ТҰТҚЫНДАРТҰРАҚТАҒАН ЛАГЕРЬЛЕР: Әсіресе, тұтқынға түскен алғашқы күндер мен айлар тұтқындар үшін аса қиын, ауыр болды. Бастапқыда олар дивизиялық жинақтау бекеттеріне, содан соң «дулагтарға» (айдауға жөнелтетін аралық лагерьлер) жинақталды. Содан соң қатардағы жауынгерлер мен кіші командирлер «шталагтарға», ал офицерлер «офлаг» деп аталатын арнайы лагерьлерге жөнелтілді. Ал «шталагтар» мен «офлагтардағы» әскери тұтқындар концентрациялық және жұмыс лагерьлеріне айдалды. Әскери тұтқындардың саны аса көп болған кезеңде Остланд, Украина, Польша генерал-губернаторлығы, Австрия, Чехословакия, Германия, Норвегия, Финляндия және Румыниядағы рейхскомиссариаттардың аумағында әскери тұтқындарға арналған лагерьлердің саны 2 670-ке жуық болды. Кейінірек тұтқындар топтастырылып, неміс әскері басып алған бүкіл Еуропа аумағына таратылды.
Әсіресе, Смоленск, Каунас лагерьлерінде, сондай-ақ Бяла-Подляска, Бобруйск, Иван-город, Кельце, Острув-Мазовецки және басқа да елді мекендердің түбінде орналасқан лагерьлерде жағдай аса қиын болды. Острув-Мазовецки қаласы маңындағы бір лагерьде ғана 1941 жылы күзде ажал құшқан әскери тұтқындардың саны тәулігіне 1 000 адамға дейін жетті. Ал немістердің құжаттарындағы деректер соғыс басталған күннен 1942 жылы жазға дейінгі аралықта күн сайын 6 мыңға жуық кеңестік әскери тұтқын қаза тапқанын көрсетеді. 1941 жылы 14 желтоқсанда оккупацияға түскен шығыс аумақтарының рейхсминистрі А.Розенберг Гитлерге: Украинадағы лагерьлерде «аштық нәтижесінде күнделікті 2 500-ге жуық әскери тұтқын қайтыс болады» деп мәлімдеді.
Немістердің әскери тұтқындарға арналған лагерьлері белгіленген халықаралық нормалар мен конвенцияларға сай келмеді. Соғыстың алғашқы жылдары тұтқындар жай ғана далада, тікенді сымнан жасалған қоршауда орналасты. Кейбірде олар мал қораларға, қоймаларға, фермаларға, стадиондарға, жарылыстан бұзылған казармаларға және тіпті шіркеулерге қамалды. Күн суыған кезде олар жерге ін қазып, сол індерге жататын болды. Кейіннен, 1942 жылы Германия жұмыс күшіне мұқтаж болғаннан бастап тірі қалған тұтқындардың жағдайы жақсара бастады, яғни олар от жағылмайтын болса да, жатын орындары бар жабық жайларға орналастырылып, олардың күндік тамақтану мөлшері 2 540 калорияға дейін артты. Фашистік лагерьлердегі кеңестік әскери тұтқындардың өлімі 57,8%-ға жетті.