Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет8/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   92
2. Египеттегі орта патшалық дәуірі

Өтпелі дәуір уақытында ирригациялық жүйені бірыңғай басқарудың бұзылуы жағдайында жергілікті жерлердегі белсенділіктің айтарлықтай артуы байқалды. Дәл осы кезде жер жыртуды жеңілдетуге және топырақты өңдеу сапасын арттыруға мүмкіндік беретін анағұрлым ыңғайлы соқа пайда болады; егіншілікте де, қолөнерде де көптеген жаңа құрал-жабдықтар пайда болып жатты. Дәуірдің аяғына қарай египеттіктер алғаш рет қоланы (мыс пен қалайының қосындысы) қолдана бастады; алайда, бұдан кейін де өндірістегі негізгі металл бұрынғысынша таза мыс болып қала берді. Мал шаруашылығында ірі қара малдың жаңа, анағұрлым өнімді тұқымы пайда болып, бірте-бірте ол бұрынғы ұзын сирақты тұқымды біржолата ығыстырып шығарды.


І Өтпелі дәуірден Орта патшалыққа жергілікті номдық әкімшіліктің елдің экономикалық және саяси өміріндегі белсенділігінің өсуі де мұраға қалды. Номархтардың (ном билеушілері) дербестігінің айтарлықтай болғандығы соншалық олар дәуірдің ең ақырғы жылдарының өзінде жыл санауды өздерінің билік құрған жылдарымен санайтын еді және алдыңғы орынға жергілікті құдайларды жылжытып отырды, өз атақ-шендерінде өздерін, патшалар тәрізді осы құдайлардың ұлдары ретінде көрсетті. Номархтар жергілікті әскери күштерді басқарды. Орта патшалықтың ең құдыретті әулеті болған ХІІ әулеттің ең алғашқы қуатты патшаларының тұсында да жергілікті билеушілердің жағдайлары әлсіреген жоқ.
Әрине осындай жағдайларда Орта патшалық патшаларының жағдайы Ежелгі патшалықпен салыстырғанда анағұрлым әлсіз және тұрақсыз болды. Орта патшалықтың әкімшілік аппаратында билеуші әулетпен туыстық байланыста болған астаналық әулеттік шонжарлармен және жергілікті номдық әкімшілік өкілдерімен қатар, көптеген мемлекеттік қызметтерді ақсүйек емес, қарапайым адамдар арасынан шыққандар ала бастады, олар өзінің қол жеткізген барлық жағдайы үшін тек перғауынға ғана міндетті болған еді. "Патша – біздің асыраушымыз" деген сөздерді ХІІ әулет билік құрған дәуірдің орта шенінде өмір сүрген бір ірі шенеунік айтқан екен. Осы жағдайына байланысты орталық өкіметтің күшеюіне мүдделі болған дәл осы топ Орта патшалық перғауындарының негізгі тірегі қызметін атқарған болуы керек.
Орта патшалық деректерін кешенді зерттеу негізгі өндірушілер тобының әлеуметтік жағдайын жан-жақты қарастыруға мүмкіндік береді. Бұл топты египеттіктер «хемуу нисут», яғни патша хемуулері деп атаған. Бұл термин елдің барлық дерлік еңбеккерлерін қамтыды. Негізгі міндеті белгілі-бір кәсіп шеңберінде еңбек ету болған патша хемуулері патша және храм шаруашылығында ғана емес, жеке адамдардың шаруашылығында да, яғни орталықтанған, номдық және храмдық әкімшіліктің әр түрлі қызметкерлерінің шаруашылығында да негізгі өндірушілер болды. Әрбір патша хемууының белгілі бір кәсіп иеленуі осы әлеуметтік топтың негізгі сипатты белгісі болды. Егістікте тек ер адамдар ғана еңбек етсе, үй қолөнеріне ерлер де, әйелдер де тартылды.
Патша хемуулері жұмыс түрлеріне жасөспірім шағында белгіленді, олардың кәсіп таңдау құқығы болмады. Әр жылы патша әкімшілігі атынан номдарда арнайы байқау жүргізілді. Оның негізгі міндеті еңбекшң халық арасындағы кәмелетке жеткен жастарды кәсіптерге бөлу болды. Кәсіптерге бөлуде ата-анасының шаруашылықтың қай түрінде еңбек еткендігі ескерілген жоқ. Байқауда ең бір мығым, төзімді жігіттер ең алдымен әскерге алынды; патша хемуулерінің балалары кіші абыз қызметтеріне де тартылды. Ал қолөнер кәсібіне алуда, әрине кәсіби дағдысы бар қолөнершінің балалары таңдалды. Жас жігіттердің негізгі көпшілігі егіншілікке бөлінді, өйткені Египеттің негізгі көпшілігі егіншілікке бөлінді, өйткені Египеттің негізгі шаруашылығы егіншілік болған еді. Осындай мәжбүрлікпен берілген кәсіп негізінен өмірлік болды, алайда кей жағдайда ол қайта қаралып та отырды, мысалы, қартайған, ауыр еңбекке жарамсыз болып қалған егінші үй қараушысы сияқты жеңілдеу жұмыстарға ауыстырылуы да мүмкін еді.
Патша хемуулерінің әлеуметтік жағдайына келсек, елдің негізгі еңбекші бұқарасын құраған патша хемуулерінің еңбек құрал-жабдықтары мен өндіріс қаражаттарына меншік құқығы болған жоқ. Олар өздеріне тиесілі емес шаруашылықта еңбек етті және еңбек құрал-жабдықтарымен бірге жекелеген қызметкердің иелігіне, немесе храмға, мемлекеттік мекемеге тиесілі болды. Патша, храм және жеке шаруашылықтағы әр түрлі кәсіп иелерін қанау тәсілі мен материалдық қамтамасыз етуде айтарлықтай айырмашылық болған жоқ, сондықтан да еңбекшілер бұл шаруашылықтың қайсысында жұмыс ісетесе де жағдайы бірдей болды.
Тәуелді адамдардың келесі категориясы Ежелгі патшалық дәуірінен белгілі баку – толық мағынадағы құлдар болды. Құлдар патша хемуулеріне қарағанда сан жағынан өте аз болды. Олар тек жеке адамдар шаруашылығында ғана қаналды. Сондықтан олар жалпы мемлекеттік есептен тыс болды, байқауға қатыспады. Олардың қатаң белгіленген кәсібі болған жоқ.
Негізгі еңбек салаларында патша хемуулері еңбек ететін жеке шаруашылықтарда баку қожаның сарайында, оның жеке қызметінде, әр түрлі, көбіне кездейсоқ жұмыстарда пайдаланылды. Бір қызығы, шаруашылықтарда жүздеген патша хемуулері ететін бекзада өзінің бір бакуды сатып алғанын әдейі көрсетіп отыратын болған.
Шетжерлік тұтқындарды қанау Орта патшалықтың, әсіресе ХІІ әулеті кезінде кең құлаш жайды. Патша хемуулері тәрізді, шетжерліктер орталық әкімшілікке есепте тұрды, соның ішінде азиаттар патша, храм және жеке шаруашылықта еңбек етті. Бірақ шетжерліктер көбіне үйде, жеке қызмет саласында, сарай және бекзаданың тамақ өндірісінде (шнау), қолөнерде, тоқыма шеберханасында еңбекке тартылды.
Сонымен, Орта патшалық дәуірінің негізгі еңбекші бұқарасы патша хемуулері болды. Олардың еңбегін ұйымдастыруда бірқатар өзгерістер орын алған болатын. Орта патшалық дәуірінде егінші, Ежелгі патшалық дәуіріндегідей еңбек құрал-жабдықтарының иесі болған жоқ, сондай-ақ жиналған астықты да иеленген жоқ. Ол шаруашылық қоймасынан азықтанды, алайда тұқым себу мен жиын кезінде жұмыс отрядтары болып еңбек еткен Ежелгі патшалықтан ерекше, енді әрбір егіншіге жеке жер телімі белгіленіп берілді, сол жер үшін ол жеке жауапкершілікте болды. Өндірістің «отрядтық» ұйымдастырылуы басқа да салаларда жойылды.
Орта патшалықтың саяси тарихына қысқаша түрде тоқталып кетейік. ХІ әулеттің Ментухетеп деген атпен белгілі соңғы үш патшасы біріккен елді басқарды. Олардың тұсында оңтүстікте Элефантинадан бастап солтүстікте Атырауға дейінгі ауқымда белгілі дәрежеде ішкі біртұтастыққа қол жеткізілді, үзіліп қалған ішкі байланыстар да қалпына келтірілді. І Ментухетеп тұсында египеттіктер Синай түбегінде мыс өндіруді қайта бастайды, Египет әскері солтүстік-шығыс шекарада азиалықтармен табысты шайқастар жүргізеді. І Ментухетеп сондай-ақ Египетпен шекаралас Солтүстік Нубияның бөлігі – Вават ауданына жорық ұйымдастырады.
Алайда, Орта патшалық патшалары өз қуатының шыңына келесі, ХІІ әулет билігі тұсында қол жеткізеді. Шамамен б.з.д. 20000 жылдан бастап 200 жыл бойы Египетте тек сегіз ғана патша билік құрды. І Аменемхеттің жаңа әулетті негіздеуі ел астанасын ХІ әулеттің тұрағы болған Фивадан солтүстікке ауыстырумен басталды. Ит-Тауи аталған ("Қос жерді де иеленген", яғни бүкіл Египетті) Египеттің жаңа астанасы Нілдің батыс жағалауында, Файюм оазисінде, Жоғарғы және Төменгі Египеттің түйіскен жерінде орналасты. Египет тарихының бастапқы кезіндегідей ел астанасын солтүстікке көшіру тегі бойынша оңтүстіктен шыққан патшалардың өз билігін Атырауда да нығайтып, мұнысымен елдің бірлігін күшейту ниетінен туған еді.
ХІІ әулет патшалары өз билігін Египеттің бүкіл территориясында бекітуде айтарлықтай жетістікке қол жеткізе отырып, Атыраудан батысқа және шығысқа қарай жатқан жерлерде ливиялық және алдыңғыазиялық тайпалармен табысты шайқастар жүргізді. Олар бытыраңқылық дәуірінде Төменгі Египетке үнемі басып кіріп отырған еді. І Аменемхет тұсында елдің батыс шекарасында қорғаныстық бекініс салынды. Алайда бұл дәуірде ерекше назар Нубияға аударылды. Нубияның алтыны мен мысы, піл сүйегі мен ағашының сирек кездесетін тұқымдары Египет билеушілерінің тыныштығын алды. ХІІ әулеттің ең бір басқыншы билеушісі ІІІ Сенусерт болды. Ол Нілдің бірінші шоңғалынан оңтүстікке бірнеше ірі жорық жасап, Солтүстік нілдік Эфиопияны ұзақ уақытқа Египетке қосып берген еді.
Алайда Орта патшалық патшалары номдық билеушілердің сепаратистік ұмтылыстарын аяғына дейін тұншықтыра алмады. Олардың сарайда да мықты байланыстары болды. ХІІ әулет тұсында да кескілескен ішкі күрес толастамады. ІІІ Аменемхет қайтыс болғаннан кейін көп ұзамай оның қарындасы Нефрусебектің қысқа уақыт билігінен кейін ХІІ әулет өз билігін тоқтатады. ХІІ әулетпен туыстық байланыста болған ХІІІ әулеттің алғашқы патшалары Ніл аңғарында, оның екінші шоңғалына дейінгі аралықта өз билігін сақтай алады. Алайда көп ұзамай ел екі бөлікке (ХІІІ және ХІҮ әулеттер) бөлініп кетеді. Египет өз тарихының жаңа кезеңіне аяқ басты. Бұл дәуір ІІ Өтпелі дәуір деп аталған еді.


Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   4   5   6   7   8   9   10   11   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет