«Аренда», «арендатор» сөздерінің орнына газет беттерінде «жал», «жалгер», «жалдаушы» сөздері қолданылып жүр. Мысалы, Қазір жалгер Марат Батыршаев бригадасында 53 диқан – механизатор бар (Е.Қ. 1991. №163. 3 ақпан, -3 б.). Жалға алған мүлікті тендерге салып өзгелерге сатып жіберуге деген әрекеттер талай іске қолбайлау болуда (Е.Қ. 1998. №6. 10 қаңтар, -1 б.).
Бұл баламасөздер жайында Ә.Қарағұлов «Ел қазынасы ескі сөз» деген мақаласында: мемтерминком «аренда» сөзін «жал, жалдау» деп, «арендатор» дегенді «жалдаушы» деп алуды құптағаны белгілі. Дегенмен, осының соңғысының мағынасы, біздің ойымызша екіұшты. Бұл жерде «жалдаушы» деген жалға алушы ма, әлде жалға беруші ме – айқын емес. Мұны жалға беруші деп пе түсіндіруге болады. Сондықтан «арендатор» дегенді тыңгер, тәлімгер, еңбеккер деген сияқты «жалгер» немесе «жалдамгер» деп алуды жөн көреміз [59,6] - десе, Н.Уәлиев «арендатор» сөзін мемтерминком «жалдаушы» деп алуды мақұл көрген екен. Осының дұрыстығына күмәнім бар. Өйткені жалдаушы «наниматель» деген ұғымда қолданылады – дейді [60,6].
Жаңадан жасалып жатқан терминдерді тілімізге енгізген кезде ең алдымен оларды халық қабылдай ма, жоқ па, ол жағын ескере бермейміз. Соның салдарынан кейбір бекітілген терминдердің қолданыстан шығып қалуы кездесіп отырады. Мәселен, терминология комиссиясы жоғарыда келтірілген «арендатор» сөзін алғашында «жалдаушы» деп аударып бекіткен болатын. Алайда «жалдаушы» сөзі қолданысқа түсе қоймады, оның орнына «жалгер» сөзі қолданылып жүрді. Оған «жалдаушы» сөзінің көпшілікке ұнамауы, яғни бұл сөзді халықтың қабылдамауы себеп болды. Сондықтан терминком «арендатор» сөзін екінші рет қайта қарап, «жалгер» деп аударып бекітті. Осы «жалгер» сөзі тілімізде қолданылып жүрген «ардагер», «бапкер», «заңгер», «зейнеткер» т.б. сияқты сөздердің негізінде, солардың үлгісімен пайда болған сөз болса керек.
Газет беттерінде «регион» сөзіне балама ретінде «аймақ» сөзі қолданылған.
Мысалы, Аймақты экономикалық жағынан дамытудың 2000 жылға дейінгі бағдарламасы бойынша алдағы уақытта тағы да 22 жаңа жобаға инвестиция таратылады деп күтіліп отыр (Е.Қ. 1998. №29. 12 ақпан, -1 б.).
Полигон әсер ететін аймақта бүкіл Семей және Павлодар облыстары, Шығыс Қазақстан облысының үлкен бөлігі, Қарағанды облысының кейбір аудандары болғандығын естен шығармауы қажет (Е.Қ. 1999. №202. 8 қыркүйек, -2 б.).
Басында латын тілінен алынып, ағылшын тілі арқылы дүние жүзіне кейінгі жылдары тарап, орныққан регион сөзі қазақтың «аймақ» сөзіне дәл келеді, өйткені оның беретін мағынасы бір елдің бірнеше облыстарын немесе бірнеше елді экономика-жағрафиялық жақтарымен бірлестіретін аумақты аудан.
«Егемен Қазақстан» газеттері беттерінде әскери терминдердің де жиі қолданылып жүргендігін байқаймыз. Олардың бірі – ұлан сөзі. Мысалы, Дәстүрлі бір минут үнсіздік... Содан кейін Қазақстанның мемлекеттік әнұраны ойналып, республика ұланының жауынгерлерінен жасақталған құрметті қарауыл салтанатты шеру тарап өтті (Е.Қ. 1997. №9. 13 мамыр, -1 б.). 8 мамырда Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Республикалық ұланның Астана қаласында орналасқан әскери бөлімінде болды (Е.Қ. 1998. №10. 9 мамыр, -1 б.).
