Б.з. б. XI – IX ғасырлардағы Грекия. Б.з.б. XI – IX ғасырларда ежелгі Грекия жерінде бірте-бірте алғашқы қауымдық құрылыс ыдырап, құл иеленушілік құрылыстың белгілері пайда болды. Руластар арасында теңдік жойылды. Ру мүшелерінің кейбірі байып, ал кейбіреулері кедейленді. Соның ішінде ру мен тайпа көсемдері байи түсті. Оларды шонжарлар деп атады. Ал кедейленген руластар шонжарлардың жерін жыртып, малын бақты, кейбіреуі құлға айналды.
Б.з.б. XI – IX ғасырларда гректердің негізгі кәсіптері мал және егін шаруашылығы болды. Аттиканың егіншілері арпа екті. Арпа құрғақшылыққа төзімді әрі тез пісетін еді. Одан күлше мен ботқа пісірді.
Грекияның орта және оңтүстік аймақтарында жүзім мен зәйтүн ағашын егу кең өріс алған. Зәйтүн ағаштарын өсіру қисапсыз еңбекті талап етті. Зәулім ағаш жемісін қолмен жинап отырған.
Зәйтүн жемісінің дәні ерекше майлы болып келеді. Оның майының ең жақсы түрлері тамаққа, дәрі-дәрмекке, ал нашар түрі шырақ жағуға пайдаланылды. Шырақты былай жасаған. Майды қыштан, қоладан жасалған білтелі, жіңішке шамдарға құйды. Соның нәтижесінде үйлеріне жарық сәуле түсіп тұрды.
Грекияның төбе беткейлерінде жүзім егілді. Жүзім шырындарынан шарап жасаған.
Грекияда б.з.б. XI ғасырдан бастап темір өңдей бастаған. Темірді өңдеумен бірге, әр түрлі темір құралдарын жасады. Темір құралдарын пайдалану нәтижесінде жер өңдеу ісі жеңілдеді. Астық егетін егіс көлемі ұлғайды.
Ежелгі гректер ағаштан кемелер жасаған. Олар үлкен қайықтарға ұқсаған. Гректер бұл кемелермен алыс сапарларға тек тынық күндері ғана, күндіз шығатын. Олар теңізден балық аулаған.
1. Картадан Грекияның орналасқан жерін көрсетіңдер.
2. Крит және Ахей мемлекеттері Грекияның қай бөлігінде орналасқан?
3. Контур картаға Грекияның Аттика, Пелопоннес аймақтары мен Лаконика, Спарта және
Мессения жерлерін түсіріңдер.
4. Ежелгі Крит пен Ахей мемлекеттерінде таптар мен мемлекеттердің болғанын оқулық
мәтініндегі материалдарды пайдалана отырып дәлелдеңдер.
5.Ежелгі Грекияда шаруашылықтың қандай түрлері болған?