Бауыржанның əжесі ауырып, қалалық ауруханаға түсіп қалды.
Қалалық аурухана Бауыржандардың үйіне өте жақын, бар болғаны көшенің арғы бетінде. Төрт қабатты үлкен сұрғылт үй көшені ұзына бойлап тұр. Бауыржанның əжесі сол ауруханада жатыр.
Адам ауырған екен, оның көңілін сұрар болар. Адамның ақпейілі науқасты жарты аурудан арылтады.
Бауыржан мұны жақсы біледі. Бұл – əжесі құлағына талай құйған əңгіме. Əжесі бұл сөзді басқалар ауырғанда айтатын, сөйтіп, қайткенде де, сол адамның көңілін бір сұрап қайтпай тыншымайтын, енді, міне, өзі ауырып қалды. Тезірек көңілін сұрап барып, əжесін жарты аурудан арылтуы керек. Аурудың көңілін сұрап адам өңкей жақсы сөз айтуы тиіс. Не айтуды Бауыржан жақсы біледі. Əжесінің осындай кезде айтқандарын талай естіген, көкейінде сайрап тұр: «Ештеңе емес. Сəл-пəл суықтап қалғансыз ғой. Мұндай-мұндай қыңқыл-сыңқыл болады десеңізші. Доғдырдың айтқанын істеп, берген дəрісін түк қалдырмай ішу керек. Доғдыр дегеніңіз – бір айналайын. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, тез айығып кетіңіз».
Əжесінің не дейтіні де белгілі. «О-о, Бажан келіп қалыпты ғой. Құлыным менің! Əжең сəл-пəл ауырып қалды. Сен көңілімді сұрап келдің болды, ауырғанды қоямын енді. Доғдыр рұқсат етсе, үйге қайтамын».
Жалпы, ауырған адам шынымен жазылды ма, жоқ па, оны тек дəрігер ғана біледі. Ал басқалар аурудың көңілін сұрауға асығуы керек.
Əншейінде Бауыржан көшенің арғы бетіне ойлана-ойлана өтер еді. Өйткені аурухана мен Бауыржандардың үйінің арасындағы Коммунист көшесі – қаладағы ең үлкен көше. Қашан болмасын бұл көшемен машина ерсілі-қарсылы дамылсыз жосып жатады, өту қиын. Ал қазір, амал қанша, арғы бетте – ауруханада əжесі жатыр, өту керек, көңілін сұрау керек. Əрине, көше қиылысынан өткен дұрыс-ақ, бірақ ол қайда-а, талай жер. Айналып жүргенше көше жиегіне барып аңдып тұрып, машина легі саябырси бергенде, лып беріп өте шықса болғаны.
Машина əрлі-берлі зуылдап тынбай, жол бермей, Бауыржан көше жиегінде бір қауым уақыт тұрды. Ақыры сирексіді-ау, Бауыржанның да күткені осы еді, арғы бетті бетке алып салып ұрды. Көшенің ортан белінен аса берген, дəл өкпе тұсынан зы-ың-ң еткен дыбыс шықты.
– Бала, тоқта! Неге көшені рұқсат етілмеген жерден кесіп өтесің? Тоқта!
Бауыржан жалт қарады. Сарыжолақ «Жигулиден» бір милиционер ағай түсіп жатыр. Амал қайсы, Бауыржан милиционер ағайға қарай жүруге мəжбүр болды. Бауыржан мен милиционер ағай бетпе-бет келді.
Сол сəт милиционер ағай оң қолын милығына апарып, қаздиып қалт тұра қалды да:
– Старшина Саудабаев, – деді.
Бауыржан бірдеңе деу керек екенін сезе қойды.
– Б-ба, жо-жоқ... үшінші сынып оқушысы Бауыржан Смағұлов, – деп саңқ ете қалды.
Старшина Саудабаев мырс етіп күліп жіберді.
– Жарайсың, Бауыржан! Бүйтіп нық жауап беруді қайдан үйреніп жүрсің?
– Теледидардан. Солдаттардан.
– Дұрыс, дұрыс. Солдаттан үйрену керек. Ал енді көше тəртібін бұзғанды кімнен үйреніп жүрсің?
– Ешкімнен. Өзім бұздым.
– Мұның да дұрыс. Ендеше, үш сом айып. Ақшаң бар ма?
Бауыржанның екі көзі тас төбесінен шықты.
– Ақшам жоқ.
– Жоқ болса, əке-шешеңнен əкел.
– Олар бермейді.
– Енді кім береді?
– Əжем.
– Е-е, онда əжеңнен əкел.
– Əжем ауырып жатыр мына ауруханада.
– Сен қайда бармақсың енді онда? Отыр үйіңде, бүйтіп тəртіп бұзғанша.
– Мен əжеме барам. Көңілін сұраймын. Сонда əжем тез жазылады. Соған асығып бара жатырмын.
– Өй, жолың болғыр, бағанадан бері сөйдемейсің бе? Əжемнің көңілін сұраймын де. Сұра, сұра. Бара ғой. Əжең тез жазылсын! Бірақ ендігəрі көше тəртібін бұзба. Қиылыстан өт. Əжесінің көңілін сұраймын деп бара жатқан балаға бағдаршам əр кез ашық – жасыл көше. Сен барған соң əжең жарты ауруынан айығар, неғыпты?
– Рақмет, ағай! Мен кеттім.
– Бара ғой, Бауыржан.
Бауыржан Смағұлов пен старшина Саудабаев алғаш қату болғанмен, өстіп, аяғы тату болып ажырасты.
Қанша көріп жүргенмен, елең қылмапты, сөйтсе төрт қабатты сұрғылт үйдің есік-терезесі көп екен. Бəріне жұрт кіріп-шығып жатыр. Бауыржан қайсысына беттерін білмей, дел-сал болып біраз тұрды. Осылай тұра берер ме еді, кім білсін, дəл қарсыдағы есіктен ақ халатты ағай шықпағанда. Неге екенін ақ халатты ағай Бауыржанға бір сəт қадала қарап қалды. Содан соң:
– Ия, балақай, кімге келдің? – деді.
– Əжеме.
– Əжең кім?
– Əжем, əже. Ағай жымиды.
– Əжең əже екені рас қой. Фамилиясы кім дегенім де.
– Фамилиясы кім? Біл... жо-жоқ. Білем. Тұра тұрыңызшы, ойланайын.
– Өз атың, фамилияң кім?
– Бауыржан Смағұлов.
– Е-е, болды. Əжеңнің фамилиясы – Смағұлова.
– Жоқ, олай емес. Əжем көкемнің емес, ағамның мамасы. Олардың фамилиясы бөлек. Қалай еді? Т-т... Тасболатова.
– Міне, жігіт! Жарайсың, таптың. Енді əжеңнің ауруын айт, қай есікке кіретініңді көрсетіп жіберейін. Əжең немен ауырады?
– Білмеймін.
– О, о, оның қызық екен. Адам бізде ауруына қарай бөлім-бөлімге бөлініп жатады. Əжеңнің ауруын білмесең, болмайды. Мен көмектесе алмаймын.
Бауыржан қорқып кетті. Əжесін енді таптым-ау дегенде қарашы енді!
– Ағай, білем-білем. Əжемнің белі ауырады, екі тізесі басқызбайды, сүйек-сүйегі сырқырап қақсайды, көзі жөнді көрмейді, құлағы жақсы естімейді.
Дəрігер ағай күліп жіберді.
– Əй, Бауыржан, айтқаныңның бəрі дұрыс. Оларыңның диагнозы біреу-ақ. Оның аты – кəрілік. Ал сенің əжең белгілі бір аурумен келген болуы керек бізге. Сен соны біліп кел.
– Білем. Қазір.
– Немене, үйлерің жақын ба еді?
– Жақын. Əне, ана үй.
– Е-е, бізге көрші екенсің ғой. Онда бар да, біліп кел. Сөйте ғой. Əжеңді іздеп шыққан екенсің, тап, көңілін сұра. Сен көңілін сұрап барсаң, əжең ауруынан тез айығады. Аурудың көңілін аулаған жақсы. Адамның ақпейілі – шипа.
– Мен оны білемін, ағай.
– Қайдан?
– Əжем айтқан.
– Солай, ендеше. Бар, жүгір үйіңе.
Бауыржан жалт бұрылып, үйіне қарай жүгірді. Амал қайсы, старшина Саудабаевқа берген уəдесі бар, сонау қиылыстан барып өтеді. Кім білсін, көшені кесіп өтсе, старшина тоқтатпас та. Тоқтатса, əжесі үшін асығып жүргенін айтар еді. Уəденің аты – уəде. Адам сөзінде тұруы керек.
Бауыржан жүгіре басып барады. Бұл əжесінің көңілін неғұрлым ертерек сұраса, ол солғұрлым жылдам жазылады.
Достарыңызбен бөлісу: |