Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет2/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
annotation15107




КІРІСПЕ


Ежелгі дүние тарихы – жер бетіндегі ең көне таптық қоғамдардың, өркениеттердің тарихы. Адамзаттың әрі қарай дамуын мүмкін еткен және осы прогрестің сипаты мен бағытын айтарлықтай дәрежеде анықтап берген мәдени жетістіктерді дәл осы ең алғашқы өркениеттер жасады. Олардың ең бастылары мыналар:


1. Жазуды ойлап табу, соның арқасында адамзат хабарлардың шексіз көлемін сақтауға қабілетті, ешқашан өлмейтін ұжымдық жадыға ие болды. Осылайша білімді шектеусіз жинақтауға мүмкіндік туды және білім ашушылар, жинақтаушылар мен оны сақтаушылар мамандықтары пайда болды, олар әр қоғамда әр түрлі аталды. Сондай-ақ осы мамандыққа адамдарды таңдап алу мен дайындау жүйесі қалыптасты, ал кейінірек оның өзі нақты мамандардың топтарына бөлшектене бастады. Кез келген ерте өркениеттің сипатты белгісі білімге деген сый-құрмет, «мәдениет қаһарманының» мифологиялық тұлғасын жасау және сондай-ақ өмір сүрген тарихи тұлғаларды аңыздағы данышпан-кемеңгерлерге айналдыру болып табылды.
2. Айтарлықтай үлкен адамдар ұжымының ұйымдасқан, бірлескен еңбегінің тәжірибесі. Әрине бізге алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріне жататын да ірі құрылыстар белгілі, атап айтқанда, қорғандар, діни бағыттағы құрылыстар. Алайда тек өркениеттер ғана ұйымдасқан еңбекті өз өмір сүруінің негізіне қойды: дәл осы ұйымдасқан еңбек арқылы ірі-ірі ирригацияылық жүйелерді, храмдарды, сарайлар мен қала қорғандарын салу мүмкін болады. Бұл жұмыстардың өзі жаңа мамандықтардың – жоспарлаушылар, ұйымдастырушылар, басқарушылардың пайда болуын қажет етеді. Ұйымдастырудың дәлі осы принципі соғыс ісінде де бетбұрыс жасады. Бей-берекет жаппай ұрыстың немесе жекпе-жектердің орнына жауынгерлердің қатаң әскери тәртібімен түзілген қатарлармен соғысуы келді. Бұл жерде де жаңа мамандықтар – жауынгер мен қолбасшы мамандықтары пайда болды.
3. Ең соңында, ежелгі дүниеде саяси өмір (азаматтық қауым, мемлекеттің әр түрлі түрлері, патшалық билік) мен қоғамдық сананың жаңа формалары пайда болып (этиканы, адамның өз іс-әрекеті үшін жеке жауапкершілігін негізге алған діни және философиялық қозғалыстар), бұл формалар кейін жер шарының барлық аймақтарына тарады.
Таптық қоғам («өркениет») басқару аппаратын, әскерді және – «зиялыларды», яғни абыздар, жазушылар, ғалымдар, суретшілер т.б. асырауға қажет қосымша өнім өндіруге мүмкіндік болған кезде ғана пайда болды. Бұл процесс қалай жүргеніне біз кейін нақты тоқталамыз. Мұндай мүмкіндік ең алғаш субтропикалық аймақтағы ұлы өзендер аңғарларында және оған көршілес жатқан баяу климатты аймақтың оңтүстік бөлігінде пайда болды. Дәл осы жерде суғаруға қажет ылғалдың молдығы, жеңіл құнарлы топырақ және күннің қажетті жылуы салыстырмалы түрде қарапайым құрал-жабдықтардың көмегімен еңбек өнімділігің күрт өсуін мүмкін етті. Осыдан байқайтынымыз, өркениеттің ең ерте дәуірінде географиялық фактор ерекше маңызды роль атқарды. Географиялық фактор шаруашылықтың сипатын, ал бірқатар жағдайларда мемлекеттік құрылыс формасын да анықтады. Мысалы, Египеттің ерекше географиялық жағдайлары, яғни (өмір сүруге және егін егуге қолайлы жер алып өзеннің бойымен созылып жатқан тар ғана алқап болуы) құдайға айналдырылған патша басқарған күшті орталық билікке негізделген біртұтас мемлекеттің пайда болуына алып келді. Бірақ соған қарамастан географиялық фактордың ролін асыра бағалаудың да қажеті жоқ. Мысалы, ғылымда кең тараған пікірге қарамастан, қолдан суғару қажеттілігі ірі территориялық мемлекеттердің құрылуының себебі болған жоқ. Аталған өзен аңғарларында ерте кезеңде бір орталықтан басқарылатын біртұтас суғару жүйесі болмаған, керісінше, бір-бірінен тәуелсіз көптеген жергілікті жүйелер болды. Соңғы онжылдықтарда аэрофототүсірулердің көмегімен жүргізілген зерттеулер Шумерде Евфраттың табиғи бұтақтары мен түзу каналдарының негізінде тұрғызылған басты суғару жүйелері ерте әулеттік дәуірде, яғни «номдық мемлекеттер» дәуірінде-ақ жасалғандығын көрсетті. Кейінгі кезеңдерде ол тек жөнделіп немесе кеңейтіліп қана отырған.
Сонымен өркениет – бұл таптық қоғам дәуіріндегі аса үлкен адамдар бұқарасы мәдениетінің ерекше типі. Өркениет, әдетте, этникалық шекарамен шектелмейді, ол көбіне этносаралық болып келеді. Мысалы, ежелгі Шығыста көптеген әр түрлі этникалық бірлестіктерді біріктірген Таяу Шығыс, Үнді және Қиыр Шығыс өркениеттері өмір сүрді. Еуропадағы мұндай өркениет антикалық өркениет, кейіннен еуропа-азиялық эллиндік өркениет пайда болды. Египет (эллинизмге дейін) бұл мағынада да аталған заңдылықтан тыс тұрған бірден-бір өркениет.
Мұндай этносаралық өркениеттер белгілі-бір орталықтардың оларды қоршаған елдер мен халықтарға қуатты мәдени ықпалының арқасында пайда болды, мысалы, Месопатамияның, Солтүстік Үндістанның, Қытай, Грекия өркениетінің көршілеріне ықпалы. Мұнда жазудың белгілі-бір типтерінің таралуы ерекше маңызды роль атқарды. Жазудың ең ежелгі жүйелері өте күрделі болды және сол себептен білім беру жүйесі негізделген мәтіндер канондар түрінде, бүтіндей мәдени кешен түрінде игерілді. Ал бұл мәтіндер осы өркениеттің негізін құрады (ерте көне дәуірдің мәдениеті – мәтіндер мәдениеті болып табылады), Алайда, өркениеттің ортақтығы оқшау мәдениеттердің айтарлықтай өзгешелігін жоққа шығармайтындығын естен шығармау керек.
Өркениеттер дәуірінің сипатты белгісі қоғамдық құрылыстың жаңа формасы, яғни алғашқы қауымдық ру-тайпалардың орнына келген мемлекеттердің пайда болуы болып табылады. Мемлекеттің негізгі қызметінің алғашқы қоғамдағы қауымның қызметінен айта қоярлықтай өзгешелігі жоқ, бұл қызмет сол қоғамның негіздерін сақтау болып табылады. Бұл мақсатқа жету үшін осы негіздердің бекітілуіне ықпал ететіннің бәрін қолдауға және оған кедергі болатынның бәрін жоюға бағытталған әлеуметтік бақылау ішіндегі қатынастардың күрт күрделеніп кетуіне байланысты бірінші орынға мемлекеттің ұйымдастырушылық қызметі шығады, ал бұрын ең алдымен әдет-ғұрып пен қоғамдық пікір күшіне сүйенген әлеуметтік бақылаудың қорғаушы қызметі енді ұйымдастыру қызметі сияқты арнайы аппаратқа және күштеу құралына сүйенеді. Сонымен бірге Руссоның мемлекетке дейінгі уақыттағы «еркін адам» туралы пікірі шындыққа жанаса бермейтіндігін айтып кету керек. Алғашқы адамның өмірі әдет-ғұрыптармен және шексіз тыйымдармен барынша қатаң реттеліп отырды. Керісінше, Өркениеттер дәуірі жекелеген адам мен жалпы қоғамның «еркіндік дәрежесінің» мөлшерін үнемі арттырып отырды. Бірақ сонымен бірге «қателесудің бағасы» да өсе береді – бір адамның қателесуінен бүкіл адамзаттың жойылып кетуі қаупі төнді, сондықтан да жеке адамның жауапкершілік дәрежесі барған сайын өсе берді.
Таптық қоғамның алғашқы формациясын «ежелгі қоғам» деп немесе «ежелгі қауымдық-азаматтық қоғам» деп те атауға болады. Мұндай атау әлі күнге қолданылып жүрген «құлиеленушілік қоғам» дегеннен гөрі қоғамның мәнін дәлірек ашады деп ойлаймыз. Бұл атаудың дұрыстығы жөніндегі дискуссиялар әлі күнге жүріп жатыр, атап айтқанда, ерте қоғамдардағы құлдардың саны қанша болды және олар қоғамдық өндірісте қандай роль атқарды деген мәселеге байланысты. Бұл жерде бір-бірінен өте алшақ пікірлер орын алады және бұл мәселенің толық шешілуі әлі де мүмкін болмай отыр. Алайда мәселе құлдардың санында емес. Кез келген қоғамның аты ондағы қай тап экономика мен идеологияны анықтап отыр, сол таптың атымен аталады. Ежелгі дүниеде үстем тап құлиеленушілер болды деу шындыққа онша жанаса қоймайды. Өйткені сол қоғамның толық құқылы емес мүшелері де (тәуелділер), сондай-ақ сол елде тұратын шетжерліктер де, керек болса құлдардың өзі де құл ұстай алды. Сондықтан да ежелгі қоғамның үстем табы толық құқылы азаматтар болды десек шындыққа неғұрлым жақын келеміз (бұл жерде тап сословиеге сәйкес келеді; соловие мен таптың сәйкессіздігі тек сол қоғамның құлдырау дәуірінде де ғана орын алды). Бұл қоғамның (формацияның) ақыры құл иеленушіліктің жойылуынан көрініс тапқан жоқ (құл иеленушілік одан кейінгі қоғамда да сақталды, ол біздің заманымызға дейін де жетті), қоғамның күйреуі ежелгі азаматтықтың жойылуынан көрінді. Азаматтықтың жойылуы әр түрлі жолдармен жүруі мүмкін, мысалы, державаның қол астында отырған барлық адамдарға «азаматтық толық құқық» беруі арқылы, осыдан кейін азаматтық құқық өзінің маңызынан айырылып қалады. Рим империясының шығыс провинцияларында, мысалы, бұл Каракалла декреттерінен кейін (212 ж.) іске асты.
Сонымен, біз капитализмге дейін екі қоғам өмір сүргенін білеміз, оның бірі – ежелгі (азаматтық) қоғам болса, екіншісі – феодалдық қоғам.
Ежелгі қоғамның өзі өз кезегінде екі дәуірге бөліп қарастырылады: ерте ежелгі дәуір және кейінгі ежелгі дәуір. Ерте ежелгі дәуірдің сипатты белгілері:
1. Белгілі дәрежеде өзін-өзі басқаруды және жерге меншік құқығын сақтаған, әр түрлі формаларда, жерді үздік-үздік қайта бөліске салудан оны сату-сатып алуға бақылау орнатуға дейінгі формаларда көрініс тапқан көршілік қауымның болуы.
2. Қауымдық әлеуметтік өзара көмек және ұжымдық жауапкершілік психологиясы.
3. Этика маңызды болып есептелмейтін, қауымдық көп құдайлы рәсімдік діндер. Бұл діндерді сондай-ақ «табиғи» діндер деп те атауға болады: олар алғашқы қауымдық құрылыс дәуіріндегі наным-сенімдер мен түсініктердің жалғасы болып табылады.
4. «Номдық» немесе территориялық мемлекет.
Кейінгі ежелгі дәуірге тән белгілер:
1. Қауымдық жер меншігінің ыдырауы және жерге жеке меншіктің таралуы немесе толық орнауы.
2. Қауымдардың (храмдық қалалардан басқаларының) өзін-өзі басқаруының жойылуы және олардың таза мемлекеттік бірлікке айналуы.
3. Әлеуметтік психологиядағы тиісті өзгерістер, индивидуализмнің өсуі, жеке адам туралы жаңа түсініктер, атап айтқанда бұл құқықтан көрініс тапты (жеке адамның жауапкершілігі тұжырымының қалыптасуы).
4. Қауымдық және этникалық шекаралардан шыққан догмалық этикалық діндердің пайда болып, таралуы. Бұл жаңа діндер «құтқару діндері» және «пайғамбарлық діндер» деп те аталады. Бірінші анықтама бұл діндер басты мақсаты ретінде адамның құдаймен жеке қатынасын, әлемдік зұлымдықтан құтқару философиялық мәселесін басты мақсаты етіп қойғандығымен байланысты. Екінші анықтама жаңа діни-философиялық қозғалыстың белгілі-бір негізін қалаушылардың болғандығына нұсқайды, олардың айтқан сөздері діни канондарға айналып отырды.
Ежелгі қоғамның ерте кезеңінің негізгі қоғамдық қайшылығы ірі және ұсақ жер иеленушілік арасындағы, яғни жерге қауымдық және жеке меншік арасындағы қарама-қайшылық болып табылады. Мұндай қайшылықтың ең сорақы көрінісі қауымдастардың жерлерінен айырылуы болды, мұның өзі Римдегі осыған ұқсас процестен өзгеше, шығыс қоғамдарында азаматтық құқықтарынан айырылып, «патша адамдарына» айналуға алып келді, мұндай адамдардың ең төменгі бөліктері іс жүзінде құлдардан ешбір айырмасы болмай қалды, ал орташа және жоғарғы топтары кейінірек ежелгі қоғамның екінші кезеңінің үстем табы – сословиесін құрды. Осы күрес қоғамның бүкіл әлеуметтік психологиясын, мемлекет пен билік туралы түсінікті, моральді және кейде тіпті қоғамның саяси құрылысын да анықтайды.
Хронологиялық жағынан бұл кезеңдер әр түрлі ежелгі қоғамдардың барлығында бірдей сәйкес келе бермейді. Тек шамамен ғана бірінші кезең б.з.д. ІІІ-ІІ мыңжылдыққа сәйкес, ал екінші кезең – б.з.д. І мыңжылдыққа сәйкес келеді деп көрсетуге болады.
Әлемдік тарихи процестің біртұтастығын мойындай отырып, сонымен бірге оның Шығыстағы барысының маңызды ерекшеліктерін де көрсетпеуге болмайды. Жалпы алғанда мұндай ерекшеліктердің болуын барлық тарихшылар мойындайды, алайда олардың роліне баға беруде және олардың себептерін анықтауда үлкен алшақтықтар кездеседі. Кейбір жағдайда Шығыста ерекше бір капитализмге дейінгі формация болғандығы немесе мұндай формация бүкіл әлемде болғандығы, ал антика дүниесі түзу жолдан «ауытқушылық», жанама бұтақ ретінде қарастырылады. Бұл концепциялардың барлығы, олар әр түрлі аталғанымен, «азиаттық өндіріс тәсілі» концепциясында тоғысады және жеткілікті түрде негізді концепция деуге келе қоймайды. Оған қарама-қарсы тұжырым бойынша Шығыс пен Батыс арасында ешқандай айта қоярлықтай өзгешеліктер жоқ. Мұндай концепцияны қазіргі таңда бірде-бір тарихшы қолдамайды десек те болады.
Көпшілік зерттеушілер Батыс пен Шығыс арасындағы өзгешеліктерді бұл аймақтардағы қауымның ролі мен сипатындағы ерекшеліктерден деп есептейді. Мысалы жалпыға ортақ қабылданған көзқарас бойынша Шығыстың Батыстан басты айырмашылығы Шығыста қауымның ұзақ уақыт сақталуы болып табылады. Соңғы кездегі Ресей шығыстанушыларының көзқарастары бойынша бәрі керісінше тәрізді: тек антикалық полис қана “таза” түріндегі қауым болды, бұл қауым өндіргіш күштер дамуының жаңа дәрежесі жағдайында алғашқы қоғам қауымын қайта жандандыру болды, бұл қауымның алғашқы қауымнан ерекшелігі – адамның адамды қанауына жол берді. Полистің өзі мемлекеттің ерекше бір түрі болып табылады, өйткені мұнда халықтан бөлінген билік те, әскер де жоқ: халықтың өзі билік те, әскер де болып табылады. Бұл тең құқылылардың қауымы және мұнда тек шет жерліктерді ғана илоттар мен құлдар ретінде қанауға болады. Осыдан еркіндік пен тәуелділіктің қарсы қойылуы анық түрде көрінеді. Ал Шығыста, керісінше, қауымның үстіне оның құрылымын айтарлықтай өзгертіп жіберген орталықтандырылған мемлекет түріндегі саяси алып құрылымдар орнықтырылды. Қауымның бастапқы мәнінің бұзылуының дәрежесі әр түрлі болды. Египетте, мысалы, қауымның ізін тіпті де табу мүмкін емес, Қытайда ол айтарлықтай байқалады, Үндістанда толықтай сақталған, ал Месопотамияда көп жағдайда патшалық билікке қарсы күш ретінде көрініп отырды. Қалай болғанда да, қауымның үстінен қарайтын саяси құрылымның болуы қауымдастарды әр түрлі дәрежеде қанауды мүмкін еткен қоғамның күрделі иерархиялық құрылымының пайда болып, тұрақты түрде сақталуына алып келді, бұл жағдай өз кезегінде мәдениетке ықпал етті. Мұндай құрылым барынша баяу дамыды, ал оның аса ұзақ өмір сүруі жоғары беделді дәстүрді қалыптастырды, оның өзі өз кезегінде бұл құрылымды бекіте түскен болатын.





І БӨЛІМ






Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет