Қорытынды
Психологиялық талдаудың стильдік ерекшелігі мен көркемдік қызметін таныту үшін Д.Исабековтің әдеби туындыларына сүйендік. Адамдық ой-сананың, сезім күйдің сәулеленуін, оның шығармадағы өзіндік сипатын сақтап адам жанының диалектикасын ашуға лайықтап қолдану жазушының шеберлігіне байланысты. Психологизм элементтері ертедегі ауыз әдебиетінен бастап, әдеби процестің қалыптасуында әр түрлі шымада көрінген. Психологизм мәселесінің сан ғасырлық даму эволюциясының ең биік шегінде қалам тартқан жазушылар психологиялық талдаудың ең бірінші кейіпкер характерін даралаудағы сипаты мен көркемдік қызметіне баса назар салған. Творчестволық эволюцияның батыл да, еркін көрінер жанры- повесть болса. Д.Исабеков осы жанрдың майталманы, хас шебері деуге болды. Жанр және жазушы. Осы екі ұғым арасында сабақтастық, үндестік орнаған жерде шынайы шығарма дүниеге келеді.
Дулаттың талантты қаламгерге тән жазу мәнері, көркем әдебиеттің ең басты және бірден- бір объектісі Адам екені о баста ұғынған жазушының өмір зерделілігі , содан соң сол кезден бастап-ақ ол таңдап алған көркемдік бағдар- қарапайым адамдар көкірегіндегі құпия қазыналарды ашуға ұмтылған суреткерлік нысана повестерінен айқын көрінеді.
Өзінің шығармашылық жолы тап келген уақыттың арзан ұранын, жалған бояуларынан ат- тонын ала қашқан ол адастырмас темірқазық – көркемдік, көркемөнердің ежелгі ескірмес мұраты- адалдық екенін әуел баста – ақ айқын ұғынып, берік ұстанды.
Д.Исабеков кейіпкерлерінің характері мен тағдырын тек таза тұрмыстық көзқараспен бағамдау мүмкін емес. Оның қай кейіпкерін болсын, бір жақты түсіндіру қиынға соғады, өйткені оның қазақы, аңқау да аңғал кейіпкерлерінің бойынан кәдімгі адамға тән барлық жақсылы-жаманды қасиеттерді табуға болады. Жазушы қаламының ерекшелігі де осында: ол өз шығармаларында жалаң дидактика ұсынбайды немесе кейіпкер іс-әрекетін талдамайды, бұның бәрін оқырман талқысына салады.
Д.Исабековтың шығармаларын сындық тұрғыдан екшей келе, жас сыншы Б.Ыбырайымов: «Түптеп келгенде, бұл повестерден жазушы қаламының қырағылығына, сергектігіне көз жеткіземіз. Көбіміздің көзіміз көрсе де көңіліміз көрмеген жайлар көркемдік тұрғыдан игеріліп, тиісті шешімін тапқанда барып, жазушы шеберлігі туралы ойға білетінімз рас қой. Дулат Исабеков повестерінде де сондай қасиет тән», - деп қорыта айтқан
Суреткер ретінде жазушы Д.Исабеков повестерінің ұлттық мінезділігімен, адам тағдыры жайлы терең ой иірімдерімен, әлеуметтік- моральдік мәселелерінің өзектілігімен көпшілік оқырманға танымал бола бермек.
Жинақтай келгенде айтарымыз: әдебиеттің негізгі обьектісі – адам болмысының сан қырлы құпиясын ашуда қарымды қаламгер психологизм үрдісінің өзіне тән айшықтарын қалыптастырған. Шығармашылық жолы көркемөнерге қасаң талаптар қойылған тұста дамып, өркендегенмен, өз заманынан оқ бойы озық тұрудың әдісін тапқан суреткер кейіпкер жан дүниесіне үңілуде жалпы адамзаттың өркениет қалыптастырған ізгі дәстүрлерін ұстанған. Әрі оны өзіндік өрнегімен байытқан, жоғарыда талдап көрсеткеніміздей, адам жаратылысындағы ішкі-сыртқы қасиеттердің көркемдік мәнін түрлендіре, құбылта көрсету жолымен өз кейіпкерлерінің жан әлемін жарқырата көрсетіп, оқырман жүрегіне бойлай білген. Бет-пішін, көздің жан-дүние сырын танытудағы түрліше ролі әр шығармасында әр қилы мән иеленген. Ал, түс көру сарынының көркемдік қызметі Д.Исабеков прозасында бұрынғыдан байып, адамның жан қалтарысының тереңіне бойлау құралы ретінде көрініс тапқан. Екі ұдай сезім сипаты: жылау мен күлудің кейіпкер тұлғасын танытудағы мәнері де өзгеше. Жағымды, жағымсыз эмоциялық хал-күйлердің алуан түрлі сипатына үңілу арқылы суреткер кейіпкер тұлғасын сомдаудың өзгеше өрнегін жасаған.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1 Ергөбек Қ. Ұлтын сүйген жүрек үнi. //Қазақ әдебиетi:1992, №10.
2 Савельева В.В. Художественный текст и художественный мир: проблемы организации.- Алматы: ТОО «Дайк-Пресс», 1996. – 192 с.
3 Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері. Алматы: Алаш, 2003; –328б.
4 ТҰРСЫН ЖҰРТБАЙ (ғылыми-көркем шығармашылығы): Монография К.А.Төлеубаева. – Қарағанды: «Мағжан» баспасы, 2019. - 208 б.
5 Пірәлиева Г. Көркем прозадағы психологизмнің кейбір мәселелері (Түс көру, бейвербалды ишараттар, заттық әлем). Монография. – Алматы: Алаш, 2003. – 328 б.
6 Хализев В.Е. Теория литературы: Учебник/ В.Е. Хализев.–3-е изд., испр. И доп. – М .: Высш. шк., 2002. 437
Г. Жаксылык
Достарыңызбен бөлісу: |