Гудеа қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай, аңыз бойынша балық кептіргіштің ұлы – Утухенгаль кутийлерге қарсы жаппай халық көтерілісін бастап, кутийлер елден біржолата қуылды, алайда Утухенгальдің өте сәтті басталған патшалық құруы ұзаққа созылмады: жаңадан соғылып жатқан каналды бақылап жүрген кезінде оның астындағы топырақ құлап суға батып қайтыс болады. Билік оның қызметтес серігі Ур-Наммуға өтті, ол өз астанасы ретінде Ур қаласын таңдады. Жаңа мемлекет ресми түрде Шумер мен Аккад патшалығы деп аталатын болды, барлық жазбалар мен кеңсе мәтіндері шумер тілінде жазылғанымен, шумер ауызекі тілі бұл кезде бірте-бірте қолданыстан шыға бастады, оның орнын аккад тілі басты. Ур-Намму негізін қалаған әулет ғылымда ІІІ Ур әулеті деп аталады.
Ур-Намму (2111-2094) және әсіресе оның ұлы Шульги (2093-2046) нағыз ежелгі шығыстық бюрократиялық мемлекет құрды. Көп ұзамай бүкіл Төменгі және Жоғарғы Месопотамияның айтарлықтай бөлігін және сондай-ақ Тигрдің шығысындағы жерлерді біріктірген “Шумер мен Аккад патшалығындағы” барлық храмдық және патшалық шаруашылықтар біртұтас ортақ мемлекеттік шаруашылыққа біріктірілді. Ондағы барлық жұмыскер ер адамдар (илоттар) – гуруштар (жігіттер), ал жұмыскер әйелдер – нгеме, яғни күңдер деп аталды. Олардың барлығы – егіншілер, жүк тасушылар, малшылар, балықшылар – отрядтарға біріктіріліп, таңның атысынан күннің батысына дейін демалыссыз жұмыс істеді. Бұлардың барлығы стандартты паекпен күн көрді – әрбір ер адам күніне 1,5 л, әйел адам – 0,75 л сұлы, сондай-ақ біраз өсімдік майы және жүн алып отырды. Кез келген отряд немесе оның бір бөлігі басқа жұмысқа немесе басқа қалаға еркінен тыс ауыстырыла беретін. Жас өспірімдер де жұмысқа тартылды. Алайда оларға тұрақты түрде берілетін паектар еш жерде көрсетілмеген – әйелдер өзіне берілген паектің бір бөлігін бөліп беріп отырған болуы керек.
Кәсіби қолөнершілер, әкімшіліктегі қызметкерлер мен жауынгерлер де көп жағдайда паекпен өмір сүрген тәрізді. Әрине, олардың паек көлемі әлдеқайда жоғары болды, мемлекеттік шаруашылық әкімшілігі қызмет үлестерін беруге ынталы болмады. Еңбекті ұйымдастырудың мұндай жүйесі бақылау мен есеп жүргізуге көп күш жұмсауды талап етті. Есеп барынша қатал түрде жүргізілді, барлығы жазбаша түрде есепке алынды, әрбір құжатта жұмысқа жауаптының және бақылаушының мөрі тұруы тиіс болды.
Астық пен қолөнер бұйымдары сарай мен әскерді асырауға, храмдағы құрбан шалуларға, қызметкерлерді асырауға және сонымен бірге мемлекеттік сауда агенттері – тамкарлар арқылы жүргізілетін халықаралық саудаға жіберіліп отырды. Алайда бұл дәуірде сауда гүлденді деп айта алмаймыз. Түскен пайданың аса көп бөлігін тамкарлар әкімшілікке беріп отыруға тиіс болғандықтан, өз ісіне мүдделі бола қойған жоқ.
Тек мемлекеттік егіншілік қана емес, мал шаруашылығы да орталықтандырылды. Мал шаруашылығы, негізінен құдайларға құрбан шалу үшін, ал кейде тері илеу және ірімшік өндірісі үшін өнім берді. Храмдарды құрбандық малдарымен қамтамасыз ету округтар бойынша салғырт түрінде жүргізілді. Әрбір округ кезекпен белгілі-бір мерзім ішінде храмды қамтамасыз етуге тиіс болды. Мемлекеттің орталығына оның барлық түкпірлерінен мыңдаған мал бастары Ниппурдағы Энлиль храмы үшін айдап әкеленіп тұрды. Бұл салықтың өзіндік бір түрі болды.
Бүкіл ел округтарға бөлінді, олар бұрынғы номдарға сәйкес келуі де, оған сәйкес келмеуі де мүмкін еді, олардың басында энсилер отырды, бірақ ендігі жағдайда олар жай ғана шенеуніктер болды, оларды патша әкімшілігі өз қалауынша бір округтен екінші округке ауыстыра салатын еді. Соған қарамастан энсидің жағдайы аса табысты болды, олар өз шаруашылығында құлдарды көптеп ұстады, алайда егін ору кезінде немесе ирригациялық жұмыстар кезінде бұл құлдар мемлекеттік шаруашылыққа көмектесуге тиіс болды.
Деспотиялық мемлекет қандай әлеуметтік топқа сүйенді? Бүкіл ел көлемінде біртұтас патшалық шаруашылықты ұйымдастыру, жоғарды айтылып кеткендей, әкімшілік қызметкерлердің үлкен мөлшерін талап етті, атап айтқанда – бақылаушылар, есепшілер, отряд бастықтары, шеберхана бастықтары, басқарушылар, сондай-ақ көптеген маман қолөнершілерді. Аккад және Кутий кезеңдерінде кедейленіп кеткен қауымдастар бұндай қызметтерге ие болуға тырысып отырды, өйткені бұл қызмет оларды өмірлікке азық-түлікпен және басқа да қажеттімен қамтамасыз етті. Бізге дейін жеткен ІІІ Ур әулетінің сот істері құжаты көрсететіндей ең төменгі персоналдардың шаруашылығының өзінде патриархалды құлдар болған, яғни бұл адамдардың гуруштар мен нгемамалардың еңбегімен жасалған қосымша өнімнен алатын табысының айтарлықтай көлемде болғанын көрсетеді, бұл олардың мүліктік жағдайын едәуір көтерді. Сондықтан да үстем таптың құрамына ұсақ бақылаушылар, шенеуніктер, кәсіби қолөнершілер де кіріп, олар әскер, абыздар және әкімшілікпен бірге әулеттің саяси тірегін құрды.
Айта кететін жағдай жеке құлдардың, яғни құл иеленуші отбасының толық құқылы емес мүшелерінің жағдайы илот-гуруштердің жағдайынан жеңіл болды. Олардың әлі де болса бірқатар құқықтары болды (мыс.: сотта сөз алу құқығы – олар құл иелеріне қарсы да сөйлей алатын еді, құлдардың өздерінің құлдық жағдайынан құтылуға тырысқан сот істерінің көптеген хаттамалары сақталған. Алайда бізге белгілі барлық жағдайларда да бұл істер сәтсіз аяқталып отырған.
ІІІ Ур әулеті Аккад әулеті тәрізді жүз жылдан аса өмір сүрді. Б.з.д. ІІ мыңжылдықтың ең басында ол бір уақытта батыс пен шығыстан жаулаушылықпен келген батыс семиттік аморей тайпалары және эламдық басқыншылардың тегеурінімен ыдырады.
Білімін тексеруге арналған сұрақтар:
Саргон мемлекетінің әлеуметтік тірегі қандай?
Уруинимгина реформасының мәні неде?
ІІІ Ур әулеті мемлекетінің сипаты қандай?
Достарыңызбен бөлісу: |