Əдебиет танытқыш (1926) АҢдату



Pdf көрінісі
бет5/13
Дата06.03.2017
өлшемі0,85 Mb.
#8111
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13

ӨЛЕҢ ШЫҒАРУ
Өлең  шығару  өнерін  білу  үшін,  өлеңнің  түр  тұрпатымен  танысу  керек.  Өлең  кестесі
айшық деп аталады. Айшық түрлі-түрлі болады. Мəселен, бір өлеңнің айшығы былай келеді:
Қалтылдақ қайық мініп еспесі жоқ,
Теңізде жүрміз қалқып кешпесі жоқ.
Жел соқса, құйын соқса жылжи беру,
Болғандай табан тірек еш нəрсе жоқ.
* * *
Бұл күйге бүгін емес көптен кірдік,
Алды-артын байқамаған бетпен кірдік.
Шығармай бір жеңнен қол, бір жерден сөз
Алалық алтыбақан дертпен кірдік.
Екінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Сəуірде көтерілер рақмет туы,
Көрінер көк жүзінде қаз бен қуы.
Көктен жаңбыр, жерлерден сулар ағып,
Жайылар жер жүзіне қардың суы.
Ұшпақтың бір сəулесі жерге түсіп,
Өстірер жерден шөпті нұрдың буы.
Үшінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Бұлттар басып жасырған,
Жана түсіп басылған.
Таң шапағы сөніп тұр,
Жаңаланған өмірден,

Жаңа шығып көрінген,
Гүл қамауда семіп тұр.
(«Маса»).
Төртінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған,
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл
Сөйлеймін десең өзің біл.
(Абай)
Бесінші өлеңнің айшығы былай келеді:
Ем таба алмай,
От жалындай
Толды қайғы кеудеге.
Сырласа алмай,
Сөз аша алмай
Пендеге.
(Абай)
Алтыншы өлеңнің айшығы былай келеді:
Сап-сары бел,
Еседі жел,

Еседі.
Еседі жел,
Көшеді ел,
Көшеді.
(Мағжан)
* * *
Тағысын тағы айшық түрлері толып жатыр.
Айшықтың  əрбір  тақтасы  шумақ  деп  аталады.  Жұрттың  бір  ауыз  өлең  дейтіні  шумақ
болады. Əр шумақта бірнеше тармақ болады. Тармақ дегеніміз өлеңнің əрбір жолы. Тармақ
ішінде бірнеше бунақ болады. Бунақ дегеніміз өлеңді айтқанда сезілетін дауыс толқынының
соқпа-соқпасының арасы.
Мысалдар:
1.Мен келдім Мырзалының ордасына
Сөз айттым қасындағы молдасына
Əркімдер жүйрік қазақ дегенменен
Көңілім тоқтамады бармасыма.
2.Білімдіден шыққан сөз
Талаптыға болсын кез
Нұрын сырын көруге
Көкірегіңде болсын көз.
(Абай)
3.Бойы бұлғаң
Сөзі жылмаң
Кімді көрсем мен сонан
Бетті бастым
Қатты састым

Тұра қаштым жалма-жан
(Абай)
Осы келтірген мысалдардағы қос сызықтың арасы бунақ болады.
Бунақ  ішінде  бірнеше  буын  болады.  Бунақ  буыны  болатын  кəдімгі  сөз  буыны.  Мəселен,
əлгі  алынған  мысалдардың  аяғындағы  «Тұра  қаштым  жалма-жан»  деген  екі  бунақтың
алдыңғысында төрт буын, соңғысында үш буын бар.
Бунақ араларында қос сызық тұрған жерге келетін дауыс толқынының жіктері кезек деп
аталады.
Өлең шумағы бір өлеңде біреу болуға да, бірнеше болуға да ықтимал. Бір өлеңнің шумағы
көбінесе бірдей болады.
Бір  шумақтағы  тармақтың  азы  екеу,  көбі  онға  шейін  барады.  Тармақ  бір  шумақта  бір
түрлі  болуға  да,  əр  түрлі  болуға  да  ықтимал.  Бірақ  əр  түрлі  болғанда  кесте  ретін
жоғалтпайтын тəртібі болуға тиіс.
Бір  бунақтың  азы  біреу,  көбі  төртеуден  аспайды.  Бір  шумақтың  ішіндегі  бунақтар
бірыңғай  орналасу  керек.  Мəселен,  үш  буынды  бунақ  қалыптас  тармақтың  бірінің  басында
келсе, өзгелерінің де солай басында келуі тиіс.
Бір бунақтағы буынның азы екеу, көбі төртеу болады.
Бір тармақтың ішінде кезек болуға да, болмауға да ықтимал. Болған халде я біреу, я екеу,
я үшеу, онан артық болмайды.
Осылардың  бəрін  дұрыстап  орнына  келтіріп,  оның  үстіне  жəне  де  тармақтардың  аяғын
ұйқастырса, сөйлемдер өлең болып шығады.
Жоғарғы  айтылған  шарттардың  бəрі  өлеңде  қалай  орындалатындығын  көрсетуге
əрқайсысына мысал келтіріп қарайық.
1. ӨЛЕҢ АЙШЫҚТАРЫ
а) Жалғыз шумақты өлең
Əманда болар солай əм болғанда,
Жаратқан солай етіп бұ жалғанда.
Ғалымдар толып жатыр, ақылды аз,
Таныс көп, аз табылар дос адамға.

(Пушкиннен)
б) Екі шумақты айшық
Бота көз, сиқырлы сөз, Гүлсім ханым,
Əр жерде өткізсең де өмір таңын.
Кей уақыт көзіңізге көзім түссе,
Ойнайды аласұрып неге жаным?
* * *
Бота көз, сиқырлы сөз, ханым Гүлсім,
Көктегі күн күлмесін, Гүлсім күлсін.
Гүлсім күн, көкте ақырын жүзе білед,
Сүйдіріп күйдіргенін қайдан білсін?
(Мағжан)

в) Үш шумақты айшық
Қараңғылық қоюланып келеді,
Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді.
Күлімсіреп жанындағы жас бала
Қызық көріп, сөнген шоқты үреді.
* * *
Шоқ үстінен кішкене ұшқын ұшты да,
Біразырақ шоқ қызара түсті де
Дереу сөніп, тезірек күлге айналды,
Астындағы ыстық күлді құшты да.
* * *

Пеш ішінде шоқ ақырын сөнеді,
Сөнген шоқты күліп бала үреді.
Ой басты ма, əлде көзім талды ма,
Мөлт-мөлт етіп көзіме жас келеді.
(Мағжан)
г) Төрт шумақты айшық.
Адамдық диқаншысы қырға шықтым,
Көгі жоқ, көгалы жоқ — қорға шықтым.
Тұқымын адамдықтың шаштым, ектім,
Көңілін көгертуге құл халықтың.
* * *
Қор болған босқа кетіп еңбек, бейнет,
Құлдарға құлдықтан жоқ артық зейнет.
Оттай бер, жануарым, екі аяқты!
Адамдық хайуанға қанша қажет?!
* * *
Жаратқан малды құдай не керекке —
Мінуге, сою, соғу, жүндемекке.
Жорта бер қамыт киіп, қамшыңды жеп,
Бұйрық жоқ ұрасың деп үндемекке.
* * *
Таяққа еті үйренген қойшы жайлап,
Көк есек қозғала ма түрткенге айдап.
Есептен алданғандай болғандар көп,

