ПЛАНЕТАМ МЕНІҢ
Ғаламның əр қырынан мың сыр ұқтым:
Панамсың, құт мекені тіршіліктің.
Аманат, бар дағдырым тек өзіңдіе,
Адамзат бағындағы бір шілікпін.
Қуатым- пəк ауаңнан тынысалам,
Суатым- өзен, теңіз ырыс маған.
Жарқырап күн- құдірет аман тұрса,
Қарқындап өсе берем- құрыштанам.
Орманың тамылжиды тыныстаған,
Онда мен ойға жүзіп, жыр ұштаған,
Өңірің- бақ- дəулеттің дастарханы,
Өмірдің көрігіндей пүліш далаң.
Қырыңда таңғажайып сағым ойнап,
Нұрыңа балқи берші бағың жайнап!
Торлаған бұлттарға қараймын да,
Толғанам мен де сенің қамыңды ойлап.
Арандап жау келмесін ел шетіне:
Қаралап, у сеппесін келбетіңе.
Бомбасын өлім үшін сайлағандар
Болмасын көгімізде, жер бетінде.
Көгілдір планетам- ертегімсің,
Көгің – жыр, өзің- күннің бөлшегісің.
Аяла сені қорғап, сақтағанды,
Аяма қорлағанды келсе күшің.
Біреу жүр саған оған қатты атам деп,
Біреу жүр «топан суын» қаптатам деп...
Бұл жерден ондайларды аластада,
Гүлденген тау- далаңды сақта сəндеп.
АНАМНЫҢ ПОРТРЕТІ
«
Өріңе шыға біл, ұлым»,- деп,
Төрімде күнімдей күлімдеп,
Анам тұр, өксіген шағымда
Маған нұр беретін күні көп.
Белесін асарда қиынның,
Кеңестім, анама сиындым.
Жақсысын сыйлаған ол маған
Сақшысы сияқты үйімнің.
Ғұмырдың ілесіп көшіне,
Ұғымым келсе бір шешімге,
Жанашыр, қамқоршы, кеңесші,
Анашым түседі есіме.
Сыралғы көзінде ақ тілек,
Тұрады көз ілмей бақ тілеп.
Жүрегін қуаныш кернейді,
«
Жүргенің осылай жақсы» деп.
Аяулы жүзінен ананың
Аялы жылылық аламын.
Анаша сөз айтса сүйген жар,
Балаша қуанып қаламын.
Ақ жібек ту етіп жаулығын,
Ақ жүрек тілейді ел саулығын.
Көркіне ананың қарасам,
Көлкімей, көңілден ауды мұң.
Жарандар, төрімде анам тұр!
Қараңдар: бұл дара жанашыр.
Анасын сыйлаған ұрпаққа-
Ана- күн, ана- күй, ана- жыр!
ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ
Халқын сүйген Құртқадай аурулардың
Салтын сүйем, мадақтап дарындарын:
Өткір дер ем қылыштан қазақ қызын,
Өткірлеген батырдың қаруларын.
Мақтап өтем Айқыздың батылдығын,
Мақтан етем Мəншіктің батырлығын.
Елі сүйіп айтады Əлияның
Ерлік, биік істерін батыл мығым.
Сұлуларды сүйемін сырға бекем,
Сұлу жанын қастерлеп, жырлап өтем.
Сүюді шын Баяннан үйренген ол
Сүйгені үшін ғұмырын құрбан еткен.
Инабатты, зиялы, ізетімен
Қыз сүйкімді еліне қызметімен.
Асыл жарым- құрметті- қазақ қызы:
Асыл арын- дəстүрін күзеттім мен.
«
САРАРҚА» КҮЙІ
Күй шалқып кең далада қасиетті,
Сый тартып, елден қуды қасіретті.
Дабылы бостандықтың қағылды да,
Дауылы Сарарқаны басып өтті.
Шалқыды күймен теңіз толқындары,
Балқыды шексіз дала толқымалы.
Сарыны ұлы күйдің естілгенде,
Арудың сыңғырлады шолпылары.
Сарыны «сарарқаның» дауылына
Дарыды Алатаудың бауыры да.
Азат Күн келсе деген арман туды,
Қазақтың қаз- алтындай ауылында.
