Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет48/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   92
3. Шығыс Чжоу дәуірі
Батыс Чжоу мемлекеті өз өмірінің алғашқы уақытынан бастап-ақ айналасындағы тайпалардың, әсіресе солтүстік батыстағы және оңтүстік-шығыстағы тайпалардың шапқыншылықтарын үнемі қайтарып отыруға мәжбүр болған болатын, белгілі-бір уақытқа дейін ол бұл міндетті табысты түрде атқарып келді. Чжоулардың сепаратизмінің өсуімен вандардың әскери қуаты кеми берді, патша билігінің беделі түсті. Б.з.д. VIII ғ. Орталық Азияның түкпірлерінен келген батыс көшпелі тайпаларының үздіксіз шапқыншылықтарының тегеурінімен Чжоулықтар Вэйхэ өзенінің аңғарындағы өзінің атамекенін тастап кете бастады. 771ж. Ю-ванның әскерін көшпелілер тас-талқан етіп жеңіп, ванның өзін тұтқындап әкетті, осыдан кейін оның Ұлы Пин-ван астананы Шығысқа көшірді.
Дәстүрлі қытай тарихнамасы осы оқиғамен Шығыс Чжоу дәуірін бастайды (б.з.д. 770-256 жж.). Шығыста бекініп алған Пин-ван астанасы Лои қаласы болған кіші-гірім мемлекет құрады. Бұл уақытта Қытай территориясында 200-дей патшалық өмір сүрді. Ұлы Қытай жазығында орналасқан патшалықтардың кейбірі өзін чжоулықтардың ұрпақтарымыз десе, ал біреулері өздерін шандықтармен байланыстырды. Бұл патшалықтардың бәрі өздерін «орта патшалықтар» деп атады. Бірақ олардың бәрі Чжоу ванының жоғарғы билігін мойындады. Чжоу ваны өзін Көк ұлы деп атады. Осы кезде тарай бастаған Чжоу ванын Көк ұлы ретінде қарастырған концепция, алғаш рет Чжоу дәуірінде пайда болған Көк тәңірі культімен байланысты. Шандықтарға тән ата-баба және табиғат культінен ерекше, Көк және оның жердегі өкілі ретіндегі Көк ұлы культі тайпаның үстінен қарайтын, этносаралық дін болған. Көк еркі ілімі (Тяньмин - Құдай сыйы) ван билігінің қасиеттілігімен бірге Чжоу әулетінің Аспан асты еліндегі (Тяньси-Аспан асты елі) үстемдігін заңдастыру идеясына қызмет етті. Шығыс Чжоу патшалығы осы уақытта ең ірі де, әскери жағынан ең қуатты да мемлекет болған жоқ, алайда оның билеушілері билігінің сакралдығы туралы түсініктің қалыптасуына байланысты «Чжоу әлеміндегі» байланыстырушы біртұтастық ретінде қарастырылады. Ол «орта патшалықтар» арасында елшілік байланыстардың орнауында маңызды роль атқарды.
«Орта патшалықтардан» бөлек Чжоу әлемінің территориясында олардан көлемі бойынша да, мәдени даму деңгейі бойынша да кем емес басқа да мемлекеттер де өмір сүрді. Олардың ішінде оңтүстіктегі Чу (Янцзыдың орта ағысындағы), У(Янцзы атырауында) және олардан да оңтүстікке қарай
Юэ патшалықтары болды. Бұл мемлекеттердің халқы Оңтүстік-Шығыс Азияның чжуан, мяо, яо, таи және басқа да вьетнамдықтарға туыстас халықтар болды. Чжоу өркениеті Шан-инь мәдениетінің маңызды жетістіктерін қабылдап, ары қарай дамытты (ең алдымен, иероглифтік жазу, қола өндірісі техникасы). Шығыс Чжоу дәуірінде қоладан құйылған еңбек құрал-жабдықтары кең тарады. Шабуыл қаруларының жаңа түрлері пайда болды. Мысалы,Чу мемлекетінде қола атқыш тетігі бар қуатты арбалет пайда болды. Қарастырылып отырған дәуірде жауынгерлік ат арбалардың маңызы барынша артты.
«Орта патшалықтар» территориясында хуася этно-мәдени бірлестігінің қалыптасу процесі жүрді, оның барысында хуасяның басқа әлемдік перифериядан - «әлемнің төрт бөлігіндегі» варварлардан мәдени артықшылығы туралы түсінік пайда болды. Чжунго жэньнің (орта патшалық адамдары) абсолютті мәдени артықшылығы туралы идея осы уақыттан бастап ежелгі қытайлықтардың этникалық келбетінің аса маңызды компонентіне айналды. Айта кетін жағдай, бұл Шығыс Чжоу этноцентристік үлгісінде этникалық ерекшеліктерден гөрі, мәдени ерекшеліктер маңыздырақ болды.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, «орта патшалықтармен» бірге Қытай территориясында басқа да ірі мемлкеттер болды және мемлекеттердің бірқатары қоғамдық дамуы бойынша «орта патшалықтардан» алда болды. Хуасялық емес Чу, У және Юэ патшалықтарының жоғары мәдениеті болғаны соңғы кезеңде ашылған археологиялық деректермен дәлелденді. Орта патшалықтар ғасырлар бойы көрші халықтар мен тайпа топтарымен тұрақты түрдегі қарқынды байланыстар орнатып отырды, осы байланыстардың барысында ассимиляция мен өзара ықпалдастықтың күрделі процесі жүрді. Хуася бірлестігінің қалыптасуына б.з.д. VII-VI ғғ. Орта Қытай жазығына «скифтер әлеміне» жататын солтүстіктің ди тайпасының қоныстануы айтарлықтай ықпал етті. «Бөтен» этностардың жетістіктерін игеру «орта патшалықтардың» әлеуметтік-саяси, экономикалық-шаруашылық және идеологиялық дамуында маңызды роль атқарды.
Б.з.д. I мыңжылдық ортасында ежелгі Қытайдың саяси картасы дәуірдің басындағы жағдаймен салыстырғанда түбегейлі түрде өзгерді: екі жүз мемлекеттік бірлестіктен небары отызға жуығы ғана қалды, солардың ішінен ең ірі жетеуі ерекшелене бастады. Атап айтқанда, перифериялық мемлекеттердің ішінен Цинь, Янь, Чу және «орта патшалықтардың» ішіндегі ең ірілері Вэй, Чжао, Хань және Ци. Осы мемлекеттер арасындағы үстемдік үшін күрес ежелгі Қытай тарихының кейінгі кезеңінің, яғни б.з.д. V-III ғғ. саяси тарихының анықтаушы факторы болды. Бұл дәуір Қытай дәстүрінде «Чжанго», яғни «Өзара жауласушы патшалықтар» деп аталып, ол б.з.д. 221 жылға дейін жалғасты.

4. Б.з.д. I мыңжылдықтың екінші жартысы - б.з. алғашқы ғасырларындағы Қытай.


Б.з.д І мыңжылдықтың ортасынан бастап ежелгі Қытай тарихында экономика мен мәдениетте терең өзгерістермен сипатталған ерекше дәуір басталды. Өндіргіш күштердің дамуындағы бұл түбегейлі өзгерістер б.з.д. VI-V ғғ. темір мен болат өндірісінің пайда болуымен байланысты болды, және ең бастысы темірді балқыту техникасы игерілді, мұның өзі темір бұйымдарды жаппай өндіруді жолға қою негізінде қолөнер мен егіншіліктің тез қарқынмен дамуына мүмкіндік туғызды. Темір құрал-жабдықтардың тарауы өзен аңғарларының шегінен шығып, өңделетін жердің көлемінің айтарлықтай өсуіне ықпал етті. Б.з.д. І мыңжылдықтың екінші жартысының басында Хуанхэ, Хуайхэ және Янцзыдың жоғарғы ағысы бассейндерінде жүйелі гидротехникалық кұрылымдар жасалды. Ирригацияның жолға қойылуымен бірге барлық жерде бірдей интенсивті егіншілікке өту орын алды.
Ауыл шаруашылығындағы негізгі тұлға бұрынғыдай толық құқылы қауымдас-егінші болып қала берді. Мемлекет енді әрбір қауым ауласынан тұрақты түрде жиналатын салықпен күн көретін болды, қауымдастар сондай-ақ әскери міндеткерлік атқарып, мемлекет пайдасына қара жұмыспен де міндеткерлік айналысты.
«Чжаньго» дәуірінде қолөнер өндірісінің жекелеген аудандар бойынша мамандануы байқалып, қолөнердің жаңа салалары пайда болады. Тауар-ақша қатынастары тез қарқынмен дамыды. Жарты миллион халқы бар, сауда-қолөнердің орталықтары ретіндегі қалалар пайда болды. Патшалықтардың кеден саясатынан туындаған ішкі және сыртқы сауданың қиындықтарына қарамастан, тауар нарқы барлық жерлерде бірдей өсті.
«Чжаньго» дәуірінде рынокқа бағдар ұстаған ірі жеке шаруашылықтар қалыптасты. Жеке меншік құлдықтың өріс алуы құл саудасының ерекше дамуына ықпал етті. Соғыс тұтқындары құлдарға айналдырылып отырды.
Патриархалды - құл иеленушілік қанау қауымға еніп, оны іштей ыдырата бастады. Қауым ішіндегі жер қатынастары түбегейлі өзгерістерге ұшырады. Қарызын өтей алмаған борышкер отбасының алқаптары несие берушінің, яғни қауымның жоғарғы ауқатты бөлігінің қолына өтіп жатты. Бірқатар патшалықтарда ресми түрде жерді сатуға, сатып алуға рұхсат берілді, жеке меншік және тауар-ақша қатынастарының дамуына жол ашатын басқа да шаралар іске асып жатты. Бірте-бірте қауым сол қауымның мүшесі ретінде алқаптарды иеленуші жер иелерінің өзін-өзі басқарушы қауымдастығына айнала бастады.
«Чжаньго» дәуірі аса күрделі әскери-саяси оқиғаларға толы болды және түбегейлі қоғамдық өзгерістер орын алды. Қытайдың ежелгі және отрағасырлық тарихында, бұрын-соңды дәл осы дәуірдегідей ерікті халықтың барлық топтарын қамтыған интеллектуалды жарылыс болмаған. Тарихи кезеңде моральдық, этникалық, идеялық-саяси және философиялық ілімдер жасалып, қоғамдық пікір белсенді түрде көрініс тауып отырды. Дәл осы дәуірде ежелгі Қытай қоғамында дәстүрлі, архаикалық қауымдық-діни түсініктердің шеңгелінен босап шыққан жеке тұлғаның жаңа әлеуметтік-психологиялық типі қалыптасты. Онымен бірге сыни философия мен теориялық ғылыми ой пайда болды.
«Өзара жауласушы патшалықтар» дәуірі белгілі дәрежеде, ежелгі және отрағасырлық Қытайдың рухани тарихында өзіндік бір қайталанбас дәуірі болды - идеялардың, дүниетанымдардың, философиялық бағыттардың кең және еркін күресі орын алды, оны ешқандай идеологиялық догма шектемеді. Бұған қарама-қарсы, б.з.д. ІІІ ғ.аяғында қалыптасқан Цинь империясының мемлекеттік іс-шараларының бірі 213 жылы қабылданған эдикт болды. Эдикт бойынша кез келген айтыс, пікір-таластарға өлім жазасы арқылы тиым салынып, сол қоғамды жаман жағынан көрсетуге бағытталған ой-пікірлер мен өткен заман туралы оң пікірлердің айтылуын болдырмау мақсатымен, ән-жырлар мен аңыздарды, даналардың айтқан сөздерін «халықтан тартып алу» жарлық етілді. Мемлекеттік идеология деп жарияланған фацзя мектебінен басқа барлық жеке мектептер заңнан тыс қойылды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   ...   44   45   46   47   48   49   50   51   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет