Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет50/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   92
Байланысты:
annotation15107

Аға (Ерте) Хань әулетінің тарихы

Цинь Шихуанди қайтыс болысымен империяда көтерілістер бұрқ ете түсті. Антициндік көтерілісті басқарушы көсемдердің бірі – бұрынғы Чу патшалығынан шыққан қарапайым шаруа Лю Бан өзінің жағына Циньге жау, соғыс ісінде тәжірибелі ақсүйек өкілдерін тарта білді. Б.з.д. 206 жылы Цинь әулеті құлағаннан кейін, көтеріліс басшыларының арасында билік үшін күрес басталып, нәтижеде Лю Бан жеңіске жетті. Б.з.д. 202 жылы Лю Бан император болып жарияланып, жаңа – Хань әулетінің негізін қалады. Бұл әулеттің билігі екі дәуірге бөлінеді: Аға (немесе Ерте) Хань – б.з.д. 202 жылдан – б.з. 8 жылы және Кіші (немесе Кейінгі) Хань – 25-220 жж. Империяның астанасы Чанъань қаласы болып жарияланды.
Кең ауқымды антициньдік қозғалыс нәтижесінде билікке келген Лю Бан Циньнің қатыгез заңдарын жойды, салықтар мен міндеткерліктерді жеңілдетті. Алайда Циньдік әкімшілік бөлінушілік пен басқарудың бюрократиялық жүйесі, сондай-ақ Цинь империясының экономика саласындағы көптеген қағидалары күшінде қалды. Алайда, қалыптасқан саяси жағдайда Лю Бан толық орталықтандыру принципін бұзып, үлкен жер бөліктерін өз қызметкерлері мен туыстарының иелігіне беруге, олардың ішіндегі ең ықпалды жетеуіне ван титулын қоса беруге мәжбүр болды. Вандар бүтіндей аудандар көлеміндегі территорияға иелік етті, өз теңгесін шығарды, сыртқы одақтар жасады, бүліктер ұйымдастырып, елдің тыныштығын кетіріп отырды. Олардың сепаратизмімен күрес Лю Бан мұрагерлерінің бірінші кезекті міндетіне айналды. Вандар бүлігі 154 жылы басылып, олардың күші император У-ди (б.з.д. 140-87 жж.) тұсында толықтай күйретілді. Империяның орталықтануы мен нығаюы Аға Хань әулеті билігінің алғашқы онжылдықтарында елдің шаруашылығының дамуына ықпал етті. Бірте-бірте ел Цинь империясының құлауына алып келген, ұзаққа созылған соғыстардың салдарларын жойды, жаңа ирригациялық жүйе жасалып, еңбек өнімділігі өсті. Сауда-қолөнер орталықтарының саны артты. Хань дәуірінде Янцзы өзенінің бассейнінде 500-ден аса қала тұрғызылды. Қалалар, әсіресе, Ұлы Қытай жазығының орталығында шоғырланды.
Ауыл шаруашылығында жұмыскерлердің негізгі бұқарасын ерікті егінші-қауымдастар құрады. Олар жер салығын (астықтың 1\30-нен 1\15-не дейін), ақшалай өтелетін жан бас және аула салықтарын өтеді. Ерлер еңбек (үш жыл бойы, жылына 1 ай) және әскери (2 жылдық әскердегі және 3 күндік горнизондағы) міндеткерліктер өтеді. Ұсақ шаруашылықтардың төмен тауарлылығы жағдайында салықтың ақшалай түрі аса ауыр тиді. Несие берушілер өңдірушілерден өнімінің жартысына дейін алып қойды. «Сөз жүзінде жер салығы астықтың 1\30-ін құрады, ал іс жүзінде егіншілер өнімнің жартысынан айырылып отырды», - деп көрсетіледі Аға Хань әулетінің тарихында. Үкіметтің жоғарыдан қысым жасау арқылы өсімқорлықты шектеп, империяның негізгі салық төлеуші халқы - егіншілердің кедейленіп кетуін болдырмауға тырысушылығынан еш нәтиже шықпады. Қарызы үшін құлдыққа сату жеке құлдықтың маңызды көзіне айналды. Ерте Хань дәуірінің деректері, құлдарды сату-сатып алудың заңдастырылған практикасы жөнінде кең мәлімет береді. Сыма Цянь құлдарды әдеттегі базар тауарларының қатарына қосады. Елде тұрақты құл базары болды. Еріксіздердің еңбегі кен орындарында және әр түрлі кәсіптерде қолданылды. Құлдар ауыл шаруашылығында да еңбек етті.
Хан империясында ақшалай байлық қоғамдағы жағдайдың маңызды көрсеткіші болды. Осындай мүліктік белгісі бойынша жер иелері негізгі үш категорияга бөлінді: үлкен, орташа және кіші отбасылар. Үлкен отбасыларының мүлкі 1 млн теңгеден асты. Екінші және үшінші категориядағы отбасылар халықтың көпшілігін құрады. Екінші категориядағы үйлердің мүлкі 100 мыңнан 1 млн тенге болса кіші отбасылардың мүлкі 1000 – 100000 теңге аралығында болды. Соңғы категорияға кіретін отбасылар ұсақ меншік иелері болды, олар өз шаруашылығында құл еңбегін қолданбады.
У-дидің билігі уақытынна қарай (140-87жж.) Хань державасы мықты орталықтандырылған бюрократиялық мемлекетке айналды. Империяның аса маңызды және бірінші кезектегі сыртқы саяси міндеті көшпелі сюнну тайпаларының үздіксіз шапқыншылықтарынан шекараны қорғау болды.
Ұлы Қытай қорғаны сюннулардың қаупін біраз әлсіретті. Алайда сюннулардың жоғарғы көсемі, яғни шаньюі Модэнің (209-174 жж.) дәстүрлі жеңіл қарулы атты әскермен қатар, ауыр қаруланған атты әскерді жасақтауы сюннулардың әскери қуатын арттырды. Модэ солтүстікте Орхон өзеніне, шығыста - Ляохэ өзені, ал батыста - Тарим өзеніне дейінгі аралықтағы кең-байтақ территорияны жаулап алды. Сюннулар 205 ж. Ордосты алғаннан кейін, олардың Хань Империясының территориясына басқыншылығы жиілеп кетті.
Б.з.д. 200 ж. олар Пинчэн каласының түбінде Лю Бан әскерін қоршап алды. Келіссөздер 198 ж. «бейбітшілік пен туыстыққа негізделген келісіммен» аяқталды, Лю Бан іс жүзінде өзін шаньюдің алым төлеушісімін деп мойындады. Келісімнің шарттары Қытай үшін өте ауыр болды және кейінгі дәстүрлерде масқара келісім деп есептелді. Алайда бұл келісім, шын мәнінде, жас Хань мемлекеті үшін тиімді болды, ол империяның өз қауіпті көршісімен қатынастарының белгілі дәрежеде дұрысталуына ықпал етті.
Император У-дидің солтүстік-батыстағы саясаты басқыншылық сипатымен ерекшеленді. Б.з.д.138 ж. ежелгі қытай дипломатиясының талай сыннан өткен тәсілін, яғни «варварларды варварлардың қолымен бағындыру» тәсілін басшылыққа алып, У-ди елші әрі стратег Чжан Цяньді сюннудың жауы юэчжи тайпасымен әкери одақ құруға аттандырды. Бұл кезде юэчжилер сюннулардың қысымымен Гансудан батысқа кетіп қалған болатын. Жолда Чжан Цянь сюннулардың қолына түсіп, тұтқында 10 жыл болады. Тұтқыннан қашып шыққан ол юэчжилерді Орта Азия жерінен тапты. Алайда Чжан Цянь оларды сюннуларға қарсы соғысқа көндіре алмады.
Чжан Цяннің мәліметтері ежелгі қытайлықтардың географиялық танымын ерекше кеңейтті: олар Хань империясынан батысқа қарай жатқан көптеген елдер туралы, олардың Қытаймен сауда байланысын орнатуға мүдделі екендігі туралы білді. Осы уақыттан бастап император сарайының сыртқы саясатындағы ең маңызды мәселе империя мен осы елдер арасындағы сауда жолдарын басып алу, олармен тұрақты байланыстар орнатуға ұмтылу болды. Бұл жоспарды орындау мақсатымен сюннуларға жорықтың бағыты өзгерді, ендігі жерде оларға шабуыл жасаудың негізгі орталығы Гансу болды, өйткені бұл жерден батысқа апаратын сауда жолы -атақты Ұлы Жібек жолы өтетін.
Керуен жолдарының қауіпсіздігін күшейту үшін Хань империясы Ұлы Жібек жолы бойындағы Шығыс Түркістанның оазистік қала-мемлекеттеріне өз ықпалын тарату бағытында дипломатиялық және әскери тәсілдерді пайдаланды. Б.з.д.115 ж. үйсіндерге Чжан Цянь бастаған елшілік жіберілді. Бұл елшілік Ханьдік Қытайдың Орталық және Орта Азиямен сауда және елшілік байланыстарының дамуында маңызды роль атқарды. Үйсіндердің елінде болған кезінде Чжан Цянь Даваньға, Каньцзюйге, юэчжилерге, Дасяға, Аньсиге, Шэньдуге және басқа да елдерге елшілер жіберді, олар ежелгі Қытайдың осы елдердегі ең алғашқы өкілдері болған еді. Б.з.д. 115-111 жж. Хань империясы мен Бактрия арасында сауда байланыстары орнатылды.
У-ди тұсында Хань империясы Үндістан, Иран және одан да батысқа карай орналасқан, тіпті Жерорта теңізіне дейінгі аралықтағы елдермен байланыстар орнатты. Ұлы жібек жолы Қиыр Шығыстың Орта және Таяу Шығыс елдерімен, сондай-ақ Жерорта теңізі елдерімен дипломатиялық, экономикалық және мәдени байланыстарының дамуында ерекше зор роль атқарды. Алайда Ұлы Жібек жолы арқылы Чанъаньға жеткізілгеннің бәрін Хань императоры мен оның айналасындағылар «варварлардың империяға беріп отырған алымы», шетжерлік елшілерді Хань империясының билігін мойындауы деп қарастырды.
Мемлекеттік дін ретінде жарияланған конфицийшілдік «Орта мемлекеттің» (Хань империясы), яғни әлемнің орталығының оны қоршап жатқан «сыртқы варварлардан» абсолютті түрдегі үстемдігі туралы доктринаны жариялады. Әлемде тәртіп орнатушы ретінде қарастырылған Аспан Ұлының жорықтары «жазалаушы» жорықтарға, ал сыртқы саяси байланыстар қылмыс құқығына жатқызылды. Батыс өлкесінің мемлекеттерін (Шығыс Түркістан) «алым беруге» Хань сарайының оларға сый-сияпаттар апаруы және Тарым бассейніндегі қамалдарға әскери горнизондар қою арқылы мәжбүрлеп отырды. Батыс өлкесінің қалалары «Аспан Ұлының сый-сияпаттарын» өз ішкі істеріне қол сұғу деп қарастырып, одан көп жағдайда бас тартып отырды. Хань елшілері әсіресе Ұлы Жібек жолының аса маңызды бөлігінде орналасқан Ферғанаға қатысты өте белсенді әрекет етті. Б.з.д. 104 жылы және 102 жылы У-ди Ферғанаға 2 рет жаулаушылық жорық ұйымдастырды. Екі жорық та сәтсіз аяқталып, Хань империясының батыстағы саясатының күйреуіне алып келді. Ханьдық Қытайдың Шығыс Түркістандағы саяси үстемдігі тұрақты болмады, қысқа уақытқа ғана созылды және өте шектеулі болды. Қытайдың ресми тарихнамасының ең бір шыншыл өкілдері Хань империясының Орталық және Орта Азияға экспансиясының қажеттілігіне күмәнмен қарайды. «Хань әулеті алыста жатқан батыс өлкесіне ұмтыламын деп империяны күйретті», - деп жазылды Қытайдың ерте ортағасырлық тарихтарының бірінде.
Солтүстік-батыстағы белсенді сыртқы саясатпен қатар У-ди оңтүстік және солтүстік-шығыс бағыттарында кең экспансия бастады. Оңтүстік Қытай мен Солтүстік Вьетнамдағы Юэ мемлекеттері ежелден-ақ қытай көпестері мен қолөнершілерін тауар өткізетін рыноктары және кен орындары ретінде қызықтырып келді. Цинь Шихуанди тұсында жауланып алынған Юэ жерлері әулеттің билігі құлағаннан кейін империядан бөлініп кеткен болатын.
Өз патшалығының алғашқы жылдарынан бастап-ақ У-ди оңтүстіктегі мемлекеттерді жаулауға кірісті. Б.з.д. 138 жылы Вьет мемлекеттерінің өзара қырқыс соғыстарына араласа отырып, ханьдықтар Дунюэ мемлекетін бағындырды. Бұдан кейін вьеттердің Нанью мемлекетінің жеріне лап беріп, б.з.д. 112-111 жж. соғыста империя жеңіске жетті. Бань Гудың көрсетуі бойынша Наньюді бағындырғаннан кейін Хань империясы Үндістанмен және Ланкамен байланыстар орнатады.
Оңтүстіктегі соғыстарды аяқтағаннан кейін У-ди солтүстік Корея территориясындағы Чаосань (Кореядағы Чосон) мемлекетіне қарсы батыл қимылдар бастайды. Чаосянь билеушілері Хань империясына қатысты тәуелсіз саясат жүргізу мақсатымен, сюннулармен байланыс орнатуға ұмтылды. Б.з.д. 109 жылы У-ди Чаосяньдағы Хань елшісінің өлтірілуін сылтауратып, елге «жазалаушы» экспедиция жіберді. Ұзаққа созылған қоршаудан кейін Чаосянның астанасы Вангамсон құлайды. Чаосянь территориясында төрт әкімшілік округ құрылды, алайда ежелгі корейліктердің өз тәуелсіздігі жолындағы күресін тоқтатпауы нәтижесінде үш округ жойылды.
У-дидің ұзаққа созылған үздіксіз жаулаушылық соғыстары қазынаны қаңыратып, мемлекеттің ресурстарын сарқыды. Халықтың жағдайы күрт нашарлап, империяның орталық аудандарындағы ашынған халықтың «наразылықтары мен бас көтерулері» жиілеп кетті.
Б.з.д. I ғ. соңғы ширегінде бүкіл ел көлемінде құлдар көтерілісі өріс алды. Біздің заманымыздың межесінде империя терең дағдарысқа түсті. Көптеген мемлекет қайраткерлері оның себебін ірі жер иеленушілік пен құлдықтың өсуінен көреді. Ерте Хань империясының бүкіл ішкі тарихының өң бойында ірі жер меншігімен күрес орын алды, ал б.з.д. I ғ. аяғына қарай ол барынша шиеленісті. Билеуші таптың ең бір көреген өкілдері қоғамдағы шиеленісті жағдайды бәсеңдету үшін реформалар жүргізудің қажеттілігін мойындады.
Мұндай реформаларға ұмтылыс император Ай-ди тұсында (б.з.д. 6-1 жж.) іске асты: заң жобасы бойынша ең жоғарғы жеке иеліктің көлемі 30 цин (138 га) деп белгіленді, ал жер иесі құлдарының саны, оның қоғамдағы жағдайына байланысты белгіленді, атап айтқанда, қызметкер және ақсүйек шонжарда 200 құл, ұсақ шенеуніктерде 30 құл деп белгіленді. 50 жастан асқан мемлекеттік құлдарды еркіндікке жіберу қарастырылды. Алайда бұл жоба құл иелерінің ашу-ызасын туғызып, ол іс жүзіне аспай қалды. Реформалар жүргізу саясаты күйреген соң, елде көтерілістер бұрқ ете түсті.
Жасөспірім таң мұрагері тұсында регент қызметін атқарған, бұрынғы император Пан-дидің қайын атасы Ван Ман б.з. 9 жылы сарай төңкерісін ұйымдастырып, өзін император деп жариялады. «Жаңарған әулеттің» негізін қалаған Ван Ман реформаларды батыл түрде жүргізуге, «ежелгі дәуірдің бақытты тәртіптерін» қалпына келтіруге уәде берді. Алайда оның реформалары халықтың кең топтарының мүддесіне емес, қазынаны толықтырып, мемлекетті күшейтуге бағытталды. Барлық табыс көздерін мемлекет қолында шоғырландыру және мықты бюрократиялық империя құру мақсатымен Ван Ман мемлекеттің қаржы және полициялық қызметін ерекше күшейтіп, әкімшілік аппаратын кеңейтті. Ван Ман реформалары мемлекеттің деспотиялық езгісін ерекше күшейтіп, әлеуметтік қайшылықты бәсеңдеткеннің орнына, оны одан сайын шиеленістіріп жіберді. Бүкіл ел көлемінде стихиялы түрдегі толқулар мен көтерілістер өріс алды. Көтерілісшілер, яғни кедейленіп кеткен қауымдастар, құлдар мен шаруалардың отрядтары әр түрлі атаулармен, атап айтқанда «Жасыл орман», «Үлкен найза», «Қызыл қас» және т. б. бүкіл елді қамтыған толқуларды басында болды. Олардың ішіндегі ең қуаттысы «Қызыл қастылар» отрядтары император астанасына басып кіреді. Ван Ман тұтқындалып, өлтірілді. Хронистердің көрсетуі бойынша аш адамдар бірін бірі жеп жатты. Қаза болғандар бірнеше жүз адамға жетті. Астана қирап, үйіндіге айналып қалды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   46   47   48   49   50   51   52   53   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет