Екпін түскен буын


Дәріс №10 Дауыс кідірісі. Кідірістің түрлері



бет2/2
Дата14.10.2023
өлшемі18,81 Kb.
#114667
1   2
Байланысты:
f651f85ec056670

Дәріс №10
Дауыс кідірісі. Кідірістің түрлері

Тілдің құрылыс материалы сөз болса, сөздер белгілі бір тиянақты ойды білдіру үшін бірімен-бірі жалғасып сөйлем құрайды. Сөйлем бір, я бірнеше мағыналы сөз тобынан немесе сөз тіркесінен тұрады. Ондай сөз тіркестері сөйлемде жалғаулықсыз интонация арқылы да, жалғаулықпен де іштей жымдасып, байланысып келеді. Жазуда олар тыныс белгілерімен, жалғаулықтармен ажыратылса оқуда дауыс ырғағы, пауза, айырым, екпін арқылы дараланады.


Сөйлеген сөз не оқылатын текстегі сөйлемдер ешбір толассыз шұбатылып айтыла бермейді, олардың арасында белгілі бір үзіліс, толас болады. Кідіріс деп сөз түйдегі арасындағы не сөйлем араларындағы толасты айтады. Мәнерлеп оқуда, не әңгімелеп беруде кідірістің өзіндік маңызы бар. Оқығанда дауыстың үзіліс, сәл іркіліс жасауы жай ғана кідіріс емес. Ол – әдеби текстің мән-мағынасын ашып беру тәсілі болып табылады. Мерзім мөлшері шамасына қарай кідіріс әрқалай келеді. Кідіріс ұзақ, орташа, қысқа болып келеді. Қысқа кідірістер сөйлемдегі сөз дестелерін бөліп тұрады. Ал орташа толасты – логикалық кідіріс дейді. Логикалық кідіріс көбіне аяқталған, тиянақталған ойды білдіреді, сөйлемнің арасын, тіпті текст бөлімдерін жалғастырады. Сол себепті оны бір ойдан екінші ойға ауысудың хабаршысы деуге де болады.
Алайда сөз түйіні үзілістің ұзақтығында ғана емес, мазмұнына байланысты болады. Кейде ұзақ толас психологиялық кідірісіне айналып кетеді де, көркем сөйлеудің мәнерлі тәсілі ретінде сөз мағынасын күшейтеді.
Дыбыстардан сөз, сөзден сөйлем, сөйлемнен текст құралатыны тәрізді көркем шығармаларда бірнеше бөлімнің аралығында жасалатын дауыс кідірісін психологиялық кідіріс деп аталады. Психологиялық кідіріс – ойды үнсіз емеурінмен жеткізу тәсілі. Үнсіз толас жасаудың өзінде салмақты мән жатыр, өйткені ол сөзді көзқарастың түрлі өзгерісімен, пішіннің құбылуымен, сондай-ақ қарым-қатынас жасауда өзінен-өзі не әдейі қолданылатын болар-болмас қимыл әрекеттерімен толықтырады.
Психологиялық кідіріс арқылы оқушы әдеби кейіпкердің іс-әрекетіне өзінің көзқарасын білдіреді, текстен алған әсерін тілмен жеткізе алмаған қалпын, ішкі сезімін ұзақ пауза, үнсіз тілмен жеткізуді тыңдаушы назарын өзіне қаратып бірден баурап алады. Осындай қасиеттеріне қарап К.С.Станиславский психологиялық «паузаны» «үнсіз қызыл тіл» деп жоғары бағалаған.
Кідіріс сөйлеуде, оқуда адамның көзқарасы, қас қабағына, қабілетіне ойнап шыға келген жылылық пен ашу, ызаның лебі, байқалар-байқалмас жасалған ым, мимикалармен толыса келе адамдар арасындағы бетпе-бет, тікелей қарым-қатынастың пәрменді құралына айналады.
Жазушының көркем туындысында қат-қабат оқиға, сан түрлі қимыл-әрекеттің бәрін тізіп жатпай, соның шет пұшпағын ғана көрсетіп, кейбір детальдарын оқырманның іштей қорытуына қалдырған ойдың орны оқуда кідіріс арқылы толысады.
Кідіріс дауыс толқынынан, дауыстың соқпа-соқпасынан тұрады. Кідірістің түрленуі сол дауыс толқындарының мөлшеріне байланысты. Олар неғұрлым шамалас, мөлшерлес болып келсе, соғұрлым тіліміздің, сөзіміздің үнділігі мен үйлесімі артпақшы. Сондай дауыс толқынымен дауыс ырғағы поэзиялық шығармаларда айқын естіледі. Сондықтан өлеңді оқуда, тыңдау да, түсіну де жеңіл және ол әсем де әсерлі болмақ.
2 2 3
Ғылым таппай мақтанба, 7
2 2 3
Орын таппай баптанба, 7
4 3
Құмарланып шаттанба, 7
2 2 3
Ойнап босқа күлуге. (Абай) 7

Немесе
3 2 1 1 4


Жасымда ғылым бар деп ескермедім, 11
3 2 2 4
Пайдасын көре тұра тексермедім. 11
1 2 1 3 3
Ер жеткен соң түспеді уысыма, 11
3 4 1 3
Қолымды мезгілінен кеш сермедім. (Абай) 11

Бұл екі өлеңді оқып, оның әрқайсысына кеткен уақытты салыстырса, оқуға жұмсалған уақыт мөлшерінің бірдей еместігі байқалады. Себебі өлеңнің тармақ саны бірдей болғанмен ондағы тиянақты ойдың берілуі, жекешелер мен сөз тобы бірінде өте жинақы оқылатын, екіншісінде жалғасқан баяу үнмен созылыңқы оқылады.


Мәтін осындай бірде жылдам, бірде баяу, бірде қысқа, бірде ұласқан үнмен оқылуын оқу жылдамдығы делінсе, буынның, сөздің, сөз тізбегінің белгілі бір мөлшерде оқылуын дауыс ырғағы деп атайды. Бұлардың тексте мөлшерлес болып келуін дауыс өлшемі дейді. Ондай өлшем мен ырғақ үйлесімін өлеңнен анық байқауға болады. Мысалы:
Ақ киімді денелі ақ сақалды,
Соқыр-мылқау танымас тірі жанды,
Үсті-басы ақ қырау, түсі суық,
Басқан жері сықырлап келіп қалды.
Өлеңнің бір шумағы төрт тармақты, он екі бунақты әр тармақ он бір буыннан тұрады. Бунақ саны да мөлшерлес (әр тармақтың орта бунағыүш буыннан да қалғаны төрт буыннан). Өлеңнің 1, 2, 4 тармақтарының бір-бірімен ұйқастығы іштей мазмұнға байланысты болса, сырттай дауыс ырғағын тудырып тұрғандығы дәлелдеуді керек етпейді. Мұндай құбылыс өлеңге тән қасиет. Айырмашылық буын санында, бунағында, тармағында, шумағында болуы ықтимал. Дауыс ырғағын сақтап оқу үшін оқушы өлеңді бір рет көз жүгіртіп оқиды. Дауыстың соқпа-соқпасын бунақ пен буын санын ойдан қорытады немесе жоғарыда көрсетілгендей өлең шумағын тақта-тақтаға бөледі, дауыс кідірісін мөлшеріне қарай белгілейді.
Сөйтіп, логикалық кідірісті текстің мағыналық түйінін меңзеуге, ойды ұштауға қолдансақ, психологиялық кідірісті тыңдаушылардың көңіл-күйіне әсер ету үшін пайдаланамыз. Мәнерлеп оқуда көбірек қолданылатын, жиі ұшырайтын кідірістер – грамматикалық кідірістер немесе нормативтік дауыс ырғағы деп аталады. Бұл кідіріс сөйлемде тыныс белгілерін дұрыс қоюға тікелей байланысты. Психологиялық кідіріс сөйлеушінің толғаныс тебіреністерімен байланысты. Бұл көркем сөз орындаушының хабарлап тұрған жайтқа деген өз көзқарасына, сөз төркініне, сөз астарына байланысты болады. Сөйтіп бұл жайт оның творчестволық жұмысын сипаттайды. Мұндай кідірістер текстің басында, ортасында, соңында келе беруі ықтимал. Сөйлеу қарқыны да сөздің нақышты шығуының әсерлі тәсілдерінің бірі. Дауыс қарқынының түрлі реңктерін пайдалану сөзге ерекше бір өріс, ойнақылық, нақыш береді. Егер сөз бір қалыпты солғын үнмен қарқынсыз сөйленсе, ол өңі қашып сүреңсіз шықпақ. Дауыс қарқынын пайдалану ережесі мынандай: тексті баяу қарқынмен оқу. Шығарма баяу қарқынмен орындалса, оның түрлі реңктері ерекше айқындалып, сөз мәнерлі шығады.


Сұрақтар:

  1. Кідіріс дегеніміз не?

  2. Кідірістің неше түрі бар?

  3. Психологиялық кідіріс дегеніміз не?

  4. Қазақ тілінде неше тыныс белгісі бар?


Достарыңызбен бөлісу:
1   2




©emirsaba.org 2024
әкімшілігінің қараңыз

    Басты бет