Тіліміздегі әскери лексиканы арнайы зерттеуші Т.Байжанов былай дейді: ұлан – жалпы түркі тілдеріне ортақ көне сөздердің бірі. Көне түркі жазуларында оғлан түрінде кездеседі. Бұл сөз қазақ тілінде ерте кезде қолданылып, кейін батыр, ер сөздерімен алмастырылған көне тұлға. Эпостарда, ақын-жырауларымыздың шығармаларында ұлан сөзінің батыр, ер жүрек деген мағынасы сақталған.
Өзбек тілінде ұғлан – жас жауынгер, жасақшы, хан сарайындағы гвардияшы (Узбекско-русский словарь М. 1959, -С.596).
Оғлан //Ұлан деп Алтын Ордада, Қырым мен Астраханның феодалдық династияларында, Шағатай ұлысы мен Ақ Ордада билеуші аристократтардың ең жоғары әскери және әкімшілік қызметін атқаратын ұлдарын атайтын болған (Ч.Валиханов. Соб. Соч. I. А. 1961. – С.128-129).
Ұлан сөзі түркі тілдері арқылы орыс, Еуропа тілдеріне ауысқан. Ерте кезде орыс армиясының құрамында атты ұландар полкі болған.
Неміс тілінде әскери кительдің бір түрін уланка деп атаған «Ұғлан, ұлан, оғлан» сөздерінің түбірі түркі тілдерінде «бала» мағынасында қолданылатын «ұл» сөзі болуы керек [61,49].
Ғалым Б.Сағындықұлы «ұлан» сөзінің түбірі түркі тіліндегі «тұғұл» болғанын, осы «тұғұл» = архетипті қолданылу барысында есім жасайтын көне = ан жұрнағын жамап алғанын, бұл сөз оғыз тілдерінде: туғулан ˃ тоғулан ˃ оғлан болып дамығанын және «Оғлан» сөзі жасөспірім, жеткіншек, өрен мағынасын білдіретін «ұлан» формасында қазіргі қазақ тіліне келіп жеткендігін айтады [54,83].
Біз де осы пікірлерге толық қосыла отырып бұл сөз «ұл» деген түбірге көптік мағынаны білдіретін «ан» жұрнағын қосу арқылы (ұлан) жасалған дей аламыз.
Махмуд Қашғаридің бұл жұрнақты (ан, эн) көптік қосымша деп түсіндіруі де сөзімізге дәлел бола алады [62, 159].
Сондай-ақ тіліміздегі ұлан-байтақ, ұлан-асу, ұлан-ғайыр сияқты сөздердің де көптікті, молдықты білдіретіндігі белгілі.
Әскери термин ретінде «Егемен Қазақстан» газеті беттерінде белсенді қолданылып жүрген атаудың енді бірі – «сарбаз». Бұл «солдат» сөзіне балама ретінде алынған.
Мысалы, Сарбаздарымыз бен сардарларымыздың ешбір мұқтаж көрмей, тек Отанды қорғау сынды абыройлы да ардақты, қасиетті де қастерлі міндеттерін атқаруға жағдайлар жасалынған (Е.Қ. 1994. №184. 22 қазан, -2 б.). Сарбаздардың жан мұқтаждығын әр басшы ойлай білсе, түзелмейтін ештеңе жоқ (Е.Қ. 1999. №41-42. 2 наурыз, -6 б.).
Сарбаз сөзі қазақ, қарақалпақ, қырғыз, өзбек, ұйғыр, парсы тілдерінде «қатардағы жауынгер» ұғымын білдіреді.
Сарбаз – парсы тілінде жеке-дара қолданылатын сар (бас) және баз (айып) сөздерінен құралған біріккен сөз. Персияда өз өмірін қатерге тігіп, өз басымен ойнаушы, өмірінен, жанынан безген, шектен шыққан қаталдығымен елді шулатқан адамдар сарбаз деп аталған.
Сарбаз – итальян тілінде жалдау, жалақы төлеу деген сөз. XVIII ғ. Ресейде С. Шаруалардан алынған жай қатардағы жауынгер немесе рекруттар [63,17]. Басқаша айтқанда, жаяу әскер құрамындағы қатардағы жауынгер, әскери адам.
Егемендік. Н.Уәлиев «Қазақтың бұрынғыдан қалған сөзі» деген мақаласында бұл балама туралы былай дейді:
Қазіргі кезде баспа бетінде, радио мен телехабарлар тілінде жиі жұмсалып, орныға бастаған сөздердің бірі – егемендік. Бұл сөз баспасөзге үстіміздегі жылдың 31 наурызынан қолданыла бастады. «Сверенитет», «суверенность» тәрізді сөздердің өтеуіне жүретін егемен, егемендік деген көне сөз бар екенін кезінде жұршылыққа құлаққағыс еткен белгілі журналист, ана тіліміздің жанашыры Әбдуәли Қарағұлов болатын. Жұртшылықтың көкейінен шыққан бұл балама ертеректегі өлең-жырларда кездеседі екен.
Егемен болмай ел болмас
Етек жеңі тең болмас
Міне, бір кезде елеусіздеу қалып, ел құлағына шалынбай жүрген бұл сөз осы күнде әлеуметтік мән алып, соны терминдік мазмұнға ие болды [60].
Сондай-ақ А.Айғабылов «Кірме сөздер кіріксін десек» атты мақаласында «Еге» сөзінің диалекті қатарындағы сөз, ал «ие»-нің бастапқы төркіні еге болғанын және түркі халықтары ішінде жеке шаңырақ көтеріп отырған түріктер «суверенный» - егемен, «суверенитет» - егемендік деп термин қалыптастырғанын (Э.В.Севортян «Фонетика турецкого литературного языка» М., 1955, -86 б.) айтады [64,7].
Қазақ тілінің кейбір говорларында сөз ортасында ғ, г дыбыстарының сақталып қалуы [65,21] себебінен ие сөзі еге түрінде (оңтүстік қазақтардың тілінде) айтылатыны мәлім.
Ал осы ие болу, егемен дегеніміз – мемлекеттің ішкі-сыртқы істерін өзі ғана басқару, өзге мемлекеттерге тәуелді болмау, яғни өз елін, өз жерін өзі ғана билеу деген мағынаны білдірсе керек. Сондықтан «суверенитет» деген сөзге балама ретінде «егемендік» сөзін қолдану орынды деп ойлаймыз. Және де сөздік қорымызды жергілікті халық тілі негізінде молайтуды көздеу терминдердің ұлт тілінде қалыптасуына мүмкіндік береді.
«Егемен Қазақстан» газетінде кейбір сөздердің бірнеше нұсқада жарыса қолданылуы кездеседі. Мәселен, «микрорайон» сөзіне балама ретінде «ықшамаудан», «мөлтекаудан», «кішіаудан», «шағынаудан» сөздері жарыса қолданылған.
Мысалы, жақында Шаңырақ – 2 ықшамауданының бір автобус тола тұрғыны қалалық әкімшіліктің алдына келді (Е.Қ. 1994. №166. 23 қыркүйек, -2 б.). Қоныс аударушы 150 адам дереу автобустарға бөлініп отырғызылып, бесінші шағынаудандағы «Ақмола құрылыс» акционерлік қоғамының күшімен тұрғызылған зәулім кірпіш үйдің алдына әкеліп түсірілді (Е.Қ. 1997. №177. 10 қыркүйек, - 4 б.). Алматының Тастақ мөлтекауданындағы көп қабатты тұрғын үйлер ортасына жанармай стансасын салуға рұқсат берген әкімшілік әрекетіне наразы сол маңайдың тұрғындары қарсылықтарын үдете түсуде (Е.Қ. 1999. №283. 28 желтоқсан, -1 б.).
Бұл баламалар туралы аудармашы Р.Сманқызы «Баламасөздерді байыптасақ» деген мақаласында: Жаңа сөздердің ішкі мәніне барынша байыппен, тереңірек үңілгеніміз абзал. Мысалы, жарыса қолданылып жүрген ықшамаудан, кішіаудан, шағынаудан, мөлтекаудан баламаларын алайық. Олардың ішінде менің тоқтайтыным – шағынаудан. Себебі ол басқаларының алғашқы сыңарларындай күмәнді мағына туғызбайды. Ауданның сәулетті орналасуы міндетті түрде ықшам, кіші болмауы, шашыраңқы, аумақты болуы мүмкін. Ал мөлтек сөзінің астарында кішіліктен басқа әп-әдемі, тап-тұйнақтай «миниатюралы» деген мағыналы реңк жатқан жоқ па? Сондықтан жалпылама ұғымға ие шағын сын есімін қолдану дұрыс деп көрсетеді [66,7].
