Ежелгі дүние тарихы жетістіктері мен қасіреттері тікелей адамзаттың одан арғы дамуын анықтаған көне өркениеттердің тарихы болып табылады


Білімін тексеруге арналған сұрақтар



бет4/92
Дата08.09.2022
өлшемі442,2 Kb.
#38696
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92
Байланысты:
annotation15107

Білімін тексеруге арналған сұрақтар:

  1. Палестина жерінде қай кезеңде астық өсіріле бастады?

  2. Homo Sapiens пайда болуы қай дәуірге жатады?

  3. Мезолит дәуірі қандай адамзат тарихындағы қандай жаңалығымен ерекшеленеді?



ІІ ТАРАУ


ЕГИПЕТТІҢ ЕРТЕ ЖӘНЕ ЕЖЕЛГІ ПАТШАЛЫҚТАРЫ




1. Мемлекеттің пайда болуы
Әлемнің ең көне өркениетінің бесігі Шумер болды ма, әлде Египет пе әлі күнге дейін белгісіз, мүмкін Африканың солтүстік-шығысында Ұлы Нілдің жағалауында пайда болған өркениет неғұрлым көне болған шығар. Қалай болғанда да орталықтандырылған мемлекет әлемдік тарихта ең алғаш рет осы жерде пайда болғаны даусыз.
Ежелгі Египеттің шекараларын табиғаттың өзі дәлдеп сызып бергендей, оның оңтүстік межелері қазіргі Асуанға жақын, Жерорта теңізі жағалауларынан 1300 шақырым қашықтықта орналасқан, өтуге қиын алғашқы Ніл шоңғалы болды, батыста өзенге Ливия қыраттарының құмды жоталары тиіп тұрды, шығыстан ешқандай тіршілік белгісі жоқ тастақты тау сілемдері қоршайды. Алғашқы бастауларынан төмен қарай Ніл суы тар ұзын аңғар бойымен қатаң түрде тек солтүстікке ақты, бұл жердегі оның ені 1-ден 20 шақырымға дейін ауытқып отырды (Жоғарғы Египет), тек сағадан 200 шақырым қашықтықта, ертеде өзен бірнеше тармаққа бөлініп кеткен жерден бастап аңғар кеңейе түсіп, атақты Ніл Атырауын жасады (бұл жер төменгі Египет деп аталды). Египеттен мыңдаған шақырым қашықта орналасқан Нілдің бастаулары ол дәуірде египеттіктерге белгісіз болды. Ал іс жүзінде дәл осы бастауларынан өзеннің өзіндік ағыс тәртібінің себептерін табуға болатын еді. Алғашқы Ніл шоңғалынан оңтүстікке қарайғы 2 мың шақырым жерден, қазіргі Суданның астанасы Хартум тұсында екі өзен – Көкшіл және Ақ Ніл қосылады. Ағысы қатты Көкшіл Ніл таудың ең биігінде орналасқан Эфиопиядағы Тана көлінен бастау алады, Орталық Африканың ұлы көлдері мен сазды жазықтары арқылы аңғары кең, суы көп Ақ Ніл баяу қарқынмен ағады. Көктемде, Эфиопия тауларында қар ерігенде, ал тропикалық Африкада жаңбырлы маусым басталғанда, Нілге құятын өзендер өзімен бірге шайылып кеткен тау жыныстары мен қалың тропикалық өсімдіктердің органикалық қалдықтарына толы суды жұтып алып, Нілге береді. Шілденің ортасында су тасқыны Египеттің оңтүстік шегіне жетеді. Кейде әдеттегі мөлшерден он есеге дейін өсіп кететін су тасқыны бірте-бірте бүкіл Египетті басады. Су тасқыны өзінің ең жоғарғы нүктесіне тамыз-қыркүйекте жетеді, бұл кезде оңтүстікте 8-10 м-ге биіктейді. Қарашаның ортасында су тез қарқынмен төмендей бастайды да, өзен қайтадан арнасына түседі. Осы 4 ай ішінде Ніл суымен келген органикалық және минералды бөлшектер жұқа қабатпен су жайылған алқапқа шөгеді.
Осы тұнба бірте-бірте Египеттің құнарлы топырағын қалыптастырған еді. Елдің салынды топырағы – өзеннің, оның жыл сайынғы тасқын кезіндегі мыңдаған жылдардан бері келе жатқан қызметінің нәтижесі. Жоғарғы Египет аңғарының тасты тар жотасы да, кезінде теңіз шығанағы болған төменгі Египет те жұмсақ, кеуек Ніл тұнбасымен, шөгінділерінің терең қабатымен жабылған. Дәл осы аса құнарлы, жеңіл өңделетін топырақ елдің негізгі байлығы, оның тұрақты түрде түсіп отыратын мол астығының негізі болып табылады. Ылғалданған, тұқым себуге дайын тұрған Ніл аңғарының жері қап-қара боп жылтырап жатады. Елдің ежелгі тұрғындары оның осы ерекшелігін байқай отырып, өз елін Кемет, яғни Қара деп атаған; солтүстік Африканың сұрықсыз табиғат жағдайларында (ыстық, құрғақ климат) тек Ніл тасқыны арқылы ғана жасалған тұнбалы қара жерде ғана адамдар мекендей алды және олардың өмір сүруінің негізгі көзі суғармалы егіншілік болды.
Ніл жайылмасы ең алғашқы адамдарды құшақ жайып қарсы алмағандығы белгілі. Ніл қамысы – папирустың адам өте алмайтын нуы және жағалау бойындағы акациялар, ойпаңды Атыраудың батпақты жерлері, қалың шыбын-шіркейлер, тағы аңдар мен улы жыландар және ақырында, тасқын кезінде жолында кездескеннің бәрін шайып кететін дүлей өзен. Осының барлығы бұл аймақты адам тіршілігі үшін қолайсыз етті. Сондықтан да аңғарда адамдар тек неолит дәуірінде, анағұрлым жетілген тас құралдар пайда болып, өндірістің әр түріне дағдыланған кезде ғана келіп қоныстанды және белгілі бір сыртқы жағдайлардың қысымымен амалсыздан келген болуы керек.
Неолит дәуірінде (б.з.д. ІҮ мыңж. дейін) Ніл аңғарының шегінде егіншілік дағдылары да бар малшы тайпалар пайда болды. Б.з.д. ҮІ-ІҮ мыңжылдыққа жататын кейінгі неолит дәуірінің қоныстарында археологиялық қазба жұмыстарын жүргізгенде оның тұрғындары отырықшы өмір сүріп, егіншілікпен айналысқандығын (бізге дейін тас диірмендер, шақпақ тасты тістері бар ағаш орақтар, сұлының және бидайдың тұқымдары жеткен), мал шаруашылығымен (бұқаның, қойдың, шошқаның сүйектері табылды), аңшылықпен, балық аулаумен, егіншілікпен айналысқандағын көрсетті. Аңғардың шектерінде ғана өмір сүрген адамдар әлі де болса Нілден қорықты, оны ауыздықтауға тырысқан да жоқ болатын.
Мыс құралдардың пайда болуымен және энеолит (мыс-тас ғасыры) дәуіріне аяқ басуға байланысты адамдар Ніл аңғарына батыл түрде ене бастайды. Мыңдаған жылдар бойы Ніл өзінің тұнбасымен аңғардың деңгейімен салыстырғанда анағұрлым биік жағалаулар жасады, сондықтан да жағалаудан жазыққа қарап табиғи ылди пайда болды, су тасқыннан кейін бірден өз арнасына түскен жоқ, ол бірте-бірте аңғарға жайылып тарады. Өзенді ауыздықтау үшін, тасқын кезіндегі су ағынын реттеп отыру үшін адамдар жағалауларды күшейтті, жағалаулық бөгеттер тұрғызды, өзен жағасынан тау етегіне дейін көлденең плотиналар жасады, бұл су алқаптардағы топырақ әбден қанғанға дейін және суда қалқып тұрған тұнба топыраққа шөккенге дейін тұру үшін қажет болды. Су жинайтын каналдарды қазу да көп күшті керек етті, бұндай каналдар арқылы алқаптарға су дәл тұқым себудің алдында ғана жіберіліп отырылды.
Осылайша, б.з.д. ІҮ мыңжылдықтың бірінші жартысында елдің ирригациялық шаруашылығының негізі болған (осы жүйе ХХ ғ. 50-жылдарына дейін үстем болды) суғарудың бассейндік жүйесі жасалды.
Ирригациялық жүйені жасау жолындағы күрес процесінде ру-тайпалық қауымның қоғамдық өмірінде, еңбек процесі мен өндірісті ұйымдастыруғы маңызды алға басуларға байланысты айтарлықтай өзгерістер орын ала бастады. Болған оқиғалар туралы ешқандай мәліметтер қалмағандықтан, оларды тек болжаммен ғана қалпына келтіруге болады. Бұл уақытта көршілік қауым болған тәрізді. Тайпа көсемдері мен абыздардың дәстүрлі қызметі де өзгеріске ұшырады – оларға күрделі ирригациялық жүйені ұйымдастыру және басқару жауапкершілігі жүктелді, сөйтіп көсемдер мен олардың ең жақындары қолында басқарудың экономикалық тұтқалары шоғырланды. Мұның өзі сөзсіз мүліктік жіктеліс басталуына алып келер еді. Экономикалық жағынан үстемдік етіп отырған топ өзінің пайдасына орай қалыптасқан қоғамдағы жағдайын сақтап қалу құралдарын жасауға тиісті болды, қауым мүшелеріне саяси билік жүргізудің осындай құралдары сол уақыттың өзінде жасалған болуы керек, мұның өзі қауымның сипатының өзгеруіне белгілі дәрежеде ықпал еткені анық. Осылайша ирригациялық жүйелер жасау жағдайында оқшау ирригациялық шаруашылық шеңберінде адамдар бірлестігінің өзіндік бір түрі қалыптасты, оған көршілік қауымның белгілері де, ең алғашқы мемлекеттік құрылым белгілері де тән болды. Дәстүр бойынша біз мұндай қоғамдық ұйымдарды ном деген грек терминімен атайды.
Әрбір дербес ном - жергілікті ирригациялық жүйе шеңберінде территориясы бар, біртұтас шаруашылық бірлік болды, оның әкімшілік орталығы - дуалдармен қоршалған бекіністі қалада ном билеушісі мен оның жақындары және жергілікті құдайдың храмы орналасты.
Біртұтас Египет мемлекетінің құрылуы қарсаңында мұндай номдардың саны шамамен 40 болды. Жоғарғы Египеттің тар аңғары жағдайында Нілдің сол және оң жағалауында орналасқан әрбір ном өзінің оңтүстік және солтүстік көршілерімен түйісіп тұрды, ал төменгі Египеттің номдары көбіне бір-бірінен сазды жерлер арқылы бөлініп жатты. Бізге дейін жеткен деректер номдардың біріккен Египеттің құрылуына дейінгі тарихын зерттеу үшін жеткілікті деректер бермейді, кейін бұл номдар біртұтас Египетке жергілікті әкімшілік-шаруашылық бірліктері ретінде енген еді. Төменгі және жоғарғы Египеттегі жекелеген номдар аймақтағы үстемдік үшін бір-бірімен үздіксіз күрестер жүргізіп отырды, осы күрестің нәтижесінде ірі ном бірлестіктері пайда болып, оны жеңіске жеткен, ең күшті номның билеушісі басқаратын болды. Ең соңында, б.з.д. ІҮ мыңжылдықтың екінші жартысы шамасында елдің оңтүстігі мен солтүстігінің номдары Жоғарғы Египеттік және Төменгі Египеттік патшалықтарға бірікті.
Жоғарғы (Оңтүстік) Египеттің ең қиыр оңтүстігіндегі номдардың бірі (орталығы Иероконполь қаласы болған) Жоғарғы Египет номдарын біріктірді. Солтүстіктің біріктірушісі орталығы Буто қаласы болған Атыраудың батыс бөлігінің номы болды. Жоғарғы Египет патшалары ақ түсті тәж кисе, Төменгі Египет патшалары қызыл түсті тәж киді. Біртұтас Египеттің құрылуымен бұл патшалықтардың ақ-қызыл қос тәжі ежелгі Египет тарихының аяғына дейін патшалық биліктің символы болды.
