Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


ІҮ Аменхетептің діни реформасы және ХҮІІІ әулеттің соңы



бет12/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   92
Байланысты:
annotation15107

ІҮ Аменхетептің діни реформасы және ХҮІІІ әулеттің соңы

Жас өспірім шағынан-ақ атақты реформатор ІҮ Аменхетеп, өз билігінің соңғы жылдарында ауыр науқасқа ұшыраған әкесімен билік жүргізуге қатыса бастаған еді. Осы уақыттан бастап және оның дербес билік құруының алғашқы жылдарында мемлекеттік істерді жүргізуге ІҮ Аменхетептің анасы, ақсүйек емес топтардан шыққан ақылды да жігерлі әйел-патша Тии үлкен ықпал етіп отырды. ІҮ Аменхетеп б.з.д. 1400 және 1375 ж. шамасында Египет тағына отырды. Ол билік құрған 17 жыл бойы билеуші таптың екі қуатты бөліктері арасындағы қақтығыс барынша қиян-кескі түрде жүрді.


Кескілескен күресті бастаушы патшаның отбасымен тікелей байланысты қызметші шонжарлар өкілдері болды, олар деректерде немху деп беріледі. Қызмет бабымен аса үлкен дәрежелерге жеткен оның өкілдері Египеттің әкімшілік аппаратының барлық салаларында: әскерде, патша сарайында өз жағдайын барынша нығайтып алды, олардың негізгі мақсаты ескі ақсүйек шонжарларды билік пен байлық көздерінен аластату болды. Осы, өзіне берілген қуатты топты басқара отырып патша, солардың көмегімен өзінің жеке, шексіз билігін барынша нығайтуға тырысты.
Жаңа қызметші шонжарлардың бұл міндетті іске асыруы қарсыластарының саяси және экономикалық күш-қуатының әлі де болса орнықты болуына байланысты жеңілге соқпады. Ескі ақсүйек шонжарлармен тығыз байланыста болған Фиваның құдіретті абыздары да елдегі аса ықпалды күш болып саналды. ХҮІІІ әулеттен бастап Египеттің бас құдайы – Амон-Ра жаңа қызметші шонжарлардың және ІҮ Аменхетептің өзінің де нағыз жауына айналды. Сондықтан да елде өріс алған соғыс діни сипатқа ие болып, патша жариялаған жалпыегипеттік жаңа құдай – Атон мен фивалық құдай Амон-Ра және елдегі басқа да ескі құдайлар арасындағы өзара қарсы тұру түрінде көрініс тапты.
Фива абыздарының позициясы осы кезде қалыптасқан храмдық шаруашылықтың патша әкімшілігімен өзара қарым-қатынасын мұқият қарастырсақ анағұрлым түсінікті болады. Орталық өкімет храмдық шаруашылықтардың барлық салаларына қатаң бақылау орнатуға тырысты және храм жерлерінен патша әкімшілігінің пайдасына белгілі мөлшерде астық бөлініп отыруға тиіс болды. Мұндай алымдар храмдық шаруашылықтың басқа салаларынан да алынып отырған болуы керек. Сөйтіп, ІҮ Аменхетептің таққа отыруы уақытына қарай бір-біріне қарсы жақтың жаулық қатынасы шегіне жетіп тұрды, олардың арасындағы ашық күрестің болуы сөзсіз еді.
Бастапқыда оқиғалар барысы баяу қарқынмен жүрді. Ел өмірінің барлық салаларына орасан зор ықпал еткен жаңалықтар бірте-бірте енгізілді. Ұштары адам қолы түрінде көрініс тапқан, сәулелерін жан-жаққа шашқан күн бейнесіндегі Атонға, яғни елге молшылық сыйлаушы жалпымемлекеттік құдайға сыйынуды енгізу ежелгі Египеттегі көп құдайға табынуға ешбір шек қойған жоқ.
Алайда патшаның ерекше қамқорлығында болған жалпыегипеттік Атон құдайына табыну оның құрметіне жаңа храмдар тұрғызуды және бұл храмдарға Египеттің әр түрлі бөліктерінен егістік жер мен жайылымдарды көптеп беруді, жаңадан қалыптасып жатқан храмдық шаруашылықты жұмыс күшімен қамтамасыз етуді, сондай-ақ жаңа діннің қызметкерлерін - жоғарғы және қатардағы абыздар тағайындау қажет болды. Олар негізінен жаңа қызметші шонжарлар арасынан таңдап алынды. Іс жүзінде мұның бәрі материалдық және адам ресурстарын Египеттің ескі, дәстүрлі құдайларына қызмет етушілерден алып, жаңа құдайдың пайдасына қайта бөлуді білдірді.
ІҮ Аменхетептің патшалық құруының 6-шы жылында бұл күрес күрт шиеленісіп, өзінің шарықтау шегіне жетеді. Патша өз сарай қызметкерлерімен бірге өзіне жау Фиваны тастап шығып, қаланың солтүстігіндегі 300 км жерден жаңа астананың негізін салуды бұйырады. Ол Ахет-Атон (Атон көкжиегі) деп аталды. Бұдан біраз бұрын патша Амон есімінің өзімен күресе отырып, өз атын Эхнатон деп өзгерткен еді (Аменхетеп – Амон разы, Эхнатон – Атон үшін пайдалы дегенді білдіреді).
Египет патшасы өз қызметкерлерімен бірге он жылдан аса уақыт жаңа астанада тұрды.
Патшаның өзінің басқаруымен жүрген өзгерістерді жақтаушылар өз қарсыластарын толықтай жеңгендей болды. Алайда Атон құдайына сыйыну тек шонжарлардың ғана емес, бүкіл Египет халқының дәстүрлері мен түсініктеріне қайшы келді. Барынша қайшылықты ескі құдайлардың орнына жаңа, логикалық жағынан көңілге қонымды, бір ғана құдайға табыну, алайда перғауын қызметшілерінен басқа ешкімге жеңілдіктер уәде етпеді, ол осы өмірде де, ең болмағанда о дүниеде де жақсылықтар беруді қарастырмады. Ал бұрынғы құдай - Амонға қызмет етуші абыздар тек материалдық байлықтары бойынша ғана емес, сонымен бірге халықтың бұл дінді ежелден-ақ ұстануымен де күшті болды, өйткені халықтың ең кедей, төменгі топтары да осы Амонды өз қамқоршылары, қиналған сәтте өздеріне көмекке келетін бірден-бір күш деп білген еді. Оның үстіне, ескі дін мен жаңа дінді қолдаушы үстем таптың екі бөлігінің арасында бітіспес шын мәніндегі таптық қайшылықтар да жоқ еді. Сондықтан да жастайынан аурушаң болған ІҮ Аменхетеп патшаның қайтыс болуы елдегі оқиғалар барысын күрт өзгертіп жіберді. Реформатор-патшаның тікелей мұрагерлері болмады, ал таққа отырған, жас кездерінде, ерте қайтыс болып кеткен күйеу балалары – Семнехка-Ра мен Тутанхамонның бойында Эхнатонға тән бедел де, фанатизм мен күш-қайрат та және ол бастаған істі ары қарай жалғастыруға деген ұмтылыс та болған жоқ. Осы екі патша тұсында Атон құдайына табыну мүлдем жойылып, қайтадан Амон құдайының үстемдігі қалпына келтірілді. Тутанхамон басқаруының ең басында-ақ сарай Ахет-Атоннан Фиваға қайта көшірілді.
Тутанхамон өзінің артынан мұрагер қалдырмай, ерте қайтыс болып кетуіне байланысты ХҮІІІ әулет аяқталып, таққа бастапқыда ІҮ Аменхетептің әйелі - Нефертитидің туысы, кәрі Эйе отырады, ол қайтыс болғаннан кейін тақты Египет әскерінің қолбасшысы – билеуші әулетпен ешқандай туыстығы жоқ Харемхеб басып алады. Оны абыздар Амон құрметіне арналған бір мерекеде патша етіп жариялайды.
Б.з.д. 1345 ж. билік жаңа - ХІХ әулеттің қолына өтеді. Жаңа әулет Египеттің шайқалып қалған қуатын қалпына келтіруге бар күшін салады. Бұл әулеттің негізгі өкілдері – І Сети мен ІІ Рамсес хеттермен батыл түрде күрес жүргізді. Әсіресе ІІ Рамсестің б.з.д. 1296 ж. жасаған жорығы қуатты болды. Алайда перғауын бірқатар стратегиялық қателіктер жібереді, ол жау күшін жеткілікті бағаламай, өз әскерін үлкен территорияда бытыраңқы орналастырды. Осындай жағдайда екі жақ күші өзара тең болуына байланысты соғыс ұзаққа созылып кетті.
Б.з.д. 1280 ж. бітім шарты жасалды. Египет перғауыны І Рамсес пен хетт патшасы ІІІ Хаттусили өзара бейбітшілік сақтап, достық қатынастарда боламыз деп ант берісті. Палестина, Финикия жағалауы мен Оңтүстік Сирия Египет жағында қалды, ал Солтүстік Сирия хеттерге өтті.
Бұдан кейінгі жылдары, ХІХ және ХХ әулеттің соңғы патшалары тұсында Египет енді қорғаныс соғыстарын жүргізуге мәжбүр болды. І Рамсес қайтыс болғаннан кейін Ніл аңғарына батыстағы шөл даладан ливиялықтар басып кіріп, Мемфисті қоршауға алады. Солтүстіктен өз кемелерімен “теңіз халықтарының” жауынгерлері төніп келіп, Атырау жағалауына орналаса бастайды, олардың арасында гректердің ахей тайпасы да болған еді. ІІ Рамсестің мұрагерлері бұл шапқыншылықтарға тойтарыс бере алғанымен Египеттің сыртқы саясаттағы күш-қуаты барған сайын кеми береді.
Финикия қалаларының патшалары перғауындардың жоғарғы билігімен санасуды тіпті қояды. Бұған қарамастан ХХ әулеттің негізін қалаушы ІІІ Рамсес (б.з.д. ХІІ ғ. ортасы) Алдыңғы Азияда Египеттің шайқалып қалған жағдайын нығайту үшін күрес жүргізді. Оның әскерінің құрамына бұрынғыдан бірнеше есе көп мөлшерде шетжерліктер: шердандар, ливиялықтар, филистимляндықтар тартыла бастайды, өйткені елдің ауыр жағдайында мемлекеттік биліктің қолдауына аса зәру болып отырған абыздардың қысымымен патша храмдардың жұмыскерлерін әскерге шақырудан босатқан еді.
Өзін барған сайын орталық өкіметке қарсы қойып отырған храмдарға үлкен сыйлықтар мен артықшылықтар беру, айтарлықтай қысқарғанына қарамастан әлі де үлкен, көп санды әскерді асырау, ұзаққа созылған соғыстар, жергілікті әкімшіліктің өз бетінше, дербес билік құруға ұмтылушылығы – осының бәрі елдің ішкі жағдайының күрт нашарлауына, мемлекеттік қазынаның сарқылуына алып келді. Қазынаның кемігені соншалық қолөнершілер мен патша некрополі қызметкерлерін азық-түлікпен қамтамасыз ету қиындап кетті. Бұл жағдай некрополь қызметкерлерінің ереуілге шығуына алып келді. Оның үстіне әр түрлі сарай маңы қызметкерлері арасындағы қырқыстар да толассыз жүрді, осындай қырқыстар кезінде ІІІ Рамсес қаза табады. ІІІ Рамсестен кейін таққа отырған ХХ әулеттің соңғы 8 патшасы тұсында (бұл патшалардың бәрі Рамсес деген есіммен белгілі болды) Египеттің ішкі тұрақтылығы мен сыртқы саяси жағдайы барынша нашарлап кетті. ІҮ Рамсес тұсында-ақ Египет Эфиопиядан басқа өзінің шет жерлік иеліктерінен толықтай айырылды. Орталық өкімет билікті өз қолында берік ұстап тұра алмай қалды. ІҮ Аменхетеп реформасынан кейін байқала бастаған Төменгі және Жоғарғы Египеттің саяси және экономикалық жағынан бір-бірінен алыстауы одан сайын күшейе түседі. Жоғарғы Египетте билікті толықтай өз қолдарына шоғырландырып алған Фивалық абыздар барынша күшейіп алады. ІХ Рамсестің жоғарғы Амон абызының билігін әлсіретуге тырысқан әрекетінен ештеңе шықпады, ХІ Рамсес тұсында амондық жоғарғы абыз Херихор мемлекеттің барлық жоғарғы қызметтерін өз қолына шоғырландырады. ХХ әулеттің соңғы патшасы қайтыс болғаннан кейін елдің оңтүстігіндегі билік Херихорға өтеді, алайда Төменгі Египет Фива билеушісінің жоғарғы билігін мойындамайды. Атырауда астанасы Танис қаласы болған дербес әулет қалыптасады (б.з.д. ХІ ғ. ортасы). Осы уақыттан бастап Жаңа патшалық тұсындағы Египет мемлекеті өз өмір сүруін тоқтатады.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   8   9   10   11   12   13   14   15   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет