«Мәңке туралы» өлеңінен үзінді: Заңғойдың болысы пысық келеді,
Мұрындары пұшық келеді.
Екі арада ептеп жерінде
Көздерін қысып келеді.
Шәңгерей Бөкеев (1847–1920)
Туған жері:Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Орда ауданы, Жасқұс құмы.
Қызметі: ақын.
5 жасында әкесінен айырылып, жетім қалады. Әкесінің інілері Шәңгерейдің оқып білім алуына көмектеседі. Ордадағы медресені бітіріп, мұсылманша білім алғаннан кейін, Астраханьдағы училищеге түседі. Орынбордағы кадет корпусында 2 жыл оқиды. Орыс тілін үйреніп, орыс халқының классикалық әдебиетімен танысады. Бұдан соң Самара губерниясында (қазіргі Куйбышев облысы) мировой судья (бітімші сот) болып істейді.
1917 жылы аталас туыстары мекендеген Ақбақай деген жерге (Батыс Қазақстан облысы, қазіргі Қаратөбе ауданы) көшіп келеді. Бұл кезде ел жұмысына мүлде араласпаған. Көбіне өлең жазу, аң аулау, ән тыңдау тәрізді істермен шұғылданған.
1920 жылы қаңтарда Ақбақайда қайтыс болған.
Ақынның біраз өлеңдері «Шайыр» (1910) және «Көкселдір» (1912) деген жинақтарда жарияланған. Бұл жинақтарды бастырған – Ғ.Қараш.
Шәңгерей шығармаларының басты тақырыбы: өмір, ескі заманды аңсау, ғылым-білім, өз өмірінің әр қилы кезеңдерін бейнелеу, махаббат, достықты, саятшылық, табиғат құбылыстары.