Ал айырмашылықтары: 1) Тіл - ойды білдірудің, пікір алысудың, қатынас жасаудың кең көлемде қолданылатын жалпылама құралы. Шартты таңбалардың қолдану өрісі тілге қарағанда әлдеқайда тар, хабарлау анағұрлым аз. Мысалы, бағдаршамның қызыл түсі «көшеден өтуге болмайды» дегеннен басқа еш нәрсе хабарлай алмаса, тіліміздегі қызыл деген сөз бірнеше ұғымды қамтиды: бірінші – түстің атауын, екінші – «ет» немесе «бидай» деген ұғымды, үшінші – «большевик» дегенді, төртінші – «қылша, қызылша» (корь) дегенді білдіреді; 2) Тілдің шартты таңбалардан екінші айырмашылығы - ол (тіл) мазмұнды ғана білдіріп қоймайды, сонымен бірге, адамның хабарлайтын жайға қатысын, қалай қарайтынын, ұнатуын немесе ұнатпауын, қуанышын немесе қайғысын да білдіреді. Мысалы, жоғарыда аталған қызыл сөзінің «ет» немесе «бидай» деген мағынасы жағымды сезімімізді тудырса, ауруды еске салып тұрған төртінші мағынасы («балама қызыл шығып жатыр» деген) - аяныш сезімін тудырады. Қызыл сөзінің «большевик» деген мағынасы да сондай. Ол бұрын жағымды мағына тудырса, қазір жағымсыз мағына туғызады. Мұндай қасиет таңбалардың басқа жүйелерінде (мысалы, жол белгілерінде) жоқ; 3) Шартты таңбалар келісім бойынша қолдан жасалады, келісім бойынша өзгертіле алады. Мысалға қазақ тіліндегі Ұ дыбысын алалық. Ол дыбысты біз араб әліпбиін (алфабитін) пайдаланып жүрген кезде 9 әріпімен белгілеген едік. Кейін, яғни 1929 жылы латын әліпбиіне көшкенде оны U әріпімен таңбаладық. 1940 жылы орыс графикасына (кирилицаға) көшкен кезде әлгі дыбысты у әрпімен белгілеуге келістік. 1951 жылы аталған дыбысты (тағы да келісім бойынша) Ұ әрпімен таңбалауды жөн деп таптық.