Мысырлықтардың ең басты құрыптары ежелгі замандардан тамыр тартқан жерлеу культімен байланысты болып, ол үнемі даму үстінде сұраныста болды. Мысырлықтар үшін о дүние соншалықты қорқынышты әрі үрейлі болған жоқ. Өздерінің о дүниелік өмірін олар жер бетіндегідей ұйымдастырып, алдын ала дайындауға қауқарлымыз деп есептеді. Ал қабірхананы олар жаңа үйретінде қабылдап, оның ішіне тамақ, киім, қару-жарақ пен асыл заттарын жинауға тырысты. Осындай қабірханалардан табылған заттар мен қабырға суреттері кейінгі ғалымдарға мысырлықтардың наным-сенімі мен өмір сүру тәртібінен, әлеуметтік жағдайы мен қоғамдағы рөлінен көп хабар берді. О дүниелік өмірдің бар екеніне және оның міндетті түрде жалғасатынына деген сенім мысырлықтарды мүрдені мумификациялау ғұрыпына алып келді. Өйткені о дүниелік сапарға мүрде бұзылмаған, шірімеген күйі жету үшін оның ұзақ уақытқа сақталуын мумиялау арқылы қамтамасыз етіп отырды. Осы сақтықты арттыру үшін қабірханалардың едендері ең мықты материал гранит тасынан жасалатын.