«
ҚОЙЫП КЕТКЕНДЕР»
Қатысушылар: Достай – оқытушы,
Досбол – экономист,
Досеке – экпедитор.
Досболдың үйі. Үш дос кездесіп отыр.
Досбол: Ағайындар, ақылдасатын жұмыс болған соң екеуіңді
шақырдым. (Бір бөтелке коньяк əкеледі). Ал, ағайындар, - мен өзім қойып
кеткен адаммын, зəуімен басымыз қосылып қалған екен, ескі достың аузын
ашайын.
Досеке: Егер мүмкіндік болса, осы иттің аузын ашпай-ақ қойсаң
қайтеді... Əлдеқашан қойып кетіп едім, енді...
Достай: Бұл өзі шындап келгенде, дастарқанның сəнін бұзатын
жексұрын болып бара жатыр. Маған салсаңдар, бəленің төбесін көрсетпей,
төрден аулақ əкеткен дұрыс-ау деймін.
Досбол : Ішпесек те, тілек айтып, тостақ қағыстырып отырайық енді.
(
Коньяк құйып , тост айтады). Ал енді, ағайындар, болып жатқан
жақсылық көп қой, менің жақында туған күнім. Достай, сенің балаң оқуға
түсті. Досеке, сенің үйіңде жас нəресте дүниеге келді дегендей... Жақсылық
үшін!
(
Досбол қағып салады . Досеке жартылай ішеді . Достай ішпейді).
Достай : Мен бұрыннан татпаймын. Өздерің білесіңдер...
Досеке : Мен қойып кеткем!..
Досбол : Əрине, бұл заманда ішкілікке зорлық жоқ. «Жан ауыртқан дос
болмайды»... Осыны қойып кеткелі сөзім түзеліп, ойым тереңдей бастады,
ағайындар.
Досеке : Мұны ішпеу керек. Тек анда-санда, осындай бас қосқанда елу
грамм «не мешает». Солай емес пе, Досбол. (Досбол қуаттап ,
тостақтарды толтырып қояды).
Достай : Бұның адамға зияны, көрсететін азабы көп болмаса, іше беруге
болар еді ғой. Бұл итті...
Досбол : Ағайындар, ақылдасатын жұмыс бар, осыны бір алып
жіберейік. (Өзі қағып салады ).
Досеке : Пах-пах! Ой-дөйт деген-ай! Өсте-өсте адам боп кетесің. Бір
ұрттағанда қарын жарылмас, ал кеттік, мен де тартып жіберейін. (Қағып
салады ). Мен қойып кеткем... Тек сенің көңілің үшін... Адамның көңілінен
қымбат, нəзік нəрсе жоқ. «Қазақтың көңілі бір атым насыбайдан қалады»
демекші...
Достай : Ішкілік деген ішке түсіп алса, шайтаннан жаман: жүрек,
бауыр, өт жолын құлдап, қанды қағындырып, жанды жалынға салады.
Досбол : Точно! Міне, жаңағы бір ұрттағанның өзі менің ішек
бауырымды езілтіп, көңілімді көтеріп барады. Байқау керек екен. Енді бұдан
кейін татпау керек.
Досеке : Пах-пах! Ой-дөйт деген-ай! Əй, қойып кеткен адам қайта
ішсе, қызық болады екен. Мынау ескі таныс есімді шығарып барады-ей!
Досбол : Ағайындар, мен сендер үшін жанымды аямайтын доспын.
Дос болған соң бос болмау керек. Əлгі немене... «деспе, дескен соң жеспе»
дегендей. Зəуімен басымыз қосылып қалған екен... Үшеуміздің мəңгі бақи
айрылмас достығымыз үшін!
Досеке : Пах-пах! Тауып сөйлейсің-ау. Егер мен сенің орныңда болсам,
экономистікті қойып, баяғыда-ақ жазушы болып кетер едім... Талай
жазушыны оқып жүрміз. Сенен артық емес-ей!
Достай : Достар, ақылға салсақ, арақ ішуден бəйге алған ешкім жоқ...
Досбол : Точно! Бірақ біз арақ ішіп отырған жоқпыз, отағасы. Біз
жұлдызы биік коньяк деген ішкіліктің ең қасиеттісін татып отырмыз.
Досеке : Пах-пах! Сөзі қандай əсем, өсте-өсте адам боп кетесің. Қалай
тауып сөйлейсің-ей! Ой-бай! Қой! Енді құйма! Қалпын білмейтін қанағатсыз
емеспін... Маған осы да жетеді.
(
Досбол мен Досеке қағып салады).
Достай: Достарым-ау, қойып кеткендерің мынау болса,
қоймағандарың қандай болмақ. Мен енді сендермен бірге отыра алмаймын.
Досеке: Ой-дөйт! Деген-ай! Достарым менің, ақылым асқындап
көңілім тасқындап, тіпті ақын боп барам-ей!
Досбол: Точно! Ағайын-ау, біз ішіп отырған жоқпыз ғой... Ұрттап-
татып дегендей, айында, жылында бір бас қосқанда татудың не зияны бар?
Достай: Ақылға салсақ, ішкіліктен пəленің бəрін көріп жүрміз: қан
айналысың бұзылады, желіктіріп, желпіндіріп жібереді.
Досеке: Ой-дөйт! Деген-ай! Достарым менің, ақылым асқындап
көңілім тасқындап, тіпті ақын боп барам-ей!
Айналайын ағайын!
Көңіліңді бағайын:
Қағып салам арақты,
Қай қылықпен жағайын!
Досбол: Точно! Міне өстіп, мынау жарықтық адам баласын ақын
қылады.
Азғырасың ақ арақ,
Арғы тегің арам-ақ!
Іріттің-ау бір пəсте
Ішегімді аралап.
Досеке: Пах-пах! Табылған сөз! Өй! Сен өзің нағыз ақын екенсің ей!
Достай: Досбол, сен бізді «бір жұмыс туралы ақылдасамын» деп
шақырып едің ғой. Енді... Мұның қалай?
Досбол: Точно! Ағайындар, айтатын сөз бар. Ал енді мені бір маскүнем
екен деп қалмаңдар. Бұл итіңмен қоштасқалы біраз уақыт болып қалып еді.
Бүгін сендер келіп қалған соң, тəуекел деп, татып алдым. Оған айып
етпеулеріңді сұраймын, өтінемін... «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш»
деген... Енді аздап ұрттау – қылмыс емес шығар.
Досеке: Пах-пах! Өй-дөйт! Деген-ай! Қандай ақылдысың, Досбол? Əу,
біз осы баяғыдан бері қалайша сенің дарыныңды байқамай келгенбіз, ə? ...
Достай, сен кешір... Қойып кеткен адам аздап татса, өзінше бір, өзгеше бір
желік пайда болады екен-ей!
Сəулем! Сəулем! Сəулемсің!
Басымдағы дəуренсің!
Қадірімді білмесең,
Етегімсің, жеңімсің!..
Достай: Шындап айтсам, сендер ішкен сайын дос, отбасы,
адамгершілік дегенді аяққа басып барасыңдар! Ақыл естерің азайып барады.
Досбол: Точно! Жо-жоқ! Ағайын онда тұрған не бар? Біз қойып
кеткен адамбыз. Енді осынша жасқа келгенде, бізден маскүнем шығады деп
қорықпаңдар, ағайындар!
Ағайын-ау, ағайын,
Қай қылықпен жағайын?!
Досеке: Өй-дөйт! Деген-ай! Əй, Досбол, сен əлгі Маржанға жазған
өлеңіңді жатқа айтып берші. (Қол соғып). Сұранамын!
Достай: Менің жедел жұмыстарым бар, маған рұқсат етіңдер, «қойып
кеткендер».
Досбол: Точно! Қазіргі кезде уақыт деген алтыннан да қымбат.
Досеке: Өй-дөйт! Деген-ай! Мақұл, Достай, оқытушы деген осындай
сопы болу керек! Рұқсат!
(
Достай кетеді).
Досбол, Досеке: Біз қойып кеткен адамдармыз!
Дауыс: Маскүнемнің уəдесі таусылмас,
Мас-кілең мұң, сертін айтар «аусыл» нас.
МЕН КІММІН, БІЛЕСІҢ БЕ?
Қатысушылар: Боржық- қауымдастықты басқарушы.
Борпаң – агроном.
Кеңседен Боржық пен Борпаң қызыл кеңірдек болып, айтысып шығады.
Боржық:Сен біздің қауымдастыққа келмей жатып, маған мін таға
бастадың жігітім! Мұның дұрыс емес!
Борпаң: Мен, басымды кесіп алсаңыз да, шындықты айтамын! Шаруа
мүшелерін орынды жұмсай алмайтыныңыз өтірік пе?!
Боржық: Қып-қызыл жала! Сені мен іш тартып жүрсем, нашар жігіт
екенсің, жолың болғыр... Мені ешкім де сынап көрген емес! Бастығыңнын
алдында бажбаң бажбаң етесің...
Борпаң: Бореке, мен көпшіліктің қамын ойлайтын адаммын.
Қызылшадан мол өнім алу үшін, тыңайтқыштарды уақытысында
пайдалануымыз керек. Ал сіз болсаңыз, сылдыр болды, былдыр болды деп
понимаешь, аузыңыз қимылдағанымен, аяғыңыз қимылдамайды.
Боржық: Мен өз жұмысымды білемін, жолдас агроном! Бұдан былай
қиқаңдамай жүр! Солай...
Борпаң: Қиқаңдамасаңыз! Өзара сын айтуға да болмай ма? Сіз менің
аузыма қақпақ бола алмайсыз!
Боржық: Сен менің кім екенімді білесің бе, байқа, жігітім! Аузыңды
арқаңнан келтіремін!
Борпаң: Ондай күш менде де бар. Байқап сөйлеңіз! Мен қайтсеңіз де
шындықты айтамын. Маған да ар, абырой керек. Бастық болсаңыз бассыз
болмаңыз...
Боржық: Шырағым, сен əуелі көзіңді ашып қара! Мен кіммін, білесің
бе?
Борпаң: Сіз кім едіңіз, соншама?!
Боржық: Мен шефтің туған құдасымын! Білдің бе?!
Борпаң: Құрдасы болсаңыз қайтейін?
Боржық: Əй, жігіт, сен түсін, менің əйелімнің сіңілісі бар, оның күйеуі
бар...
Борпаң: Е, күйеуі болса не істе дейсіз?!
Боржық:Лыпылдамай одан əрі тыңдасаңшы... Оның күйеуінің əкесі
бар, əкесінің əйелі əкімнің туған апасы, білдің бе? Сонда оған мен – туған
құдамын! Солай...
Борпаң: Қызық екенсіз! Ондай туыс қуалаудың жұмысқа қандай
қатысы бар?
Боржық: Сен менің кім екенімді байқа да, қадірімді біліп жүр.
Жұрттың бəрі жамандай алады... Жақсылау қолыңнан келмесе, босқа көкіме!
Сендей селтеңбайлардың талайын көргенбіз! Солай...
Борпаң: Көпірмеңіз ағай! Мен турасын айтамын!
Боржық: Жігітім мені əкімдікке сен қойған жоқсың, білдің бе?
Солай...
Борпаң: Сізді бұл қызметке қойған адам қателескен екен. Шынын
айтсам, сіз қауымдастықты басқара алмайсыз.
Боржық: Не дейсің, ей? Мені қызметке аудандық əкімнің өзі қойған.
Сен басшыларға тіл тигізбе. Көрсетемін мен саған «көкуді»..
Борпаң: Мен де көрсете аламын! Одан да... Ағай, көп сөзді қойыңыз!
Іске кірісейік!
Боржық: Іске кіріссек, басшыларға айтамын, мынаны құрт деймін,
ертеңнен бастап, сен орныңнан алынасың! Əкеңді танытып, балшық илетіп
қоямын! Əкім аман болса... Солай...
Борпаң: Оны уақытысында көрерміз, əзірше, өзара сынды мойындаңыз
да, өз міндетіңізді атқарыңыз!
Боржық: Ей, жігітім, босқа пысықсыма! Егіс басына күнде мың рет
барып жүрмін! Оны неге көрмейсің?
Борпаң: Көргемін бəрін де... Егін қара жаяу қатысумен, ат үсті
аралаумен өспейді! Егінге бап керек, ағай. Қысқасы, анау далада шашылып
жатқан тыңайтқыштарды ертең егіс басына жеткізіңіз!
Боржық: Ертеңге дейін сенің не боларың белгісіз болып тұр ғой,
жігітім! Солай...
Борпаң: Ондай орақауыздылықтың құны бір тиын! Егер акиматтың
шешімі орындалмаса, екеуміз де жауап береміз. Мен сіздің кінəңізден болған
кемшілікті акимат алдында əрқашан да кесіп айтамын.
Боржық: Айтқаннан бəйге алмайсың, жігітім!
Борпаң: Рас! Кемшілікті айтқаннан гөрі, түзеген мың есе артық.
Боржық: Əй, сен тағы да мені сынап барасың ғой өзің! Əкім кімді
жақтайтынын білесің бе?
Борпаң: Əкім жақтаса, еңбекте тындырымды болыңыз! Бос сөз, құрғаз
уəде, лепірмелік кімге дəрі? Мен кеттім егіс басына! Сыннан қорытынды
шығару керек. (Кетеді).
Боржық: Ей, жігітім! Асықпа сен! Мені сынайтындай, сенің аяғың
аспаннан салбырап түскен жоқ. Мен кіммін, білесің бе? (Көпшілікке). Міне,
осындай оспадарлар өстіп қадірімді білмейді. Жұртым-ау, өздерің-ақ
айтыңдаршы, Мен кіммін? А?
Дауыс: Боскеуде мақтаншақ, обыр, нас
Дос деме, əкім боп оңдырмас.
ӨЗІНЕ ТАРТҚАН БАЛАСЫ
Қатысушылар: Борпық - əкесі,
Бортай – баласы.
Борпықтың үйі ол күйініп отыр.
Дауыс: Борпық балам Бортай өзіме тартқан деп елге мақтанатын. Енді
сол баласын балағаттап, ұйінде күйіп-пісіп отыр.
Борпық (зарлап). Бұл не деген зобалаң? Əлгі иттің күшігі келінге тағы
күн көрсетпеді. Атауын ішіп келеді де, опай-топай қырғын төбелесті
бастайды. Əйел алмай, жерге кіргір, мені, бүгін де бəле қоздырып үй ішінің
апай-топайын шығарды. Ой ойран төбе болғыр-ай!..
Бортай: (жылап - еніреп кіріп келеді). Ойбай, кетіп қалды. Ойбай,
айырылдым. Айырылып қалдым!
Борпық: Обал жоқ! Жүн сабағандай бейшараның түте-түтесін
шығардың. Қой десем, неге қоймайсың?
Бортай: (еңіреп) Көкетай! Ендігəрі əйелімді ұрсам, оңбаймын. Баршы
артынан. Өтінемін сенен. Кетіп қалды-ау, ойбай!
Борпық: Не деп аңырап отырсың ей, жайрағыр! Жілік-жілігіңді
шағайын ба осы?!
Бортай: Ойбай, барып кел! Алып кел! Оны мен сүйемін.Білдің бе,
сүйемін?!
Борпық: Сүйсең, неге төмпештейсің?
Бортай: Мен ұрайын деп ұрыппын ба? Мастықпен байқамай қалдым.
Қызғаныштан өліп кете жаздадым, нетіп...нетіппін ғой, сорлы басым.
Борпық: Əй, сүмелек, Біреудің қызын əкеңнің құны қалғандай неге
сабайсың деймін? Жауап бер, кəне. (Баласына тұра ұмтылады).
Бортай: (шошып). Мен емес, арақ! Арақ болмаса, мен ақылдан адасам
ба? Енді арақ ішсем, арам қатайын!
Борпық: Арам қатқыр-ау, мың рет уəде беріп, миллион рет қайталадың
иттігіңді. Енді өліп кетсең де, құдалардың алдына барып табынатын жайым
жоқ.
Бортай: Ой-ой! Осы арақтан көрдім-ау!
Борпық: Арақ ішпейтін пенде бар ма? Мен де ішемін, бірақ мас
болсам, саған ұқсап хайуан болмаймын, жатып қаламын.
Бортай: «Алып қой, жаным, дəрі болады». «Алып қой, балапаным,
ішің өтпейді» деп қаршадайымнан арақ ішкізіп үйреткен өзің ғой. (Жылап
жібереді).
Борпық: Басыңды кесіп алып, итке тастайын ба, ақымақ. Əй ішсең,
ақылыңды ішпе деп саған мың рет зарлап едім ғой. Əкеңнің тілін алып көрдің
бе, сірə?! Қайын жұртқа «арақты қоямын»деп өтірік уəде бергенше, шақтап
ішпейсің бе? Ішуі жаман, сайтан.
Бортай: Қайтіп шақтап ішесің, бір кезек алған соң, құлқының құрып
кетеді. Содан соң ішесің. Ішкен соң, ойыңа пəленің бəрі түседі.
Борпық: Иттің күшігі, əйеліңді ұрма дедім... Баяғыда шешеңнің көзіне
ақау түсірген соң, төпелегенді мен де қойғанмын. Енді көрмейсің бе?..
Бортай: Енді қойдым ғой. Енді шатақ шығарсам, асып өлтір мені.
Борпық: Бүйте берсең, өзің-ақ асылып өлесің.Сенің кесірің тимегенде
ғой, мен құдамның есігінен кіре араққа белшемнен батып жататын едім,
сумұрын...
Бортай: Ең соңғы уəдемді беремін.
Борпық: Е, не деп уəде бересің?
Бортай: Қоямын деп.
Борпық: Нені?
Бортай:Ішуді, төбелесуді...
Борпық: Ей, есуас, адам ішуді қойса, не болады?! Ішуді қоям дегенше,
«
шақтап ішем» де, ал төбелесті қоямын дегеніңе мен сенбеймін. Сенде бəтуа
жоқ.
Бортай: Папа! Ішім күйіп барады, күйікті немен басамын?
Борпық: Əй балам! Сен сонша қапаланба. Жүйкеңді тоздырма! Əйел
табылады. Кел, ащыны ащы басады. (Арақ құйып). Алып жібер. Орында бар
оңалар, балам. (Араққа қызынып). Өзіме айнымай тартқан (жыламсырап)
иттің күшігі.
Бортай (жылап). Мен енді қойдым, көке! Кеш, кеші-кешірім...ых.
(
Еңіреп əкесіне асылады, əкесі де жылап, балысын сүйемелдей сүйрейді).
Борпық: Өз... өзіме тартқан (жыламсырап) мо... момыным!
Айнымайды! Əкесінің «сойып, қаптағандай»...Ыңх... «Не ішсең, соны
құсасың» деген...
Дауыс: Əдепсіз құлық былыға,
Əкеден жұғар ұлына.
АНА ТІЛІН БІЛУ КЕРЕК
Қатысушылар: Кəрім – жас шаруа,
Кəкен – қаладағы қызметкер,
Кəкен сəкіде газет оқып отыр. Кəрім келіп қалады.
Кəрім: Сəлематсыз ба, ағай!
Кəкен: Кəрімбісің, ей? Привет, бауырым! Қайдан жүрсің?
Кəрім: Ауылдан келдім, ағай. Жас шопандар жиналысына.
Кəкен: Молодец, бауырым! Ауыл аман-есен бе? Əке-шешең, келін
бала-шаға бəрі аман ба?
Кəрім: Бəрі де аман-есен... Ағай, айып етпесеңіз, сізге бір сұрақ
қойғым келіп тұр.
Кəкен: Пожалуйста! Сұрағыңды қоя бер.
Кəрім: Ағай, сіз өзіңіз ана тілін білесіз бе?
Кəкен: Странно... əрине білем. Білгенде қандай!
Кəрім: Сіз, менің ойымша, ана тілін толық білмейтін сияқтысыз...
Кəкен: Интересно, оны қайдан білдің?
Кəрім: Сіз «молодец», «пожалуйста», «странно», «интересно» деген
сөздің қазақша баламасын білмей тұрсыз.
Кəкен: Неге білмеймін; «бəрекелді», «мақұл», «қызық екен» деген
сөздер ғой ол.
Кəрім: Онда неге ана тілінде таза сөйлемейсіз?
Кəкен: Орыс тілін жетік білген адам өстіп ауыстыра береді...
Кəрім: Орыс тілін біз де жетік білеміз, ағай, если, надо чисто говорю я
тоже... Ал өз ана тілімізді, біліп қойыңыз, біз таза сөйлеуге үйренген
жастармыз. Тілді шұбарлау – қорлық емес пе?
Кəкен: Шырағым, кəрім, сен ұлағатты сөз айтып тұрсың. Болатын жігіт
осылай сөйлейді.
Кəрім: Біз мектепке барғанда үш тілді бірдей үйреніп өстік, ағай.
Кəкен: Бұл жерің асықтау шығар?...
Кəрім: Ауыл баласы ана тілін артық білетіні – ақиқат. Ал орыс тілін
бірінші кластан бастап, бес саусақтай білеміз. Шет тілінен біз ағылшын тілін
оқыдық. Ол тілді толық білмесек те, ағай нобайын білеміз.
Кəкен: Орта мектеп бағдарламасы бойынша кəмелетке жеткен əрбір
азамат үш тілді қатар білуі керек, əрине. Бірақ кейбір мектепте басқа тілдің
мұғалімдері білімді нашар береді емес пе?
Кəрім: Ондай «нашарларды» біздің мектептен өз басым көрген
емеспін, ағай. Асқар ағай бізге бірінші сыныптан бастап оныншы сыныпқа
дейін ана тілінен, əдебиеттен сабақ берді, ана тілін ардақтауға үйретті бізді.
Ал орыс тілінен Иван Никитич, ағылшын тілінен Фогель ағай сабақ берді. Біз
ол ұстаздарға бас иеміз.
Кəкен: Міне жақсы. Мынауың дұрыс екен, прекрасно!
Кəрім: «Ауыл балалары ана тілін нашар біледі, шет тілінен мақұрым
қалған» деген мақаланы оқып, біз наразы болдық, ағай.
Кəкен: Истина ғой... Көп жағдайда солай көрінеді өзі де.
Кəрім: Ағай «истинаңыз» -ақиқат. Ал ақиқатына келсек, өнер де,
еңбек те, білім де ауылда, ағай. Қазіргі ауыл қаладан кем емес, қайта артық...
Кəкен: Осы қалаға оқуға келген ауыл балалары емтиханнан топырлап,
құлап жатады. Бұл - истина.
Кəрім: Құлағанның бəрі ауыл баласы емес, ағай... Оның үстіне
«
құлатушы» ағайлар да болған. Мені де бір рет «құлатқан»... Жассың əлі...
Бес-алты жыл асықпай дайындалып келерсің деген.
Кəкен: Əрине, серьезна! Сен жақсы жауап беріп тұрмаған соң...
Кəрім: Ағай қазақ тілінің грамматикасынан талдау жасап, жілікше
шағып бердім, бірақ əлгі кісіге жерлес болмай шықтым. Ол-ұстаз емес, ағай...
Кəкен: Ана тілін жан-жақты терең білу қиын гой. Өйтіп, ұстазды
сыртынан жамандама.
Кəрім: Ана тілін жақсы біліп тұрған абитуренттерді «құлатқан» ұстаз-
ұстаз емес. Тарпейіл, рушыл, жікшіл, парақор...Ол қазақ емес, ағай..
Кəкен: Қой қаттысына кетпе. «Рушыл, жікшіл» деген сөздің əуелі
мағынасын біліп алып, содан кейін айту керек.
Кəрім: Ағай, бəрібір мен өз білімімді көтере берем. Қой бағу үшін де
білім керек. Зоотехниканы, мал дəрігерлікті, техниканы білмеген шопан қазір
қой баға алмайды. Соның бəрін ана тілі үйретеді, ағай. Біздің тіл-бай тіл,
əуезді, өркендегіш тіл.
Кəкен: Сен өзің ана тілін терең білетін адамша сөйлейсің ғой, тіпті...
Ғалым сияқтысың...
Кəрім: Əрине, ағай! Ана тілін, мысалы, мына сізден артық білім десем
асылық емес.Кешіріңіз...
Кəкен: Странно! Қазақтың тілі бір адамдай-ақ білем, бала!
Кəрім: Білсеңіз қойды жынысына, жасына қарай ажыратып беріңізші.
Кəкен: Несі бар: жынысына қарай-еркек, ұрғашы, ал жасына қарай
қозы, қой қошқар, вот и все!
Кəрім: «Все» емес ағай. Қой жынысы мен жасына қарай: саулық-
қошқар, ісек-тұсақ, қозы, марқа, бағлан, құнан, дөнен болып аталады.
Кəкен: Сен де толық айтып тұрған жоқсың, бала.
Кəрім: Қай атауды тастап кеттім?
Кəкен: Дөненнен кейін бесті болмай ма?
Кəрім: Ха-ха-ха! Ағай-ау, «бесті» атауы тек жылқыда болады.
Кəкен: Шынында, изучать ету керек екен.
Кəрім: Зерттегендеріңіз сол ма? Кейбір интеллигент ағайлар «қазақ
тілінің келешегі жоқ» деп, балаларына ана тілін үйретпейді екен қалада.
Ондай кесепатты ауыл селодан да көріп жүрміз. Өркендеп келе датқан өз
тілімізді менсінбеу-қылмыс қой, ағай.
Кəкен: «Ақыл, кеңес, білім де
Асыл ана тілінде»,-деп бір ақын айтқан екен.
Сенің сының-дұрыс. Менің балаларым да қазақтың сөзін тілін бұрып
сөйлейді. Это не хорошо.
Кəрім: Көп тілді білген сайын, көзіміз ашылады. Соның бəрін
түсіндіретін ана тілі. Ана тілін білу керек, ағай.
Кəкен: Дұрыс айтасың, Кəрім:
Дауыс: Ақ сүтіндей анашыңның,
Ардақты өз ана тілің!
ҚОЙШЫНЫҢ УƏДЕСІ
Қатысушылар: Қойбай – қойшы,
Қосан – ұжымшар төрағасының орынбасары.
Жайлау. Қойшы үйінің есік алдында Қосанға Қойбай келеді.
Қойбай: Ағай,сəлеметсіз ба? Сізге рақмет. Қойбай қой бақ деп, маған
кеңес беріп едіңііз... Қой бағу деген-серуен екен ғой. Таза ауада, кең
жайлауда, қымыз ішіп, ет жеп, той-томалақтың толық ортасында болып
жаным кіріп қалды. Құдайақы, шынымды айтам.
Қосан: Қой бағу оңай емес... Жайлаудағы жақсы кезеңде қабылдадың
отарды. Енді мал басын аман сақтап, қоңды етіп бағу керек. Қоңды малдың
күйі де жақсы болып, төлі өсімтал болады.
Қойбай: Қойларым қоңды, амандық болса, бəрін де егіз туғызам, ағай.
Ол үшін қойларды жақсы оттатам...
Қосан: Отар оттамайды, жайылады. Жайылымын жаратып, жаю керек.
Қойбай: Оттамаса, бола ма, ағай?!
Қосан: Жалғыз қой оттайды, көп қой жайылады...Қойды жайғанда
желдетіп жаю керек.Санаңның саңылауы болса, үйреніп ал.
Қойбай: Желдеткені қалай? Мен оңдай «ғылымды» білмейді екенмін,
ағай... «Соны» деген сөз миыма кіріп, мишығыма жетпей тұр, құдайақы.
Қосан: Іс-тəжірибе бойынша, қойшы жазында қойды жел тұрып тұрған
жаққа қарай қаптатып, бұрын мал аяғы таптамаған жаңа жайылымға, яғни
соны жайылымға жаю керек.
Қойбай: Ол қолдан келеді, ағай. Қысы-жазы қойды желге қарай
желпінте бағып, қоңды етіп, түгелдей егіз туғысуға серт берем!
Қосан: Сен «сертті» қоя тұр. Қосан серт бермей тұрып, əуелі сол
серттің орындалу жолдарын ойлап алу керек. Іс-тəжірибе бойынша, қойды
қыста желдетпейді, ықтатып бағады.
Қойбай: Ағай, мені қара басып, «ық» деген сөздің значениесін білмейді
еккнмін, құдайақы.
Қосан: Қыста қойды боранға, борасынға, ызғар желге қарсы жаймай,
неғұлым ығы бар жерге жайып, аяз бен бұрқасыннан қорғай білу керек.
Суықта қой желдемейді, ықтайды.
Қойбай: Ағай-ау, онда қойды қорадан шығармай жем беріп бағамыз
ғой... Жем-шөппен қамтамасыз ететін шығарсыздар.
Қосан: Іс-тəжірибе бойынша, жайлауда қойды ертерек өргізу керек.
Сен əлі өргізбепсің бұл не?
Қойбай: Ха-ха-ха! Ағай «Іс-тəжірибе» деп нағыз тəжірибені бімейді
екенсіз...
Қосан: Ол қандай «тəжірибе?»
Қойбай: Қойлардың ұйқысы қанбаса, ол нервный боп, жөнді оттай ала
ма?Өзініз ойлаңызшы ұйқысы қанбаған адамның тамаққа көңілі шаппай, көзі
қызарып тұрмай ма? Мен мұны өз тəжірибемнен алып тұрмын.
Қосан: Іс-тəжірибе бойынша, қойды ерте өргізіп, түсте суғарып,
жусату керек. Міне соңда мал күйіс қайтарып, демалады, сенше айтқанда
«
ұйқысын қандырады».
Қойбай: Ағай, құдайақы, «жусату» деген сөздің мəнін түсінбейді
екенмін... «Күйіс қайтару» деген сөзді бірінші рет естіп тұрмын.
Қосан: Мал түске дейін жайылып, тойынады, түс мезгілінде оны
суатқа айдап əкеп иірсең, тойған мал жатып демалады, күйсеп, жеген отын
тағы да аузынан қайтарып шайнап, қайта жұтады.
Қойбай: Ағай-ау, мынау-бір күрделі механизм ғой. Мұны бұрын
білмеуші едім, жақсы айттыңыз.
Қосан: Ал қаста, іс-тəжірибе бойынша, жылы сумен суғару керек.
Қойбай: Ха-ха-ха! Ағай осы жерде сз бір нəрсені білмей тұрсыз.
Малға, суық су беру керек. Өйтпесең малдың сусыны қанбай қалады.
Сусыны қанбаған мал шөп жей ме?
Қосан: Суық су малды жауратады. Қатты тоңған саулық, іш тастауы да
мүмкін.
Қойбай: ...Ағай!.. Мені қара басып, «іш тастау» деген сөзді де білмей
тұрмын.
Қосан: «Аборт» болады. Суық ішіне өтіп кетеді.
Қойбай: А-а-а! Солай ма? Енді түсндім, ағай. Ағай, мен ғылымға бір
жаңалық қосайын деп тұрмын.
Қосан: Ол қандай жаналық?
Қойбай: Қыстық күні, меніңше қойларды күні-түні қораға қамап
қоймай, бір мезгіл таза ауада сейілдетіп алу керек.
Қосан : Дұрыс айтасың, іс-тəжірибе бойынша, қыс қатты болмаса,
малды көбінесе өріске жаю керек. «Қаз орғанына семіреді» деген мақал бар.
Қойбай : Міне, міне! Мен бұл тəжірибелерді жақсы қолданып, барлық
қойларды егіз туғызуға уəде беремін, ағай.
Қосан : Бағуы-дұрыс, күтімі-жақсы болса, қойлардың төлі де өсімді
болады. Уəде-сөз. Істі көрсету керек.
Қойбай : Бəрін де орындаймыз, ағай! Қойды, обязательно, егіз
туғызамыз!
Дауыс : Тек сөз бен уəде-іс болмас,
Тетігін білмесең іс оңбас.
Достарыңызбен бөлісу: |