алады.
Арабша қара сөзді шығарманы насыр деп, дарынды сөзді шығарманы назым деп атайды.
Арабша айтқанда біз де солай дейміз; қазақша айтқанда қара сөз, дарынды сөз деп
жүргіземіз.
I
ҚАРА СӨЗ
Қара сөзден адам тек ұғым алады дедік. Ұғымның өзі керекті орнына қарай екі түрлі
болады.
1. Ес ұғымы, яғни еске керек ұғым: 2. Іс ұғымы, яғни іске керек ұғым. Ес ұғымының
арқасында дүниедегі нəрселердің бəрін, задын, сырын, сипатын, мүдетін, мұратын танимыз.
Іс ұғымы арқасында табиғат ісін, күшін, нəрселерін қалай пайдаланатын жолын білеміз.
Сондықтан қара сөзді əңгімелер екі жақты болып келеді: бір жағы ес ұғымымен болады,
екінші жағы іс ұғымымен болады.
Қара сөз нəрсені тиісті жағынан сөйлейді деп жоғарыда айтылған еді. Нəрсе турасында
тиісінше сөйлеу үшін тиісінше ойлау керек. Тиісінше ойлағанда ойымыз ұғым түрлеріне
қарай бірнеше тарапқа бөлінеді: 1. Ғалам тарабына, 2. Құдай тарабына. 3. Ғылым тарабына.
4. Əлеумет тарабына. 5. Үгіт-тəрбие тарабына. 6. Сын тарабына.
1. Адамның зейіні бүтін ғаламды тануға жұмсалып, дүниедегі бар нəрсенің барлығын,
яки бар деп ұйғарылған нəрсенің бар-жоқтығын танып, белгілі бір қарарға келгенде адамға
бір үлкен ұғым пайда болады. Сол ұлы ұғым жүйесі даналық деп аталады. Даналық мақсаты
бүтін ғаламды танып, бүтін ғалам атанған дүниенің жұмбағын (дүние мəселесін) шешпек,
даналықтың ес ұғымына тиісті жағы — сап даналық болады да, іс ұғымына тиісті жағы —
салт даналығы болады. Сап даналық жолының өзі екі айырық болады: бірі ғаламның адам
ақылы жетерлік те, жетпестік те жағын зейінге салады. Алдыңғы табансыз даналық делініп,
соңғысы табанды даналық делініп айтылады.
2. Адамның зейіні құдайды тану жағына жұмсалып, құдай турасындағы мəселені шешпек
болғанда, дін пайда болып, ұғым жүйесі жасалса, ол ғақаид деп аталады. Мұның екі жағы
болады; бірі діннің негізі турасындағы ес ұғым болады да, біреуі дінге керек іс ұғым болады.
3. Зейін табиғаты — табиғат құбылысын тану жағына жұмсалып, табиғаттың түрлі
заңдарын тауып, қасиеттерін біліп, əбден көз жеткенде пайда болатын ұғым жүйесі —
ғылым деп аталады. Ғылымның түрі толып жатыр, оның бəрін мұнда баяндау сөз
мəселесінің ісі емес.
4. Зейін əлеумет мəселесіне жұмсалып, əлеумет ісіне жол сілтегенде, көсемдік ұғым
жүйесі пайда болады.
5. Зейін табылған білімді басқаларға үйрету жолына жұмсалғанда, үгіт-тəрбие ұғым
жүйесі пайда болады.
6. Зейін басқаның ісін таразыға тартып, ұнамды, ұнамсызын тексергенде, сын ұғымының
жүйесі пайда болады.
Қара сөз деп осы ұғым жүйелерінен сөйлейтін əңгімелерді айтамыз. Ұғым жүйесінің
табы — қара сөздің табы болады. Қара сөздің табынан түрін айыру керек. Тап жағынан бірге
сөз түр жағынан бөлек кетуі ықтимал. Көптен бері көп жұртта қалыптанған түрлерін
алғанда, қара сөз:
1. Əуезе. 2. Əліптеме. З.Байымдама болып үш салаға бөлінеді.
1.ƏУЕЗЕ
Болған оқиғадан бастан-аяқ болған түрінде, ретінше мезгілін, мекенін көрсете
мазмұндап, мағлұмат беру — əуезе болады. Əуезе ақпар мағынада — оның мысалы, шағын
түрде айтқанда, мынау болады:
Қосшыларды ұйымдастыру, ағарту жұмысы.
Қалалық ұйымдарда жетіде бір рет, ел арасында айында екі рет жалпы жиналыс болып
тұрады. Қала ішіндегі жиылыстар көңілдегідей, ел ішіндегілер онша болмайды. Жиылыста
ұйымның мақсаты, ел ішіндегі залалды ғұрыптармен қалай күресу, өкімет жұмыстары,
қосшы мүшелерінің шаруашылығын күшейту туралы мəселелер қойылып, түсініс берілді.
Жəне қосшы ұйымына бұрын кіріп кеткен атқа мінер қуларды шығарып, тазалау туралы
түсіндіріледі. Бірақ қулар да қарап тұрмайды: ұйымның кедей, малай мүшелерін өздеріне
тартқылап, азғырып жүреді. Мұндайларды тамырымен құрытуға шара қолданудамыз.
Ағарту жайына келсек, уйезде, қалада ұйым комитеті жанында оқу үйі клуб бар. «Қызыл
шайхана» ашуға қаражат жоқтығынан аша алмай отырмыз. Бұдан былай мүшелердің
сауатсыздығын жоюға уйездік оқу бөлімінен мұғалім сұрап мектеп ашпақшы болып жатыр.
Бұдан басқа «Еңбекші қазақ», «Ақ жол» газеттерін алдырып, таратып тұрамыз. 25-жылғы
қосшы мүшелерінің жарналары əлі жиналған жоқ. Жаңадан жинауға кірісіп жатыр. Мүшелік
жарналары жиналмағандықтан уйездік аудандық комитетте қаражат ақша жоқ. Ақша жоқ
болғандықтан болком, райком қызметкерлері айлық ақыларын ала алмай отыр. Соңғы кезде
қосшы ұйымының қызметкерлері айлықтарын ала алмаған соң, қызметке де салақ болып
кетті. Бұл кемшіліктерге аймақтық комитет шара қолданса екен.
Аямбай ұлы
«Еңбекші қазақ» 25-жыл, 412 сан»
Əуезе көбінесе үш тақтаға бөлінеді: 1. Мəлімдеу, 2. Мазмұндау. 3. Қорыту.
Мəлімдеуде я уақиғаның алдында не болғаны айтылады, я айтушының уақиғадан қанша
хабардар екендігі айтылады. Мазмұндауда уақиға қалай болып, қалай өткені айтылады.
Қорытуында я уақиғадан шыққан нəтижесі (ақтығы) айтылады, я айтушының қарары
айтылады.
Ескерту: Əуезелердің бəрінде де айтылған үш тақта бола бермейді. Кейде жазушы
тақталамай, уақиғаны бастан аяқ мазмұндайды да қояды.
Əуезе түрлері
Əуезе əңгімесінің айтатын түріне қарай бірнеше тарауға бөлінеді. Біреулері өткенді сөз
қылғанда уақыт сарынымен айтады. Екіншілері уақыт сарынымен айтады да, үшіншілері
біреуден біреуді туғызып, туыс сарынымен сөйлейді; кейбіреудің өз заманындағы болған
уақиғасын сөйлегенде, кей өткен замандағы уақиғаның əңгімесін сөйлейді. Біреуі бір
адамның өмірін яки мінезін əңгіме қылғанда, бүтін жұрттың өмірін яки мінезін əңгіме
қылады. Сондықтан əуезелердің мынадай тараулары болады. 1. Шежіре, 2. Заман хат. 3.
Өмірбаян. 4. Мінездеме. 5. Тарих. 6. Тарихи əңгіме.
1. Шежіре. Шежіре өткеннен дерек беретін сөздің бір түрі. Шежіреде уақиғадан гөрі
өткендердің түсі, туысы көп айтылады. Сондықтан шежіре уақиға сарынымен емес, уақыт,
туыс сарынымен айтылатын əуезе табына жатады. Шежіре болған уақиға жайынан сөйлесе,
себебін, мəнісін айтпай тек болғанын айтады да қояды. Мəселен, қазақ жұртының өмірінде
болған уақиғалардың түп себептері байласылмай көбінесе хандардың түсін, елдердің туысын
көрсетіп тізген Шəкəрімнің «Қазақ əм хандар шежіресі» деген кітабындағы əңгіме шежіре
болады. (Нұсқалықтың I нөмірін қара). Басқа жұрттардың да шежірелерінде уақиғаны
жылдап тізгеннен басқа еш тəртіп болмайды. Ел шапқан мен қатын-бала шапқан əңгімесі
қатар тұрады. Бір жерінде əңгімені қойылтып маңызды түрде айтса, екінші жерде сұйылтып,
ұсақ-түйекті сөз қылады. Бір жерінде рас болған уақиғаны сөйлесе, екінші жерінде тек жұрт
аузындағы əуезе болған өтірік-шынды əңгімелерді сөйлеп кетеді.
Қазақта жазу болмаған себепті бұрыннан жазылып келген шежіре, түрлі əңгіме жоқ.
Бірақ басқа жұрттардың шежірелерінде айтылатын сөздер сияқты əңгімелер қазақта да бар.
«Орақ — Мамай», «Едіге», «Кенесарының Садығы» турасындағы ауызекі айтылатын
əңгімелердің көбі-ақ өтірік-шыны аралас шежіренің сөздері сияқты.
2. Заман хат. Біреудің заманында болған тарихи уақиғадан яки өз ішінде болған істерден
дерек беруі — заман хат деп аталады. Мəдени жұрттың адамында заманында болған көзге
түсерлік уақиғаларды яки өз өмірінде ұшыраған зор істерді жазып, əңгіме ретінде тіркеп
отыратын əдет болады. Заман хат шежіредей емес, тəртіпті, жүйелі келеді. Шежірені тек хат
білетін адамдар құр тіркей беруге болады. Заман хатты оқымысты адамдар жазады.
Сондықтан мұнда құр халық аузында əуезе болып жүрген дəлелсіз сөздер жазылмайды.
Заман хатта уақиға уақыт сарынымен жазылмайды, іс сарынымен жазылады. Заман хатта
боларлық бір кемшілік мынау: уақиғаны болған күйінше жазбай, жазушы өз көңілінің күйіне
бояп, реңкін өзгертуге ықтимал. Олай ету уақиғаның дұрыстығына кемшілік келтіреді. Заман
хат шынға жақын болу үшін жазушы өз көңілінің күйіне түспейтін яғни достыққа да,
қастыққа да қарамайтын адам боларға тиіс. Ондай адам табиғаттан тысқарғы адам болмақ.
Адам табиғаттан тысқары бола алмағандықтан заман хаттары көңіл күйінің əсерінен аман
бола алмайды. Сонда да тарихқа беретін жемінің молдығынан заман хат өте құнды сөздер
есебіне қосылады.
Заман хат жазушы жазуына керек жемді я уақиғаның болып жатқан үстінен алып жазады,
яки көп уақыт өткізіп уақиғада болған халдерді өзінің есіне алып жазады. Заман хат
мағлұматы айтушының есіне алынып жазылғанда жат дерек деп айтылады.
Заман хат болатын Абайдың қара сөздерінде бар. (Онан басқа заман хат болатын сөздерді
нұсқалықтың 2-3 нөмірлерінен қара).
Жат дерек болатын Шоқан турасындағы Потанин, Ядренцев сөздері жəне «Жазықсыз
тамған қан» Торайғыр ұлының сөзі (Нұсқалықтың 4, 5,6 нөмірлерін қара).
3. Өмірбаян. Біреудің туғанынан бастап, өлгеніне шейінгі өмірін жазу, я айту өмірбаян
болады. Өмірбаян жазудағы мақсат белгілі болған адамның өмірі қалай басталып, қандай
күйде өткенін көрсету. Қандай тəрбиеде өсіп, қандай мінезде пайда болып, ол мінезі қандай
істер істеуге себеп болғанын көрсету. Өмірбаян жемін белгілі адам турасындағы сипат
қағаздардан алады. Білетін адамдардың ауыз айтуынан алады. Жазушы өз білетінін жазады.
Өмір дерек ылғи сипатты мағлұматтардан құралған сөз болғандықтан нағыз рас əңгіме
болып шығады. Мысалдар:
Абылай, Абай, Ақан серінің өмірбаяндары (Нұсқалықтың 7,8,9 нөмірлерін қара).
Өмірбаянын адамның өзі жазса, өз өмірбаяны деп аталады. Жай өмірбаяннан өз
өмірбаянының айрылатын жері — адам өз ісіне өзі қазы, өзі сыншы бола алмайтындығынан,
жай өмірбаяннан өз өмірбаянының инабаты кемірек болады. Мысал:
Əбубəкірдің ауруынан қауіп етіп жазған өмірбаяны (27 жасына шейін), Сағынғалидың өз
өмірбаяны (Нұсқалықтың 10,11 нөмірлерін қара).
4. Мінездеме. Адамның, елдің, жұрттың, таптың, ұлттың сырын, мінезін танып көрсету
— мінездеме болады. Мінездеме өмірбаянның да, заман хатының да, тарихтың да ішіне
бөлімі есебінде кіреді. Мінездеме заманның, дəуірдің халін де мінездеп көрсетеді. Адамды
мінездегенде өмірбаянның бөлімі болып кіреді. Жұртты, ұлтты, заманды мінездегенде,
тарихтың бөлімі болып кіреді. Өмірбаянның аяқ жағы ылғи мінездемеге айналып кетеді.
Мəселен, Шоқанның жат дерегін, Абайдың, Ақан серінің өмірбаяндарын қарасақ, көп
жерінде-ақ мінездемелері бар (Нұсқалықтың 4,5,8,9 нөмірлерін қара).
5. Тарих. Тарихты қазақша ұлы дерек деуге əуезе табына жатқызғанмен айғақты əуезе
болады. Сөздің ең ұлысы, ең сипаттысы тарих. Тарихтың қызметі — бүгін адам баласының
яки бүгін бір жұрттың, я бір таптың өткен өмірін болған күйінде айнытпай айту. Тарихтың
мақсаты — бүтін адам баласының өмірі нендей табиғат заңымен өзгеретінін білу.
Тарихшылар халық басынан кешкен түрлі уақиғалардың мағлұматын сымға тартқандай
сынға салып, мінсіз етіп, дұрыстап өткізеді.
Шежіре жазушылар естіген-білгенін сол қалпында, шикі түрінде тізеді. Тарихшылар құр
естігенімен қанағаттанбай, рас, өтірігін тексеріп, расын ғана алады.
Шежіре, заман хат, өмірбаян, мінездеме — бəрі де тарихтың жемі есебіндегі нəрселер.
Тарих олардың айтқанының бəрін ала бермейді. Аударып, ақтарып түрлі жағынан қарап,
түрлі
мағлұматтармен
салыстырып,
сипатталған
мағлұматтардан
ғана
алады.
Тарихшылардың мақсаты уақиғаның уақытын ғана көрсету, яки не түрде болған тысқы
сиқын ғана көрсету емес, ол уақиғаның болуына нендей нəрселер, нендей уақиғалар себеп
болғанын көрсетіп, ішкі мəнісімен де таныстыру.
Тарих беретін дерегінің түріне қарай бірнеше түрге бөлінеді. Бүкіл адам баласы дүниеде
қандай өмір шеккенін сөйлейтін тарих «Жалпы тарих» деп аталады. Адам мəдениет жүзінде
жүрген жолдарын баяндайтын тарих «Мəдениет тарихы» деп аталады. Мəдениеттің түрлі
тараулары «Тарих тармақтары» деп аталады. Мəселен, шаруа тарихы, өнер тарихы, дін
тарихы, даналық тарихы, ғылым тарихы, əдебиет тарихы тағысын тағы сондай тарихтар.
Жалқы тарихтар: түрік-монғол тарихы, қытай тарихы, Жапон тарихы жəне сондай бөлек-
бөлек жұрттардың, ұлттардың тарихы.
6. Тарихи əңгіме. Тарих жүзінде белгілі адамдар, нəрселер, уақиғалар турасында
сөйлейтін əуезелер тарихи əңгіме деп аталады. Тарихи əңгіме тек лақап əңгімеден
мазмұнының шындығымен айрылады. Жұрт аңыз қылып айтып жүрген əңгімелердің өтірігі
көп болады. Тарихи əңгіме тарих сипатына сүйенетін шын əңгіме болады.
Мəселен: қазақ газетінде басылған «Əзірет Сұлтан», «Тұрғамбай датқа» турасындағы
əңгімелер тарихи əңгіме болады (Нұсқалықтың 13,14 нөмірлерін қара).
Достарыңызбен бөлісу: |