ЖИЕМБЕТ ЖЫРАУ БОРТОҒАШҰЛЫ (XVII ғ.)
Қызметі: жырау, әйгілі ақын, әскербасы, қазақ тарихындағы ел бастаған көсем деңгейіне көтерілген елеулі тұлғалардың бірі, Еңсегей бойлы Ер Есімнің Кіші жүздегі ел басқарушы биі, батыр.
Кіші жүздегі Байұлы тайпасының бір руы Танадан шыққан.
Жиембет жырау өз заманында бүкіл Алшынға әмірін жүргізді. Еңсегей бойлы ер Есім ханның ұлы жорықтарында асқан ерлік көрсетті.
1620 жылы Ойраттармен болған ірі соғыста Кіші жүз қолын басқарып, қазақтардың жеңіске жетуіне ықпал етті.
1627 жылы Қазақ хандығы құрамынан бөлініп шығып, дербес билік құрғысы келген Қатағанның ханы Тұрсынның бүлігін басқан Есім ханның қасында болып, ел тұтастығын сақтау жолында қажырлы қайрат көрсетті.
Кіші жүзге сөзі өтіп тұрған Жиембет жыраудың билігінен сескенген Есім хан, оны інісі Жолымбетпен бірге жер аударып жіберді.
Иесіз аралға айдалып бара жатқан Жиембет жырау:
Еңсегей бойлы ер Есім,
Есім сені есірткен,
Есіл де менің кеңесім...
деп Есім ханға айбат шеге, ойындағысын тайсалмай айтып кетеді.
Ел аузындағы деректерге қарағанда, Жиембет жырау сол айдауда жүріп, қайтыс болған, бір деректерде, Есім хан дүниеден өткеннен кейін туған жұртына қайтып оралады. Бірақ Жиембет жыраудың Есім хан қайтыс болған 1643 жылдардан кейінгі ғұмыры белгісіз.
Бізге жеткен жырлары:
«Есім ханға толғау»
«Басы саудың түгел-дүр...»
«Қол аяғым бұғауда» т.б.7
ҚОЖАБЕРГЕН ЖЫРАУ ТОЛЫБАЙҰЛЫ (1663-1763)
Туған жері: Солтүстік Қазақстан облысы Жамбыл ауданы.
Қызметі: Жырау, қазақ әскерiн басқарған қолбасшы, әйгiлi ғұлама, шежiрешi.
Жастайынан нағашысы Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ұрпақтарының қолында өсіп, Үргенші, Бұқара, Самарқан медреселерінде оқыды, араб парсы тілдерін меңгерді.
13 жасынан ақындыққа бет бұрған, 17 жасында аңыз әңгімелерді өлеңмен жырлаған.
Қазақ халқының шығу тарихын жырға қосып, «Ата тек» дастанын жазды.
Тәуке хан тұсында Қоқан, Хиуа, Бұқара хандықтары мен парсы, түрікмен елі арасында елшілік қызмет атқарды.
1688 жылы Әз Тәуке бастаған барша қазақ жақсылары 25 жастағы Қожаберген жырауды ордабасы етіп сайлады. Сөйтіп ол 23 жыл жоңғар шапқыншылығына қарсы күрескен қазақ жасағының бас қолбасшысы болды. Оған жыраудың «Үш би» атты өлеңiндегi мына шумақ дәлел бола алады:
Басқарып Үш жүз қолын жиырма үш жыл,
Орнымды Бөгенбайға бердiм биыл.
Еш сардар қайт қылған жоқ жарлығымды,
Кезiнде ұзақ соғыс күндер қиын.
1710 жылы жаздың аяғында өз шәкiртi жас батыр Қанжығалы Бөгенбай Ақшаұлына ерекше ықыласы түсiп, өзiнiң орта жасқа таяп қалғанын, ұзақ жылдарға созылған ауыр соғыстарға үздiксiз қатысып, қалжырап-шаршағанын мойындап, Әз Тәуке ханға өзiн ордабасы қызметiнен босату туралы өтiнiшiн айтады. Әз Тәуке әуелi келiсiм бермесе де, өз орнына қоятын кiсi барын айтқан соң, хандықтың астанасы – Түркiстан шаһарына Үш жүздiң бектерiн, билерiн, батырларын арнайы түрде хат жазып, кiсiлер жiберiп шақыртып алып, ордабасы сайлау үшiн құрылтай өткiзедi. Онда барлығы Қожаберген жыраудың ордабасылықтан кетуiн қаламайды, кейін келiсiм бередi. Сонда Қожаберген баһадүр ақ батасын берiп, ұсыныс жасап, өз орнына Бөгенбай батырды қазақ, ноғай, қарақалпақ жұрттарының бiрiккен әскерiн басқаратын бас қолбасшы етiп сайлатады.
Оның ерліктері Бұқар жыраудың «Ұстазым» атты толғауында баяндалады.
Қожаберген жырау «Жеті жарғы» заңдар жинағын әзірлеуге белсене қатысып, кейін оны ақ былғарыға жазып Әз Тәукеге табыс етті. Сонымен қатар ол сол кездегі қоғамдық, әлеуметтік жағдайды, қазақ елінің ішкі-сыртқы хал-ахуалын жырға қосып, «Жеті жарғы» атты тарихи дастан жазды.
«Елiм-ай» эпопеялық жыры Қожаберген жыраудың қазақ халқының жауларын қарсы жарты ғасырлық азаттық соғысын суреттейді. Жырдың бiрiншi бөлiмi де, жырмен аттас келетiн «Елiм-ай» әнi мен «Елiм-ай» күйi де 1723 жылғы күзде болған ел басына келген ауыртпалықты бейнелейді. «Елiм-айдың» бiрiншi бөлiмiн жартылай өмiрбаяндық дастан десе де болады. Жырау «Елiм-ай» қиссасының бiрiншi бөлiмiнде тек қана соғыстарды баяндап қоймай, туған халқымыздың жер-суларының бұрынғы кездегi атауларын, тұрмыс-салтын, кәсiбiн, елдiң iшкi-сыртқы саяси жағдайларын, көршiлес мемлекеттермен қандай қарым-қатынаста болғанын, түркі тектес елдердi, Сiбiр татарына жататын руларды, қалмақтың шыққан тегiн, оның түркі халқына жатпайтынын, қалмаққа жататын тайпаларды көрсетiп берген.
Б.Момышұлы осы дастан туралы: «Керей Қожаберген жыраудай бұрынғы-соңды өмiр сүрген қазақ ақындарының бiрде-бiреуi қазақ жұрты жерiнiң көлемiн, шекарасын айқындап берген емес. Ол кiсiнiң «Елiм-ай» жыры - әскери дастан! Жас бала кезiмде оны әншiлердiң аузынан талай рет естiп едiм. Шiркiн, сол әскери дастан қайда бар екен?» - деген.
Ол жайлы С.Торайғыров «Құрбыма» деген өлеңiнде, М.Ж.Көпейұлы «Даналарға» атты өлеңiнде жырлады.