Сондай-ақ, М.Қасымбеков., Ә.Сапарбековалар өз ізденістерінде «Соңғы жылдары баспасөз бетінде, ауызекі қолданыста айрықша шұбарланып жүрген сөздің бірі «микрорайын». Бұл сөз қазақша бірде ықшамаудан, бірде шағынаудан, енді бірде мөлтекаудан болып құбылады... Соңғы қолданыстың авторлары сөздің нәзік мағыналық реңкі (ньюанс), стильдік санаттары болатынын мүлде естен шығарып алған тәрізді. Мөлтек сөзі әдетте мөлтек сыр, мөлтек сезім тәрізді поэтикалық тіркестерге тән, көркемдік стильге бейім сөз. Оны талғамсыз, қарабайыр қолдану тіл табиғатына қайшы болмақ. Ал соңғы екі сөзге келсек, бұлар мағыналық аясы жуық сөздер, дегенмен термин сөздер болсын, бейтарап сөз болсын, тіліміздегі әрбір қолданыстың тілге жеңіл, жүрекке жылы, жатық дыбысталуы, сөз буындарының үндес келу талабы тұрғысынан «шағынаудан» тұлғасы ұтымдырақ екенін айтады [67,4].
«Микрорайон» сөзіндегі «микро» тек бұл сөзде ғана емес, басқа да ғылым салаларында кездеседі. Мысалы, физика, химия, медицина, астрономия т.б.
Мәселен, астрономияда (микроскоп), физикада (микровольна – микротолқын, микроанализ – микроталдау); механика және машинатануда (микротрещина – микросызат); информатикада (микропрограмма – микропраграмма); химияда (микрореакция); экономикада (микросреда - шағынорта), т.б.
Осы терминдерді шолудан байқағанымыз оның аудармасы ретінде «ықшам», «кіші», «шағын» сөздерінің ауысып қолданылып жүргені бірқатар жайларда аударусыз сол күйінде беріледі. Жалпы алғанда бұл сөздің синонимдік қатарды құрағанымен нақтылай қарастырғанда әрқайсысының мағынасынан өзіне ғана тән реңкті байқауға болады. Мысалы «кіші» сөзінің мағынасы тым жалпы, соған сай қолданылу өрісі де кең, сондай-ақ «мөлтек» сөзіне экспрессивтік мағына, поэтикалық қолданыс тән.
А.А.Реформатский термин сөздерге экспрессия жат екенін баса айтады [68,46].
Сондай-ақ зерттеуші С.Әлісжановтың пікірінше де эмоционалды-экспрессивті реңк білдіретін сөздер немесе лексикалық мағынада эмоционалдық әсер жамайтын жұрнақты тұлғалар үнемі термин бола алмайды. Ондай сөздерді термин қатарына тарту терминнің тілдік табиғатын ескермеуден туындайтын жай [69,52].
Ал «ықшам» сөзінің «кіші» мағынасынан гөрі жинақы, шағын реңкі басым.
«Шағын» мағынасы да ықшамға ұқсас. «Шағында» ықшам, жинақы деген мағынадан гөрі кіші мағынасы басым.
Міне осыған байланысты олардың әртүрлі ғылым салаларында қолданылуында жіктеліс байқалады. Мысалы, жоғарыда айтылғандай «микро» сөзі информатика, химия салаларында сол күйінде алынса, оның екінші сыңары да аударусыз алынады. Мұның бір себебі бұл терминдердің нақты бір ғылым саласына қатысты болып тар көлемде жұмсалуы, ондай терминдердің қазақша баламасы әлі қалыптаса қоймағандығы деу керек (Мысалы белгілі бір тетік немесе процесс атауы болуы).
Терминнің аударылатын жағдайына келсек ол екінші сыңардың көбінесе орыс сөздерінен болып, олардың өз кезегінде қазақ тілінде баламасы болуында. Әсіресе бұл экономика терминдерінде анық көрінеді. Мәселен, микроперепись – ықшам санақ, микрорешение – шағын шешім, микромаркет – шағын дүкен, т.б.
«Микроаудан» сөзіндегі аумақтық-әкімшілік бірлік болып табылатын «район» қазақ тілінде «аудан» түрінде қалыптасқаны мәлім. «Микро» сөзінің шағын түрінде аударылуында оның екінші сыңарының қазақ сөзі болып келуінің әсер еткені айқын.
«Микрорайон» сөзінің жалпы мағынасында ең алдымен көлем мәні бірінші кезекте тұратындықтан және бұл арада ешқандай экспрессивті-эмоционалды реңктің болмау қажеттілігінен, екінші жағынан кішіден ерекше терминді белгілі бір ғылым саласына жатқызатындықтан «шағын» сөзінің таңдап алынуы заңды деуге болады.
Соңғы жылдары тілдік тәжірибеде жиі қолданыс тауып, біршама орныққан атаудың бірі – «Егемен Қазақстан» қолданып жүрген «ұжым» сөзі. Мысалы, әрбір өнер ұжымы жергілікті халыққа осындай тарту әзірлеп жатса қандай ғанибет (Е.Қ. 1991. №208-209. 7 қыркүйек, -6 б.). Ұжым бастықтары бірінен-бірі қалыспай бір-бір уаз немесе фургондарды астына мінді, жер алды (Е.Қ. 1997. №141. 22 шілде, -3 б.).
«Ұжым» біздің тілімізде соңғы кезде пайда болған «жаңа» сөз. Негізгі «ұйым», «жұмылу» деген екі сөзден (ұ+жым) = ұжым алынған, бірігу, бірлесу мағынасындағы сөзге ұқсайды.
Терминдерді қабылдаудың бір жолы халықаралық сөздерді қазақ тілінің табиғатына сай алуға қатысты болып отырғанын жоғарыда айттық.
Бұл жөнінде кезіндегі қоғам қайраткері, ғалым Х.Досмұхамедұлы кірме сөздер туралы ой-пікірін былай білдіреді. «Тілге кірген жат сөздер сіңу үшін, тілге «өзілік» болу үшін сол тілдің заңымен өзгеріп, танымастай халге келуі керек. Бүйтпесе жат сөздер бұралқы болып тілдің шырқын бұзады, тілге зиян келтіреді. Жат сөздерді қолданғанда тіліміздің заңымен өзгертіп, тілімізге лайықтап алу керек. Жат сөздерді өзгерпей, бұлжытпай алатын жер дүниеде тіл жоқ деп айтса да болады» [70,92] .
Х.Досмұхамедұлы бұл тұжырымдамасында кірме сөзді аудару емес, сол сөзді не терминді қазақ тілінің заңдылықтарына бағындыру, ыңғайластыру мәселесін сөз етеді. Яғни тіліміздегі дыбыс үндестігі заңдылықтарын сақтау қажеттілігін ескертеді. Ғалымның жоғарыдағы көзқарасына бүгінгі күні сын көзбен қарауға да болады. Себебі, бұл пікір сол уақытқа арналып айтылған, бүгінде уақыт талабына бірде жауап берсе, бірде жауап бере де алмай қалуы мүмкін. Көзқарастың айтылған мерзіміне қарасақ ол кезде қазақ халқына Еуропа тілерінің ықпалы енді-енді тие бастаған тұс еді. Жергілікті халықтың ішінара болмаса, жаңа сөздерге тілі келе бермеуі заңды. Яғни, олардың сөйлеу артикуляциясына жат құбылыс. Сондықтан кез келген шеттен енген сөздерге жергілікті халық тарапынан үстеме дыбыстар қосылып, дыбыстық өзгеріске ұшырап отырған.
Бүгінгі күні ғылым мен техниканың, өнеркәсіптің әртүрлі салаларында қолданылып жүрген терминдер саны жүз мыңнан асатыны белгілі. Оларды тілімізде қолдануға қатысты біздің қағидатымыз сөз жоқ халықаралық терминдердің бір бөлігінің бұл қағидаттарға да қамтылмай қалатыны анық.
