Дәуірдің жалпыбелгілері Деректер өте көп жеткен жаңа патшалық дәуірі үш манефон әулеттері – ХҮІІІ, ХІХ және ХХ әулеттер билігімен (б.з.д. ХҮІ-ХІ ғғ.) сәйкес келеді.
Патшалықтың ең алғашқы кезеңінен бастап-ақ Египет шаруашылығының барлық салаларында айтарлықтай алға басулар орын алды. ХҮІІІ әулеттен бастап, бұрыннан-ақ қолданыста болған таза мыстан, тас пен ағаштан жасалған құралдармен бірге қоланы кеңінен пайдалану барлық аймақтарда байқалды. Су көтергіш құрал – шадуфты (құдық суын көтеретін көтергішке ұқсас) пайдалану бау-бақша шаруашылығының еңбек өнімділігінің күрт өсуіне алып келді.
Металлургияда металл балқытудың жаңа тәсілі ойлап табылды, бұрынғы үрлеудің орнына аяқпен қозғалысқа түсірілетін құрылым ойлап табылды, сондай-ақ анағұрлым қолайлы және өнімділігі жоғары тоқу станогі, Орта патшалықтың кезінде сирек кездескен анағұрлым жетілген соқа пайда болды.
Ел шаруашылығы үшін жаңа сала – шыны жасау пайда болып, қарқынды дамыды. Оның пайда болуы қолданбалы химияның айтарлықтай дамығандығын көрсетеді, мұны сондай-ақ мумия жасаудан да байқауға болады, жаңа патшалық дәуірінің көптеген перғауындарының мумиялары анағұрлым жақсы сақталған.
Жаңа патшалықта мал шаруашылығында да сапалық және сандық алға басулар байқалды, бұған Египетке ол жаулап алған елдерден ірі қара малдың, ұсақ мал – қой, ешкінің және басқа да мал түрлерінің ағылып келуі ықпал етті. Гиксос билігі дәуірінен бастап Египетте жылқы шаруашылығы жолға қойылды, бұл Египет әскерінің жаңа түрі – жауынгерлік ат арбаларды қамтамасыз еткен еді.
Жаңа патшалықтың бүкіл экономикасы ХҮІІІ-ХІХ әулеттер перғауындарының жаулаушылық саясаты мен жауланып алынған территориялар мен елдерді тонаумен тығыз байланысты болды: енді Египетке мысты жеткізудің негізгі көздері Синай кендері емес, Палестина мен Сириядан жеткізілетін Кипр кендері болды, ал Египет сарайы мен храмы барынша мол пайдаланатын алтын, Эфиопиядан және Алдыңғы Азиядан алым ретінде келіп тұрды. Құрылыс үшін қажет ағашты бұрынғысынша Ливан тауларынан және Нубия ормандарынан кесті. Египеттің құдіретті патшаларына Төменгі Месопотамияның тәуелсіз билеушілері де сый-сияпаттар жіберіп тұрды. Бір сөзбен айтқанда жаңа патшалық дәуірінде Египеттің экономикалық қуаты барынша өсті.
Жаңа патшалық дәуіріндегі Египетке шикізат, астық және малмен бірге адам ресурстары да көптеп келе бастады. Шет жерлерді жаулау жорықтарынан қайтқанда египеттіктер өздерімен бірге сан мыңдаған соғыс тұтқындарын ала келді – адамдарды аулау Египет әскерінің жорықтардағы негізгі ісіне айналды. Тұтқындарды көптеп түсіруге ұмтылушылық Египет шаруашылығының қосымша жұмыс күшіне деген өсіп отырған сұранысына байланысты туындаған еді.
Бізге дейін жеткен көптеген мәліметтер бойынша патшалар әскери жорықтардан кейін храмдарға мыңдаған тұтқындарды сыйға тартып отырған, әсіресе ең көп олжа елдің бас құдайына айналған Фивадағы Амон құдайына беріліп отырды. Бұл тұтқындар храм шаруашылығында еңбек етті – олар қолөнер және тоқыма шеберханаларында, құрылыста, мал шаруашылығында қолданылды. Орта патшалықтан ерекше көптеген шетжерліктер егіншілікпен де айналысты.
Қосымша жұмыс күші ретінде барлық тұтқындар емес, тек азиаттар ғана пайдаланылды. Тұтқынға түскен қарақшылар – шердандар, яғни Сардиния аралының тұрғындары көбіне патшаны қорғаушылар қызметін атқарды. Ливиялықтар мен эфиоптар египет әскеріне қосымша отрядтар ретінде тартылды.
Негізгі өндірушілер бұрынғысынша Египет еңбекшілері, яғни жоғарыдан күштеп мамандықтарға бөлінетін – патша хемуулері еді оларды семдет деп атайтын болды (бұл сөз мамандық деген мағына береді).