Жасықты асыл ма деп білмей қайрап.
(«Маса»)
Мұнан  əрі  бес  шумақты,  он  шумақты,  жүз  шумақты,  онан  да  көп  шумақты  болуы
ықтимал. Мəселен, «Зарқұм» сияқты қиссалар, тең шумақты өлеңдер: Абайдың «Сегіз аяғы»
жəне  «Көлеңке  басын  ұзартып»  деген,  «Масадағы»  «Бақ»  жəне  «Надсоннан»  деген,
Мағжанның «Мен жастарға сенемін» жəне «Күншығыс» деген өлеңдері секілділер болады.
Бұл сияқты өлең де жеке шумақты өлеңдердің табына жатады.
Тұтас  шумақты  өлеңдер  деп  «Масадағы»  «Ақын  ініме»,  «Жауға  түскеннің  сөзі»  деген,
Абайдың  «Мəз  болады  болысың»  жəне  «Антпенен  тарқайды»  деген  өлеңдеріндегі  секілді.
Өлең шумақтары Мағжанның «Жаралы жан» деген сөзі сияқты өлеңдер — ала шумақты өлең
болады.
2. ШУМАҚ ТҮРЛЕРІ
а) Екі тармақты шумақ
Қайрат еркін замандарың,
Тарлыққа жоқ амалдарың.
* * *
Еркін дала еркің қайда,
Еркіндегі көркің қайда?
* * *
Нулы-нулы жерің қайда?
Сулы-сулы көлің қайда?
Еркін көшкен елің қайда?
Ел қорғаны ерің қайда?
(«Маса»)
б) Төрт тармақты шумақ
Жар-жар  жəне  одан  басқа  ескі  өлеңдердің  көбі-ақ  төрт  тармақты  болады.  Бұған  мысал
келтірудің қажеті жоқ.
в) Алты тармақты шумақ

Күніңмен алтын қуанбай,
Гүліңмен жібек жұбанбай.
Жеттің де тез, өттің жаз.
Ағаш, шөптер қураған,
Айдын да құрып суалған,
Қаңқылдар қайда қоңыр қаз.
(Мағжан)
Бұлттар басып жасырған,
Жана түсіп басылған,
Таң шапағы сөніп тұр.
Жаңаланған өмірден,
Жаңа шығып көрінген,
Гүл қамауда семіп тұр.
(«Маса»)
г) Жеті тармақты шумақ
Тұрмысың жырақ,
Аман ба, шырақ!
Күйзеліпсің көбірек,
Миллəт үшін бегірек.
Əманда сақтан!
Сақтамақ хақтан.
Қоршаған дұшпан төңірек.
* * *
Миллəтке қызмет,

Жүмілəңе міндет,
«Ұйқыны аш!» дер едік,
«Надандықтан қаш!» дер едік.
Болмайды үндеп,
Дұшпан тұр күндеп;
Бізде бұл індет.
(Басығараұлы Жүсіпбек)
д) Сегіз тармақты шумақ
Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Қиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағыны жетіп қайырған.
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл!
(Абай)
«Масада»  «Жиған-терген»,  «Жауап  хаттан»,  Мағжан  өлеңдерінде  «Гүлсім»,  «От»  сегіз
тармақпен жазылған.
е) Он тармақты шумақ
Жайылған көз жасымен жердің бетін,
Өткізіп тым өлшеусіз үкіметін,
Жауыздық жалғандықпен қаптағанға,
Адал жол, ақ ниетті арам жеңіп,
Жазықсыз жанды қинап, қанды төгіп,

Бұзықтық түзіктікті таптағанға,
Қиналып кім болсаң да талыққандар,
Түңіліп үміт үзіп жабықпаңдар!
Қайтадан жақындық кеп, қастық қашып,
Жарқырап жақсылыққа атар таң бар.
(«Маса»)
Дұрыс  шумақтардың  тармақтары  осы  жоғарыда  айтылған  өлеңдердегідей  боларға  тиіс.
Бірақ өлеңдердің көбі-ақ дұрыс шумақталмай, тармақтар көбінесе сапырылыс болып келеді.
3. ТАРМАҚ ТҰЛҒАЛАРЫ
а) Жалғыз бунақты тармақ
Сап-сары бел,
Еседі жел,
Еседі.
Еседі жел,
Көшеді ел,
Көшеді.
(Мағжан)
б) Екі бунақты тармақ
Мінсіз таза меруерт,
Су түбінде жатады.
Мінсіз таза асыл сөз,
Ой түбінде жатады.
Су түбінде жатқан зат,
Жел толқытса шығады.
Ой түбінде жатқан сөз,

Шер толқытса шығады.
(«Маса»)
Қазақтың жыр деп ат қойған ескі өлеңдерінің көбі-ақ екі бунақты тармақ болады.
в) Үш бунақты тармақ
Балалар оқуға бар жатпа қарап
Жуынып киініңдер шапшаңырақ
Шақырды əтеш мана əлде қашан
Қарап тұр терезеден күн жылтырап
(«Маса»)
Қазақтың қара өлең деп атаған ескі өлеңдерінің бəрінде де үш бунақты тармақ болады.
г) Төрт бунақты тармақ
Бір толарсақ бір тобық санда болар жар-жар
Қырық кісінің ақылы ханда болар жар-жар
Əкем-ай деп жылама байғұс қыздар жар-жар
Əке орнына қайын атаң онда болар жар-жар
Жазғытұрғы ақша қар жаумақ қайда? жар-жар
Құлын тайдай ойнаған оң жақ қайдажар-жар
Қанша жақсы болса да қайын атамыз жар-жар
Айналайын əкемдей болмақ қайда? жар-жар
4. БУНАҚ БУЫНДАРЫ
Жалғыз  буынды  бунақ  өлеңде  болмайды.

Буын  саны  бунақта  екіден  кем  болмайды.
Жоғарыда келтірген «Жар-жар» өлеңінде бунақтың екі буындысы да, үш буындысы да, төрт
буындысы да бар:
«Бір  толарсақ»  бунағы  —  4  буынды,  «Бір  тобық»  бунағы  —  3  буынды,  «Санда  болар»
бунағы — 4 буынды, «Жар-жар» — 2 буынды.
Қазақ тіліндегі жырдан басқа өлеңде көбінесе бунақтың екі-ақ түрі жұмсалады.

1. Үш буынды бунақ. 2. Төрт буынды бунақ. Екі буынды бунақ жар-жар түрімен жазылған
өлеңдерде  болмаса,  яки  Мағжанның  «Біраз  Фетше»  деген  өлеңі  сияқты  сөздерде  болмаса,
тіпті аз жұмсалады. Сондықтан төменде айтылатын сөздер бунақтың жоғарыда айтылған екі
түрі туралы ғана баяндама болады.
5. ӨЛЕҢ АҒЫНДАРЫ
Өлең  түріне  қарай  əр  бунақтың  шумақ  ішінде  таңдамалы  да,  талғамалы  да  орны  бар.
Таңдамалы орны берілмесе, өлең өлең болмай шығады. Талғамалы орнына назар салынбаса,
өлең жорғағынан жаңылады.
Бунақтың  таңдамалы  тармақ  аяғында  болады,  талғамалы  орыны  тармақтың  басы  мен
ортасында болады.
Тармақтың  аяғында  ылғи  үш  буынды  бунақ  келіп  отырарға  керек,  я  ылғи  төрт  буынды
бунақ болып отырарға керек.
1. Үш буын аяғында болғандағы өлең кестесі
Кеудеде от іште жалын көзде жас
4 4 3
Күні-түні қайғы жұтқан сорлы бас
4 4 3
Сабан төсек тым қараңғы жатағы
4 4 3
Наны қара шайы қара қарны аш
(Мағжан)
ХХХХ ХХХХ XXX
ХХХХ ХХХХ XXX
ХХХХ ХХХХ XXX
ХХХХ ХХХХ XXX
2. Төрт буын аяғындағы өлең кестесі
3 4 4
Таласқан аспан менен көкпеңбек тас