Оларға қатысты қазірде ұстанатын ұстанымымыз біздіңше былай болып келеді: біріншіден – интертерминдердің тілде бар баламасын тауып қолдану, екіншіден – орысша терминді калька жолымен тікелей аудару, үшіншіден – жаңадан сөз жасау, төртіншіден – Б.Қалиұлы айтқандай халықаралық терминдерді тіліміздің заңдылығына бағындырып алу. Сондай-ақ дыбысталуы жағынан, әріптерінің тіркесуі жағынан қазақ тілінің заңдылығына қайшы келмейтін халықаралық терминдер болса, оларды сол күйінде де ала беруге болады. Неге болмасын. Мысалы, опера, балет, депутат, роман, партия т.б. [49,113] .
Ал бұл айтылған ұстанымдар аясына да сыймайтын терминдерді сол күйінде қалдыра отырып, оларды тіліміздің заңдылығына бағындыруды алдағы уақытта біртіндеп жүзеге асыру. Біздің соңғы ұстанымымыз, яғни терминдерді лайықты форма табылғанша жаппай өзгертуге жол бермеу, терминдерге қатысты берекесіздіктердің алдын алу болып табылады. Олай болмаған жағдайда газет беттерінде шет тілі терминдерін түрліше өгертіп жаза беретін боламыз. Мәселен, «Егемен Қазақстан» газетінің бір бетінде «машина» сөзі «машина» деп сол күйінде қолданылса, екінші бетінде «мәшине» деп өзгерген түрде қолданылған.
Газет беттерінде «кило» сөзі «килә», «келі» деп те қолданылып жүр. Мұндағы «килә» сөзіне үндестік заңы бойынша –дән, -гә жалғауларын жалғасақ, онда оның қай тілдің сөзі болып шығатыны белгісіз. Сонда қалай, бір сөзді осылайша түрліше жаза береміз бе? Бұл – жазуды жеңілдету емес, керісінше қиындатып ала-құлалыққа жол беру деген емес пе? Ал мұндай ала-құлалық оқушы қауымды шатастырып, оның сөзді дұрыс қолдануына кері әсерін тигізетінінде дау жоқ.
Сондай-ақ «станция» деген сөзді «станса» деп қазақшалаушылар қазақ сөздерінің қатар тұрған екі дауыссыз дыбыстан басталмайтынын ескермеген болса керек. Қайта оны орайға келтіріп «ыстанса» деп, яғни оның алдына дауысты дыбыс жамап айтсақ дұрыс болар еді.
Ал баспасөз беттерінде жиі қолданылып жүрген зауыт, тауар сөздеріне келер болсақ бұлардың жөні басқаша деуге болады. Бұл сөздер ертеректен осылай қолданылып келген, табиғи айтылуы тұрғысынан қалыптасқан. Зауыт – алғашқы қазақ жұмысшыларының, патшалық Ресей заманындағылардың айтқан сөзі болса, ал тауар сөзінің түп төркіні түркілік (демек, қазақтық) екені белгілі.
Сонымен қатар баспасөз беттерінде орысша қолданылған сөздер де кездеседі. Ал ол сөздердің көпшілігі экономика саласына байланысты болып келгендігі байқалады. Мысалы, біз қарап өткен газеттердің беттерінде акция, банк, бюджет, валюта, макроэкономика, инвестиция, фирма т.б. экономикалық терминдер мол жұмсалған. Мұның бір себебі қазіргі нарықтық экономикаға байланысты деп білеміз.
Термин – ғылым мен техниканың белгілі бір саласында қолданылатыны себепті терминдерді әрбір саланың өз мамандары жасайды. Ал олардың жасаған терминдерін түзеп, дұрыстап отыру – тіл мамандарының міндеті болмақ. Себебі, термин жасаушы салалық мамандар өздері жасаған терминдердің тілдің қандай заңдарына сүйеніп жасалғанын біле бермейді. Бірақ бұл арада салалық мамандардың ішінде тілдің заңдылықтарын жетік білетін ғалымдар бар екенін жоққа шығарып отырған жоқпыз. Әйтсе де термин шығармашылығында салалық мамандар мен тілші ғалымдар бірігіп жұмыс жасаса терминдері сәтті шығып, бірден қалыптасып кетер ме еді демекпіз. Өйткені соңғы жылдары жарық көріп жүрген ғылымның белгілі бір саласына байланысты терминологиялық сөздіктерде, ғылыми монографиялар мен оқулықтарда көптеген терминдердің баламасы әртүрлі беріліп жүргені байқалады.