Еңлік-Кебек поэмасы Еңлік-Кебек егіз есім... Әдебиетіміздегі поэмалардың бір түрі екі қос ғашықтар жайлы беріледі. Бұл поэманы мен алғаш рет 9 сыныпта оқыған едім. Шығарманы оқи отырып, көзге жас келген сәттерде болды. Себебі, махаббат деген нәрсе бос нәрсе емес қой... Еңлік пен Кебектің сол замандағы бір-біріне деген адалдығы, өлердей бір-бірін жақсы көретіндігі қазіргі жастарға үлгі есебінде көріне алады. Неліктен бұл махаббат олардың тағдырларын қайғымен аяқтады? Олардың бар жазығы бір-біріне ғашық болғаны ма? 9 сыныпта оқыған кезіммен қазіргі сәтімді салыстырып қарап отырсам біраз нәрселер түйген екенмін. Ол кезде бірінші рет оқып ой елегізінен өткізбей тек бетінен танысып қойып едім, ал қазір астарына үңіле қараймын. Жалпы айтпақ ойым, олар алдында не күтіп тұрғандарын біле тұра бір-біріне демеу бола білді ғой. Қазіргі өмірмен салыстырып қарайықшы, махаббат үшін күресіп соңына дейін жеткізгендерді көре аламыз ба? Иә, қазірде де ата-ананың батасын алмай бірге болуға болмайды деген ұғым сақталған. Бірақ кейбір аналарға қыз ұнамағандықтан баласы анасының ақылына көніп қызбен айырылысып жатады... Осылайша бұйырмаған болар деген тоқтамға келеді. Ал, Еңлік пен Кебекте екі рудың арасындағы дау жастардың нәзік махаббатының соңы болады. Шығарманы оқып отырсаңыз ертегідей көрінеді. Бірақ мұндай оқиғалар сол замандағы басты проблемалардың өзектісі болған еді. Мен Еңліктен сондай бір қызға тән қасиеттерді көре алдым. Өзінің сыпайылығымен, мейірімділігімен, сұлулығымен Кебектің жүрегін жаулап алғаны анық байқалып тұрғандай. Ал Кебекке келер болсам, сол замандағы жігіттердің төресіндей өр мінезді, асау буынды десем қателеспеймін. Поэманың тағы бір ой салған жері Еңліктің бар ішкі сырын Кебекке ақтарып оны өзімен тең көруін сынаған сәті. Еңліктің өлер алдындағы айтқан үш тілегі де нағыз махаббат символының дәлелі ретінде көрінеді. “Шын ғашықтар” қосылмайды деген сөз осы болар...Шығарманың тағы бір ең ауыр бөлімі шақалақтай нәрестенің жетім қалуы. Дүние есігін ашқан сәттен бауырына басатын анасынан, тәрбиеге баулитын әкесінен де айырылып қалды. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, екі ғашықтың аңсап өткен махабаттарының аяқталуы, жас сәбидің жетім атануы бәрі-бәрі болсын қазіргі жастарға ой салады. Жазбамды “Естіп, біліп, көз көріп, ойға салмақ, Өткен істен адамзат бір үлгі алмақ”- деген автор сөзімен аяқтасам деймін. Асылзат Сатыбалды