3 4 4
Қарасаң төбесіне айналар бас
3 4 4
Жасаған мейірімі кең қадыр тəңірі
3 4 4
Шығарған сол тауынан алтын алмас
(Мағжан)
XXX XXXX XXXX
XXX XXXX XXXX
XXX XXXX XXXX
XXX XXXX XXXX
Осы  сияқты  өлеңдердің  бірін  оқып,  кешікпей  біріне  түскенде  дауыс  ағыны  өзгеретіні
оңай сезіледі.
Екі түріне өлең алып оқып қарайық:
1.Сар дала бейне өлік сұлап жатқан —
Кебіндей ақ селеулер басын жапқан.
Тау да жоқ, орман да жоқ, өзен де жоқ,
Сəуле емес, қан шашып тұр күні батқан.
2.Жаралы бір жан жатыр құба жонда,
Бір қисық жалғыз аяқ сүрлеу жолда.
Бернесі, нұры кеткен көзіменен,
Қарайды бишара жан оңға-солға.
3.Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Күні батып, жаңа таңы атпаған.

Түнеріп жүр күннен туған перілер.
Тəңірісін табанында таптаған.
4.Күнбатысты қараңғылық қаптаған,
Көгінде жоқ жалғыз жұлдыз батпаған.
Түн баласы тəңірісін өлтіріп,
Табынатын басқа тəңірі таппаған.
(Мағжан) 
Бұл  өлеңдерді  айтпай  тұрып,  əр  шумағындағы  тармақтарының  бунақтарын  санағанда,
бастапқы  екі  шумақ  өлең  мен  соңғы  екі  шумақ  өлең  екеуінің  арасында  еш  айырмасы  жоқ
сияқты көрінеді: бунақ саны да, буын саны да бірдей, бірақ оқи бастағанда, оқи келе бірінен
біріне  түскенде  дауыс  ағыны  өзгеріп,  екеуі  бірдей  болмай  шығады.  Егер  де  əнмен  айтып
қарасақ, екеуін бір əнмен айтуға болмайды, екеуіне екі түрлі əн болады.
Мұнда екі түрі өз алдына бөлек-бөлек шумақтар да тұр. Сондықтан екі түрін өз алдына
екі түрлі ырғақпен өлең қылып айтуға болып тұр. Екі түрі бір шумақта келсе, онда тіпті өлең
болмай шығады. Мəселен, мына түрде біреу өлең жаздым деген болса:
3 4 4
Бір қазақ қала шықты мата ала
4 4 4
Тиеп алып тері-терсек бір шанаға
3 4 4
Ұрлатып жүгін жолда жұрдай болып
4 3 3
Қайтты байғұс түк алмай құр қол ғана...
XXX XXXX XXXX
XXXX XXXX XXXX
XXX XXXX XXXX
XXXX XXX XXXX

Мұнда  тармақтардың  аяқтары  ұйқасқан,  бунақтары  бірдей,  жалғыз-ақ  өлең  жорғағы
келмей  тұр.  Жорғағы  келмеген  соң  өлең  болмай  тұр.  Тармақтары  бірдей,  тармақ  ішіндегі
бунақтары  бірдей  аяқтары  ұйқас  келген  сөздің  бəрі  өлең  бола  берсе,  бұ  да  өлең  болар  еді.
Нешік, бұл өлең бола алмайды?
Мұнда  жорғақ  жүріс  сияқты  дауысты  бір  қалыппен  тербетіп,  келісті  көрсететін  өлең
жорғағы  жоқ.  Өлеңнің  басқа  сөздерден  айрылатын  негіздік  қасиеті  жорғағы.  Одан  айрылса
өлең бола алмайды. Жорғағы жоқ болған соң бұл сөз де өлең болып шыға алмай тұр.
Мұның  жорғағын  келтірмей  тұрған  не  нəрсе?  Бұған  кесел  —  бунақтың  орын
таңдағандығы, яғни бунақтардың табиғаты тілеген орнына қоймағандық.
Бунақтар  тармақтардың  аяғында  бірыңғай  келмей,  бірінде  үш  буынды  бунақ  келсе,
бірінде  төрт  буынды  бунақ  келіп  тұр.  Оны  өлең  табиғаты  көтермейді.  Не  үшін
көтермейтіндігі жоғарыда айтылды.
Егерде  сол  тармақтардың  мағына  жағын  өзгертпей,  бунақтарын  бірыңғай  келтіру  үшін
азырақ сөздерін өзгертіп, төмендегі түрде айтсақ, жорғағы түзеліп өлең болып шығады.
3 4 4
Бір қазақ қала шықты мата ала
3 4 4
Тиеп ап тері-терсек жегіп шана
3 4 4
Ұрлатып жолда жүгін жұрдай болып
3 4 4
Үйіне қайтты байғұс құр қол ғана...
XXX XXXX XXXX
XXXX XXXX XXXX
XXX XXXX XXXX
XXXX XXX XXXX
Мұнда  анау  айтылғандай  емес,  дауыс  ағыны  бір  қалыпта  болып  тұр.  Оны  олай  етіп
тұрған  бунақтар  бірыңғай  келгендігі.  Тармақтардың  аяғында  өңшең  төрт  буынды  бунақтар
бірыңғай келіп тұр.

Бунақтар орын таңдайды дегеніміз осы болады.
Енді  бунақтар  орын  талғайды  дегенді  баяндайық.  Бунақтардың  талғайтын  орындары
тармақтардың  басында  жəне  ортасында  болады.  Шумақ  ішінде  бунақтар  тармақтардың
басында,  я  ортасында  бірыңғай  болып  келу  тиіс.  Мəселен,  бір  тармақтың  басында  үш
буынды  бунақ  келсе,  басқа  тармақтарда  да  солай  келу  тиіс.  Əйтпесе,  өлең  өлеңдігінен
айрылмағанмен жорғағынан жаңылады, айтуға ауырлық келтіреді.
Бұл  кемшіліктен  қазақ  ақындарының  көбінің-ақ  сөзі  аман  емес.  Əсіресе,  Абай
өлеңдерінде  көбірек  ұшырайды.  Мұндай  кемшілігі  бар  өлеңдерді  де  сол  күйінде  өзгертпей
əнге  қосуға  болмайды.  Бірақ  бұл  жоғарыда  таңдау  орын  туралы  айтылғандай,  түзеуге
келмейтін кемшілік емес. Көбінесе бұл түзетуге келетін оңай кемшілік.
Тармақтардың басында өңшең үш буынды бунақ келетін өлеңдерді де, төрт буынды бунақ
келетін  өлеңдерді  де,  бас  бунақтары  бірыңғай  келмейтін  өлеңдерді  де  мысалға  алып,  жай
айтып та, əнмен де қарасақ араларында қандай басқалық бар екенін байқау қиын болмайды.
1. Бас бунағы үш буынды өлең
3 4 4
Ызыңдап II ұшқан мынау II біздің маса
3 4 4
Сап-сары II аяқтары II ұзын маса
3 4 4
Өзіне II біткен түсі II өзгерілмес 
3 4 4
Дегенмен II қара яки II қызыл маса
3 4 4
Үстінде II ұйықтағанның II айнала ұшып
3 4 4
Қаққы жеп II қанаттары II бұзылғанша
3 4 4
Ұйқысын II аз да болса II бөлмес пе екен

3 4 4
Қоймастан II құлағына II ызыңдаса
(«Маса»)
2. Бас бунағы төрт буынды өлең
4 3 4
Зор қуаныш II қара түн II өткеніне
4 3 4
Алтын таңдай II ашық күн II жеткеніне
4 3 4
Қан аралас II төгілген II көп көз жасы
4 3 4
Тəңірі қабыл II мейірім қып II еткеніне
4 3 4
Ерік құсы II қайта ұшып II келгеніне
4 3 4
Душар болмай II дұшпанның II мергеніне
4 3 4
Қайта шықты II батқан күн II нұр шашылды
4 3 4
Мың шүкірлік II тəңірінің II бергеніне
(Мағжан)
3. Бас бунағы бірыңғай емес өлең
4 3 4
Өлең сөздің II патшасы II сөз сарасы

3 4 4
Қиыннан II қиыстырар II ер данасы
4 3 4
Тілге жеңіл II жүрекке II жылы тиіп
3 4 4
Теп-тегіс II жұмыр келсін II айналасы
4 3 4
Бөтен сөзбен II былғанса II сөз арасы
4 3 4
Ол — ақынның II білімсіз II бишарасы
4 3 4
Айтушымен II тыңдаушы II көбі надан
3 4 4
Бұл жұрттың II сөз танымас II бір парасы
(Абай)
Осы  үш  өлеңде  дауыс  ағыны  үш  түрлі:  1.  Өлеңде  дауыс  ағыны  бастан  аяғына  шейін
бірдей.
Мұны  бірінші  ағынды  өлең  дейміз.  Екінші  өлеңнің  дауыс  ағыны  бірінші  өлеңдегіден
басқа, бірақ оның да басынан бастап аяғына шейін дауыс ағыны бірдей. Мұны екінші ағынды
өлең  дейміз.  Үшінші  өлеңде  белгілі  бір  ағын  жоқ.  Бір  тармағында  бір  түрлі  ағын  болса,
екінші  тармағында  екінші  ағын,  бірінші  шумағының  бірінші  жəне  үшінші  тармақтарында
екінші ағын, екінші жəне төртінші тармақтарында бірінші ағын, екінші шумағының бірінші,
екінші, үшінші тармақтарында екінші ағын, төртінші тармақтарында бірінші ағын.
Сөйтіп екінші өлеңдегі ағынды өз алдына басқа үшінші ағынды өлең деуге болмайды. Бұл
бірінші  жəне  екінші  өлеңдерден  ағынымен  айрылып  тұр.  Егерде  екі  түрлі  ағынды
араластырмай,  бір-ақ  түрлі  ағынды  еткіміз  келсе,  мəселен  əнге  қосамыз  десек,  мұндай
өлеңдердің бунақтарының орнын алмастырып, я бірінші ағынға яки екінші ағынға түсіреміз.
Бірінші ағынға түсіргенде

3 4 4
Патшасы II өлең сөздің II сөз сарасы
3 4 4
Қиыннан II қиыстырар II ер данасы
3 4 4
Жүрекке II тілге жеңіл II жылы тиіп
3 4 4
Теп-тегіс II жұмыр келсін II айналасы
3 4 4
Былғанса II бөтен сөзбен II сөз арасы
3 4 4
Білімсіз II ол ақынның II бишарасы
3 4 4
Тыңдаушы II айтушымен II көбі надан
3 4 4
Бұл жұрттың II сөз танымас II бір парасы
(Бас бунақ үш буынды, басқалары төрт буын)
Екінші ағынға түсіргенде
4 3 4
Өлең сөздің II патшасы II сөз сарасы
4 3 4
Қиыстырар II қиыннан II ер данасы
4 3 4
Тілге жеңіл II жүрекке II жылы тиіп

4 3 4
Жұмыр келсін II теп-тегіс II айналасы
4 3 4
Бөтен сөзбен II былғанса II сөз арасы
4 3 4
Ол ақынның II білімсіз II бишарасы
4 3 4
Айтушымен II тыңдаушы II көбі надан
4 3 4
Сөз танымас II бұл жұрттың II бір парасы
(Мұнда ортадағы бунақ ылғи үш буынды).
Абайдың  бұл  өлеңін  бірінші  ағыннан  гөрі  екінші  ағынға  түсіргенде  сөздерінің  ыңғайы
жақсы келеді.
Бұл бірінші, екінші ағыннан басқа II буынды өлеңдерде үшінші ағын болады. Оны қазақ
өлеңшілері  түрікпен  ағыны  деп  атайды.  Не  үшін  олай  атайтындығының  себебі  белгісіз.
Үшінші  ағынды  өлеңдердің  аяқ  бунақтары  ылғи  үш  буынды  болып,  басқалары  төрт  буынды
болып келеді.
Мысалы:
4 4 3
«Қыздыр» дейсің II топ жиынды II жан дейсің
4 4 3
Қыздыратын II жасты қайдан II ал дейсің
4 4 3
Өмірімнің II таңын қосып II кешіне
4 4 3
Бер қайтадан II өткен күннің II əммесін

4 4 3
Бере алмасаң II кең салалық II бейілді
4 4 3
Жас қызығын II көрсін жастар II кейінгі
4 4 3
Тəтті өмірмен II нəпсі көңілін II ауладық
4 4 3
Қалғанымен II алдантайық II зейінді
(«Маса»)
Жоғарыда  баяндалған  екі  буынды,  үш  буынды,  төрт  буынды  бунақтардан  басқа  ескі
жырларда, «Кенесары, Наурызбайды» шығарған Нысанбай жыраудың сөзінде, «Ер Тарғында»
бес  буынды  бунақтар  да  келеді.  Бірақ  ондай  буындар  тармақтың  белгілі  бір  мүшесі  сияқты
əман келіп отырмай, бірде болса, бірде жоқ, тəртіпсіз кез келген түрде болғандықтан оларды
тармақтың  тұрлаулы  мүшесіне  санауға  болмайды.  Олардың  ескі  жырларда  келетін  себебі
ескі жырлардың көбінде тап-тұйнақтай таза өлшеу жоқ, солай болған соң жорғағы да дұрыс
келмей,  айтуға  ауыр  соғып  отырады.  Жырлар  кесте  кескіні  жағынан  қарағанда  нағыз  өлең
сөйлемдермен  жай  сөйлемдердің  аралығындағы  жорға  мен  жортақының  арасындағы  жүріс
сияқты, сөйлемнің дүрегей күлдібадам түрі.
Сондықтан  бес  буынды  бунағы  бар  өлең  деп  санауға  болмайды.  Бес  буынды  бунақтар
келетін жырлардан алып қарайық:
1.
4 3
Ау, хан ием II хан ием
4 3
Айды бұлт II құрсайды
4 3
Ай түнерге II ұқсайды
4 3

Күнді бұлт II құрсайды
4 3
Күн жауарға II ұқсайды
4 2
Көгілдірін II ертіп
5 3
Көлдегі қулар II шулайды
4 3
Көп ішінде II бір жалғыз
4 3
Көп мұңайып II жылайды
4 3
Күйбеңдескен II көп жаман
5 3
Сөзі тигенге II ұқсайды
(Ескі жыр)
2.
4
Мен күңірентсем II оңалтпан
5
Атамның атын II жоғалтпан
4
Бес түлеген II бөрімін
5

Белге соқсаң II жығылман
5
Кенеулі қара II бұлтпын
4
Қаба жаумай II ашылман
5
Бурылша аттан II мықтымын
5
Бұғалық салсаң П тоқтаман
5
Ұсталар соққан II болатпын
5
Үстіме дұшпан II жолатпан
(Орақұлы Əлібек)
3.
4
Ақжүністей II жолдасым
5
Əйел де болсаң II мұңдасым
4
Қолаң шашты II қой көзді
5
Əйелде ару II сен едің
4

Аш арыстан П жүректі.
5
Балуан жолбарыс II білекті
5
Жігіттің мəрті II мен едім
5
Құдіреті күшті II құдайым
4
Сындырмағай II белімді
4
Тарылтпағай II жерімді
(Ер тарғын)

Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   13




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет