Аңыз әңгіменің өзіне тән ерекшелігі – тарихи шындық пен қиял араласып жүреді.
1) Асан қайғы. Қазақ ханы әз-Жәнібек ханмен өмір сүрген. Асан – елінің қамқоры, сол үшін қайғы шеккен, желмаяға мініп дала кезіп «Жерұйық» дейтін қалың орманды, жасыл жайлаулы, сұлу жерді іздейді. Қайғы деп атануының себебі Жерұйықты іздеп, жұртының мұң-мұқтажын жоқтап, болашағын болжап толғанумен өткен дейді.
Асан қайғы Маңғыстауға үш барып, үш қайтыпты Сонда Асан қайғы «Түбінде мал баққан шаруаға Маңғыстаудан жақсы жер болмас» – депті.
2) Қожанасыр – күлдіргі әңгімелердің кейіпкері. Молла Насреддин, Қожа Насреддин, Насреддин әпенді есімімен кең тараған. Түркияның Ақшаһар қаласында өмір сүрген деген болжамдар бар.
3) Алдар көсе. Ол өзінің ақылды айлакерлігі мен зерделі қулығы арқылы мұратына жетіп отырған. Оның мақсаты – сараң байды, пайдакүнем саудагерді, озбыр ханды т.б. әжуа ету. Бірде Шығайбай деген байды әбден алдап, асын ішіп, атын мініп, кетерінде Бізбикеш қызын алып кетеді. 1964 ж. Ш.Айманов «Алдар көсе» фильмінің сценарйін жазған.
4) Жиренше шешен. Ол тарихта болған, Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген атақты шешен. Жиренше шешен көркіне ақылы сай, дана қыз Қарашашқа үйленеді. Жиренше шешен туралы аңыз-әңгімелерді үш топқа бөліп қарастырған:
1-аңыз-әңгіме: Ол Жәнібек ханның ақылшысы, уәзірі әрі досы. Қазақ хандығының құрылуына белсене қатысқан.
2-аңыз-әңгіме: Ханның кемшіліктерін бетіне айтқан, өзінің ақыл-парасатын, әділдігімен халықты мойындата білген.
3-аңыз-әңгіме: Өзінің жары Қарашашпен және әзіл-қалжың сөздері.
Әңгімелері: «Жиренше шешен мен Қарашаш сұлу», Жиреншенің хан сынағына түскені», «Сұратқан хан ақымақ па, сұраған сен ақымақ па» т.б. әңгімелері бар.
АЙТЫС
Айтыс – топ алдында суырып салып айтылатын сөз сайысы, жыр жарысы. Қазақ ауыз әдебиетінде айтыстың бірнеше жанрлық түрлері бар, олар: жар-жар айтысы, бәдік айтысы, жануар мен адам айтысы, өлі мен тірі айтысы, жұмбақ айтыс, салт айтыс, қыз бен жігіт айтысы, осы күнгі айтыстар.
1) Бәдік айтысы – адамның табиғаттың тылсым сырын түсінбеген кездегі, әсіресе, шаманизм сеніміне байланысты туған айтыс түрі. Ертеректе шаманизмге сенген адамдар табиғаттағы көптеген нәрселерге табынатын болған, олардың «иесі» бар деп түсінген. Сол уақытта «айналшық» (айналма) деген мал ауруы болған. Сол аурудың иесі – бәдікті үркітіп көшіру керек. Ол үшін кешқұрым ауыл жастары жиналып, әндетіп, жалынып, үркітіп, бәдікті ауылдан аулақ жерге әкетуге жастар екі жақ боп «бәдік» айтатын болған. Мысалы,
Айт дегенде, айтамын-ау бәдікті
Қара мақпал тоным борша әдіпті
От оттамай, су ішпей жата берсе,
Бәдік емей немене бір кәдікті
Көш! Көш!
Әй, бәдік, көшер болсаң, сайларға көш!
Жылқыға, мінілмеген тайларға көш!
Таппасаң, одан жайды мен айтайын
Тең түскен төрт құбыласы байларға көш! –
деп екі жаққа бөлінісіп айтысқан.
2) Жануар мен адам айтысы – ертеректегі төрт түлік малдың қадірленген кезінде туындаған мал иесі мен жануар арасындағы айтыс. Мысалы,
Иесі:
Шолақ сиыр, көзіңді ояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сояйын ба?
Биылғы жыл соғымға сойып алып,
Танабайға жаяңды қояйын ба?
Сиыр:
Шиыршақтап қыл арқан ескеніңде,
Қу шолақты соялық дегеніңде,
Қу шолақты соғымға сойып алып,
Бүржекейден көрермін көшкеніңді.
4) Жұмбақ айтыс – ақындық дүниетанымын кеңейтіп, оның ой-санасын өрістетіп, қиялын шарықтатуға және ұсақ нәрсені жұмбақ етіп, екі жақтың бір-бірімен жұмбақтаса айтысуы. Мысалы, «Сапарғали мен Нұржан» айтысы (жұмбақ айтысының ең жақсы үлгісі), «Әсет пен Ырысжан» айтысы, «Қожахмет пен Әубәкір» айтысы.
Сапарғали:
Бір құл бар қанат жайса дөп-дөңгелек
Адамнан еш уақытта жүрмес бөлек
Ұшырса, қондырса да еркі адамда
Шықпайды жаныңыздан көлеңкелеп.
Нұржан:
Мысалы, жайса зонтик құс секілді
Тетігі қолда болған іс секілді
Жаса, пана, күн шықса көлеңкесі
Достығы бейне сіз бен біз секілді.
5) Салт айтысы – әдет-ғұрып пен сенім-нанымға, күнкөріс нәсібі мен тіршілік күйіне байланысты туып қалыптасқан айтыс түрі. Бұл айтыс түрі XIX ғ. кеңірек жайылған. Осы дәуірде өмір сүрген атақты ақындар: Шөже, Балта, Орынбай, Кемпірбай, Тезекбай, Сүйінбай, Түбек, Омарқұл, Тәбия, Мұрат, Сүгір, Жаскілең, Бала Омар, Біржан, Сара, т.б. түрлі тақырыпта шығарған қысқа өлеңдерімен қатар, айтысқа түсіп, сан алуан сөз тартыстарын бастарынан кешірген және тарихта көпшілігінің аттары осы айтыс арқылы сақталған.
Достарыңызбен бөлісу: |