ТҰТҚЫНДАРҒА ЖАСАЛҒАН ЗОРЛЫҚ ПЕН ҚОРЛЫҚ Тұтқынға түскен Қызыл әскер жауынгерлері мен командирлерінің тағдыры әрқилы болды. Немістің әскери қызметкерлері ызаланған кезде немесе жай көңіл көтеру үшін болмаса жинақтау бекетіне апаруға ерінгендіктен ғана әрбір тұтқынды ешбір заңды жауапкершіліксіз ата салуы мүмкін болған. Соғыстың алғашқы күндері ғана емес, кейіннен де тұтқынға түсіп қалған жауынгерлерді негізсіз, себепсіз өлтіру жағдайлары көп болған. Тұтқында озбырлық, зорлық пен қорлық, тіпті хайуандық жиі кездескен. Мысалы, 1942 жылы қырым трагедиясының бір куәгері мынадай суреттеме берген: «Тұтқындар өткен жердің үсті толған қан, өлген және өлтірілген мәйіттерге толы болған».
Әскери тұтқындар терең тылға платформасы ашық теміржол вагондарымен және жабық тауар вагондарымен тасымалданған. Оларды малға ұқсатып, 40-50 адам сыятын бір вагонға 80-100 адамнан кіргізген. Ол вагондарда не жатын орын (төсек), не пеш, не су құйылған ыдыстар, не қол жуғыш, тіпті дәретханалар да болмаған. Жол бойы адамдарға тамақты өте сирек берген, 3-5 тәулік бойы аш болған. Жазда тұтқындар ыстық пен оттегінің жетіспеушілігінен қысылса, қыста суықтан тоңып, қатып жатқан. Станцияларға барып жеткен эшелондарда ондаған, тіпті жүздеген мәйіттер болған. Поляк тарихшысы Ш.Датнердің пікірінше, «тасымалдау кезіндегі шығынның» 200-250 мыңы кеңестік әскери тұтқындары құраған.
Жүздеген шақырымды жаяу жүріп, аш-жалаңаш болса да, тірі қалған тұтқындар әскери тұрақты лагерьлерге барып, тағы да сынаққа түсті. Олардың өмірі көбінесе күзетшілердің іс-әрекеттеріне байланысты болды. Ал концентрациялық лагерьлерде күзетті СС әскері жүргізді. Көптеген жағдайда әскери тұтқындардың арасында болып жатқан жағдайды ұғып-түсініп жатпай-ақ, автоматты қарудан оқ атқан, топтасқан адамдардың арасына гранат лақтырған, кейде тіпті көңіл көтеру үшін оларды негізсіз өлтірген. Соғыстың соңғы кезеңінде де Германияның түпкі аймақтарына эвакуациялау кезінде көптеген әскери тұтқындар неміс жауынгерлерінің жауыздығынан қаза тапқан. Әскери тұтқындарға арналған неміс лагерьлерінде 1941 жылдың соңы мен 1942 жылдың басында орын алған аштықтан адамдар шөп, құрғақ жапырақ, ағаштардың қабығын, өлген жануарлардың етін жеп, түрлі қорлықтарға көнген.