Желпінді тоқсан толқын тау самалы,
Елтіді, ел қызығын таусалмады,
Балбырап, жас жалындап, қарт толғанып,
Жадырып, «жан шақырды» қаусағаны.
Естілді мың жылқының дүрліккені,
Естілді туған елдің бірлік лебі:
Қарық тым еңбегімен кең далада,
Халықтың қарбалас мол тірліктері...
Енді де Құрманғазы қайраттанды,
Еліне ерлік күйін, сайлап, салды.
Күй сырын терең ұғып ұрпақтары,
Күйшінің домбырасын сайратты əні.
ƏУЛИЕ АТА
Атыңнан айналайын, Əулие ата.
Алдыңа келіп сенен алдым бата:
Жаңғырып жаңа Тараз қала болдың,
Мəңгілік өркендей бер көрмей жапа.
Сыйынып «өлең сөздің даңғылына»
Иіліп сəлем бердім Жамбылыңа,
Ақыл – құт, ақындардың құт жырлары
Асылдық- Алашаңа мəңгі мұра.
Киесің қара қазақ баласына:
Сүйесің құшағыңа аласың да,
Қыршындық жастық қайта келер мекен,
Бір сүңгіп шығайыншы Таласыма.
Тамаша салтанат қып сəулетіңді,
Жаңаша өркендеттік дəулетіңді.
Сөзіне, ғылымына қанықсын деп,
Өзіңе ертіп келдім əулетіңді.
Жолдасым- жыр мен ғылым- дықты балаң:
Қолдасын Шашты Əзізім- Түкті бабам!
Берейін жырдан шашу, əннен сыйлық.
Мерейің үстем болсын, құтты қалам!
ТƏН АЗЫҒЫ МЕН ЖАН АЗЫҒЫ
Рухани байлығы жоқ адамның
Бəтуа да болмақ емес ісінде.
(
М. Шаханов)
Күйттеп жүр жұрт тəн азығы кердеңді,
Итте білер ішу, жүту, «бер» деуді.
Рухани азық керек адамға
Сақтау үшін ақыл, əдеп, зердені
Обырлығын адам бірақ қойған ба?
Озбырлығын танытыды тойғанда.
Тоқ дұшпанда мейір болмас адамдық,
Тоғышарда сəуле- сана, ой бар ма?
Жан азығы ондайларда болмайды,
Тəн азығы тойдырмайды, толмайды.
Өзін артық дəу санайды көп жесе,
Сезім артық, оған ақыл қонбайды.
Өлеңімде жан азығым –тілімде,
Өнерімде, терең ойда, білімде.
Көрдей болар соны сезбей дұшпаным,
«
Көрмей қалар» көркемдіктің бірін де.
Табиғаты тамылжып тұр, ашық күн,
Жамиғатым, адам- сұлу, ғашықпын.
Көркейдім меназығын алдым да,
Көркейдім мен, көңілімді тасыттым.
Тəн азығы- тіршіліктік нəріміз,
Жан азығы- рухымыз, арымыз.
Сый беруде мынау жарық дүние,
Игеруге құлшынамыз бəріміз.
ШУ ДЕГЕН ҒАЖАП ӨҢІР БАР
Қаптап бір шықса құм-қырдан,
Қарақой қойлар тұндырған,
Байлығы күнде мыңғырған
Шу деген ғажап өңір бар,
Шуақты қызық өмір бар.
Шым батып құмға, шымырлай,
Шуылсыз аққан суы жай.
Сексеуіл, жыңғыл нуын-ай!..
Шу деген ғажап өңір бар,
Шуақты қызық өмір бар.
Қаласы жаңа, нұр тұнған,
Даласы жайнап құлпырған;
Жаңаша күнде жыр туған,
Шу деген ғажап өңір бар,
Шуақты қызық өмір бар.
БЕЙБІТШІЛІК-ТІЛЕГІМ
Соғыстан соң өтсе де жыл ондаған
Соқпақтар бар бақыт құсы қонбаған.
Бомбалар бар қалған жердің төсінде,
Болжамы жоқ қауіп болып орнаған.
Бай танапты гүлді қырға қарашы,
Байқалады соғыстың дақ-жарасы.
Жерлесек те сойқан соғыс азабын
Жер анадан кетпей жатыр қарасы.
Сынбаған кіл батыр жандар аманда,
Сынбаған жыл еске түсен əманда.
Мұң болған бұл соғыс өрті сөнсе де,
Мыңдаған жыл қалар таңба адамда.
Аман болсын Жер анамыз- панамыз!
Қорғауға оны жетер ой мен санамыз.
Ол гүлденсе, біз де сайран саламыз,
Ол өртенсе, біз де бірге жанамыз.
Жердің шарын тұрса нұрмен бөлеп Күн,
Сол сулеге мен өзімше көмекпін!
Тілегім сол-тыныш болсын ұйқысы
Бұл өмірге жаңа келгкн бөбектің.
Армандары орындалса ананың,
Табиғаты тамылжыса ғаламның,
Əрбір адам жетсе мақсат шыңына,
Соған мəз боп, қуанып қаламын.
Мынау ғалам адам үшін жаралған:
Біз ұрпақпыз бір анадан тараған.
Жаны бірге болмаса да түбі бір,
Қаны бірге, мəңгі туыс бар адам!
Туыстардан арылмасын сыйласым.
Тілектестік ниеттерін тыймасын.
Бəріміздің бақытымыз боп келсін
Мəнді, мəңгі, қуанышты қимас Күн!
Жебірлер мен азғындардың таласын
Жеңсін достық, бірлік атты жарасым.
Сонда ғұмыр емдейді де жазады
Адамзаттың тарихтағы жарасын.
Сəулесімен сипап сəби тұлымын,
Берсін күнім қуаты мен жылуын.
Кəусі боп тыныштық пен бақыттың,
Жанып тұрсын мəңгі-бақи ұлы күн!
ТУҒАН ЖЕР
Күнімді көз ашқанда сенен көрдім,
Гүліңді көп аралап, кенет тердім.
Төсінде Ала таудың сайран салып,
Есімде айтқан əнім, өлеңдерім.
Бағымды өсірген тау, нұрлы далам-
Сағымды, таңғажайып сырлы ғалам,
Əз əнді əуелетіп өзің үшін,
Жазады саған арнап жырды банаң.
Армысың анам киіз басқан жері !
Бармысың əкем туған асқар белім?
Нұрыңды жолым болып, əнге қостым
Жырымды қолын соғып; қоштар елім.
Сүйемін сен таулы биік жайлар.
Киелі мөлдір бұлақ, жиі қайнар.
Жасыл көл кһөктен күнді мейман етсе,
Жасыл бел беткейінде киік ойнар.
Күн шығар көк жиектен арайланып,
Құлпырар қыраттарым қарай қалып.
Жасарған ой мен қыры жас егінмен,
Жасалған мол көркемдік қалай дарып.
Жайлауың Мыңжылқыдай биік төрде,
Қойнауың ұйық дейді сүйікті ел де
Көрермін қызығыңды құтты мекен
Келермін сағынышпен биіктерге.
КОМБАЙНШЫ
Ер үшін түні де бір, күні де бір,
Кірпігі күнімен бір ілінбей жүр.
Сайланған қауырт іске алап батыр
Қайыспай ауыр істе күлімдеп жүр.
Кемесін кемелдентіп, баптап алған.
Сарбаз жоқ қызу еңбек, саптан қалған.
Толтырып миллиардтың қоймаларын,
Молшылық жүгін артып, мақтау алған.
Ол-батыр ел еңбегін қызындырған
Үйі жүр тау-тау астық қызыл қырман.
Ерімнің еңбек-тегі , өзі шебер,
Елімнің еңбектегі қызығы-нан.
Көрсетер іс жемісін уақыт алды,
Кемесі көлеңдейді ақық таңда,
Халыққа астық тартып, нан сыйлаған
Жігітке бұдан артық бақыт бар ма?
ШАРУА СӨЗІ
Тірегім бар сенімді тірлік деген,
Мүлгітпеген, қарқыны бір бітпеген.
Сан істерін өмірдің кідіртпегем,
Кідіртпеген, екпінім мүдіртпеген.
Ер еңбекпен қарсы алып көктемімді,
Көктемімді гүлдентем еккенімді.
Табиғатты еркіме көндіремін
Төндіремін бағыма көкте күнді.
Жазда жайнап еккенім өніп жатыр.
Төлім асыр салып жүр, өріп жатыр.
Құтты болып Отанға көп істерім,
Жемістерін молайтып беріп жатыр.
Күзім менің думанды мерекелі,
Берекені дарытып бере келді.
Шартарапқа білдірді шадыман үн
Шаруаның еңбекшіл ер екенін.
Бақытыма жандырып үміт шамын,
Ұмытпадым еңбектің суыт қамын.
Жер бетінде тірліктің ізі қалсын,
Қызулансын, еңбекті суытпадым.
Суытпадым еңбекті қызуынан,
Қызу алам жемісті қызығынан.
Табыс жатыр үйіліп, баудай болып,
Таудай болып ақ мақтыа, қызыл қырман.
Өмірімнің төріне төрлейтінім,
Өрлейтінім: талпынам көрмей тыным.
Білсін менен еңбекшіл, намысты жан
Табыс құрдан оңаймен келмейтін.
Бергенім аз еліме бересімнен,
Белесі мен əр істің өресі кең:
Міндетімді мойныма артып, нығап,
Артығырақ бақ күтем келер күннен.
ƏУЛИЕ ТАЛ
Қайран бабам қаба сақал иықты,
Жайраңдаған жан екен бір сүйікті.
«
Жеттім міне арманға» деп жарықтық
Жетпісінде шөбересін сүйіпті.
Ата құттың асылын кім ақтармас,
Аталыпты шөбереге «ақсарбас».
Берекелі мынау елде шаттанып,
Мерекені бүйтіп ешкім атқармас.
Аналардың шешек жарды жас гүлі,
Бабалардың шілдехана-дəстүрі.
Туған бала-шөбереге арнап ол
Көшет тігіп, күтуді елге тапсырды.
Сыр ақтарды жас тал егіп шал кісі,
Бір мақтанды сипап мұрттың шалғысын.
Талды күттік, жемісін жеп, кейін біз
Саясында естідік жұрт алғысын.
Еккен талы ұзақ жасап, түлеген
Өктем шалды жұрт сүйеді, білем мен.
Нұр таңының сəулесін ол қастерлеп,
Ұрпағының келешегін тілеген.
Тамырынан тал нəр алып көктепті,
Əркім оған бір қайрылмай өтпепті.
Суы кəусер қайнап шығып түбінен
Мұны халқым «əулие тал» деп кетті.
Алып ұшқан іңғкəрлікпен асыға,
Сағыныштан жетем қайнар басына.
«
Адам болып өстің бе?» деп тал-саям,
Бабам болып тұрғандай өз қасымда.
Амансың ба, туған жердің асылы,
Маған сынға сені тарих тапсырды.
Болам ізгі мұрагерің, күтушің,
Бабамыздың қасиетті дəстүрі!
БИДЕ
Қызықты күндер көшеді:
Қызба бір бидің кеші еді,
Қыздардың көрсең өнерін,
Қыхзықтап көңіл өседі.
Биіктеп күйдің аспаны,
Бишіге ұшқын тастады.
Билігін айтып бір сұлу
«
Бикештер биін» бастады.
Күлімдеп кетті сұлулар,
Күлкіден от бар, жылу бар.
Күлімдей жайнап тұрдың сен,
Күткен соң, билеп тыну бар.
Шақырдың биге сызылып,
Шаттандым сəтте қызынып.
Шалқыттың ыстық құшақта:
Шарықтай бердім қызығып.
Елжіреп ыңтық қарасың,
Ерекше тартып барасың.
Есімнен кетпес осы бір
Бидегі сəтті жарасым.
Аққудай кербез керімім,
Аялы биге кел, күнім.
Қымбатты жастық дəуреннің
Қызығын еркін көр бүгін.
ДОСТАРҒА
Бір болғанмен өмір дейтін кемеміз
Таңдаған өз жолымызбен келеміз.
Əрбір жанның өз жүрегі бір өмір
Əрбір дəннің масағы боп өнеміз.
О, достарым, құлақ салып ұғыңдар,
Өзгелерге ұқсмайтын үнім бар.
Өлеңімді аялайтын адамға
Əлі талай баяндайтын сырым бар.
Арманыма қанат болып қиялым,
Арналарға бұлақ болып құямын.
Мені жебе, қайнарымның көзін аш,
Елім үшін асылымды жиямын.
Көңілімнің ашық етіп аспанын,
Өздеріңе құшағымды ашқамын.
Қорландым деп, досыма тіс баспадым
Қорғаймын көп көңіл гүлін басқаның.
Дес беріңдер, менің мақсат, жолым бар,
Ескеріңдер еңбек етер қолым бар...
Шыншылдықпен жақын болсақ, бақыт мол!
Күншілдіктен қашып, қашық қоныңдар.
КҮЙ АТАСЫ
«
Алатаудан» барлай шолып ертеңді,
Құрманғазы тартып отыр «Серперді».
Тоқсан тарау толқындаған күй легі
«
Сарарқаны» сарынымен ертеді.
«
Жігерімен» күмбірлейді «Кішкентай»,
Жүрегінен қайнап шыққан күш қандай?!
Дауылпаздай сарқылдаса сарынмен,
Өнер құсы өрге самғап ұшқандай.
Бар дүние құлақ түріп, сүйсіне,
Байыздайды «Балбырауын» күйіне.
Көз алдына көрсетіп күй əлемді,
Көңіліңді көтереді үйіре.
Тақсыреттің баян етіп шындығын,
Қасіреттің «Кісен ашқан» түндігін.
Балқытатын «Қайран шешем» жүрегін
Шалқытатын күй тартылар күн бүгін.
Күй атасы - өнер атты шыңда тұр:
Күмбірлеген күйді ғалам тыңдап тұр.
.
ТƏЙЕКЕ
Əжем менің - өміріме жаз еді,
Əн өрнегі бір ғажайып саз еді.
Мен əжемнің құшағында құлпырып,
Мен əжеме еркелесем, мəз едім.
Жанашыр жан – қамқор еді біздегі,
«
Нағашыңнан қатынасты үзбегін»,
Деді күнде мені гүлше мəпелеп,
Енді міне əже жұртын іздедім.
«
Жаным» деді қырғыз атам – тəйекем,
Жаны жарқын, мінезге де бай екен.
Бөлінбедік қырғыз, қазақ ұлтына,
Телімдедік тұлғамыз да сай екен.
Қаным да бір, ұқсас бейнем, сүйегім,
Жаным да бір жүрегімнен сүйемін.
Төресіне кездескендей тəйекем,
Төбесіне көтереді жиенін.
«
Ал, жиенім, қаласаң ал барымды!»
Жан-жүйемнің алаулайды жалыны.
Халқымыздың ортақ асы сияқты
Бал қымызы, балбыраған нарыны.
Жан атамның «чоң» ұрпағы – шынарым,
Алатаудың биігіне шығардың.
«
Елде сонун ул бол!» - деген əжеміз,
Мен де соның өтесіне шығамын.
АЛАСҰРҒАН АҚ ҚЫСЫМ
Ақ қысым - аласұрып жатқан еркем,
Алмастай жарқылдайды жапқан көрпең.
Ышқынып, ақ бораның арындайды,
Ысқырып, əн салуды мақтан көрсең.
Алқынсаң, ақ көрпеңді жаппадың жай,
Сəл тынсаң, көркің əсем, аппағым-ай!
Шын ұқшы тыныштықтың парқын сен де,
Тынықшы ашуланып, ақтарылмай.
Өрнектеп əйнегімді үскірігің,
Өрлеп кеп, өңіріме түстің бүгін.
Мазалап жыр əлемді мүсіндедің,
Ғажап-ақ шеберлігің, күштілігің.
Сен неге қабағыңды шытып алдың,
Сеңделме, əне, босап, сықырладың.
Басылым айтшы мынау бораныңа,
Басылсын бұрқ-сарқ етіп құтырғаның.
Əманда жарқылдап жат, ақ күмісім,
Адамға көрсетпеші қатты қысым.
Аялда, тіршіліктің күйін тыңда,
Аялда, керегі не аптығыстың?!
Болмасын саған, қысым, адам нала,
Олжасын қар етіп төк ақ арнаға.
Құрыш құт болмысыңды бұзбай жатшы,
Тыныштық сақталады, алаңдама!
АЙЫП ЕТПЕ , ЖАРЫМ -АУ ,
КЕЙІГЕНГЕ
Айып етпе, жарым-ау, кейігенге
Кею жөн бе? Білемін, зейін кем бе?
Ұшқалақ деп сөкпеші тым асықсам,
Уақыттан бола ма кейіндеуге.
Əрбір секунд, сағаттар тез өтуде,
Көз жетуде: тоқтамас сөзге, тілге.
Біл деп тұр ғой есебін келер күннің,
Жүрегімнің соғуын сезесің бе?
Əрбір таңды асыға күтіп едім, -
Күтінгенім сол ма? Аз бітіргенім.
Кіріптармын өмірге – асығуға,
Асуыма шықсам бір шүкір дермін.
Қайғы деймін бос өткен кездерімді.
Сөз берілді, - орындау өзгерілді.
Өкініштен қалайша түзелемін,
Түзер едім мүлт кеткен өзге мінді.
Өкініштің шешілмес түйіні бар –
«
Түйінім» бар болған соң күйіндім сəл.
Уақыттың тізгінін босатты кім?
Қос аттының жетпейтін қиыны бар.
ҚАЛАЙША МІНДІ
ТҮЗЕП ҮЛГЕРЕМІН
Мұның не? Бұрын қалай білмегенмін?
Мініме мін қосылды күнде менің.
Қарай ма өмір бір сəт артқа маған,
Қалайша мінді түзеп үлгеремін.
Ойпыр-ау, неге зерттеп білмегенмін?
Ойсырау... шашымнан көп мін дегенің.
Азайтып еш болмаса, кемшілікті,
Мен қайтіп өмір сүріп, күн көремін?!
Осынау үзе алмаған мін көгенін,
Досым-ау, мендей жанды кім дер едің?
Сезімді байламаса «жалған» ғұмыр,
Өзімді өзім іреп, жүндер едім.
Қалайша мінді түзеп үлгеремін?...
ЖАС ТАЛАП СӨЗІ
Бұл ғажайып заманда
Бала күшін бұлқынтпайды кім енді?
Талпынайын əманда:
Таудай талап берген елдің ұлы едім?
Отан маған сайлаған
Орынымды таңдайын да табайын.
Өршелентіп қайраған,
Өмірімнің қамалдарын алайын!
Өркендейін жаңаша,
Өнер – білім қызығына қанайын,
Елжіреген анаша
Еліміздің шамы болып жанайын!
ӨНЕРПАЗ ДОСЫМА
Өзгеден озу үшін де,
Өршуде қарқын сынайық.
Бұлқынған қуат – күшіңе
Бұлалық керек лайық.
Қызықсыз өмір бола ма?
Қырында бекем тұрайық
Қалыпсыз құлық оңа ма?
Қанағат кəміл қылайық.
Əдептен асқан опығар,
Əдепке мойын бұрайық.
Жаныңда ұшқын отың бар,
Жанбаса жүрмін мұңайып.
Өнердің шегі болмайды, -
Азабын көріп, шыдайық.
Өресін шебер қолдайды,
Өріне оның шығайық.
Ертеңге құлшын күніге,
Еңбекпен елге ұнайық,
Өнер мен ойға, білімге
Қанағат тұту – мың айып.
Өріне оның шығайық!
КӨҢІЛ
Əппақ көңіл,
Тазалықты таңдайсың.
Кіршеңдігін содан ба?
Ақ пəк көңіл,
Нəзіктіктен танбайсың,
Кір шалдырсам, оңам ба?
Ақтығыңды
Дақ салдырмай сақтайын,
Сенен таза таппаймын.
Пəктігіңді
Қастерлеймін, ақтаймын.
Қасиеттеп, баптаймын.
Көңіліме
Көз жіберген адамға
Жаным жақын əманда.
Өмірімде
Ондай жаны адалға
Риза болам анамдай.
Кішілігім
Ақ көңілден білінер,
Арым таза, біліңдер.
Кісілігім
Онсыз ойран, бүлінер,
Менен көңіл гүлін көр.
СƏЛЕМ, ЖАҢА ЖЫЛ
Сəлем саған, жас үміт жаңа жылым
Жаңа жырың көп шығар, жаңа сырың?!
Өрнектей бер келбетін өмірімнің,
Өмірімнің асайын жаңа қырын.
Аяз атам, аман ба, ақша қарым.
Ақша таңым, жаңаның баста бəрін.
Бақыт, ғұмыр, денсаулық – бер бəрін де,
Бер кəріге күш-қуат, жасқа жалын.
Бəлкім, жүгің былтырдан ауыр шығар,
Қауырт шығар істерің дəуір сынар?
Қиыныңды жеңемін, есемді бер,
Өсер жігер, еңбекке жаным құмар.
Əрбір күннің рахат тыныш болсын,
Тың іс болсын, қоймаға ырыс толсын.
Сақта, жылым, əрқашан ел саулығын,
Денсаулығың – бақтың құрыш болсын!
Жақсылық боп келсін əр жаңалығың,
Жаңа ғылым, көркейсін жаңа білім.
Жалғастыр сен жаңаша қажырыңмен,
Қазіргі мен келешек аралығын.
Бақытты бол, жаңа жыл, шаттанайын,
Мақтанайын көркейіп бақ талайым.
Жырға қосып өр талап жас үніңді,
Шашуымды өлеңмен ақтарайын.
Жүрегіңе кенеттен дерт енбесін,
Өрт келмесін, жер-ана өртенбесін.
Келешекке қарасын ел сеніммен,
Еңбегімен құт мекен өркендесін.
Қарың қалың – молшылық ере келді,
Бəрекелді, əкелдің берекені!
Адамзаттың молайтып ырыс-құтын,
Тыныштықтың жылы бол мерекелі!
ЖЕСІР ЖЕҢГЕЛЕР
Бала кезде көрдім соғыс – түнекті,
Балаң кезге қасіреті түнепті.
Ерте көктей ормақ болды фашизм,
Еркелетпей, еңселетіп күн өтті.
Жарандарды соғыс дерті жүдетті,
Жаралады жас қосылған жүректі.
Келіп жетер солдат хатын тосумен,
Келіншектер жолдың бойын күзетті.
Неке ду-ду думанымен ұласпай,
Неше сұлу зарлап қалды гүл ашпай.
Күндер өтті көңіл күйін бір ашпай,
Түндер өтті арулармен сырласпай.
Бір көшенің жүз отауы – шынары:
Бір көшенің сөнбеді жүз шырағы.
Бағынышты бəрі уақыт тезіне,
Сағыныштың азабына шыдады.
Мұң айтқанда жеңгем аңсап асылын,
Мұңайсам да, сыр білдірмей жасыдым.
Ауырды кім көтерсе, сол-шын алып,
Ауыр жүгін бұл əлемет ғасырдың.
Өз белгісін салып жатты жесірлік,
Өзгерді күн қайғы бұлтын көшіріп.
Аянып па асыл жеңгем еңбекте,
Аядық та, кей мінезін кешірдік.
Қаншама ару бір көшеде қайғылы,
Жүз көріссек, өсуші еді айбыны.
Жолдастары келетіндей жүз жеңге,
Жол тосқанда ұзарып жыл, ай, күні.
Мың мəртебе махаббатты жақты түн,
Мың өртене өткізді ару уақытын.
Бір көшенің жүз келіні жол тосып,
Бірнешеуі зорға тапты бақытын.
Бір көшеде қанша жесір қаралы,
Бір көшеде қанша жүрек жаралы.
Соғыс кеше сорлатқан сол жесірлер,
Соғыс десе, қайғыланып қалады.
Жырлап əлі сүйген жардан сөз басын,
Құрғатпады менің жеңгем көз жасын.
Жанып біткен томардай боп қалса да,
Жарын күткен ұмытып ол өз басын.
Ау, адамдар! – Бейбітшілік қамалы!
Аялаңдар туған жерді – даланы!
Аямаңдар соғысқұмар содырды,
Аялаңдар махаббат пен ананы!
Достарыңызбен бөлісу: |