Египеттегі үстемдік жолындағы ұзаққа созылған қиян-кескі күрес жөнінде де көп мәліметтер сақталмаған. Біз тек бұл күресте б.з.д. ІҮ мыңжылдық аяғында экономикалық жағынан қуатты жоғарғы Египеттің жеңіске жеткенін білеміз.
Жекелеген номдардың, сондай-ақ анағұрлым ірі бірлестіктердің де күшімен елдің бүкіл ирригациялық шаруашылығын қажетті деңгейде жүргізу мүмкін болмады. Бірнеше номдардың бірігуі, ал кейіннен бүкіл Египеттің бір бүтінге бірігуі суғару жүйесін жетілдіріп отыруға, оларды үнемі және ұйымдасқан түрде жөндеп, каналдарды кеңейтіп, дамбаларды нығайтып және сондай-ақ бірлескен күшпен батпақты жерлерді игеруге және жалпы Ніл суын тиімді пайдалануға мүмкіндік берді. Египеттің одан арғы дамуы үшін аса қажет бұл шаралар тек орталықтандырылған әкімшілік басқару құрылғаннан кейін бүкіл елдің ортақ күшімен ғана іске асырылатын еді.
Табиғаттың өзі Жоғарғы және Төменгі Египеттің экономикалық жағынан бірін-бірі толықтыруына жағдай жасаған тәрізді. Тар ғана Жоғарғы Египет аңғары егістікке қолайлы болса, ал мал жаюға келмеді, керісінше Төменгі Египеттегі Атыраудың құрғатылған саздары мал жаюға ыңғайлы болды.
Сөйтіп ІҮ мыңжылдық аяғына қарай Египет тарихының әулеттерге дейінгі дәуірі аяқталды, бұл дәуір Ніл аңғарына таяу жерлерде ең алғашқы егіншілікпен айналысатын мәдениеттердің пайда болуынан елдің мемлекеттік біртұтастыққа жетуіне дейін созылды. Дәл осы әулеттерге дейінгі дәуірде экономиканың негізі ирригациялық егіншілік болған мемлекеттің іргесі қаланды. Әулеттерге дейінгі дәуірдің аяғына қарай Египетте жазу пайда болды, ол қалыптасып жатқан мемлекеттің шаруашылық мұқтаждықтарымен байланысты туындаған болуы керек. Осы уақыттан бастап әулеттік (династиялық) Египет тарихы басталады.
Ніл аңғарын игерген және осыншама ерте дәуірде өзіндік бір ұлы өркениет құрған халық қазір өлі тіл болып саналатын египет тілінде сөйледі. Осы тілдегі ең алғашқы жазба деректер әулетке дейінгі дәуірдің аяғына жатады, соңғы иероглифтік жазу б.з.д. ІҮ ғ. тән болды. Египет тілі афразиялық немесе семит-хамиттік тілдердің африкалық топтарының біріне жатты.
Әулеттік Египеттің аңызға айналған Менес патшадан Александр Македонскийге дейінгі, шамамен б.з.д. ХХХ ғасырдан б.з.д. ІҮ ғасырдың аяғына дейінгі тарихын дәуірлерге бөлу Манефон дәстүрімен байланысты. А. Македонский жорықтарынан кейін Египетте өмір сүрген абыз – Манефон грек тілінде екі томдық “Египет тарихын” жазған. Өкінішке орай, оның шығармаларының тек үзінділері ғана жеткен.
Манефон әулеттік Египеттің тарихын үш үлкен кезеңге – Ежелгі, Орта және Жаңа патшалықтарға бөледі, аталған патшалықтардың әрқайсысы он әулетке бөлініп, барлығы 30 әулетті құрайды. Соңғы кезеңде Манефон дәстүріне бірқатар өзгерістер енгізілді, ең алғашқы екі әулет Ерте патшалыққа, ал ХХІ әулеттен басталатын соңғы әулеттер Кейінгі патшалыққа жатқызылатын болды.




Достарыңызбен бөлісу:
1   2   3   4   5   6   7   8   9   ...   92




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет