Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады



бет6/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
3. Ежелгі патшалық
Ежелгі патшалық дәуірі (б.з.д. ХХҮІІІ – ХХІІІ ғ. ортасы) – бұл Египет тарихының бесжүз жылдан аса уақыты, ІІІ, ІҮ және ҮІ манефон әулеттерінің дәуірі. Бұл дәуір, өзінің алдындағы Ерте патшалық дәуірімен байланысты, бірақ Египет дамуының сапалы түрде жаңа кезеңі болып табылады. Жаңа құбылыстар, ең алдымен елдің біржолата, тұрақты түрде бірігуімен, оның саяси және экономикалық біртұтасқа айналуымен анықталды.
Египеттің толық бірігуі және біріккен ел аумағында өндірісті анағұрлым ұтымды ұйымдастыру Египет шаруашылығының барлық салаларының жалпы көтерілуіне үлкен дәрежеде ықпал етті. Ежелгі патшалық ескерткіштері Египет қоғамындағы өндіріс қатынастарының бірқатар маңызды жақтарын зерттеуге мүмкіндік береді. Көптеген құжаттар патша шаруашылығы жайында және сарайда, әкімшілік аппаратында жоғары қызметте жүрген жекелеген адамдардың шаруашылықтары жөнінде мәліметтер береді. Бекзадалар мазарларының қабырғаларындағы кескіндер және оларға берілген қысқаша түсіндірмелер үлкен шаруашылықтың - бекзаданың "жеке үйі" (пер джет) жөнінде түсінік береді. Бұл мазар суреттері египеттіктердің о дүниені осы дүниенің дәл көшірмесі ретінде қабылдайтын діни түсініктерімен байланысты болды, және іс жүзінде осы өмірдің жағдайларын тәкпіштеп тұрып баяндап берді, сондықтан да бұл кескіндемелердің бекзадалардың шаруашылығына тура қатысы бар деп көрсетуге болады.
Мазар рельефтері бекзаданың өзі және оның айналасындағылар жөнінде хабар береді. Әдетте ол құрамына оның әйелі мен балалары, туған бауырлары мен апа-сіңлілері, кейде әке-шешесі, туыстары, үй қызметшілері кіретін үлкен отбасының басшысы ретінде көрінеді. Отбасының кіші мүшелері үй малайларымен бірге усадьба қожасына қызмет етіп, оның шаруашылығын жүргізуге қатысып отырған.
Бекзаданың үлкен шаруашылығы бас усадьбадан және елдің әр түрлі түкпірлерінде орналасқан көптеген иеліктерден тұрды. Әр түрлі қызметкерлер – жазбашылар, бақылаушылар, есепшілер, құжаттарды сақтаушылар «үй шаруашылығын басқарушының» басқаруында болды, сондай-ақ ол бекзаданың «жеке үйінің» бүкіл шаруашылық өміріне басшылық жасады. Ежелгі патшалықтың ірі бекзадалық шаруашылығы өз қожасын оған күнделікті өмірде не қажеттің барлығымен дерлік қамтамасыз етті.
Ежелгі патшалық дәуірінде алқаптардағы еңбекті ұйымдастырудың сипатты формасы тұқым себу мен оны жинау кезінде пайдаланылатын жұмыс отрядтары болды. Ауыл шаруашылығы жұмыстары туралы кескіндеме (рельефтер) мен оған түсіндірме жазбалар бойынша егіншілерге тұқым бекзада шаруашылығының қоймаларынан, қара мал бекзада табындарынан әкелініп отырған, жиналған астық та бекзаданың қамбасына төгілген.
Жұмысшы отрядтары ауыр заттарды тасуда, кемелерге жүк тасуда және басқа да көптеген жұмыстарда пайдаланылған, және оларды қажеттігіне қарай бір жұмыстан екіншісіне ауыстырып отырған.
Мазарлардағы рельефтерге сенсек, бекзада шаруашылығының жұмыскерлері азық-түлікті бекзада қоймаларынан және өндірістерінен – бау-бақшасынан, жайылымынан, азық-түлік басқармасынан алып отырған. Бұл рельефтерде егіншілерге киім-кешек - қысқа алжапқыш және денеге жағатын май беріп жатқаны кескінделген (жұмыскерлер ыстық күнде ашық аспан астында еңбек ететіндіктен денесіне май жағатын болған). Қожаның бергенінен басқа жұмыскердің басқа да қосымша күнкөріс көздері болған тәрізді.
Сол мазар рельефтерінен ұсақ айырбасқа негізделген рыноктың болғандығын байқауға болады. Базарда қызу сауда жүріп жатқандығы бейнеленген: астық, нан, көкөніс, балықты балық аулайтын ілмекке, аяқ киім, айна, моншаққа және басқа да қолөнер бұйымдарына айырбастап отырғаны байқалады. Мұндай рыноктың болуы еңбекшілердің бір бөлігінде артық азық-түліктің болғанын көрсетеді, сондай-ақ қолөнер өндірісінде тұрақты міндеткерлік жүйесі болғандығынан хабар береді.
Бак немесе баку деген терминмен белгілі болған құлдар Ерте патшалық уақытынан бері қоғамда орын алды. Деректер құл базары болғандығын көрсетеді. Құлдардың арасында шетжерліктер де кездесті, бірақ құлдардың негізгі дені жергілікті египеттіктер болған. Ежелгі патшалықтың қоғамдық қатынастары жағдайында өз руластарын құлдыққа салудың жолдарын нақты көрсету қиын. Томаға-тұйық, ірі шаруашылық жағдайында қарыз құлдығының болуы мүмкін емес. Үй малайларының көпшілігі номдар арасындағы өзара қырқыс соғыс кезінде қолға түскен египеттіктердің ұрпақтары болуы мүмкін. Алайда құлдыққа түсірудің басқа да түрлері болғандығы анық. Жоғары шенді қызметкерлер өз өмірбаяндарында өздерінің жақсы қасиеттері мен игі істерін көрсетуге тырысып, әсіресеөз өмірлерінде бірде-бір египеттікті құлдыққа салмағандығын айтып мақтанады. Өйткені патша өз жарлықтарымен египеттіктерді құлдыққа салуға тиым салған. Мұның айғағы египеттіктерді құлдыққа салу, көп жағдайда патша билігі әлсіреген Ежелгі патшалықтың аяғына қарай көбейгендігін жанама деректер көрсетеді.
Египет мемлекетінің басында патша тұрды, әдебиетте ол перғауын деген атаумен белгілі. Жаңа патшалық дәуірінде патшаны пер'о – «үлкен үй» (сарай) деп атаған, ал патшаның есімі киелі деп есептеліп, оны атауға тиым салынған.
Египет патшасы экономикалық, саяси және сондай-ақ жоғарғы абыз биліктерін қамтыған шексіз билікке ие болды. Патшаға Құдай ретінде табыну орын алды, кейде, тіпті одан да жоғары қойылды. Мысалы, Ежелгі патшалықтың гүлдену дәуірінде пирамидалар – патша мазарлары Құдайлар құрметіне салынған храмдардан сән-салтанаты, ауқымы жағынан барынша асып түсті.
Патшаның маңызды көмекшісі ең жоғарғы мәртебелі қызметкер – чати(уәзір) болды. Ол патша атынан елдің бүкіл шаруашылық өміріне және жоғарғы сот ісіне жетекшілік етті. Чати көп жағдайда басқа да маңызды қызметтерді қатар атқарып отырды, алайда ол тек соғыс ісіне ғана басшылық жасамады, бұл саланы екінші ірі шенеунік – әскер бастығы басқарды.
Бір кездері тәуелсіз болған номдар, біртұтас мемлекеттің құрамына ене отырып, оның жергілікті әкімшілік-шаруашылық аймақтарына айналды. Ежелгі патшалықтың ең бір гүлденген дәуірінде, яғни ІҮ әулет тұсында номдардың орталық билікке толықтай бағынғандығы белгілі. ІІІ және ІҮ әулет дәуірінде астаналық жоғарғы шонжарлар патшамен қандық туыстықтағы тар ғана топтан тұрды. Орталықтанған басқару аса ірі, тармақталған және мамандандырылған бюракратиялық аппараттың көмегімен іске асырылды.
Египет әскерінің бірден-бір түрі жаяу әскер болды. Египет шекаралары дуалдармен қорғалды, онда әскери гарнизондар орналастырылды. Бір қызығы – полиция қызметін ежелгі дәуірлерден-ақ египеттіктер өздеріне бағындырған солтүстік нубиялықтар – маджайлар атқарды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет